§ 8. ХVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясы тіліндегі
әдеби-көркемдеуіш тәсілдер
Талдап отырған кезең үлгілерінің әдеби-көркемдік сипаты
олардың жанрлық түрі мен тақырыбына тікелей байланысты
болып келеді. Қазақ поэзиясының ертеден келе жатқан толғау
жанрына, негізінен жыраулар мектебінің үлгілеріне тән әдеби
тәсілдердің бірі – параллелизм екені мәлім. Параллелизм
әдетте көпсөзділікті талап етеді. Негізгі айтпақ ойға жеткен-
ше жүргізілетін параллельдер тақырыптан тыс әңгімеге орын
береді. Әдебиеттің бұл белгісі XVIII ғасыр үлгілерінің тіліне
де хас. Мысалы, Бұхар «уақытым кетті басымнан» деген ойын
айту үшін құбылып тұрған бәйшешектің солған соң қурай
болатынын да, екі қанаты талғанда, бүркіттің төмендейтінін
де, қайраты кеміп, «уақыты толғанда» ханның қасынан
қарашысының қашатынын да –қысқасы, айтар идеяға парал-
лель түсетін көп жайттардың басын шалады. Сондықтан бір
175
шығарманың ішінде лексикалық мағынасы бір-бірінен қашық
сөздер кездесетіндігі – бұл кезеңнің тіліне тән нәрсе. Айталық,
«азаматы құлап, жұрт талық болған» заман дегенді білдірмек
болған шағын толғауда (Бұхарда) табиғат құбылысының да
(тұман), малдың да (баспақ, тана, арғымақ), қоғам мен
әлеумет құрылысының да (құл-құтан, құда, азамат), аб-
стракт ұғымдардың да (іс, заман) атаулары шоғырланған.
Әрине, бұл тәрізді тәсіл қаншама көп сөзділікке әкелгенмен,
ол сөздер белгілі бір образдардың айналасында болғандықтан,
толғаулардың сөз байлығы орасан мол деуге болмайды. Бұл
образдар (теңеу, салыстыру т.т.) көбінесе айналадағы табиғат
пен қоғам тіршілігінен алынғандықтан, сөз саны қанша көп
болғанымен, олардың түрлілігі (әр алуан мағынадағы сөздері
болып келуі) әлі де шағын.
Дегенмен XVIII ғасыр поэзиясында, әсіресе ақындарда
нақтылы бір тақырып тенденциясы күш ала бастағандықтан
әдеби-көркемдеу тәсілдерінің де өзгере бастағаны байқалады:
психологиялық параллельдер кеми түсе, сөзді ауыспалы
мағынамен қатар тура мағынасында қолдану көбірек кездеседі.
Мысалы, Шал ақынның кәрілік туралы өлендерінде әрбір есім
мен етістік өз мағынасында жұмсалған, мұнда тіпті жөтел,
қақырық, тер, қасыну тәрізді ұнамсыз мәнді сөздер де орын
алған. Бұл тәсіл – қазақ поэзиясы тіліндегі нақтылыққа көше
бастауының белгісі.
Бұл кезеңде де, жоғарыда айтылды, образдардың дені айна-
ланы қоршаған болмыстан, қоғамның өз тіршілігінен алынған.
Ең алдымен, мал шаруашылығына қатысты образдар көзге
түседі. Бұхар: Арғымағын жоғалтып, Той жүгірткен заман-ай
дегенде «жақсы адам өліп, артын жамандар басты» деген иде-
ясын мал образы арқылы береді. Сол сияқты Абылай билеп-
төстеген елді Он сан алаш баласын Аузыңа Құдай қаратып,
Жусатып, тағы өргізіп, Жұмсап бір тұрсың қолыңнан деп
сипаттайды. Мұнда ханның билігіне көнген ел бір жусап, бір
өрген малды бейнелеу арқылы танытылады.
Өткен дәуірлерден келе жатқан жаугершілік поэзияға тән
тұрақты тіркестердің үстіне едеуір жаңа тіркестер қосылғаны
байқалады. Әсіресе бұл ретте Бұхардың қызметі ерекше.
176
Метафораның мазмұны да өзгере бастайды. Енді бұрынғы
төрт түлік мал мен айналадағы табиғат немесе алғыр қыран,
бөрі, арыстандар ғана емес, абстракт ұғымдар да метафорала-
нып, олардың қарсысында нақтылы заттар тұрады. Мысалы,
Шал ақында: Ашу – пышақ болғанда, ақыл таяқ. Иман – қой,
ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі. Бұл дүние – басы биік бір бәйтерек
деген сияқты образдар басталады.
Семантикасы жағынан жанаспайтын сөздерді тіркестіру
– тың құбылыс. Кейін Абайда қолданылатын талаптың
тұлпары, үміттің аты, ұяттың күзетшісі, жүректің көзі,
тентек жиын, саңырау қайғы тәрізді тіркестердің ныша-
ны XVIII ғасырдан басталады деуге болады. Көтеш пен Шал
ақындарда жыр нөсері, шашылған несібе, көңілім қорғасыннан
ауыр болды деген бірді-екілі соны фраза бар. Бірі – абстракт
(жыр, несібе, көңіл), екіншісі – нақтылы зат, қимыл атауы бо-
лып келетін бұл сөздердің мағыналары – изафеттік конструкци-
яда қабыспайтын дүниелер, ал бұларды бір-біріне жанастырып
образ жасау – негізінен жазба әдеби тілге тән тәсіл. Оны қазақ
дүниесінде жүйеге айналдырған Абай екені мәлім. Бірақ Абай
жаңа құрылымды тың жерден тұрғызған жоқ. Оның алдында
Шал, Көтештерде сұлбасы салынып, Дулат (XIX ғ.) сияқты
қаламгерлерде едәуір жотасы көтерілген бұл тәсілді Абай әрі
қарай дамытып, орнықтырды.
XVIII ғасырға дейінгі поэзияда қаратпалар негізінен адам-
дар болса, енді абстракт есімдерге де қарата айтушылықтың
көріне бастауы – стильдік жаңалықтардың бірінен саналады.
Мысалы, Ақтамберді жалғыздықты («Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін»), Шал ақын кедейлікті («Кедейлік,
жабыстың ғой бала жаста») персонофикациялайды (адамға
арнағандай қаратпа- объект етеді).
XVIII ғасыр әдебиетінде өткен дәуірлермен салыстырғанда,
жалпылықтан гөрі нақтылық басым, бұл әсіресе ақындар твор-
чествосында көзге түседі. Мысалы, еркіндік, сол еркіндік
үшін күрес, жайлы мекен аңсау идеясын білдіретін бұрынғы
толғаулар мен осы мазмұндағы XVIII ғасыр толғауларын
тілдік-образдық құралдарды пайдалану жағынан салыстырсақ,
бұрын: Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда...
177
Күмбір-күмбір кісінетіп, Күреңді мінер күн қайда (Доспамбет)
түрінде жалпы мазмұнда болса, енді: Тобылғы сапты қамшы
алып, тұлпар мойын ат мініп, Қоныс та қарар ма екенбіз?
(Ақтамберді) сияқты нақтылық бар, осы арқылы жыраулар
біршама «жерге түскен»: мінер аты – әйтеуір күмбір-күмбір
кісінейтін күрең емес, сыртқы «портреті» бар (тұлпар мойын)
ат, арман иесі де – жалпы емес, оның сыртқы мүсін-тұлғасы көз
алдыңа келтіріледі, ол – қолында тобылғы сапты қамшысы бар,
тұлпар мойын ат үстіндегі адам. Әрине, бұл айырмашылықтар
әзірге үзілді-кесілді емес, бұл ретте әлі де жалғастылық күшті
(мысалы, Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» деп ба-
сталатын толғауының жоғарғы көрсетілген тұстарында және
«Ақтамберді қолы деп», «Жанайдың салған жолы деп» де-
ген нақтылы жолдармен қатар, көп жерінде, тіпті бастапқы
тармақтарының өзінде дәстүрлі образдар қолданылған).
Міне, XVIII ғасыр қазақ поэзиясының негізгі-негізгі
көркемдік тәсілдерді пайдалану жайы – осындай, бұл белгілер
сол тұстағы әдеби тілдің сипатын білдіруде белгілі рөл атқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |