Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығының арттырудың психологиялық сипаттамасы
Мектеп жүйесіндегі ең маңызды кезең – бастауыш мектеп кезеңі, мұнда оқыту іс -әрекетінің негізгі компоненттері қалыптасады.
Қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті ағартушы, ғалым Ж.Аймауытовтың “Псиқалоғия” атты, ана тілінде жазылған тұңғыш психологиялық, педагогикалық құнарлы еңбегінде: ”Білімге деген ынталанушылық, - деп жазды ол,- адам бойындағы ой еңбегі күшінің қайнар көзі, сондай көздерді көбірек алу, өркендету - мұғалімнің бойына біткен қасиет болуы керек”.
Психолог С.Д.Смирновтың пайымдауынша «Танымның қандай болмасын нақты аспектілері танымдық іс-әрекет барысында басталады, мысалы дүние туралы негізгі көзқарас, оны бейнелеуден кейін тиянақтау, толықтыру, түзетуден тұрады». Психологтар оқыту процесі адамның іс-әрекеті мен танымдық процестерінің бірлігінде қарастырылып, оны негізге ала отырып, оқыту процесінің негізгі белгілері танымдық іс-әрекеттің маңызды формаларының бірі болса, онда мектептегі оқытуды әлеуметтік мағнасы жағынан тиянақты іске асыруды, үш түрлі қажеттіліктерге бөлген:
Бірінші-танымдық қажеттіліктер, мәселені шешу тәсілі немесе оқыту процесінде жаңа мағлұматтар алуды қанағаттандыру.
Екінші-әлеуметтік қажеттіліктер, «Мұғалім-оқушы» және «Оқушы-оқушы» қарым-қатынастары негізінде оқыту іс-әрекетінің барысы немесе қатынасын және қатынасын және оқыту іс-әрекетіне байланысты оның шешімін қанағаттандыру.
Үшінші-оқушының өзінің «Мен»-ге байланысты қажеттілік, жетістікке жету қажеттілігі, оқу тапсырмаларының негізгі деңгейін арттыру. Психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, оқыту процесінің түрлі мазмұны мен компоненттеріне бағыттау негізінде төмендегідей танымдық іс-әрекет деңгейлерін талдап көрсеткен.
І. Жаңа білімдерді игеруге бағытталумен сипатталатын ауқымдық танымдық іс-әрекет;
ІІ. Білімдерге қол жеткізу тәсілдерін игеруге бағытталумен сипатталатын танымдық іс-әрекет.
IІІ. Білімге қол жеткізу тәсілдерін ұдайы жеткізуге бағытталумен ерекшеленетін өз бетінше білім алу процесі.
Белгілі психолог С.М.Джакуповтың пікірінше: «Оқыту процесіндегі субьектілердің қарым-қатынасында мағналардың өзгеруі біріккен іс-әрекеттің мотивтері мен мақсаттарының заңды құрылуына мүмкіндік береді және оларды оқыту процесінде ескеру, біріккен танымдық іс-әрекетті қалыптастыру үшін қажетті шартты жасайды», - деп тұжырымдайды.
Қажеттіліктен кейін қызығушылық тудыру десек ол туралы психологиялық сөздікте: “қызығушылық дегеніміз – дүниедегі заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып білуге бағытталған адамның жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі”,– деп көрсетілген.
Психологтар саналы әрекеттің бірі қызығу, - деп санайды. Адам алдына мақсат қойып, өздерінің ерік-жігерін жұмсап, кейін заттармен үнемі шұғылданып отырады. Мысалы, оқушылардың оқуға қызығушылығын арттыру үшін, оларға оқулықтың мазмұнын, ондағы тапсырмаларды түсіндіріп отыруы қажет. Егер оқушының оқуға деген түсінігі болмаса, оның қызығушылығы да болмайды. Егер қызығушылығы қалыптаспаса оқушының шығармашылығы да қалыптаспайды. Қызығуды төмендегідей шартты түрде үшке бөліп қарастыруға болады:
а) мақсатты қызығу. Адам алдында бір мақсат қойса, сол мақсатқа жетуді қызық көреді;
ә) әрекеттік қызығу. Мұнда адам алдында бір үлкен міндет қоймай, істейтін ісінің нәтижесі қандай болатынына қызықпай, тек атқаратын еңбегінің ағымына қызығады. Мысалы, оқушы көркем сөз үйірмесіне қатысуға қызығады. Одан керемет пайда келтіретін немесе бір нәтижеге жетейін деп алдына мақсат қоймаса да уақыт өткізу үшін жаңағы айтылған әрекеттердің ағымына қызығуы мүмкін;
б) қорытындыға қызығу. Мұнда адам істейтін еңбегінің нәтижесіне қызығады. Бір нәтижеге жетуді көзден, әрекет етеді, барлық күшін соған жұмсайды.
Бастауыш сыныптарда оқушылардың қызығушылығы тұрақтала бастайды. Бұл кезеңде балалар әр нәрсеге әуес болады, көп заттарды білгісі келіп, ол заттардың қайдан пайда болғанын, неге олай екенін түсінгісі келеді. Сыныпта оқушылар өз қызығуларын іс жүзінде тәжірибемен байланыстырып, оны орындай алатынын не алмайтыннын белгілеп отырады.Бастауыш сыныптарда оқушылардың қызығуы тұрақты келеді.Оқушылардың қызығуларын дамытуда психолог Т.Тәжібаев мынадай жайттарды ескертеді.Олар:
1) Балаларда танымдық қызығулар дами түсу үшін оқу сапасын жақсарту
керек.Оқу мазмұнды, идеялы,тартымды болып келгені жөн.
2) Балалардың көркем әдебиетті көбірек оқу жағын қарастыру керек.Себебі, осы
арқылы оқушылар көп нәрсемен танысады,көп білім алады,сөйтіп олардың оқуға деген қызығуы артады.
3) Балалардың өз бетімен дербес жұмыс істеу жағын үйретіп, олардың оқуының,
еңбегінің мәдени түрде жүзеге асу жағын қарастырып отыру қажет.Түрлі шараларды қолданып, мұғалім балалардың сабағынан артта қалмауын қарастырған жөн.
4) Балалардың білімі әр уақытта жүйелі түрде бағаланып отырылуы тиіс. Бағаның нәтижесін өздеріне айтып, талапты зерек балаларды мадақтап отырғаны дұрыс.
5) Мұғалім балалардың оқуын, тәртібін бағалау мәселесіне жауапты қарағаны жөн. Мұғалімнің оқушыға қойған қате бағасы оларға өте қатты әсер етеді, олардың көңілін қалдырады. Мұндай жағдайда бала сабағын дайындамайтын, мұғалімге сенбейтін болады.
Оқу үрдісіндегі мұғалімнің басшылығы оқушылардың танымдық іс-әрекетін білім мазмұнын қабылдауына, есте қалдыруына және ұғынудағы ой процестеріне негіздеп жүргізуі болып табылады. Сонда ғана оқушылардың оқуға деген ынта жігерін қалыптастыру,бақылампаздығы мен ойын дамыту, соның нәтижесінде олардың жеке басына тән ерекшеліктерімен жете танысуға болады.
Бастауыш сынып оқушыларының ой-өрісі нақты заттарға ықшамдалып келетіндіктен түсіндіру жолы көбінесе тікелей сезінуден басталады.Оқу материалы күрделенген сайын оны түсіндіруде әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана білу керек.Олай болса осылардың бәрі шындықты танып білу жолының негізінде жүргізіледі.Ол үшін алдымен оқу материалын ұғыну қажет. Ал ұғынудың мәні оқу мазмұндарына түсіну,оның өзі оқушының өз бетімен оқуға еңбек сіңіруінің нәтижесінде болады.Оны жаратылыс ғылымы тұрғысынан қарастырған И.П.Павловтың ілімі бойынша тірі жәндіктердің, соның ішінде адамның сыртқы ортаға бейімделіп, ненің қажетті, ненің қажетсіз екенін ажырата алуы мидың анализдік және синтездік қызметі болып табылады.Осы екі процесс кезек-кезек алмасуының нәтижесінде мида уақытша байланыс пайда болып, оқу мазмұнын ұғыну осыдан басталады.
Оқу материалын ұғыну процесі оқуға ынта қоюдан, оқу материалдарын қабылдап, ойланудан және есте қалдыру сияқты бірнеше психикалық процестердің жиынтығынан тұрады. Психикалық процестердің ішінен ұғыну процесін дәлелдеуде негізгі рольді ойлау процесі атқарады. Себебі оқу мазмұнына ұғыну, оның мәнісіне түсіну ой процесінің негізінде іске асады.
Бастауыш сынып оқушыларының оқу мазмұнын түсінуі, ұғынуы, сол материалды меңгеруге ынта қоюымен байланысты.
Психолог Л.С.Выготскийдің пікірінше: “Тұлға дегеніміз белгілі қызметтерді атқаратын, осы қызметтерді орындау үшін адамдарда пайда болатын тұтас педагогикалық жүйе. Тұлғаның негізгі қызметі қоғамдық тәжірибелерді шығармашылықпен игеру және жүйеге қоғамдық қатынастарды қосу. Тұлғаның барлық жақтары қатынастарынан анықталынады.Осыдан тұлғаның ең негізгі сипаттамасы шығады, яғни тұлға дегеніміз барлық көрінісімен өзін қоршаған адамдардың өмірімен байланысқан адамның әлеуметтік бейнесі, деген анықтама берілген.
Ж.Аймауытов бала психикасының дамуы тәрбиешілермен бірге, бұл баланың өзіне де, оның белсенділігіне де байланысты. «Баланың, - деп жазды ол, - тума серпілуін қозғайтын ешбір шара істемесе, баланы мектепке бергенмен, көңілдегі нәрсемізді үйретуге болмайды. Мектепке келгенде алғашқы қадамды бала өзі бастауы керек.»Бұл жерде автор баланың, яғни оның жеке басының белсенділігі, жеке басының қамтылуы, қызығуы, талап-тілегі мен мақсат-мүддесінің белсенділігінен туатынын айтып отыр. «Бала мейлі жақсы, мейлі жаман іс болсын, әйтеуір бірдеме істеуі керек. Ештеңемен айналыспаған адамның жан-дүниесі дұрыс жетілмейді» - деп көрсеткен.
Оқушының қызығушылығы оның мұғаліммен, құрбыларымен, ұжыммен біріккен іс-әрекетінде қарым-қатынастарында дамиды, қалыптасады. Көптеген зерттеулер іс-әрекеттің таусылмайтын мүмкіндіктерін ашты. Іс-әрекеттің мәндік қасиеттеріде оқушылардың қызығушылығын қалыптастыруға ықпал ететін бастау байқалады. Оқушылардың оқу үрдсіндегі іс-әрекеттің мақсаттылығы танымдық қызығушылықты жемісті етеді. Іс-әрекеттің маңыздылығы танымдық қызығушылықты ғылыми, практикалық, қоғамдық, жеке тұлғалық мағынамен толықтырады.
Танымдық тапсырмаларды орындауда оқушы жағынан көрінетін мақсаттылық, белсенділік, саналылық қалыптасудың берік негізі болып табылады:
ойлау әрекеті жанданады (шешу, логикалық талқылау, топшылау);
білімнің көкейтестілігі (жетекші идеялар, айғақтайтын фактілер);
Қажетті амалдар таңдалып алынады, түрлі біліктер тәжірибеден өтеді, әртүрлі жолдар шешімін тауып, нәтижелері таңдалынады.
Бұл жағдайларда баланың белсенділігі артып, дербестігі қалыптаса бастайды, беделі артып, танымдық қызығушылығы бекиді. Өз іс-әрекетінің, жұмысының нәтижесін көріп масаттанады (үйрендім, білдім, басқаларға көмектестім, қиындықтарды жеңдім).
Танымдық қызығушылық мұғалім мен оқушының біріккен іс-әрекетінің мазмұнына қанат бітіреді. Мұғалім оқушылардың қызығушылығына, белсенділігіне, дербестігіне сүйене отырып, олардың іс-әрекетін ұйымдастыруға түрлі әдіс-тәсілдерді, амалдарды іздестіреді.
Оқушылардың біліктері мен дағдыларын байытуда, әрекет амалдарын қалыптастыруда танымдық қызығушылықтың рөлі үлкен. Мұғалім мен оқушылардың бірігіп таңдаған әрекет амалдары әрқашан жетістікке, жақсы нәтижеге жеткізеді. Жетістік қызығушылыққа жетелейтін маңызды себеп, ынта.
Оқыту әрекеттерінің тиімділігі көбінесе, оқу амалдарының жетілмеу себептерінен төмендейді. Мысалы, қиын тапсырмалардың өзіне сәйкес амал-тәсілдерімен қамтамасыз етілмеуі қызығушылықты төмендетеді, бірте-бірте жойып та жібереді.
С.Л.Рубинштейн, Н.А.Менчинскаялардың зерттеулерінде танымдық қызығушылықтың негізі қайнар көзі танымдық міндеттері шешуге бағытталған тиянақты, терең іс-әрекет үрдісі деп атап көрсетілген.
Оқу үрдісін жетілдірудегі танымдық қызығушылықтың ролін қарастыра отырып, оның халыққа білім беру ісіндегі күрделі проблемаларды шешуге көмектесетінін көрдік, мысалы: алты жастан оқыту, үлгермеушілікті жою проблемасы, оқу жүктемесін реттеу т.б. Олай болса, баланың іс-әрекетін оның орындау нәтижесінің сапалы болуын қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыру қажет деп есептеп қалыптастыру.
Психологияда шығармашылық ойлауды дамытудың проблемасын мына тұрғыдан қарастырады:
1) генетикалық – тұқым қуалаушылыққа негізгі роль беріледі;
2) орта – сыртқы әсер шешуші фоктор болып табылады;
3) генотип – ортамен қарым-қатынас, өзара әрекет.
П.Я.Гальперин әлеуметтік өзара әрекетке негізделген дамытушы әдісті қарастырады.
Сонымен, шығармашылық ойлау, дамыту проблемасының екі бағыты бар: 1)тәрбие жағдайы мен күнделікті өмірдің әсері; 2) дамыту экспериментін жүргізу. Дамыту оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде іске асады. Ол қоршаған ортамен қарым-қатынаста рухани мәдениет, өнер құралдарының мазмұнын меңгеру арқылы қалыптасады.
Балалар әрекетінің мотивтері – қызығушылықтар. Тікелей және жанама қызығушылық-бұл іс-әрекетке деген қызығушылық. Негізгі пәнге деген қызығушылық аралық қызығушылық (мақсаттар) туғызады. Аралық қызығушылықтардың тікелей қызығушылыққа айналуын А.Н.Леонтьев мотивтің мақсатқа жақындауы деді.
Психологтардың жинақтаған деректеріне қарағанда танымдық қажеттілікті қанағаттандыру – адамның дұрыс дамуының алғы шарты.
Психологтар танымдық қызығушылықты дамытудың арнайы әдістемесін жасап, оны "жетістік әдістемесі" деп атады. Екі сынып алынып, біреуінде барлығына бірдей күндегідей тапсырма берілді (есеп). Мұның нәтижесі де жәй күндегідей: біреулері барлық берілген есептерді шығарды, кейбіреулері бір бөлігін, кей бала біреу де шығармаған. Эксперимент өтетін сыныпта есептерді әр балаға лайықты, шеше алатын ебін таңдады. Біреулеріне жеңілдеу есеп, басқаларына қиындау, енді біреулеріне амалдарының саны аз, басқаларына көбірек. Бұл дайындық кезеңі болды.Қиындау есепті берер алдында балаларға есептің қиындығы жөнінде ескерту жасалынды, оқушы оны шығара алмаса да, талпынып көрсін деген мақсатта. Шын мәнінде бұл есептердің алдыңғы есептерден айырмашылығы жоқ болатын. Ал бұдан кейін қиын есеп берілді, бірақ нәтижесі бағаланбайды. Бұл эсперименттерден кейін балалар математикадан қорықпайтын болды, бұл пәнді жақсы көретін болды. Психологтар бұл әдісті "жетістікке жетудің стратегиясы" деп атады.
Сонымен, қорыта келгенде адам бір нәрсеге қызығып зейін аударса, онда қызығушылықтың пайда болғаны. Қызығушылық әр адамда әр түрлі болады. Ол адамның іс-әрекетіне, көзқарасы мен талғамына, мақсатына байланысты болады, - деп тұжырым жасаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |