Лина ЫСҚАҚОВА,
магистрант
М. Қозыбаев атындағы СҚМУ
ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ КӨСБАСШЫСЫ – А. БАЙТҰРСЫНҰЛЫ
Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жол сілтедім жақын емес, алысқа.
Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,
Дедім, – сен де қатарыңнан қалыспа!
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының маңдайына алтын әріппен ойып тұрып жазылған, ұлтының
жүрегінде ерекше орын алған, үлкен бір дәуірді басынан кешіріп, ұлт мүддесін қасық қаны қалғанша
қорғап, кезіккен қиындыққа да қарамастан отаршылдыққа қарсы күресіп, қазақ ұлтының рухани-
мәдени келбетінің заман құбылыстарына сай қалыптасуына өз үлесін қосқан жанашыр тұлға. Ол –
өзінің талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да
қаһарман. Өз ұлтының бітім-болмысын жетік біліп, заман құбылыстарын қалам ұшына іліктіріп,
қоғамның беталысын шынайы бейнелеп, туған халқының азаттық жолындағы ұлттық мүдделерімен
еңбектерін ұштастыра білді.
Бүгінгі күні егеменділіктің 27 жылын артқа тастап, күнннен-күнге дамып, көркейіп әлемге
танылып, өркеніміз өсіп, Ұлы даланың арқасын кеңге жайған дербес мемлекетімізде Ахмет
Байтұрсынұлының орны ерекше. Елімізде тәуелсіздік таңы атар атпастан 1991 жылы Алматы «Жалын»
баспасынан шыққан Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол» атты кітабы шықты. Кітапты Қазақ ССР
Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Абай атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты Рымғали Нұрғалиев құрастырып, алғысөзін жазып,баспаға М.Мырзахметов, А.Мектепов,
Ғ.Әнесовтармен бірлесіп әзірлесе, редакторы Есенбай Дүйсенбаев болды.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол» кітабы үш үлкен бөлімнен тұрады: «Өлең сөз», «Көсем сөз»,
«Асыл сөз».
Үш бөлімнің алдында үш мақала берілген. Бұл мақалалар Ахмет Байтұрсынұлын жан-жақты
танытудағы кітаптың беташары іспеттес. Кітапқа енген алғашқы мақала Рымғали Нұрғалиұлының
«Алып бәйтерек» тақырыбымен парақталып, сөз басы Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық
Комитетінің Бюросы Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүспбек Аймауытовтың
шығармашылық мұрасын зерттеу жайындағы комиссияның жұмыс қорытындысын мақұлдап,
сталиндік репрессияға ұшырап, мерт болған боздақтардың ортамызға оралғандығы, Абай, Ыбырай,
Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет
зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлын және оның қай жылы, қандай
жерде өмірге келгендігі, сонымен қатар туған жылын нақты деректерді келтіре отырып, екі түрлі
жылмен дәлелді көрсетіп, әділетсіз өмірдің улы зары 13 жасында бала Ахметтің жүрегіне жара
салғандығы жайлы мәліметтермен сабақтастырылған. Мақала авторы бала Ахметтің хат танып, сауат
ашқан кездерінен өмір, тіршілік күресіне араласуы, әділет үшін күресуі, патшаның отаршылдық
саясатын айыптауы, мұғалім болып бала оқытуы, әдебиетпен айналысуы, оқу құралдарын жасауы,
фольклор нұсқауларын жинауы, полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып Семей
абақтысындағы 8 ай бойы көрген азап-қорлығы жайлы баяндап, жазықсыздан арқасына жабысқан
149
пәледен тайқақсудың орнына Ахмет Байтұрсынов керісінше қайраттанып, бостандық аңсаған, күреске
шақырған өлеңдер жазғандығы, Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынборға келуі, мұндағы
өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы еңбектің басталуы, «Қазақ» газетіндегі редакторлық қызмет,
халық өміріндегі көтерілген көкейкесті мәселелер, елді прогреске, өнер-білімге үндеуі, Алаш
қозғалысына қосқан үлесі, Кеңес өкіметінің жағына өтіп жаңа заман үшін күрескен тұлға, сталинизм
кезіндегі азап, 1937 жылы репрессия құрбаны болып, 1938 жылы атылу жазасына кесілген
А.Байтұрсынұлы жайлы тың деректер де тізбектеле берілген.
Рымғали Нұрғалиұлы А.Байтұрсыновтың қазақша әліпби жасауы, араб жазуына кіргізген
реформасы, тіл саласына енгізген жаңалықтары, ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын анықтап
беретін, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындататын еңбегі – «Әдебиет
танытқыш» екендігін де дәлелді көрсеткен.
Зерттеуші еңбегінде Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми еңбектері жайлы орыс ғалымдары профессор
А. Самойлович (Литература турецких народов, «Литература Востока», вып. І.П. 1919), Е.Поливанов (О
киргизско-казахской орфографии. «Бюллетень СГУ», вып. 7. Ташкент, 1924) пікірлерін де негіз еткен.
Рымғали Нұрғалиұлы он екі беттен тұратын бұл мақаласына КазПИ архивінде сақталған
А.Байтұрсынұлының «Жизнеописание» (1929, 8 март), «Биография» (1929, 21 август), «Газет және
журналдарда жарияланғаннан басқа, ғылыми, ғылыми-методологиялық еңбектердің тізімі» (1929 жыл,
5 май), еңбектері негіз болғандығын ерекше білдіреді. Бұл автордың тынымсыз ізденісі, ұлыны
ұлықтауға деген өскелең ұрпаққа салып берген жолы. Бүгінгі таңда Елбасының саясатын жүзеге
асырып, қолдауға жас буынды ұмтылдыруы деп айтуға болады.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық
мақаласында: «Жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», – деп атап
көрсете отырып, алдымызға келесі міндетті қойды: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып,
қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».
Меніңше, рухани жаңғыру дегенімізге Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен өнегелі істерін көпке
дәріптеу де кіреді. Халқымыздың ұлттық кодының бір тармағы осы Алаш құндылығында жатыр.
Ұлттың мәңгілігін ойлаған «Алаш» қозғалысының ұстанымдарын жаңа заманның талаптарына сай
зерттеу, мағынасын ашық көрсету, оны ел игілігіне жарату – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін қымбат
құндылық» деген идеяны жүзеге асырудағы өнегелі өмір.
Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол» кітабын толықтырып тұрған келесі мақала – «Ақаңның
юбилейі туралы». Бұл – сол кезде Қазақстанның қоғамдық-саяси ойының және мәдени-ағарту ісінің
дамуына ықпал еткен «Ақ жол» газеті бетіне 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық
мерейтойына арнап публицистика жанрында жазылған шығарма. Оның мазмұнынан қазақ халқының
сол кездегі зұлым саясаттың кесірінен жері мен салтынан, тілінен айырылуға шақ қалғандығын сезіп,
өзгелер секілді шен-шекпенге қызықпай халқының тағдыры алаңдатқан, оқудан шығысымен қырдағы
қалың қазақтың ішіне барып, бар білгенін балаларға оқытып, қазақтың қара тілін сақтап, қайта түзей
беруге қам-қарекет жасап, бостандыққа жол көрсеткен, елін аюдай анталағандардың аузынан сақтап
қалған жанашыр, ұлтжанды Ахметті көреміз. Елінің мүддесін қорғап, халқының болашағы үшін қам
жеген мерейтой иесін «Ақ жол», «Шолпан» басқармалары, Түркістан Халық ағарту комиссарлығы,
Қырғыз білім комиссиясы, «Талап» ұйымы һәм қазақ студенттері, қазақ-қырғыз студенттерінің жеке
телеграм жіберіп құттықтауы Ахметтей арыстарына деген үлкен құрметі мен сыйластығын көреміз,
оның қоғамдағы адал еңбек пен істеген ісінің көптің жүрегіне демеу болып, әділдікпен жол бастап
жүрген тұлға екендігіне көз жеткіземіз.
Үшінші мақала - «Ақаңның елу жылдық тойы» (1923), авторы - Мұхтар Омарханұлы Әуезов –
қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі
(1946),
филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген ғылым
қайраткері.
Мұхтар Омарханұлы қазақ жұртының ішінде оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі,
әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі, оқушысының
ойы мен пікірін тәрбиелеген, қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ахмет Байтұрсынұлы екендігін
жаза отырып, ұлы тұлғаның 50 жылдығына мақаласын арнап, ақынның бала кезінен сол мезетке дейінгі
өмірін қағаз бетіне түсірген. Ахмет Байтұрсынұлын «Қазақ» газетіне салған өрнегі арқылы, сол кездегі
еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан
жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған халқының жанашыры екендігін сипаттай келіп,
халқының болашағы үшін қам жеген Алаш ұлының ұлылығын оқырманына шағын еңбегі арқылы
жеткізеді. Бұл еңбекте А.Байтұрсынұлының сүйегі Арғын, оның ішінде Үмбетей, одан шыққан Шошақ,
оның баласы – Байтұрсын, яғни Ахметтің ата-бабалары белді адамдар болған, соның өзінде оның
150
бүйрегі қарапайым халыққа бұрды, елдің көзі ашық көкірегі ояу болуын қалап ағартушылыққа бар
күшін сарп етіп, өмірдің талай қиыншылығын көріп, сын мен қатердің соқпағына ұшыраса да оны
халқының халі алаңдатты.
«Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран –
«Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі,
өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын...
Ақаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ақаң
мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ақаңды өзінің басшысы
деп санайды. Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды», – деп Мұхтар Әуезов сөзін аяқтайды.
Мұхтар Омарханұлының жемісті еңбегі бүгінгі егеменді ел жастарының жүрегіне ұялап, асылдарын
бағалап, қадірлей білуге жол сілтейді. Мұхтардай дананың сөзі Ахметтей ұлының ұлылығын тарих
бетінен өшірмей ұрпақтан-ұрпаққа тұмар етіп жеткізетін асыл мұра деп айтқым келеді.
Үш мақаламен басталған «Ақ жол» кітабының бірінші бөлімі – «Өлең сөз». Бұл бөлімге Ахмет
Байтұрсынұлының «Қырық мысал», «Маса», «Ер Сайын», «23 жоқтау» атты еңбектері топтас–
тырылған. Әр топтаманың өзіндік беташары болатын автордың жыр-кіріспелері шығармаларына үлкен
түсінік береді. Үш шумақтан тұратын «Замандастарыма» атты өлеңі «Қырық мысалға», екі шумақ
болып келген «Сөз иесінен» өлеңі «Масаға», «Г.Н.Потанинге тарту» жыры «Ер Сайынға», ал
«Жоқтауға» тіл жайындағы автордың алғы сөзі негіз болады. Бұл оқырманның шығарманы оқымастан
бұрын ақынның шығарма жазудағы мақсатына көз жеткізуі, негізгі идеяны тануға ой қосуы, қоғам
тарихынан хабардар етуі.
А.Байтұрсынұлы заманындағы қиыншылықтарды шығармалары арқылы қарапайым халқының
құлағына жеткізді. «Қырық мысал» жыр-шумағында орыс ақындарының мысалдарын қазақ ортасына
лайықтап аударып, халыққа үлкен үмітпен қараған көзқарасты көреміз. И.В.Крыловтың өлеңіне
аударма жасап, санмен саралап, саны қырыққа жететін мысалын «Қырық мысал» деп атап, ең басына
«Аққу, шортан, һәм шаян» аудармасын қойып, баршаға ең бірінші кезектегі мызғымас бірлікті негіз
етеді. Көкте ұшқан аққу, суда мекендеуші шортан, құрлықта өмір сүруге бейім шаянды алып, арбаға
жегіп, әрбірінің өз мекеніне қарай тартудың нәтижесінде жеңіл болған жүктің өзі орнынан
қозғалмағандығына баршаның көзін жеткізіп, бірлік болмаған жерде тірліктің жоқтығын дәлелдеп,
соңғы шумағын қоғамда кез келген істің басын қайыруда тұратын жігіттердің еріксіз назарын
аудартып,ынтымақсыз істеген істің жүзеге аспайтындығын тіліне тиек еткен. Ахмет Байтұрсынұлы
әрбір аудармасының соңғы шумақтарында өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін
халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған. Ел
аузындағы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» мақалын ақынның «Аққу, шортан, һәм шаян» мысалына
идея етіп, өскелең ұрпақты бір-біріне қамқор, ынтымақшылдықты негіз ететін адами құндылыққа
баулимыз. Ақынның мысалдарының тағылымдық, тәрбиелік мәні ерекше. Ынтымақ, бірлікпен қатар
мейірмандық, еңбексүйгіштік, сыпайылық, имандылық, ізгілік, сабырлылық, адалдық, қиындықта бір-
біріне қол ұшын беретін жанашырлық шынайы сезіммен жырланса, берекесіздік, күншілдік,
көрсоқырлық, әурешілік, бөспелік, опасыздық, даңғойлық, дарақылық, даңғазалық, топастық, ессіздік,
өресіздік, жүзқаралық, тойымсыздық өткір сыналып әшкереленеді. Қазақ халқын қоғамдағы
өзгерістерге байыппен қарап, әркімнің алдап-арбауына, құрған торына түсіп қалмай, елінің
болашағына ойлы көзбен қарап, өмірмен күресе білу керектігін жұмбақтап, тұспалдап жеткізе отырып,
болжам жасаған. Оны ақынның «Малшы мен маса» мысалынан да көруге болады:
Мысалы, қазақ – малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды пәле делік, аңдып баққан.
Пәленің түрін көрген мен – Сармаса –
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.
Ойлаймын осы сөз де жетеді деп,
Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп,
Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді
Қорқамын сармасадай етеді деп.
Бұл жердегі ақынның қорқынышы – Ресей отаршыларының қазақ халқының бойын өсірмей, ойы
жүйріктерді тұншықтырып, халықтың санасын қараңғы деген сөзбен уландырып, аяқтарын алға
бастыртпай, ұлттың көзін мүлде құртып жіберу жолындағы айла-әрекеттері. Осы тордан халқын қорғап
қалу үшін аудармаларын күрес қаруы ретінде пайдаланады.
Аудармамен қатар А.Байтұрсынұлы төл шығармаларын «Маса» (1911) деген атпен жинақтап,
азаматтық арман-мақсаты мен ой-толғамдарын, халықтың сабырлы, шыдамдылығын пайдаланып
отырған отаршылдардың шырмауынан сарымаса болып ызыңдап, тыныштық бермей тығырықтан
шығар жолды табуға жетелейді.
151
«
Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты ескі үлгідегі оқудан арашалап жаңа үлгідегі
мектептерде оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, аянбай адал халықтың игілігіне еңбек
етуге үндеу, сенгіштікке бой бермеу, елдегі өзгерістерге сақтықпен қарау.
А.Байтұрсынұлының жыршылар аузынан алып, өңдеп жазған «Ер Сайын» атты жырын да бірінші
бөлімнен кездестіреміз. Ер Сайынның бойындағы отаншылдық сезімі, елі үшін жасаған ерлігі,
Қобыландының әдейі іздеп келіп берген ақ батасына лайықты ер мінезділігі жас ұрпақтың еліне,
жеріне, халқына деген сүйіспеншілігін асқақтатып, мемлекет, қоғам, ұлт ретінде өмір сүруге
жетелейді. А.Байтұрсынұлы «Ер Сайын» атты жырын орыс ғалымы, фольклортанушы, түркі, моңғол
халықтары тарихын зерттеуші, Шоқан Уәлихановтың айнымас досы Григорий Николаевич Потаниннің
туғанына 80 жылдық мерейтойына Алаш атынан тарту еткен. Алаш қозғалысының жетекшісі – Әлихан
Бөкейханов жырға естеліктерінен былайша қорытынды жасайды: «Қазақты туғанындай жақсы көрді,
қазаққа қорған болды. Өз ғұмырында қылған жұмысы, жүріп тұрған мінезі анық әулиенің ісіндей».
Қазақтың қос арысының тарту сыйына, арнау сөздеріне ие болған Г.Н.Потанинді өгейсінбейміз,
онымен біз де мақтанамыз, оның Алаш тарихына қосқан еңбегін құрмет тұтамыз, Ахмет Байтұрсынов
пен Әлихан Бөкейхановтың орыс ғалымына деген ыстық ықыластары, пейілінің кеңдігі, өзге ұлт
өкілдерімен достығын өскелең ұрпаққа жеткізіп, ғылым қуып, өрге жүзуде ұлтқа, нәсілге қарамай бір
тудың, бір шаңырақтың астында арманы ортақ, достығы мығым біртұтас халыққа айналып, көк
байрағымызды мәңгілікке биікке желбірету жолында аянбай тәуелсіз еліміз үшін күресе білуге
жетелейміз.
Ахмет Байтұрсынұлы әдебиетімізге қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтыған «23 жоқтау» деп
аталатын еңбегін ұсынды. Бұл шығарма арқылы зерттеушінің біріншіден, ауыз әдебиетіне қосқан зор
үлесін, екіншіден, жоқтау өлеңдері арқылы тарихи тұлғаларды танытудағы үлкен табысты еңбегінің
жемісін, үшіншіден, қазақ тарихының түкпірінде жатқан, ұмытылып бара жатқан жанрлардың әдебиет
арқылы қайта жаңғыртылғанын, төртіншіден, адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып
көрсетудегі психологиялық ерекшеліктердің өз сәнімен сәтті қолданысын көреміз.
Кітаптың екінші бөлімі – «Көсем сөз». Бұл бөлім автордың газет-журнал беттеріне жариялаған
әртүрлі мәселелерді қозғайтын маңызы зор, мағынасы терең, адамды селт еткізетін мақалаларынан
тұрады. Оқырман Ахмет Байтұрсынұлы мақалаларының мазмұнымен таныса отырып, Ахмет
бабамыздың өзі өмір сүрген қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді тереңінен қозғап,өмірдің
әлеуметтік, ғылыми, мәдени-ағарту және басқа құбылыстарын жан-жақты тарамдап, талқылап,
саралап, философиялық ой-пікірін білдіріп, халқын игілікті іске шақырып, бір мақсатқа жұмылдыра
білуге тырысқан ұлтының жанашыры екендігін көреміз. Қай мақаласын оқысаң да қоғамдағы
халықтың жайы, байғұс қалпы, елдің қамы үшін әлділерден жасқанбай, ойын еркін білдірген,
болашағына алаңдаған автордың мазасыз күйін көреміз. Тәуелсіз ел жастары автордың мақалаларын
оқи отырып ойланады, тәуелсіздік таңының сәулесі Ахметтей ұлымыздың өмір сүрген кезінде біліне
бастағанына көз жеткізеді. Ахметтей ұлының істеген ісі, ойлаған арманы, сол арман жолындағы
күрескерлік өнері біздің егеменді елімізге тірнектеп жинаудан жеткен бақыт тағының оңайлықпен
атпағанына көз жеткізеді.
Кітаптың үшінші бөлімі – «Асыл сөз». А.Байтұрсынұлының зерттеушілік өнері мен ізденісінің,
адал еңбегінің арқасында қазақ тілі мен әдебиетінің негізін қалап, бүгінгі күні ұстанып жүрген өнердің
балынан май тамызған филолог, әдебиетші екендігін дәріптеп, дәлелдейтін, әдебиеттік зерттеулер мен
талдаулардан, ғылыми еңбектерден тұрады. Бұл ғалымның жаһандану дәуіріне аяқ басқан адамзат
баласы үшін бой тұмарындай қастерлейтін бабамыздың асыл мұрасы.
Ел басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты жарияланған
мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады
деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту –
еліміздің табысты болуының кепілі» деп ұлыларымызды ұлықтап, қастерлеуді қанымызға сіңген,
маңдайымызға біткен ізгілікті жол ретіндегі ұстанымын жүзеге асыруда Алаш ұлының «Ақ жол» атты
кітабының маңызы зор.
Бүгінгі өскелең ұрпаққа кемел біліммен толысып, ағартушылық идеяны ұстанған, шұрайлы тілге
нәр берген, әдебиетті сөйлеткен, қазақтың ертеңі қалай болар екен деп жүрек түкпіріндегі ойларын
қағаз бетіне түсіріп, халықтың ортасына шығармаларымен ой тастап, ұлтының болашағы үшін
кездескен қауіп қатерлерді түп тамырымен жоюға тырысып, қазақ келешегі үшін өз өмірін құрбан
еткен Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлын толықтай тануға негіз болатын «Ақ жол» кітабы
ғасырдан-ғасырға жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа табысталып, «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтасып,рухани
жаңғыруға тірек болатын құдіретті де қастерлі еңбек.
Достарыңызбен бөлісу: |