№ 1 дәріс Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының зерттеу нысаны мен пәні. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – қолданбалы ғылым және жеке пән. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу және даму жолдары. Жоспар: 1. Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының зерттеу нысаны.
2. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – қолданбалы ғылым және жеке пән.
3. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу және даму жолдары.
Дәрістің қысқаша мазмұны: Қазақ тілін оқыту әдістемесі де соңғы жылдары көптеген жаңа бағыттарды қамтып, ғылыми-теориялық және практикалық жағынан кең өріс алып, дамып келеді. Мұндай бағыттар қазіргі өмір талабы мен уақыт сұранысына сәйкес пайда болып отырғаны белгілі. Сондықтан қазіргі таңда қазақ тілін сапалы оқыту білікті, ойлы, танымы терең маман дайындаумен тығыз байланысты. Ал маман дайындау ісі «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәнінің зерттеу нысаны болып табылады. Себебі қазақ тілінің теориясымен қаруланған болашақ маманға оны қолданудың жолдары, ұтымды әдіс-тәсілдері, оқытуда басшылыққа алынатын ұстанымдары, сапалы оқуға қол жеткізетін білім беру технологияларымен т.б. таныстыратын осы пән болып саналады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі – іргелі және қолданбалы ғылым.Әдістеме – педагогика ғылымының жеке пәндерден берілетін білім көлемі мен мазмұнын негіздеп, оны оқытудың тиімді әдістерін зерттейтін бір саласы. Әдіскер-ғалымдар әдістеме ғылымының екі бағытты, іргелі және қолданбалы, қамтитынын айтады. Әдістемедегі лингводидактика іргелі зерттеулермен айналысады және осы мәселелерді қарастырады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі іргелі ғылым ретінде тілді оқытудың білім мазмұнын, лингвистикалық негіздері мен тұжырымдарын қарастырады. Бұл оқу үрдісін тиімді ұйымдастырудың алғышарты болып табылады. Лингвистикалық зерттеулер нәтижесінде тілді меңгертудің заңдылықтары мен тілдік материалды игерудің қиыншылықтары айқындалады. Теориялық зерттеулер қазақ тілін ұтымды да тиімді меңгертудің жолдарын анықтауға көмектеседі.
Қолданбалы зерттеулер «технологиялық» ұсыныстар түрінде іске асады. Себебі ол теорияға сүйене отырып, оқыту мен тәрбиенің практикалық мақсаттарын шешеді. Басқа ғылым салалары тәрізді қазақ тілін оқыту әдістемесінің өзінің пәні бар. Ол оқыту үрдісінде ана тілін меңгертудің жолдарын қарастырады. Тіл теориясы мен оның заңдылықтарын игертуді және оны жеткізудің жүйесін ұйымдастыруды көздейді. Бұл жүйе әрбір оқушыны қазақ тілі бойынша білім, білік, дағдымен қаруландыруды мақсат етеді.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі қолданбалы ғылым ретінде дәстүрлі үш сұрақтың шешімін шешуге тырысады:
Неге үйрету керек? Бұл сұрақтың жауабын қазақ тіліне арналған білім стандарттары, оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу құралдарын және оқу-әдістемелік құралдарды дайындау және оны үнемі жетілдіріп, дамытып отыру, оның тиімділігін тексеру арқылы шешуге болады.
Қалай оқыту керек? Бұл сұрақтың негізінде оқыту әдістері мен тәсілдері, жаттығулар жүйесі, дидактикалық материалдар мен құралдарды, тапсырмаларды пайдалануға арналған кеңестер, сабақтарды қолданудың жолдары ұсынылады, әзірленеді.
Неге осылай, неге басқаша емес? сұрағына ұсынылған әдістеменің тиімділігі, оны басқалармен салыстыру, эксперименттік тәжірибе мәселелері жауап береді.
Әдістеме қолданбалы ғылым ретінде білім мазмұнын оқыту мақсатына сәйкестендіру, оқыту ұстанымдарын белгілеу, оқытудың тиімді әдістері мен ұйымдастыру формаларын анықтау, жаңа технологияларды жасап енгізу тәрізді мәселелерді қарастырады.