2. М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегіндегі мөлшер семантикалы грамматикалық формалар Жалпытілдік мөлшер категориясында «мөлшерлік семантика» өрісінің бір
бөлігін грамматикалық деңгей құрайды. М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-
түрік»еңбегінде мөлшер семантикасын білдіретін грамматикалық бірліктер де
көптеп кездеседі. Тілдің грамматикалық деңгейінің өзі морфологиялық және
синтаксистік деңгейді қамтитыны белгілі. Сонымен қатар соңғы жылдары тілдің
тағы бір деңгейі ретінде сөзжасам алынады. Мөлшерлік семантиканың
жасалуына негізінен сөз тудырушы емес, форма тудырушы қосымшалар
қатысады. Кейбір арнайы мөлшерлік бірліктерді тудырушы сөзжасамдық
жұрнақтардың өзі (-ым/-ім) тіркес құрамында келіп, синтаксистік байланысқа
түспей, мөлшерлік семантика бере алмайды. Сондықтан кейбір сөзжасамдық
бірліктер синтаксистік деңгейде сөз болады.
Осы арада мынаны ескерте кету керек, М.Қашқари сөздігінен
грамматикалық формаларға мысал кездесе қоймайды. Өйткені сөздікте, негізінен,
лексикалық бірліктер енгізілген. Бұл туралы ғалымның өзі де: «Әрбір тайпаның
тілінен сөз жасауға негіз болатын түбір сөздерді алдым», – деп ескертеді [97, 33
б.]. Сол себепті сөздікте кездесетін аффикстердің грамматикалық мағынасын
мысалдар арқылы жан-жақты ашуға қиындық туады. Сөздердің мағынасын ашу
үшін енгізілген өлең-жырлар мен нақылдардан аздаған мысалдар табылмаса,
сөйлем, контекс деңгейінде мысал келтіру қиын. Сондықтан синтетикалық
формалардың мөлшерлік семантика беру ерекшелігіне сөздіктегі түсіндірмесі
және қазіргі қазақ тілі мен көне түркі тіліндегі дәл сол формалармен салыстыру
негізінде талдау жасалады.