1) М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегіндегі мөлшер семантикасының морфологиялық деңгейдегі көрінісі Сөздікте мөлшерлік семантика морфологиялық деңгейде мынадай
грамматикалық, синтетикалық формалар арқылы беріледі:
-Тег аффиксі салыстыру мәнді мөлшерлік семантиканы білдіреді.
М.Қашқари сөздігінде бұған мынадай түсіндірме берілген: Тег // – тай / – дай – ұқсату қосымшасы: ол андағ тег // ол сондай секілді; ол анандай (МҚ, Т
3
-216).
Аталған аффикс қазақ тіліндегі -дай, -дей, -тай, -тей функционалды
қосымшасына сәйкес келеді және жай ғана ұқсату семантикасын білдірмейді: бір
зат пен екінші затты көлемі, салмағы, ауданы, ұзын-қысқалығы, түрлі сындық,
сапалық, мөлшерлік белгілеріне қарай теңестіреді; бір құбылыс пен екінші
құбылысты көріну сипатына қарай ұқсастырады; бір қимыл-әрекет пен екінші
қимыл-әрекетті жылдамдығы, күші, ауқымы, уақыты, түрлі шамалық белгілеріне
қарай салыстырады. Қай жағынан алсақ та заттар мен құбылыстарды мөлшерлік
тұрғыдан салыстыра сипаттайды. Заттар мен заттарды мөлшерлік тұрғыдан
сипаттағанда кейде образды мөлшерлік мағына да тудырады. «-Тег» аффиксі
көне түркі тілінде де «-тег» формада кездеседі және оның семантикалық
ерекшеліктері де ұқсас. Ал ДТС-те бұл аффикстің семантикалық ерекшелігі
былайша түсіндіріледі: «TEG послелог: 1. Как, словно, будто, подобно; 2. В
сочетонии с глагольными формами вражает сравнение и соответствует по
значению сравнительному союзу и частице как, как будто» [188, с. 546]. Аталған
қосымша қазақ тілінің тарихи қабаттарының бәрінде кездеседі және әр
кезеңдерде семантикалық өрісінде аздаған айырмашылықтар болмаса, барлық
кезеңде бірдей мөлшерлік мәнде жұмсалады (132-беттегі 4-кестеге қараңыз).
-Ча/-че аффиксі де салыстыру мәнді мөлшер семантикасын білдіреді.
М.Қашқари сөздігінде бұл формаға мынадай түсіндірме берілген: -ча/ -че – ұқсату, баламалау қосымшасы. Бұл араб тіліндегі «г» сынды ұқсату, мезгеу қосымшасына ұқсайды. Мысалы, «ол менің че // ол менше; ол мен секілді», «бұ аның ча // бұл оныңша; бұл сол секілді» (МҚ, Т
3
-285). Бұл қазіргі қазақ тілінде - ша/-ше түрінде берілсе, көне түркі тілінде -ча / -че формасында кездеседі және
заттардың түрлі мөлшерлік белгілерін ұқсату семантикасын білдірген. -Ча // -ша, -че // -ше аффиксінің мөлшерлік семантикадан басқа да грамматикалық
мағыналары көп. Мөлшерлік семантикасының өзі де бірнеше түрлі. Айталық,
уақыт шегі (өлгенше), қимыл-әрекеттің орындалу мөлшерін ұқсастыру, сандық
шамалардың белгілі мәнге жуықтығы, шамаластығы, заттық пішіннің (көлем),
жасының кішілігі сияқты көптеген мөлшерлік мағыналарды білдіреді. Бұл
аффикстің түркілік кезеңдегі семантикалық ерекшелігі туралы А.Жаңабекова
«Қазақ тіліндегі функционалды қосымшалар» атты еңбегінде мынадай дерек
келтіреді: «М.Терентьев өзбек тілінің грамматикасында оның кішірейту
мағынасын беретіні жайлы айта келіп, оның жіктеу есімдіктерімен келгенде
салыстыру мағынасын білдіретіні (менче), барыс септігімен келгенде шектеулік
мағына (үйга ча-до дому) беретіні жайлы мәлімет берді»[184, 69 б.]. Бұған
қарағанда, аталған аффикс түбі бір өзге туыстас тілдерде де функционалды
әлеуетін көрсетеді. Демек, аталған жұрнақтың семантикалық әлеуеті ерте түркі,
орта түркілік кезеңнен жалғасып келе жатыр деуге негіз бар. Соның ішінде
мөлшер семантикасы негізгі мағыналарының бірі (132-беттегі 5-кестеге қараңыз).
88
Сөздікте мөлшер семантикасы -рақ, -ырақ // -рақ, -рек, -ырақ, -ірек аффиксі
арқылы да беріледі. Бұл форма қазіргі қазақ тілінде салыстырмалы шырай
қосымшасы деп аталып, заттар мен құбылыстардың сындық, сапалық
белгілерінің түрлі деңгейін, дәрежесін білдіретіні белгілі. Заттар мен
құбылыстардың түрлі деңгей, дәрежесі «мөлшер» ұғымына да қатысты. Мысалы,