Мәдібаева қанипаш қайсақызы



бет70/85
Дата17.10.2023
өлшемі1,9 Mb.
#116791
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   85
Байланысты:
Мадибаева-Қ.XIX-ғасыр-әдебиетінің-қөркемдік-дамуы-Оқу-құралы-2007ж.

Ғылым сөзі Абай шығармаларында жиі қолданылатын сөз. Оның да ғылым табу, ғылым оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу деген тізбелері Абай шығармаларында ғана кездесетін тіркестер.
Көңілге ажым салмау, қайғының иыққа шығуы, өтірікке тұшыну, көңілге қылаң беру, қорлыққа жығылу, ақылға сәуле қону, айлаға шырақ жағу сияқты фразеологизмдердің әрқайсысы бір-бір образ ретінде жаңа болғанымен олардың жасалу моделі қазақ көркем сөзінде бұрыннан бар болатын дейді Рәбиға Сыздықова.
Бұл модель фразеология теориясында синкреттік амал деп аталады. Яғни мағыналары бір-біріне жуыспайтын сөздердің тіркесуі. Мысалы абстракт есім мен нақты зат немесе іс-әрекет атауы тіркесінде, бұдан жаңа басқа мағына шығады, әрі ол “әсерлі, отты”, экспрессиялы мағына болады. Екі сөз, мағыналары алшақ сөздер “соқтығысып”, “от шығарады”, әсер туғызады. Жаңа күшті мағына туады.
Бұл тәсіл қазақ поэзиясында сирек қолданылса да дара әдісті, дара тәсілді көрсетіп келген. Сөзге қонақ беру, сөзге қарауыл қою (Шортанбай), мөңіреп жұртқа ой қайтты, бұзауы өлген сиырдай (Дулат), көңілдің закарына салдың ұя (Ақан сері), тотықпақ киетін нәпсіге еріп (Шәңгерей) тіркестері авторлы образдар. Осы синкреттік тәсіл Абайда жүйеге айналып, Абайдағы көріктеудің актив құралдарының бірі болып қалыптасты. Абайдағы үміттің оты, күлкінің еркі, көңілдің жайлауы, қырық жамау жүрек, саңырау қайғы, нұрлы ақыл, дүниенің есігі, ақылдың көзі сияқты тіркестер мағыналары шалғай сөздердің жамауы есебінде бірден назар аудартады. Сонымен бірге стильдік мәні бар экспрессоид сөз тыңдаушыға әсер етеді. Бұлардың көп кездесетіндігі – Абайдың авторлық даралығын, шығармашылық контексін көрсететін тірегі.
Абайда сұм жалған, сұм дүние, қайран дәурен, кемді күн, бұлдыр заман, көк өрім, жүректің көзі, қараңғылық пердесі, көңілдің сызығы, қараңғылық сөзі, т.б, көптеген перифраздар бар.
Абайдың өлең тіліндегі айқын өзгешелік – ондағы Абайдың өзі жасаған сан алуан мәнді жаңа тіркестердің молдығы.
Абай қазақ әдебиетінде, қазақ көркем сөз өнерінде авторлық метафора дәрежесіндегі тіркестерді, авторлық тіл өрнегін жасаудың үздік үлгісін салды, үрдісін туғызды деп, Р. Сыздықова жалпыхалықтық тілдегі бейнелілік пен көркем сөздегі бейнелілік бірдей болмайды: жалпы тілдік образдар – ұжымның мүлкі, олар қолданыла-қолданыла келе жалпақ жұрттың меншігіне айналғандар, ал көркем сөздегі образдар – жеке қалам иелерінің табысы, олардың беретін мағынасы айқындалады. Бұның барлығы лингвистикалық поэтиканың сөз құбылту (орысша словопреобразование) деп аталатын жаңа саласының зерттелу объектісі.
…Жеке ақынның поэтикалық тілін зерттеуде бұл саланың мағына ауыстыру, мағыналық реңктерді жандандыру, сөздердің тіркесу қабілетін таныту сияқты сәттерін көрсетудің мәні зор, өйткені бұл – сөздің көркем тіркестегі қалпы туралы ізденіс өзегі болмақ дейді.
Ғалымның зерттеуінде Абай тіліндегі жаңанын басым бөлігі оның негізінде ондағы фразеологизмдердің өзгешелігін мынадай жүйеде көруге болады.

  1. Байырғы жалпытілдік образды фразеологизмдерді тұлғасын өзгертпей еркін, орамды, молынан пайдалану: аузымен орақ ору, малына шылбыр беру, басқа шауып төске өрлеу, т.б.

  2. Кәнігі фразеологизмдердің тұлғалық құрылымын өзгертіп жұмсау (қайғы жеу, тілге сөз түспеу, өсиетін төгу, өсекке салу, т.б.).

  3. Абай перифраздарды жүйеге айналдырған (жүректің толқыны, көңілдің сызығы, өмірдің шыжығы, т.б.).

  4. Жаңа фразеологизмдерді жасауда Абай семантикалық өрісі әр түрлі сөздерді тіркестіреді (ұлттың күзетшісі, көңілдің жайлауы, саңырау қайғы, қулық сауу, қорлыққа жығылу, т.б.).

  5. Мағынасы ауысқан сөз тіркестерін жасап, жаңа мағына туғызу (ақыл табу, ғылым табу, асау жүрек, адам сауу, т.б.).

  6. Жаңа фразеологизмдерді Абай кейде орыс тілінің жолымен жасайды (күнді уақыт итеру, жанның ауыр жүгі жеңілденген, т.б.).

  7. Абай осы жаңалық өзгерістерді стильдік мақсатты өтейтін құрал ретінде пайдаланды.

“Тіл мамандарының түгендеуінше, Абай өз шығармаларында алты мыңдай сөзді қолданысқа қосыпты. Оның ішінде: “көз” сөзі тура да, тұспалды да мағынасы бар… 49 түрлі тіркесте кездеседі екен” дейді Амантай Шәріп [97, б.].
Абай тілінің зерттелу тарихына қарасақ, жылдар жылжып, уақыт озған сайын Абай поэзиясының сөз өрнегі сан қырынан сыр аша бастағанын көрер едік.
“Жаңа сөздер, эпитеттер, теңеулер, жаңа сөйлемдер жасау, қазақтың әдеби тілін дамыту, ұстарту жөнінде Абайдың қазақта әлі теңдесі жоқ. Өзі тапқан, өзі жасаған жаңа сөздер, сөз тіркесі, эпитет, теңеулер, жаңа сөйлемдер, мақал-мәтелдер Абай өлеңдерін тағы да дәл, өткір көрікті етті” – деп жазған еді Бейсенбай Кенжебаев [20, 133 б.].
Абай өлеңдерінің құрылымын, ұйқас өлшемін, Абайдың қазақ поэзиясына әкелген жаңашылдығын ашып, тануда Абай тілін, оның тіл ұқсату тәсілдерін танудың жөні бөлек. Сол орайда Абайдың сөз әлемін зерттеу жалғаса бермек.
Қазақтың өлең тілін дамытуға Абайдың қосқан үлесі айрықша екенін әдебиет зерттеушілер әр кез мойындап, жан-жақты дәлелдеп айтты.
Поэзияда, әдебиет шығармасында сөз, тіл жаңалығы деген жеке сөздерді қолданудағы жаңалық қана емес, ол алдымен белгілі бір ой-пікірді, сезімді айтып жеткізудегі шеберлік, көркемдік. Көркем әдеби тілдің көрсеткіші.
Тілтанушы ғалым Құлмат Өмірәлиев: “Көркем әдеби тіл дегеніміз – әдебиеттің қоғамға қызмет ету барысында тапқан, өзін осы қызметі арқылы дамытуы барысында тапқан, жетістіктерінің бірі. Әдеби тіл – әдебиеттің қоғамдық жағдайдың талабынан туған тақырып, мазмұн, идея сияқты қаруларын дүниеге келтіруге бірден-бір негізгі себепші болған жанр, түр, форма дегендерді бейнеуге, солардың жасалуына атсалысатын құралдың бірі” [31, 25 б.].
Осы ыңғайда, Абайдың қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы, қазақ әдеби тілін дамытудағы орны да сол жанр, түр, форма жөнінен белгілі бір деңгейде қарастырылғанымен, әлі де айқындай түсер көп мәселенің бар екендігі есте болғаны жөн.
“Қазақтың жазба әдебиеті Абайдан басталады деген тұжырым – тым ұшқары тұжырым. Жазба әдебиет бір адамнан басталса, ол адам қалай классик бола алады? дүние жүзінде ондай тәжірибе жоқ. Қазақ тілінде жарық көрген ежелгі дүниеліктерді былай қойғанда, Абайдың өзі шенеген кітаби ақындар тобын қайда қоямыз. Сыншыл көзқарас, қатаң талғам арқылы көтерілген Абай тақыр жерде өспеген шығар. Арқалық тарландарды тақырыптан тысқары қалдырып, күнгейдің көптеген кітаби ақынын алсаңыз, жазба әдебиеттің тоғыз тарау жодары сайрап жатады. Абайдың бесіктегі кезінде дүние салған батыстық Махамбеттің даңғыл жолы тіптен даусыз. Оның өлеңдерінің кейін жариялануы Абай шығармаларының кейін басылуы сияқты әдебиетінің төл тарихына нұхсан келтіре алмайды [90, 68 б.].
Тәкен Әлімқұлов “Абайдың тарихи орнын жеке шектеудің орны жоқ” деді.
Осы орайда айта кетеуге тура келеді. Абайдың әбден кемелденген кезінде XІX ғасырдың аяғында қазақ сахарасында кітаби ақындар көп болған. Оңтүстік-Сыр бойының бір өңірінде Майлықожа, Жүсіпбек қожа, Нұралы, Мәйкөт, Молда Мұса, Базар жырау, Жылқыбай, Сауытбек, Балта, Шәді төре, Құлыншақ, Ақберді, Ораз Молда, Омар Шораяқов сияқты хисса шығарып жыр жазған ақындар бар-ды [90, 78 б.].
Осы орайда М.Әуезовтің XX ғасыр басындағы Абай дөкір тілді ұштады дегенін еске алсақ та болар. Жаңа тіл жасады демейді.
Тілтанушы Ахмәди Ысқақов Абай және қазақтың әдеби тіл мәселесін айқын саралайды. Оның төмендегі пікірі жалпы қазақтың жазба әдеби тілі, жазба әдебиетінің түрлері мәселесін қарастыруға көп құнар беретін пайымдамалар.
“Қазақ даласында XІX ғасырға дейін, яғни Абайға дейін, екі түрлі әдеби тіл өмір сүріп келген. Оның бірі – көне түрік замандарынан бері қарай жазу дәстүріне сүйеніп, түрік жұрттарының бәріне де бірдей ( ортақ ) “түркі” (түрікше) деп аталатын жазбаша тіл, екіншісі – ерте кезден қазақ халқының ауызекі (сөйлеу) тілі негізінен сала-сала әдеби өрнекке соларға орай келісті стилистикалық нормаға түсіп қалыптасқан, ауызша туып, ауызша дамып, ауызша өмір сүрген байырғы төл тіл. Бұл екі нұсқаның да бастапқы төркіні бір болғанымен, кейінгі замандардағы тарау шегі, қолдану аясы бір дәрежеде болмай, бір-бірінен бірте-бірте ажыраса келіп, біреуі кітаби тіл дәрежесінде ғана қалып, екіншісі – түпкілікті әдеби тілге айналып өмір сүрген. Қазақтың қазіргі ұлттық әдеби тілі – байырға төл әдеби тілдің әрі табиғи, әрі тарихи жалғасы [121, 311 б.].
Қазақтың жазба әдеби тілінің жөнін қарастыруда А. Ысқақовтың негіздемесі аса айқын, сара екендігін айтқан жөн. Ғалымның түйін-тұжырымдары, сөз жоқ, қазақ әдебиеттану, тілтану ғылымдарының жетістіктерін негіз етті, сонымен бірге өзіндік білімпаздық, аңғарым, ғылыми алым мәселенің таза ғылыми жөнде жинақталып, ашылуына аз ықпал жасамаған.
Ғалымның Абайдың, Ыбырайдың өз шығармаларын қазақтың бұрыннан ауызша өмір сүріп, келген байырғы әдеби тілінде жазғандығын, соның негізгі лексикалық, фонетикалық және грамматикалқ нормаларын таяныш екендігін, сонымен қатар кітап тілдік элементтерді де, өзге тілдерден енген шет сөздерді де жатсынбай керегінше пайдаланғандығын, қазақтың байырға әдеби тілі жалпақ жұрттың өмір бойы қолданып келе жатқан жалпы халықтық тіл екендігін, ол тілдің ауызша және жазбаша түрі болғандығын, тарих көшінде белгілі себептерден ол тілдің жазбаша түрінің аясы тым тарылып, ауызша түрінің сақталып қалғандығын айтуында Р. Сыздық, Қ. Өмірәлиев пікірлерімен үндестік бар.
Әдеби тілдің ауқымы кең. Оның қолданыс аясы сан тарау. Оның бар ерекшелігі шарты Абайда болған жоқ, басқаша алғышарт та жоқ еді. Оның қасында Ыбырай Алтынсаринде әдеби тіл ауқымын қамтып сипаттар басымдау. Абай әдеби тілдің бір арнасы қазақтың көркем әдебиет тілін жасаған жоқ, жаңа сапаға көтереді. Бұл жөнде қазірде Ежелгі әдебиет, Хандық дәуір әдебиетін, XІX ғасырдағы әдебиеттің басты үлгілерін зерттеулердің нәтижесі мол дәлел, дәйек беріп отыр.
Сол негізде Абайдың қазақтың ұлттық әдеби тілін қалыптастырудағы орнын Абайдың өз дәуірінде қазақтың жаңа жазба әдебиет, поэезия тілін қалыптастырушы мәнінде, онан бергі кезеңде ұлттық әдеби тілдің қалыптасуына негізгі тірек болғандығы жөнінен бағаласақ, онан Абайдың ақындық арнасы ортайып, асылы жұқармайды.
Дәл, Абай өмір сүрген дәуірде қазақтың XX ғасырда кең өріс тапқан жаңа жазба әдеби тілі әлі бар сипатымен толығып, орнықпағандығы, негізінен жаңа жазба әдебиетінің стильдік жанрлық үлгілері есебінде туып, жасағандығы – тарихи шындық.
Абайдың қара сөздері абайтануда жанр, стиль мәселесі, қазақтың жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырудағы орны, Абай шығармашылығындағы дін жайы, дүниетаным мәселелері, т.б. жөндерден белгілібір деңгейде қарастырып зерттелді.
Мұхтар Әуезов Абайдың қара сөздері 1890 жыл мен 1898 жыл аралығында жазылған деп көрсетеді. М. Әуезов жіктеуі қара сөздерде жалпы саны қырық алты бөлек шығарма. Оның алты-жетісі қысқа үлгіде 16, 18, 19, 20, 24, 31, 45 сөздері. 46 сөз жалпы қара сөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек. Тарихтық мақала, очерк тәрізді Абайдың қолжазбаларында”. “Ғақлиат тасдиқат” деген атпен жүретін дін, мораль мәселелеріндегі ой-толғау. Бұл – 38 сөз.
Мысал, өсиет есебіндегі Аристодим әңгімесі. 25 сөз.
37 сөз – афоризмдер.
М. Әуезов Абайдың “анық қара сөз мұрасы” отыз бес сөзден тұрады деп түйеді.
“Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді.
Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда Лев Толстойдың “Круг чтение” деп аталатын еңбегіне ұқсас” [119, 204 б.].
Абайдың үшінші сөзін билеушілер туралы Герценнің “Былое и думысына” ұқсатады.
38-ғақлият – тасдиқатта Абай жазу тілінің, басқа қара сөздердегі анық қазақты түрін өзгертіп, кітапшылап (түрікше) тың үлгі, стиль іздейді. Аят, хадистен цитат келтіреді. “Ал, осы аталғандардан басқа Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін әр заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қымбат қазына бар. Ол – Абайдың осы қара сөзді жазған тілі. Өлең сөзінде өзінің барлық шеберлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын әдебиет тілінің дәрежесіне көтерген ұлы тарихтық еңбегі қандай болса, қара сөздерінің тілімен де Абай осындай еңбекті біздің мәдениет тарихымызға мол сіңірді.
Біздің осы күнгі сөйлеп, жазып жүрген әдебиет тіліміздің тарихы жалғыз ғана Абайдан басталады деп кесіп айтпасақ та, сондай сапалы тілді қазақтың жазба әдебиетінде анық биік белге өрлетіп шығарған Абай екені даусыз [119, 213 б.].
Белгілі әдебиет тарихын зерттеуші, абайтанушы Бейсембай Кенжебаев Абай қара сөздерінің теориялық тұрғыдан негізделуінде 1955 жылы бірнеше мәнді мәселеге назар аударды. Ғалымның қара сөз жанрлары туралы айтқан пайымдамаларында қисынды ой, дұрыс бағдар, табылған тоқтам аз емес. Алайда, осындағы көп жай абайтанудың былайғы дамуында, қарасөздердің ендігі зерттелуінде көп ескеріле бермеген. Б.Кенжебаев Абайдың қара сөздерінің “Ғақлия” деп аталып жүргеніне, тегінде Абайдың қара сөздерін ғақлия деп қана атау дұрыс емес деп уәж айтады. “Өйткені ғақлия-ғибрат, мысал жөнімен дін, мінез-құлық жайында айтылған өсиет, насихаттау сөздер. Абайдың қара сөздерінің бәрі бірдей мұндай ғибрат, мысал болып, бәрі бірдей дін, мінез-құлық туралы болып келе бермейді. Тек бірнеше сөзі (1, 15, 25, 28, 32, 34, сөздері) ғана дін, мінез-құлық туралы ғибрат, мысал – ғақлия болып келеді. Естуіміз, Абайдың өзі о баста тек осы сөздерін ғана “Ғақлия” деп атаса керек” [20, 192 б.].
Ғалым Абайдың қара сөздерінің ара-тұра нақыл, мәтел сөздер – изречение, афоризм деп айтылатынына да қосылмайды. Абайдың 37 қара сөзі ғана билер сөзі тәрізді шыққан нақыл мәтел, афоризм дейді. Белгілі қисыны, ұйқасы, ырғағы бар тақпақпен айтылатын түйдек ой. “Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық”
Б. Кенжебаев Абай қара сөздерін ғылыми трактат деуге де толық қосылмайды. Ғылыми ой, талдау 17, 19, 27, 36, 38, 43 сөздерде ғана дейді. Мұны Абай өзі “Тастих” деп атағанын ескертеді.
Сонымен Б. Кенжебаевтың Абай қара сөздерінің жанры жайлы түйіні: “Біздіңше Абайдың қара сөздерінің басым көпшілігі сын, сықақ жөнімен сюжетсіз жазылған көркем әңгіме, басқаша айтқанда, көркем проза, көркем публицистика Эссе – жазба” [20, 143 б.].
Қара сөздерді жазғанда Абай күнделік дәптер сияқты етіп жазған дейді. Қара сөздегі үлгі мектебі С. Шедрин дейді.
Әрине, Б. Кенжебаевтың қара сөздер жайлы тұжырымына толық қосылуға болмас. Дегенмен де ойға тартар жөні бар.
Б. Кенжебаев мынадай ойға тартар тың, тосын шешіммен тоқтайды:
“Сонымен, Абайдың қара сөздері көркем проза. Абай қазақтың көркем прозасының негізін салушы. Бірақ Абай бұл жөнінде жалғыз, тұңғыш емес, оның серігі, құрдасы бар. Ол Абайдың замандасы Ыбырай Алтынсарин. Ыбырайдың көптеген тамаша ұсақ әңгімелері, новеллалары қазақтың көркем прозасының басы, негізі. Ыбырайдың бұл әңгімелері Абайдың тұсында, Абай қара сөздерін жаза бастаған кезде, қайта онан сәл ілгері жазылды” [20, 145 б.].
1958 жыл ғалым Ханғали Сүйіншәлиевтің “Абайдың қара сөздері” монографиялық зерттеуі жарық көрді [122]. 1997 жылғы “Қазақ әдебиеті тарихы” оқулығында ғалымның Абай қара сөздерін қазақ әдебиеттану ғылымының, абайтанудың ендігі өресімен қайта қарастырғаны көрінді.
Х. Сүйіншәлиев әлі күнге жанрлық, түрлік ерекшелігі ғылымда айқындалып болмаған қара сөздер жайлы тың ойлар айтады.
“Сондықтан Абай қара сөздері сырт формасы жағынан “Кабуснамаға” өте ұқсас болса да, мазмұны мүлде бөлек. Бұл тұста біз Абайдың аталмыш шығарманы оқығаны және түрі, стилі жағынан болса да үлгі тұтқанын айтпақпыз.
Жанрлық іздену жолында ол Шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғақлияларын есте ұстағаны даусыз” [22, 913 б.].
Ғалым Абайдың прозасында ғақлия, нақыл сөздер де, ғылыми мақала да, ойшылдық трактат та, өткір сын, мысқыл ретінде келетін сатиралық әңгіме де, адамгершілік өсиеттер де (дидактикалық рассуждение), публицистикалық насихат түрлері де, шешендік әңгіме кеңестері де бар дейді.
Профессор Х. Сүйіншәлиев Абайдың қара сөздерін прозаның шағын түрі деп атау керек деп, қара сөздерді мынадай түрлерге топтады:

  1. Өсиет Ғақлия. 13, 20, 28, 38.

  2. Тастих (утверждение). 7, 17, 43, 45

  3. Нақыл, тұспал сөз (афоризм, изречение)

  4. Әңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монолог. Сұрақ-жауап. 4, 5, 8, 9, 10, 12, 16, 19, 25, 27, 31, 32, 40.

  5. Публицистика. 1, 2, 3, 14, 24, 26, 29, 33, 39, 41, 42 және “Біраз сөз” (46 сөз. Қ.М.)

  6. Мақала, памфлет, ирония, сатира. 6, 11, 14, 22, 29, 41.

  7. 1 сөз күнделік, мемуар.

  8. Ал 15, 17, 18, 23, 26, 27, 35, 36, 44 сөздерінің көркемдік сипаты басым: әсіресе, мінезсіз адамдардың (кербез, мақтаншақ) бейнесін суреттеуі.

“Аталған әңгімелердің бір тобы көркем дидактика (изречение), шешен толғаныс туындылары. Олар кей тұста өткір мысқылмен де қатысады. Кейбіреулері таза диалогты әңгіме. Енді біразы автордың терең толғаныстары, монологы, ақыл айтып, кеңес жасау толғана сөйлеу (рассуждение) ретіндегі монолог. Бәрі де сюжетсіз, белгілі бір ойды ғана білділерлік шебер, шешен туындылар. Аталмыш диалогтары мен монологтары басқа сөздерінен ерекше көркем, қазақтың шағын прозасының алғашқы көріністері. Ол адамдар арасында кездесетін кербез, кердең, мақтаншақ, құр кеуде, жұғымсыз мінез-құлықтарды шебер бейнелейді. Бір топ адамның жағымсыз мінезін көз алдыңа елестетеді [22, б.].
Қара сөздің жанры туралы абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім “Сөз жанры” дейді (М.Қашқарида кездесетін “Сөз” жанрына ұқсасҚ.М.) “Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол сөз жанры. Ақынның қара сөздері нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзін лайықты форма тапқан” [95, 129 б.].
Аслан Жақсылықов Абайдың қара сөздері жайлы өзіндік танымын ұсынуында көп мәселеде иландырады.Абайтанудың ендігі алымдарына құлаш ұрған ауқымды білімпаздық байқатады.
“В целом в рамках всего цикла “Слов” реализована определенная нравственно-этическая программа воспитания слоев народа, особенно людей,естественно тяготяющих к религии. Содержательная духовно-филосовская полнота, честность и искренность в изложении взглядов, ориентация на нравственное воздействие на души людей, учет общиного принципа сознания свойственно “Словам” Абая позволяют говорить об их жанровой близости к Хадисам пророка Мухаммада, нежели к эссеистической дидактической традиции западной литературы. Совершенно не случайно во многих фрагментах “Слов” упоминаются хадисы пророка, цитируются изречения из Корана” [38, 207 c.].
Абайдың дәстүрлі “иман” иланымы арқылы кемел адам тәрбиелеу мақсұтын жан-жақты адамгершілік ұстанымдармен ұштастырудың терең бойлаған зерттеуші “иман” иланымының мұсылмандық Шығыста қай дәуірде болмасын басты қағида болып отырғандығын негіз етеді.
“Данная концепция “иман” бытовала в восточной мусульманской культуре ряд веков, получая различные трактовкии формы выражения, она отразилась в трактатах аль-Фараби, в трудах суфийских теоретиков Аль Газали, Ибн Араби, в поэме Ю. Баласагун “Құтты білік”, в дидактической книге Кайкауса “Кабуснаме” и т.д. [38, 210 c.].
А. Жақсылықовтың Абайға бұлайша ой тастауы – Абайды билеп-төстеп сөйлейтін қайсыбір зерттеудің жалаң, жалпылама сөзі емес. Ақын Абайды ақиқат тану жолындағы шынайы зерттеу, зерделеудің қисыны. Абайды іштен ұғу. Ғылыми негізді сөз. Абай жөнін тың танудың кемелденген кезеңінінің мәнді сөзі.
Абайдың қара сөздері оның өлеңінен жалғасқан ойшылдың дүниетаным алымы. Абай қара сөздерінде оның дүниеге көзқарасы, дінтаным өрісі айқын. Қазіргі кезеңде абайтанудағы осы төркіндегі бар зерттеудің ұтымды, дөп тұстарын жинақтай отырып, мәселені айқындай, арши түсуге, Абайдың, сол ХІХ ғасырдың соңына таманғы қазақ қоғамының тыныс, болмысы, өзекті өртеген өмірлік мәселелері аса жалаңаштаған тұстағы жан-жақтан жиғанын жан толғанысына орап, жұртына қажет қағидаттар туғызғанын біле-көре тұра, солардың әрқайсысын әріден жеткен желімен жалғастырып, аумағымен, ауданымен қамтып, ашып сөйлеудің күні жетті. Біздіңше, бұл жөнде ендігі әрі тереңдете, тұтастыра түсер мәселелер қазірде біршама айқындалған, айтылған. Абайдың исламиятқа қатысы әр кезеңде әр қилы ұғындырылғанын айту ендігі кезекте жаңалық ашу емес. Онымен ешкімді таңқалдырмайсың.
Абайдың руханят әлеміне сезініп, көп жөнді біліп барып үңіліп, барлау жасап, баға беретін шақ жетті.
Кезінде Мұхтар Әуезов айтқан: “Оның діні сыншыл ақылдың шартты діні” деген тоқтамның төңірегінде сан тарапқа тартып жатқан сауал мол енді. Абай шығармаларын бұл жөнде мазмұндап, таныту кезеңдері өткен.
Бұл жөнде қазіргі кезеңдегі абайтануда ілгері тартып отырған, тереңге тартып жатқан зерттеулерге М. Мырзахметовтің мәселе қоюларын, Ғ. Есімнің, А. Жақсылықовтың пайымдауларын жатқызуға болар.
М. Мырзахметов Абайдың М. Әуезов көтерген, исламиятқа қатысы мәселесін кең, алымды зерттеулерге айналдырудың көкейтестілігін әр кез айтып келеді.
Ғ. Есім “түсінікті – түсіну” атаған “Хакім Абай” зерттеуінде Абайдағы дін, дүниетаным жайын сұңғылалықпен сараптайды.
Ғалымның “мистика – ол да дүниетанымның бір формасы” деген тұжырымы, “дін, мистика” дегеннен шайлығып қалған санаға жаңа сәуле жүгіртетіндей. Алла мен Адам, кейінгінің алғашқыға таусылмас махаббаты… Алла мен Адам арасындағы ынтызарлық болып трансформацияланған Аллаға деген махаббат… Сопылық пәлсапа… Ғ. Есім Абайдың көзқарасын діни идеология емес, діни философия жағынан іздеу керек дейді. Ғалымның Абай шығармаларында Алла үш мағынада қолданылады деп қисындауы, ілгері абайтануда айтылмаған пайымдау екендігін ескеру қажет.
1. Алла – шындық, ақиқат. Өлшеусіз. Біздің ақылымыз өлшеулі.
2. Космогониялық мәнде. Алла әлемді жаратушы құдірет.
3. Гносеологиялық тұрғыда. Ислам дінінде Алланы тану оның елшісі пайғамбар арқылы болмақ.
(Осы арада ғалымның: “Абай пайғамбарды тануға шақырмайды” деген пікіріне қалай қарауды ойлағанымыз жөн Қ.М.).
Жалпы, Абайдың дүниеге көзқарасы,исламиятқа қатысын зерттеуде Абай және сопылық ілім мәселелері біршама қозғалған. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде абайтанушы Ғабрахман Сағди Абайды сопылық ілімнен бөлек, бөліп алып қарастырудың жөнін көрсетіп, пікір айтқаны белгілі.
Ғ. Есім де: “Абай сопылар сияқты Аллаға құлшылық жолында дүние қызығын тәрк қылуға қарсы”, – деп, Абайдың аса күрделі дүниетанымына тартар құнды бір ойдың тереңіне баурайды [95, 41 б.].
Профессор Аслан Жақсылықов Абай дүниетанымын бүгінгі ғылымның ауқымды өресімен, тұщымды нәтижелерімен зерделеуде іргелі ізденістерге бастайтын ой өрбітеді. Оның “Широкие разно-сторонние познания Абая в области философии мировых религий, метофизики, суфизма сегодня у нас не вызывает сомнения” дегендей пайымдаулары Абай шығармашылығының жаратылыс құпиясын зейін қоя қадағалап, құмарта зерттеуден туған, Абай ақындығының айналасын молынан қамтыған ізденіс нәтижелері.
Қара сөздердің қайсыбір қырларына ғалым өзіндік танымын ұсынады: “Ғақлия (эссе) Абая – плод наиболее серьезных и зрелых размышлений, философское духовное наследие поэта, оставленное народу, будущим поколениям.
…По духу и интонации они не являются назиданиями, наставлениями, ибо Абай никогда не ставил себя над народом и поза поучающего наставника была для него неприемлима” [38, 207 c.].
Қара сөздердің құны бөлек. Сыры терең…
“В целом в рамках всего цикла “Слов” реализована определенная нравственно-этическая программа воспитания слоев народа, особенно людей, естественно тяготяющих к религии. Содержательная духовно-философская полнота, честность и искренность изложении взглядов, ориентация восприятие масс неизбежно привели к созданию программы по нравственно-этическому воспитанию слоев народа, в том числе и совершенного человека (правиденного) в рамках традиционной идеи “имам”:
На нравственное воздействие на души людей, учет общиного принципа сознания своиственные “Словам” Абая позволяют говорить об их жанровой близости к Хадисам пророка Мухаммеда. Нежели к эссеистической дидактической традиции западной литературы. Совершенно не случайно во многих фрагментах “Слов” упоминаются хадисы пророка, цитируются изречения из Корана” [38, 207 c.] мәніндегі А. Жақсылықов әлі танылмағандығын, ашылмағандығын орынды көтере отырып, жалпы, жалаң ой емес, Абайды тану жолындағы шынайы ғылымның қисын, жөнін алға тартады. Қисынды. Абайды ұғынбастан ұғындару емес, іштен ұққан сөз.
Осы орайда, Абайдың дүниеге көзқарасы, Абайдағы дін жайы деген мәселеде ілгергі зерттеулердің назарында болатын бір жай, біздіңше, Абайдың ислам негіздерін ұғындырудағы ұстанымдарының ғылыми жөндерін ашуда 1884 жылы баспа көрген Ыбырай Алтынсариннің “Мұсылманшылықтың тұтқасы” еңбегін де қосу. Бұл жерде ХІХ ғасырдағы патшалық Ресей тарапынан жүргізілген дін саясатына қарсылықтың бой тасалап жатқаны өз алдына, ислам негіздерін ұғындырудағы Абай мен Ыбырайдың ұстаным табиғатын тани түсер едік.
Ә. Қоңыратбаев “Фараби және Абай” деген мақаласында осы отыз сегізінші қара сөзі жайында: “Бұған әзірше ешкімнің тісі батпай жүр. Мұны түсіну үшін араб тілін білу жеткіліксіз, сонымен бірге ислам философиясын да білу қажет. Мұнда Абай Фейербахша дінді реформалап, соны жаңашылыққа бейімдегісі келеді. Қайшылығы бар. Ол Фейербахтың “Махаббат діні” деген еңбегіне ұқсайды. Алайда Абайдың отыз сегізінші, қырық үшінші сөздерінің бас тақырыбы алла емес, адам бойындағы табылмаған қасиеттер. Дінді Абай антропология теориясымен түсіндіреді. Өйткені адам құдайды өзіне ұқсатып жасаған, сондықтан негізгі жаратушы адам, ол өзін аллаға ұқсатуға тиіс, дейді” [123, 329 б.].
Абайдағы дін жайы ұшан-теңіз әлем. Абай Алланы сүюін, Алланы тану жолындағы адам баласының түйсік аласапыранын өлеңде де, қара сөзде де үздіксіз қозғады. Оның дүниетаным шеңбері жайлы кесім айту – алынбайтын алыс асу. Дегенмен де Абайдың өлең сөзі мен қара сөзін толтырған, дүние, жаратылыс жайлы толғаныстарын тоғайтып отырған, толықтырып отырған қайнар көздерді көре білу, олардан Абайдың сіңіргені мен адамзат даналығына өз қосқанын ажырата тануға ұмтылыс заңды.
Бұл жөнінде абайтанудағы қилы кезеңдегі тұжырым-түйіндердің қайшылығын ғылымның ендігі жетістігімен ой желісін құнарландыра отырып, тігісін жатқыза және бір қарастыру да көкейтесті.
Бұл жөнінде ғалым Ғарифолла Есімнің тәсілі де ойға тартады: “Мен Абайды тануда өзгеше тәсіл қолдандым. Оның аты еуропаша герменевтика, арабша – бари ирманийас. Бұл түсінік туралы ғылым немесе түсінікті түсінудің тәсілі. Түсінікті түсіну деген сөз, біреудің ойлау тәсілін меңгеру” [17, 51 б.].
Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыштың” “Қара сөз” бөлімінде жасаған теориялық негіздемелердің, сөз жоқ, Абайдың қара сөздеріне әбден қатысы бар. Мұнда ғалымның өзінің тұжырымдарына Абайдың қара сөздерін негіз етіп отырғанын байқауға болады. А.Байтұрсыновтың бұл пікірлеріне ден қойып қарасақ, Абай қарасөздерінің теориялық негіздемесін бекіте түсер түйін-тұжырым жатқаны даусыз.
“Нәрсе турасында тиісінше сөйлеу үшін тиісінше ойлау керек. Тиісінше ойлағанда ойымыз, ұғым түрлеріне қарай бірнеше тармаққа бөлінеді.

  1. Ғалам тарапына.

  2. Құдай тарапына.

3. Ғылым тарапына,
4. Әлеумет тарапына,
5. Үгіт-тәрбие тарапына,
6. Сын тарапына [12, 396 б.].
Ахмет Байтұрсынов осыларды таратып, ұғындыруда көбіне Абай қара сөздерін негізге алып отырғаны көрінеді.
Адам танымының шектеулілігіне қатысты, ғылымға, әлеумет жайын қозғаған көсемдік ұғымдарға, басқаға тапқан білімді үйретуге жұмсағанда үгіт-қара сөздеріндегі ұғымы, басқаның ісін таразылап, ұнамды, ұнамсызын тексергенде сын ұғымы жүйесі пайда болады дейді. Абай қ.с. дүниетаным, дін жайы, әлеумет жайын қозғауы, өнеге өсиет сөздері, ел мінезін сынауы… А.Б. Өзге жұрттар үлгісін есте ұстағанын ескерткенімен, қазақтың өз топырағынан шыққан қара сөз ол заманда М. Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин, орыс тілінде жазған Шоқан еңбектерімен бірге Абайдан бастау алған ағым еді.
…Қара сөздердің, ең әуелі, баса қозғаған мәселесі А.Жақсылықовтың Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне ұқсайды деп атап көрсеткеніндей, Алланы тану – теологиялық таным.
Қара сөздерде өмір философиясы, қазақ әдебиетінде ежелден келе жатқан сарын – не жақсы, не жаманның жайы түйінделген. Халық ұстанған өмір сүру қағидасы, Абайдың өмір қағидасы құрғақ ақыл – жалаң дидактика емес. Адамның дүние жаратылыстың еріктен тыс заңдылықтарымен үйлесім тауып ғұмыр кешудің қисындары.
Қара сөздер белгілібір дәрежеде қазақ тарихына көңіл бөлді.
Қара сөздер елдің өткен тарихы, ендігі кезеңдегі саяси-әлеуметтік ахуалы, келелік басшысы – барлығы мәңгіліктің басты заңдылықтарына қатысымен, біртұтас ұлттық ұстаным есебінде жүйеленген Абай танымы.
Осы жөнде Мұхтар Әуезовтің: “Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр”, – дегені қара сөздердің халық тарихындағы құнына да аса қатысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   85




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет