Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең, Мүйіз шығар, қатынның тіліне ерсең…
Мен – сынық жан, жамағанмен, Түзеле алман түрлермен…
Жолға шықпа бір жым-жырт түнде жалғыз, Тасты жол шарқырайды баға амалсыз…
Қонады бір күн жас бұлт, Жартастың төсін құшақтап…
Жас жүрек жайып саусағын Талпынған шығар айға алыс… Қ. Жұмалиев осындағы “мүйіз шығу” деген сөздің қазақта бұрын да барын, бірақ Абайдың қолдануында мүлде басқаша ұғымда: әйелдің ерінің көзіне шөп салу мағынасында қолданылуын, орыстың “рогоносец” сөзінің мағынасын беріп тұрғанын айтады.
Абайдың орыс әдебиеті, орыс тілін үлгі етіп, қазақтың әдебиет тіліне жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылысын кіргізді дегенде “Мен – сынық жан”, “ауру жүрек ақырын соғады жай”, “Жалтаңдаған жас жүрек”, “Қонады бір күн жас бұлт жартастың төсін құшақтап”, “Жас жүрек жайып саусағын” деген тәрізді сөйлем құрылысы, сөз қолданудағы жаңа түрлер екендігін де нақтылай түскен.
“Абай басқа ақын, жазушылар сияқты өзге тілдің әдебиетіне еліктеп сол тілше сайраған жоқ. Абайдың үлкен даналық, кемеңгерлігі міне, осында. Абай кімге еліктесін мейлі, он үш жасынан жоғары қарай, еш ақын, еш әдебиеттің жетегінде кеткен жоқ. олар жа қажеті алды да, керегіне жаратты. Абайдың әрт үрлі жол, әр түрлі әдістермен жаңа сөз, жаңа сөйлемдер арқылы қазақтың әдеби тілін дамытып, байыту мәселесінде тарихи ұлы еңбек еткен ақын екендігін айқын білеміз”, – дейді Қ. Жұмалиев.
“Қазақтың “Жан” мен “сынық” – екеуі дара-дара қолданылса да, Абайға шейінгі жанның алдына “сынық” тәрізді эпитетін қойып: “мен сынық жан” деп, соны метафоралық эпитетке айналдырып қолданған бір де ақын жоқ. “Жалтаңдаған жас жүрек” деген сөйлемін алсақ, мұндағы өткен шақтың есімшесімен жасалынған эпитет арқылы жүректі “жалтаңдату” – жансызға жандылық ісін істетіп, кейіптеуге айналдыру, Абайдан бұрын ешкімде болған емес. Сол тәрізді “ауру жүрек”, “ауру” да, “жүрек” те – қолданыла беретін сөздер. Қазақ: “жүрек ауру” дейді, “жүрегінің дымқосы бар”, “жүрегі нашар” тағы басқа. Бірақ, Абайға шейін “ауру жүрек” деп қазақ әдебиетінде қолданған контексті табу қиын. Абай инверсияның заңына сүйеніп, яғни сөздің орнын ауыстырып, “ауру жүректің” соғарын сипаттауға дәл келетін эпитеттер арқылы айтайын деген пікірін жанды, жинақы етіп бере алған" [17, 147 б. ].
Абайдағы жаңа эпитеттер: қан жүрек, улы сия, ащы тіл, асау жүрек, өрбіген жүрек, адасқан күшік секілді, талапты көңіл, долы қол, ұлыған ой, т,б,
Абай эпитет жасауда инверсия заңына көп сүйенеді. Қайсыбір сөзді дыбыстық өзгеріске түсірді. Белгілі түбір сөзге жұрнақ, жалғау қосты. Эпитет шендестіру арқылы тіпті күшейтті. Мысалы: қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл…
Қ. Жұмалиевтің атап көрсетуінде эпитет Абайдың көп қолданған сөз айшығының бірі. Оның: аттың сыны, қыз сыны, жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерінің негізгі тәсілі эпитет. Мәселен, “Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ” өлеңі 28 жолдан тұрса, “шоқпардайдан” басқа сөз айшығының барлығы түп-түгел эпитет екен. Абайда эпитеттің күрделі түрі де көп ұшырайды.
Жүрек сөзінің өзі осы эпитеттік тәсіл арқылы Абайда қаншама экспрессивтік мәнмен ашылды. Ет жүрек, асау жүрек, қан жүрек, күйген жүрек, ыстық жүрек, шын жүрек, ызалы жүрек, кірлеген жүрек, ит жүрек, жау жүрек, өрбіген жүрек, суынған жүрек, жылы жүрек, ынталы жүрек.
Абайда теңеудің жаңа түрлері де көп кездеседі. Олар көбіне бұрын қолданылмаған, бірақ өзінен бұрынғы әдебиеттегі теңеулердің негізінде құрылған жаңа теңеулер. Қ. Жұмалиев Абайдың көп жаңа теңеуі оның орысша аудармалары мен шығыс әдебиетіне байланысты дейді. Кептерше сүйіскен, соққан боран секілді біздің өмір, арыстанның жалындай бұйра толқын, айдаһардай бүктеліп жүз толғанып, уақыттай әрі жүйрік ат мінеміз. Мұз жүрегім май сықылды, менің өмірім – бір суық ұр, Күзгі күндей тұр бұзық…
Бұл теңеулер орыс әдебиеті үлгісімен жасалса да, қазақша естіледі.
Абайда өзіне шейінгі үлгілерден өміршеңдікпен өлеңге енгізген метафоралармен бірге жаңа метафоралар да көп ұшырасады. Сөзін қазақ тілінің өз байлығынан ала отырып, Абай соған шебер қиюластыру, орнын тауып қалау арқылы жаңа мән үстейді.
Мысалы: