150
151
Тыңдап, сұрап, көп нəрсеге бойладың,
Бəрін көрдің, тереңдеді ойларың.
Өлімнің де бар шығар бір шарасы,
Ай, зерек ер, соны тұтып қарашы.
Болмаса өзге шара, айла алымды,
Үлестіріп бер қазына, малыңды.
(Қазынаңды бер де, алып қал жаныңды,
Есен болсаң, болар байлық, бағың да!)
1190 Қазынаңды төк, дауа ізде — жадырар,
Есен болсаң, алтын-күміс табылар.
Тұз-дəмі бай, жаны жомарт жандардың,
Көзі тойып, не дегенін аңғарғын:
«Малды үлестір, ішкіз-жегіз, тіріде —
Сен жетпесең, дүние жетер түбіңе!
Дүние емес, ерге есендік керегі,
Құс та дəнін тірлік үшін тереді.
Тірлік болса — тілек қуып кетесің,
Бас аманда — мұратқа бір жетесің!»
Айтолдының Өгдүлмішке жауабы
1195 Айтты Айтолды: — Ұлым, сен де жүгінгін,
Сөзімді ұғып, үмітіңді үз, түңілгін!
Өлім алтын-күмісіңе қарамас,
Білім, ақыл шылауына жарамас.
Дүние-мүлік тоқтата алса өлімді,
Бектер бегі білмес еді көріңді...
Əкімдерге əкімдігі сеп емес,
Біліктіні білімі кеп жебемес.
Ажалды егер тиса дəрі-дəрмегі,
Оташыға тимес пе еді жəрдемі!
1200 Мəртебені сыйласа ажал, əрине,
Əлі тірі жүрер еді-ау Нəби де!
Туғаннан соң, өзекті ерге — бір өлім,
Өлім үшін тудым дейді кім өзін?!
Дүние — жалған, келген — кетер, қуарар,
Аждаһадай тойым білмес сұм ажал!
Өгдүлміштің Айтолдыға сауалы
Айтты Өгдүлміш: — Ұқтым, ата, барлығын,
Өлім барда, беу дүниенің тарлығын.
Тірлігіңді текке өткіздің несіне,
Енді ашынып егілесің несіне?!
1205
Неге жидың, түбі қалар мал-жанды,
Үлестірмей жұртқа артылып қалғанды.
Ғафылдықпен тірлік кешсе кімде-кім,
Өкінішпен өзін-өзі тілдесін!
Не пайда, ата, өкінгенмен дəл бүгін,
Басыңмен жер ұрғаныңмен мəңгіріп!
Достарыңызбен бөлісу: