От орнындай тұяқты...
302
азулы жыртқыш немесе сарғылт түсті үлкен мысық – арыстан бо-
луы мүмкін. Сөзді естілуінше жаза салу машығы қай кезеңде де, қай
жазбаларда да орын алғанын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан
Шоқан жинаған қолжазбаның өзінде сарымсақтай азулы деп жа-
зылса және түпнұсқа жазуын (орфографын) сақтап қазіргі жазуға
келтіріп транскрипциялаған күнде де бұл сөздің сармысық екенін
жол соңындағы сілтемеде немесе мәтінге ұсынылатын комментарий-
лерде қоса көрсетіп отырған жөн. Әйтпесе ащы жуа – сарымсақ пен
арыстан сияқты аңның атауы бірдей еместігі көрініп-ақ тұрғанын
жақсы білеміз.
Су. Ноғайлы цикліндегі қазақ жырларында өзен сөзімен қатар осы
сөздің мағынасында көбіне-көп су сөзі қолданылған: «Үш алпаты
үлкен су, Сені тағы алдырттым» (Едіге батыр); «Толықсыма, тұнық
су» (Сонда); «Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған... Суда
жүзген ақ шортан» (Асанқайғы, XV ғ.).
Айдынды сулар, аймақ көл,
Тасыса дөңбек келтірер (Шалкиіз, XV-XVI ғ.).
Қоғалы көлдер, қом сулар
Кімдерге қоныс болмаған? (Шалкиіз)
Мұндағы қом сулар – толқынды өзендер.
Тоғай, тоғай, тоғай су.
Тоғай қондым, өкінбен (Доспамбет, XVI ғ.).
Ноғайлы цикліндегі су сөзінің жиі кездесетін себебі – ноғай
тілінде өзенді негізінен су деп атайды. Су сөзінің «өзен» мағынасы
– көне түркі тілдерінен келе жатқан қолданыс (ДТС, 515). Су
«өзен» мағынасында тек ноғайлы дәуірінің жырларында ғана емес,
қазақтың өзге жырларында да кездеседі: «Бір су бар ұзын аққан
теріс түстіктен» (Қозы Көрпеш-Баян сұлу); «Жетелеп қара атты суға
келдік» («Арқалық батыр»).
Қазірде де қазақ тілінде «өзен» мағынасында су сөзі қолданыла
береді. Бірақ әдеби тілдегі номинатив атау – өзен. Демек, «өзен»
мағынасындағы су сөзі ертедегі өлең-жырлардағы ескіліктің бірі деп
танылады. Түсіндірме сөздіктерде «көне» деген белгімен беру керек.
Сарыкөл, Самар сынды су.
Мынау Самар деген суыңыз,
Мынау Жайық деген суыңыз,
Мынау Еділ деген суыңыз,
Мынау Сахмар деген суыңыз (Шалкиіз).
Еділ, Жайық арасы,
Екі судың саласы (Шалкиіз).
Достарыңызбен бөлісу: