СҰРЫ ҚАШУ. Түсіндірме сөздікте сұр сөзінің бір мағынасы
деп «сиық, түр, түс» деген көрсетіледі де сұры қашты тіркесі «өңі
қашты, түсі бұзылды» деп түсіндіріледі. Ал түптамырын қуаласақ,
сұр (сүр) сөзі монғол тілінде «қорқыныш, үрей» және «күш, айбар»
дегендерді білдіреді. Монғол тілімен ілік-шатысы молдау Сібір
түркілері (саха, хақас) тілдерінде сұр, сүрээ сөздерінің мағынасы
жоғарғы көрсетілгендей. Демек, сұры қашу – «айбарынан айырылу,
яғни үрейлену, қорқу» деген сөз екен.
Сұр(сүр) сөзі де – түркі-монғол тілдеріне ортақ көне тұлғалардың
бірі болу керек. Қазақ тілінде о бастағы немесе өзге түркі тілдері мен
монғол, бурят тілдеріндегі мағынасы біраз құбылып, әуелі «кісінің
айбарлы өңі, мықты боп көрінген сиқы» дегенді, одан кейін де тары-
лып, жалпы «өң, түс, сиық» дегенді білдірсе керек. Сөз мағынасының
не кеңейіп, не тарылып, өзгеруі – тіл эволюциясының заңдылығы.
СЫБАЙ. Бұл сөз әдетте сыбай-салтаң деген қос сөз құрамында
айтылады. Ілгеріректе сыбай сөзінің жеке тұрып, белгілі бір мағынаны
білдіргенін байқаймыз. Мысалы, «Қобыланды» жырында:
Көп қайырың тиеді
Еліңде қоңсы, сыбайға, –
деп келеді. Өткен ғасырда құрастырылған Н.И.Ильминскийдің
сөздігінде: «сыбай – живущий близ чьего аула» (бір ауылға іргелес,
қонсы қонған адам) деген аударманы береді (Ильминский, 158).
Сонда сыбай сөзі қоңсы сөзінің синонимі іспеттес болып келеді. Оны
жоғарыдағы мысалда қатар қолданылғаны да дәлелдейді.
Сыбай/субай сөзінің екінші мағынасы және бар. Л. Будагов
субай сөзі шағатай тілінде «бір өзі, жеке жүрген салт атты» деп
көрсетеді (Будагов, II, 404). Ал жалпы сыбай сөзінің «салт, бір өзі,
қарақан басы» («яғни баласыз, мүліксіз, туыстарсыз» деген сияқты)
үғымы бары сезіледі. Қырғыз тілінде бұл сөз субай тұлғасында және
қолданылып, малға қатысты айтылса, «төлсіз» дегенді (субай жылқы
– «ішінде төлдері жоқ жылқы үйірі»), ал адам жайында айтылса, жал-
пы «баласыз әйел» немесе «бала-шағасын ертпей шыққан (бір жерге
келген не кеткен) әйел» деген ұғымда жұмсалады: субай барамыз де-
ген сөз – бала-шағасыз және артық жүксіз бір жерге кеткен не барған
ересектердің айтатын сөзі.
156
Қазақ тілінде біреудің аулына жақын келіп қоныс тепкен адамның
сыбай аталуында да өз руластарынсыз салт, дара (бір өзі) деген мән бар.
Қоңсы да сондай: бұрын « қоңсы қону» деген тіркес өз аталастарынан
шығып, өзге атаның, өзге рудың адамын паналау дегенді білдірген.
Сыбай сөзінің «бір өзі, қарақан басы» деген мағынасы Қобыланды
сынды аға-інісіз жалғыз бас батырға астындағы тұлпарының:
Ат қылып Тәңірім жаратты
Сен сықылды сыбайға, –
дегенінен де аңғарылады. Қазіргі әдеби тілімізде сыбай сөзі түсіндір-
ме сөздікке жүгінсек, «жақын, аралас-құралас» деген мағынада қолда-
нылады дейді, бірақ келтірілген мысалдар айтыс өлеңдер сияқты
халық ауыз әдебиетінен алынған. Демек, бұл мысалдардағы сыбай
сөзінің беріп тұрған мағынасы жырларда қолданылған бұрынғы
мағынасынан алшақтамағанын көреміз. Қазірде бұл сөз жеке-дара
сирек қолданылады.
СЫЗУ. Бұл сөздің мағынасы қазіргі қолданысымызда – «қарын-
дашпен не қаламман қағаз бетіне сызық жүргізу, чертеж салу» (ҚТТС,
VIII, 444). Ал жырларда бұл сөз «жазу» мағынасында қолданылады.
Мысалы, «Қарабек» жырында:
Мінезіңнен таба алмадым бұзығыңды,
Қаламменен хат таныған сызығыңды, –
деп келсе, «Қобыланды» жырында:
Мінген атым қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды, –
дейді. Мұндағы тағдырға сызылды тіркесі – «тағдырда солай жа-
зылды» деген мәнде. Қазақ сөздерінің ертелі-кешті сыр-сипатын өте
жақсы білген ғалым – Әлкей Марғұлан сызу сөзінің «жазу» мағынасын
тап басып, Шоқан жазбаларындағы «Манас» жырының қырғызша
тексін қазақшаға аударғанда орынды пайдаланған. Мысалы:
Алақандай ақ қағаз
Хат сыздырып алып кел («Көкетайдың ертегісі»).
Сыз сөзі – түркі-монғолға ортақ сөз. Саха (якут) тілінде суруй –
«жазу» деген сөз, чувашша «жазу, сызу» дегенді сыр- дейді. Монғол
тілінде «сызу, сурет салу» деген мағынада зура(х) сөзі бар. Осы күнгі
сурет (монғолша – зурат) деген есім сөздің де түбірі – осы сур (сыр).
Ал сыр- (сур-) сөзінің өзге түркі тілдеріндегі фонетикалық варианты –
сыз- (суз-). Түркі тілдерінің көпшілігінде з дыбысымен келетін кейбір
сөздер чуваш тілінде (және монғол тілдерінде) р-мен айтылатындығы
– тіл ғылымында белгілі құбылыс. Мысалы, егіз сөзі чувашша йекер
157
болып келеді. Қазақша қамырды «жаз (жай)» деген мағынада чуваш
тілініде сар сөзі келеді, сол сияқты өгіз ~ өкур, аз ~ ар сөздерінің
қатарында сыз ~ сыр сөздері тұрады. Демек, сыз- сөзінің о бастағы
бір мағынасы «жазу» болған (алғашқы түркі жазуларының өзі тасқа
қашап, яғни сызып жазу болғандықтан, бәлкім, «жазу» ұғымы сызу
сөзімен айтылған болар).
Жазу сөзінің және бір мағыналық реңкі бар, ол – жазмыш сөзіндегі
жазу, яғни Алла тағаланың адамға белгілеп (жазып) қойған тағдыры,
бұйрығы, көресіні. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген мәтелдің
мағынасы «о бастан Алла тағала (Құдай) маңдайыңа (өмір жолыңа)
нені белгілеп (жазып) қойса, одан қашып (озып) құтыла алмайсың»
дегенді білдіретіні түсінікті. Сондықтан тілімізде Тәңірдің (Алланың)
жазғаны деген тіркес бар, бұны тағдырдың сызығы деп те алмасты-
рып айта береді. Мысалы, Шортанбай ақында (ХІХ ғ.):
Әуелде менің ғұмырым
Құдіреттің жазған сызықта.
Халықтық жырларда:
Мінген атым қызыл-ды,
Іс тағдырға сызылды («Ақсауыт», І, 32).
Абай да осы тіркесті тағдырдың сызығы деп береді.
Жүректегі жазылмай
Тағдырдың салдың сызығын…
Демек, жазу етістігінің бүгінгі нақты мағынасы – кәдімгі қағазға
(не матаға, тасқа) таңбалар(әріптер) түсіріп жазу процесі. Ал екінші
мағынасы – адамның тағдырында болуы тиіс (Алла тағаланың адам
баласына алдын ала белгілеп, жазып, сызып қойған) тағдыры. Бұл
екі мағынаның түптөркіні – біреу. Сондықтан да жазу-сызу деп
қосарланып та айтылады.
Сөздің семантикалық қозғалысына келсек, бұл күнде қаламмен,
қарындашпен, қысқасы, кез келген жазу құралымен қағазға не өзге
заттардың бетіне әріптер, йероглифтер сияқты таңбалар түсіруде
жазу етістігін қолданамыз. Демек, бір кезде жазу мағынасында
қолданылған сызу сөзінің қызметі біршама тарылып, таңба түсірудің
бір ғана түрін атауға көшкен. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»
сызу сөзінің бұл көне мағынасы («жазу» мағынасы) көрсетілмеген.
Сызу етістігінен жасалған сызық сөзінің «жазмыш» («тағдырдың
жазуы») мағынасын «Түсіндірме» сөздік «сызық сызу» мағынасынан
туған сызық есімімінің ауыспалы мағынасы деп анықтапты. Ал сызық
сөзін жазмыш сөзінің синонимі ретінде пайдалану күні бүгінге
дейін келеді. Мысалы, Мұхтар Шахановта : «Бәрімізге ортақ бір ғана
тағдыр сызығы бар-ды».
158
Сызық сөзінде және бір сема (мағыналық реңк) бар, ол – «көңілдегі
қайғы-қасірет». Мұны да ақын-жазушылар пайдаланғаны байқалады.
Мысалы, Абайдан:
Жаралы көңлімнің
Жазылмай сызығы, – деген өлең жолдарын оқимыз.
Қайткенде де сызу сөзінің «сызу» -мен қатар «жазу» мағынасы
да күні кешеге дейін қолданылып келгенін ауыз әдебиеті үлгілері
тілінен көреміз. Келе-келе жазу-сызу болып плеонастық құбылыс жа-
сап, яғни бір мағынадағы екі сөз қосарлана айтылып, бір сөз ретінде
қолданылғаны да байқалады. Ал жеке-жеке келгенде, бұл екі сөз екі
түрлі мағынаны беретін болып кейін қалыптасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |