ЖАД ЕТУ/ЖАТ ҚЫЛУ (ЕТУ). Бұл сөздер батырлар жырла-
рында жиі кездеседі. Мағынасы – «Құдайды, пірлерді, әулиелерді
құлшылық етіп есіне алу». Тіркестің негізгі сөзі – жад парсы тілінде
«ес, еске алу» мағынасында қолданылады. Демек, жад қылу «еске
алу» деген ұғымды беретін күрделі етістік болып шығады. Бірақ бұл
етістік жалпы біреуді немесе бір нәрсені еске алу емес, тек қана жал-
барынатын иені – Құдайды (Алланы, Тәңіріні), әулие-әнбиелерді, ба-
балар мен пірлерді еске алу, жай ғана еске алмай, оларға құлшылық
етіп, бір тілекпен жалбарына еске алу мағынасында ғана қалыптасқан.
Мысалы:
Жеті кәміл бабасын
Жад етуге жаңылып...
Батасын беріп қол жайып,
Жад етуге жаңылып...
Жад қылады Иені...
Қобыланды батыр қызылбастың еліне Құртқа сұлуды алуға атта-
ну үшін мінетін ат сұрап, жылқы басындағы Естеміске:
Жад қыламын, Естеке,
Жеті кәміл бабаны, –
десе, тоқтамасын білген Естеміс те батасын беріп, қол жайып
Құдайды жад қылады. Бұл сөзді батырдың әкесі Тоқтарбайдың аузы-
на жазушы М.Әуезов те салады:
Жұп шырағым жалындап,
Жад еткенім өзіңсің,
От анасы, жарылқа!– дейді.
«Ер Сайын» жырында:
Бозмұнай бай жылайды,
Жад айтады Құдайды...
Бір ғажабы (өкініштісі) – қазіргі қазақ тілінің түсіндірме сөз-
дігінде де, қырғыз тілінің екі тілдік сөздігінде де бұл күрделі етістік
берілмеген. Ал жад сөзінің жалпы мағынасы «ес, ой» және оған
қатысты жадына түсіру, жадынан шығару, жадына сақтау (тоқу,
ұстау) т.б. сияқты кәнігі тіркестер ғана көрсетілген.
|