Иузи раушан көзи гәуһар. ләһилден бет үшін әкшәр… Хұсайын Байғара, Бабур, Мұхаммед Салиқ сияқты шағатай ақындарына еліктеп өлең жазу алғаш Абайдың өлең тілінде, ұйқас ырғағын да биледі дейді М. Әуезов. Абай өлеңге келуде ең әуелі Навои, Шәмси, Сәйхалилерден медет сұраған ғой.
Бұл жөнінде, Шығыс поэзиясына сырт еліктеу жайында М. Әуезов кітапшылаған, сиыр жорға жыр қазақ поэзиясына жалғыз Абай тұсында кірген жоқ, Ыбырай, Албан Асан, Мәшһүр, Ақан сері сияқты Арқа-Жетісу ақындары және әсіресе Сыр-Түркістан ақындарынан Шортанбай бастаған Шәді, тағы басқа көп ақынның шығармаларында бұл әсер көп екендігін айтады. Соның көбінде араб, парсының өз сөздері көрінуден басқа қазақтың “дейдісін” – “дейди, “көрдісін” – “көрди” сияқты қыл созғылау көп болған. Оның барлығы сол шағатай арқылы таралған дін хиссалары немесе “Шаһнама”, “Жүсіп-Зылиха”, “Ләйлі-Мәжнүндей” дастандар арқылы кірген ғаруз уәзінің әсері. Осы тұста бұл мәселені, қазақ әдебиетіне ғаруз әсерін зерттеу, оны Абай шығармашылығымен байланыстыра зерттеу тың міндет екендігін М. Әуезов айқындап берген еді. Біздіңше, осы – өлеңге, қазақ өлеңіне, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне Шығыс әдебиеті үлгілерінің ықпалы жайлы нақтылы көркемдік зерттеу, теориялық негіздемелерге қазақ әдебиеттану ғылымы әлі де зәру. М. Әуезов сол 1934 жылғы мақаласында Абайдың бала кезде еліктеп Шығыс жағалауға көз салуы балалықтың еліктеу үлгісін тастағанымен, Абайдың өмірінің ақырына шейін шығармашылығындағы бір арқау болғандығын айтты.
“…өмірінің ақырына шейін Абай осы жағадан қол үзбейді. Абай ақындығының ішінде Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып созыла келіп, ең ақыры 1902 жылы жазылған “Алланың өзі де рас, сөзі де распен” аяқтайды. 1902 жылы Абай өлеңін сарқып кеп толғантқан жылы. Сондағы көрген түбі жаңағы өлең. Бұл мұсылман дүниесінің ортасынан шығып, өзінше бастап, өзінше таныған ақынның бір алуан “Көкей кестісі”. Шығыс поэзиясы, ислам діні деген сарынның Абай шерткен құлақ күйі соңғы аккордын осылайша қайырады. Біз ұзын шешімнің екі шетін алдық. Арадағы тұрқы тұрғыларын атап өтейік. 1887 жылы “Масғұт” пен “Ескендір” әңгімелері жырланады.
…Және “Мың бір түннен” “Әзімді” жыр қып шығады. Бұнысы мұсылман дүниесінде жайылған сөздердің қазақ оқушысына ғибрат боларлық, үлгі мәжіліс боларлық мысали өлең айтам дегеннен шыққан. Арун Рашид Халифа заманы мен “Шаһ-нама” уақиғаларын алу құр “қызық әңгіме айта салайыннан тумаған”.
Содан әрі 89 жылы “Қор болды жаным”, 91 жылы “Көзімнің қарасы” жазылады. Бұл өлеңдердің тұсында алғашқы ғаруз уәзімімен жазылған шағатайша бәйттердің жотасы қайта көрінеді. Бірақ енді ақын Шығыстағы… (сопышылдық) поэзиясының ұрығын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынан терең түсіне бастаған. Сондықтан бұдан былай олар үлгісін қорытып, өз ырқына көндіріңкіреп, баурай алып қолданады…
Шығыстағы сопышылдық поэзиясы дегенде, Шәңгерей ақындығының осы қырын айқын, жаңа бір алымда аша түскен Мақсат Тәжімұраттың ой өрісі жалпы ХІХ ғасыр қазақ әдебиетіндегі өзгеше бір құбылыс болған исламияттың ғылыми қисындарын еркін билеп-төстейтіндей. Мұның өзі әдебиеттану ғылымымыздың ендігі бір айрықша назар салар құнарлы, қатпарлы нысанын шын тануға ұмтылудың, ұзаққа тартар ғылым жөнінің бастамасы болуға әбден қақылы тым кәделі, бөлекше салмақты мәселе екендігін қабылдап, мойындайтын мезгілі жетті.
“... Алайда, бұл жердегі шеберліктің үлкен шегесі – көңілдің күркіреген жасын атып жатқан қара бұлтқа жетіп барып құшақтасуы. Сонда әлгі кірістен кеткен жебе көңілің де, асқар тауды бір уыс қылып, алмас қылыш жүзінде ойнақтаған көңілің де көңіл-күйдің осы кульминациялық сәтіне дейінгі “дене қызулар”, медитациялық алғашқы басқыштар да, көңілдің “лавалы” жанартауға барып енген жері – сол медитацияның ең жоғары шектегі ахуалы. Бұдан Шәңгерейдің ақындық қуаты софылық поэзия өкілдеріндегідей аса күшті болғандығын байқаймыз” [189, 172 б.].
“Біздің поэзиямызда ғасыр басында тұрақты тақырыптың бірі болған, бірақ қазіргі әдебиеттануымызда зерттелмей келе жатқан “көңіл” тақырыбы – алғаш Шәңгерей арқылы софылық поэзиядан келіп енген сарын десек, онша адаса қояр ма екенбіз?!” [189, 173 б.].
Ғалымның Абай мен Шәңгерейдің өлең сөзінен сопылықтың негіздерін салыстыра қарап табуы, шегі мен шетін ажырата тануы – ұзақ сырға, баянды бағытқа бастап жатқан бір бағдар.
Мұхтар Әуезов Абайдағы дін жайы қозғалған қарасөз өлеңдерді де Шығыспен байланыста қарастырды. Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ, Батысқа келгенде ол арқасын Шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келеді дейді. Абайдың Шығыс үлгісімен жазылған шығармалары негізінен махаббат жайында, көңіл-күй жайындағы, дін-құлық жайындағы жырлар деп бөледі.
Мұхтар Әуезовтің Абайдың Шығысы, Шығыс әдебиетінің Абай шығармашылығына тигізген ықпал-әсері жайлы тұжырымдары – абайтанудың астарлы, қатпарлы, жұмбағы көп, құнары мол аумағы. Кезінде М. Әуезов жасыра, жаба сөйлеуге мәжбүр болған көп мәселе оның “Абайтанудан жарияланбаған материалдар” еңбегінде шықты. Ғалым Мекемтас Мырзахметов “Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары” монографиясында Әуезовтің Абайдың Шығысына қатысты ойларына да ерекше ден қойды.
Абай поэзиясының тілін ең алғаш монографиялық еңбек деңгейінде зерттеген ғалым Қажым Жұмалиев Абай тілінің, Абайдың өлеңде қолданған сөзінің бірнеше арнасын қарастыруда араб, парсыдан енген сөздерге де арнайы тоқталып, кең қарастырады.
“Абай сөздіктерінің екінші бір арнасы – араб, парсы тілдерінен кірген сөздер. Мұсылман мектебінде оқып, дін кітаптарын көп аралап, шығыс тілдерінде жазған классик әдеби мұраларды да терең зерттеп, бір кездерде оларға еліктеген ақынның сөздерінде араб, парсы сөздерінің кездесуі таң қаларлық нәрсе емес. Басқа тілдерден кірген сөздермен салыстырғанда бұл екі тілден кірген сөз, сөйлемдер анағұрлым көп” [17, 160 б.].
Қажым Жұмалиев көрсетуінде Абай өлеңдері мен қара сөздерін қоса алғанда араб, парсы тілдерінен 374 сөз қолданыпты. Мұның 162-сі өлеңдерінде, қалған 212 сөз әңгімелерінде кездеседі. Бұлардың бірқатары термин: әдебиет, ғылымдық, философиялық және діни ұғыммен байланысты сөздер.
Абай заманында шет тілдің, соның ішінде араб, парсы сөздерінің қазақ тіліне көп араласуының бірнеше тарихи-әлеуметтік алғышарт, себептері болғаны белгілі. Қазақ арасына ислам негіздерінің мектеп, медресе арқылы оқтылуы, сол тұстағы шағатай түрік, татар тілдерінде басылып шыққан кітаптар. Қазан баспасынан 1801 жылдан бері шыға бастаған кітаптардың көпшілігі шағатай, түрік тілдерінде басылды. Дерек көздеріне сүйенсек, “Ахуал, Шыңғысхан және Ақсақ Темір” (1819), “Шежіре түрік” (1825), “Ақыр заман кітабы” (1857), “Бабыр нама” сияқты кітаптар хат танымайтындарға жартылай ғана түсінікті тілмен басылған болатын.
“Абай кезінде шағатайшылау, парсышылаудың үстіне және татаршалау (татаризм) келіп қосылды.
…Сөйтіп, шағатай сөз құрылысы, араб, парсы, татар тілі, қысқасы, әралуан тіл, сөз, сөйлемдермен қазақтың әдеби тілі шұбарланып, бұл салтқа айнала бастаған кезде Абай әдебиет майданына шығып, қазақ тілін бұзушыларға қарсы күрес ашты. Ана тілін аса қадірлеп, таза сақтауға күш салды. Тіл тазалығы жөнінде де ұлы ақынның орны ерекше [17, 174 б.].
Абайдың шығармашылық тіліне Шығыс әсерінің мәнді, өзгеше бір қырларын тілші ғалымдардың қарастыруында да құнды байламдар аз емес.
1934 жылы “Әдебиет майданы” журналында Құдайберген Жұбановтың “Абай қазақ әдебиетінің классигі” атты мақаласы жарияланды. Абайдың ұлт тарихындағы, қазақ әдебиеті тарихындағы орнын дүние, өркениет елдерінің, түрік елдерінің тарихындағы айтулы тұлғалармен салыстыра, жарыстыра отырып, абайтануда аса айқын тұжырымдар жасаған елеулі еңбек еді бұл.
“Сөйтіп, Абайды көрші елдердегі замандастары, бастастарымен салстырғанда, ұлт тіліне, әдебиетіне сіңірген еңбегін, ақындық күшін алғанда, Абай бәрінен де озат шығады. Өйткені ол кезде таза қазақ тілімен жазып, ол жазғанын классикалық әдебиет деңгейінде шығарған адам болған жоқ” [121, 16 б.].
Құдайберген Жұбанов сол Абай дәуіріндегі Ресей империясы қарамағындағы елдердің ішінде Армения мен Грузияны бөлек қойғанда, басқа батыс елдердің өткенін шолып қарағанда, ең озығы Қазан татарлары. Еділ бойын басқан ескі фанатизм тұманынан алғаш сәуле берген Абай мен бастас екі-ақ адам болғанын, бірі – Шеғабуддин Маржани, екіншісі – Қаюм Насыри екендігін айтады.
Насыри – ескі түрік кітаптарындағы шағатай үлгісін жойып, татар әдеби тілін Қазан төңірегінің сөйлейтін тілінше құруға ең алғаш еңбек сіңірген адам. Қ. Жұбанов бірақ сол Насыридің “таза татаршасы” да Абайдың қазақшасындай таза бола алмады дейді. Оның өзі араб-парсы сөздерін көп кіргізген шұбар тіл болатын.
Қ. Жұбанов Абайдың суреткер ақындық алымын былай қойып, әдеби тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін алсақ та, ақымыз кететін түгі жоқ деп жазды. Алғаш “Мұхаммәдия” ізімен түрік тілінде жазып жүріп, бері келе Европа үлгісіне түскен, сөйтіп татар өлеңі тарихында жаңа дәуір ашқан Ғабдулла Тоқай “Қан сонарда бүркітші шығады аңға” жазылғанда туған да жоқ еді дейді.
“Қырымда Россия пантюркизімнің атасы Смайыл Гаспринский “Тәржіман” газетін шығарды. Оның тілі біраз жөңілтіп алған Оспан түркінің тілі еді” деген түйінінде де Құдайберген Жұбановтың Абайдың тарихи орнын айғақтаудағы қазіргі тұғырнамасы айқын көрінеді.
Құдайберген Жұбанов Абайдың 1857 жылы жазылған екі өлеңінде шағатай әсері айқын болғанымен, сол шағатайша жазылған 1864 жылғы өлеңде ол шағатайшылықтан құтылып, арылып шығуға бет бұрғанын көрсетеді. Абайдың Шығысы деген мәселеде Құдайберген Жұбановтың Абайда шағатай әдебиетіне тән әсіре мистицизм, сопышылдық жоқ деген пікіріне келтірген дәлел, дәйегіне тереңдей түссек, біраз мәселенің басы көтерілетін сияқты. Құдайберген Жұбанов Абайдағы дін, дүниетаным жайын қысқа қайырғанымен, әлгі пікірлердің астарында, аржағында біраз салмақ жатыр. Бұл жерде ғалымның Абай ғаруз өлшемінен де қол үзіп кетті.
1864 жылдан кейін Абайдан шағатай ықпалын іздеу бос әуре дегені – әрине, Абай шығармашылығында Шығыс ықпалы, Шығыс ізі жоқ деп айтқандай қабылданбаса керек. Тіпті, үзілді-кесілді айтылғандай “Абай Шығыс үлгісін көрмей, білмей, аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, одан шығып, тастап кеткен ақын” деген тұжырымның өзі Абайдағы Шығысты жоққа шығарған пікір емес.
Сәбит Мұқанов Абайдың Шығысқа қатысын абайтануда аса көп сөз болмаған. Абайдың қазақ тарихына байланысты танымымен сабақтастықта қарастырады. Абайдың “Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы” деген еңбегі оның қазақ тарихын жазу мақсатын көздегенін көрсетеді дейді.
Бұл еңбекте Абайдың қазақ тарихы туралы мағлұматы мол екендігі, Шығыс және Батыс тарихшыларының қазақ туралы жазған еңбектерінің көбін оқығаны, оған өзіндік көзқарасы болғандығы көрінеді дейді С. Мұқанов.
“Оның Шығыс тарихшыларын, Мұхаммед-Хайдар Дулатиді, Абылғазы Баһадүрханды, “Тыбри”, “Тарих ғұлуми”, “Бабырнама” сияқты араб, парсы және түрік тілінде жазылған тарихи кітаптарды оқығандығы; Шығыстан да, Батыстан да оқыған кітаптарын қазақ шежіресімен, қазақ фольклорымен салыстырып отырғандығы “Қазақ” деген сөздің қайдан шыққандығы туралы пікірінде, қазақтың моңғолға бағыну туралы айтқан пікірінде айқын көрініп отырады” [125].
Абай шығармаларының тілдік өріс, әлемін зерттеуде тыңғылықты, тындырымды, орасан ауқымды еңбек атқарып келе жатқан ғалым Рабиға Сыздықова Абайдың сөйлем құру, сөз құрылысындағы Шығыс әдебиетінің ықпалы жайлы былайша нақты тұжырымдар жасайды. Абай қара сөздерінің тілін зерттеудегі мына бір құнды қисындарға назар аударалық.
“Абай прозасында сөйлемдердің табиғи тәртіппен дұрыс құрылуы нормаға айналған деп санаймыз. Бұл құбылыс Абай кезеңіндегі өзге жазба дүниелер тілімен салыстырғанда айқын сезіледі. Бұл – Абайдың қазақ жазба тілінің прозадағы нормаларын белгілі бір жүйемен дұрыс қалыптастыруына саналы түрде қызмет еткенін көрсетеді.
Абайдың прозалық тіліндегі және бір ерекшелікті айтпай кетуге болмайды, ол – толықтауыш бағыныңқы етіп ұсынылуға тиісті сөйлемнің баяндауышы ашық райда келіп, мағына жағынан сабақтас, ал тұлғалануы жағынан салалас сияқты болып және бағыныңқы компонент басыңқыдан бұрын келіп құрылған сөйлемдер. Мысалы:
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын…
“Қара сөздерде” бұл типтес сөйлемдер 5-6 жерде кездеседі. Абай шығармашылығы мен тіліне көп үңіліп, көптеген құбылысты жақсы байқап, құнды пікірлер айтып кеткен үлкен ғалым Құлмат Өмірәлиев прозаик Абайдың осындай құрылымды сөйлемдерін шағатай тілінің, яғни орта ғасырлардан келе жатқан түркі жазба дәстүрінің көрінісі деп шамалайды [120, 169 б.].
Р. Сыздықова Абайдың сөз өрнегінде кездесетін араб, парсы, т.б. шығыстық тіл үлгілерінің белгілібір функциональдық , стильдік қызметі жайлы мейлінше нақты, мейлінше ғылыми тұжырымдама жасаған, үздік ғылыми ойларымен абайтанудың теориялық негіздемелерін толықтырып, байыта түскен сирек ғалымның бірі. Абайды тануда ешкім де қайрылмай өте алмайтын құнды зерттеулер иесі.
Абай және Шығыс әдебиеті мәселесінде ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың да аса елеулі пікірлер айтқанын есте ұстауымыз керек.
Абайтану мәселесінде көп уақыт орын алып келген үлкен бір кемшілік – ақынның шығысқа қатысын “күні біткен”, “кертартпа” құбылыс ретінде бағалау болғандығын айта келіп Ә. Қоңыратбаев Абайдың Шығыс желісіндегі шығармаларына тоқталуында оның сол шығармалар арқылы қазақ әдебиетінде сюжетті поэмаларының үлгісін ашады дейді [18].
Абайдың Шығыс әдебиетіне қатысы жайлы ғалым Сейіт Қасқабасовтың “Ескендір” поэмасының сюжеттік негізі” атты зерттеуінде жаңа байламдар барын атап айту қажет. Ғалым жалпы ғана, Абай Шығыс желісінде, нәзира дәстүрімен жазған мәселе деп айтылып келе жатқан Абайдың “Ескендір” дастанына жаңаша пайыммен қарауға тартатын тың таным ұсынады.
“Қазақ әдебиеттану ғылымында Абайдың поэмалары сөз болғанда “Ескендір” поэмасының сюжеттік негізін Низамидің “Ескендір” поэмасына телиді. Шынында да солай ма?
…Абай өз поэмасының сюжетін Низамиден алмаған. Низамидң “Ескендір-намасын” біле тұра ол өз ойын, көзқарасын білдіру үшін Батыс пен Шығысқа кең тараған Ескендір бейнесі мен ол туралы шығармаларды басқаша пайдалануға тырысып, басқа материалдар іздеген және солардың ішінен өзіне керегін тапқан” [121, 226 б.].
Сейіт Қасқабасов Шығыстағы Ескендір тарихы арқау болған шығармаларды жеке-жеке тоқталып, мазмұндай келіп, Абай жазған “Ескендірде” олардағы оқиға желісі жоқ екенін атап көрсетеді. Ғалымның тұжырымдауында бұл мәселенің қисыны мынадай: “Сонымен, ертеде қазақ арасында айтылып келген қос мүйізі бар Ескендір мен өлмес су іздеген Ескендір жайындағы әпсана-хикаяттардың сюжеттік негізі екі кітап болғаны анықталды. Бірі – Низамидің “Ескендір-намасы” да, екіншісі Рабғузидің “Қисса-сұл-әнбиясы”.
Ал жоғарыда айтқан үшінші, яғни жұмаққа тап болып, сыйға адамның бас сүйегін алған Ескендір туралы баяндайтын сюжеттің тарихы қандай деген сауалға келсек, ол ежелгі дәуірдің аса құнды жазба ескерткіштерінің бірі – “Талмуд” кітабына апарады. Дәлірек айтқанда, оның “Агада” деп аталатын бөлімінде кездеседі…
Осы жайды таратып айта келіп Сейіт Қасқабасов мынадай тұжырым жасайды: “Сонымен “Ескендір” мен (Абайдың “Ескендірі”– Қ.М.) Талмуд әңгімесінің желісі бірдей болып шықты. Ендігі туатын сұрақтар: Абай бұл сюжетті қайдан және қалай алды?..
…Сөйтіп, Ескендірдің жұмаққа барып, қу бас алып қайтқаны туралы ежелгі Талмудтағы сюжет ХІХ ғасырда орыс әдебиетіне келген [121, 235 б.].
Сөйтіп, ғалым Абайдың “Ескендірі” Жуковскийдің “Талмудтан” алып жазған шығармасымен ұқсас деген тұжырым жасайды. Абайдың Ескендір бейнесін Шығыс классиктерінен басқаша бейнеленгенін айтады. Осы тұста Абайдың “Шығысым – Батыс, Батысым – Шығыс болып кетті” дегені еріксіз ойға оралады. Жеңіл-желпі, жел сөз болып емес, әріге үңіле түсуге, Абайдың жұмбағын ендігі кезекте тек қана оның ақындығының айналасынан ой көзімен, ғылым сөзімен ашып, қисындауға тартатын салмақты, жауапкершілігі мол, ауыр сөз болып көкейде тұрып алады.
Сейіт Қасқабасовтың мына түйіні осы ойға және бір түрткі болған еді. “…Біздің көздегеніміз – жаңа материалдар мен ізденістердің негізінде Абайдың “Ескендір” поэмасының сюжеттік түп-төркінін табу еді. Осы тілекті орындау барысында тағы бір көзіміз жеткен нәрсе – Абайдың нағыз ұлыларға лайық диапазоны. Ол орта ғасырлардағы Шығыстың та, Батыстың да ұлы классиктерін білумен бірге көне дәуірдің жазба ескерткіштерін және жаңа замандағы аса көрнекті ақын-жазушылардың творчествосын бүкіл болмысын жақсы таныған. Олай болса, Абайдың “Ескендір” образына баруы кездейсоқ нәрсе емес.
Шығыста Фирдоуси, Низами, Джами, Науаи; Батыста Лампрехт, Ламберу, Берн, Шатильонский, Исамиссо; ал Ресейде Жуковский жырлаған Ескендір Абайды да қызықтырған”.
Бұл жөнінде ғалым Жұмат Тілепов те академик Зәки Ахметовтің
В.А. Жуковскийдің аталмыш тақырыпқа жазған повесімен Абай поэмасы болмашы бір детальдары болмаса негізінен сәйкес келетіндігіне көңіл бөліп, Абайдың орыс ақынының шығармасын білгені анық дегені ойландырарлық пікір деп, “Ескендірді” жазуға көп дүниені саралап отырып келген Абайдың Жуковскийді назарда ұстауы әбден мүмкін деген пікір айтады [35, 271 б.].
Рахманқұл Бердібаев Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысын тарата айтқан, Шығыс әдебиетінің білгірі есебінде өзіндік тың ойлар ұсынған ғалымның бірі. Р. Бердібаевтың Науаи мен Абай арақатысы туралы мына түйіні жанды пікір. Түркі тілді әдебиетті жан-жақты байытқан Әлішер Науаидың ғазалдары да, дастандары да Абайдың терең тексеріп, оқыған шығармалары болады. Әлішер қаламынан туған “Хамсада” тұнып тұрған аңыздар: мифтер, шежіре-тарихтар бар еді. Олардың әсері кейіннен Абайдың өлеңдері мен дастандарында, қарасөздерінде тиісті көрініс берген…
Күншығыстың ұлы шайырларында бір тақырыпты қатарласа, жарыса, бірінен екіншісі өзара жазатын дәстүр ежелден бар. Соның бірі – Хамса жасаудан көрінетін… Осындай дәстүрге Абай да қол артуды ойлаған тәрізді деген ойларына ғалым Абайдың “Ескендірін” дәлел етеді. “Ескендірде” Абай жаңаша көркемдік шешім жасаған дейді.
Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов Абайдың Шығысқа қатысты өзі көп сөз қозғаған жайынан мынадай бір пікірге назар аудартады.
Ол – Абайдың Шығыс ғалымдары еңбектеріндегі өлеңдегі ғаруз уәзіні жайлы теориялық негіздемелермен таныс болғандығы.
“Абай Шығыс пен Батыстың, әсіресе ХІХ ғ. орыс әдебиетіндегі эстетикалық ойдағы күрестер тарихымен таныс болуымен қатар, ол туралы өзіндік ой-пікірі, эстетикалық талғамы қалыптасып орныққаны оның көркемөнер туралы көзқарасы мен қазақ өлеңдерінің құрылысына қосқан жаңалықтарынан да анық байқалады” [121, 268 б.].
Абайдың Шығыс әдебиетінен алғаны туралы профессор Бейсембай Кенжебаев еңбектерінде Абайдың Семейдегі үш жыл мұсылманша оқуының айрықша ықпалы туралы ашып айтылады. Қаладағы оқудан Шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға ендігі тәрбиеші ұстаз халық қазынасы болды дейді ғалым.
Зерттеуші Уәлихан Қалижанов Абайдың Шығысқа қатысының аса елеулі бір қыры исламият мәселесі жайлы былай деп жазды: “Ол үш-ақ жыл медреседе оқып, ислам мәдениеті жайлы, дін жайлы, соңғы абзал пайғамбар Мұхаммед (Ғ.С.) туралы, сонымен бірге, Алланың бірлігі, барлығы, “Құран Кәрімнің” шындығын дәлелдейтін құнды пікірлер жазып қалдырған данышпан” [54, 144 б.].
Философ ғалым Ғарифолла Есім Абайдың ислам діні, ислам мәдениетімен қатысы жайлы Абайдың дүние танымы жайлы “Хакім Абай” еңбегін жазды. Мұнда Абайдың Шығысы мәселесі жаңа бір толғамдармен ашыла түсті [...].
Абай танымындағы кемелдік кезеңдер жайлы профессор Ханғали Сүйіншәлиев әрдайым ойлы, танымдық пікірлер айтып келеді. Абайдың Шығыс өркениетіне қатысы, оның қайсыбір құбылыстарына сыншылдықпен қарауы жайлы ғылыми пікірлері дәлелсіз, қисынсыз емес. Ойға, пікірталасқа бастайтын тұжырымдар.
“Шығыстың, әсіресе, мұсылманшыл әдебиетінде (қисса, хикаялары мен дана дастан-намаларында) адамның мүмкіншілік пәрменінен тыс зор күштер араласқан ұшы-қиыры жоқ қияли өмір көріністері утопиялық романтикаға негізделген-ді. Адамның жаны тәнінен ажырап фани дүниенің армансыз қызығына, мәңгі бақытқа қол жеткізу арман аясы баяндалатын. Бұл саладағы әдебиет, оқу-ілім, білім де бір Алланың жазмышына бой алдыратын. Шығыс мәдениетіндегі осындай бірбеткейлік ерекше дарын иесіне, Абайдай кемеңгерге өмірлік үлгі бола алған жоқ…” [22, 874 б.].
Абай шығармашылығының Шығысқа қатысын арнайы қарастырмағанымен, ғалым Алма Қыраубайқызы орта ғасырлық түрік әдебиетіндегі нәзира дәстүрінің, қисса-дастан жанры үлгісінің Абайдың ақындық әлеміне де өзіндік ықпалы болғанын атап өтеді.
“Қазақ қисса-дастандары ХІХ-ХХ ғасыр басында қалыптаса келіп, поэма, повесть, роман жанрының тууына негіз болғанын көреміз, Абай поэмалары: “Ескендір”, “Масғұт”, “Әзім әңгімесі”, Мағауия Абайұлының “Медғат-Қасым”, М. Сералиннің “Гүлкәшимасы”, біздің ойымызша, қисса-дастан дәстүрі бойынша жазылып, бірақ қиссалық тұрақты ерекшеліктерден ажырай бастаған дастандар” [57, 140 б.].
Осы тұста Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысына қатысты мына бір жайды да айтқан жөн. Абай өзінің ақын шәкірттерінің барлығын дерлік алғаш өлеңге ұлттық дәстүр өз алдына, Шығыс поэзиясының үрдісімен де баулыған деуге толық негіз бар. Ақылбай мен Мағауия, Шәкерім, Әріп шығарған дастандар осының айғағы.
Шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаев Абайдың “Кабуснамаға” қатысы, парсы, түрік әдебиетінің айтулы тұлғаларының шығармашылығымен үндестік, байланысы жайлы көптеген құнды пікірлер айтты.
Абай ақындығының айналасы мәселесінде “Абай және Шығыс” атты арнайы монографиялық еңбек жазған шығыстанушы-ғалым Өтеген Күмісбаев Абайға қай әдебиет әсері айқын болғанын (Шығыс па? Батыс па? – Қ.М.) айқындай түсуге дәйек болар дәлелдер келтіреді.
“Спенсер, Дреперді үңіле оқып, Пушкин, Лермонтовпен сахарада жалғыз жарысқан Абай сөзі дүниеге тарап кете барды”, – деп, ақындықтың қуатты алымына басыбүтін құлаған зерттеуші кей тұста Мұхтар Әуезов кезінде тартына сөйлеуге мәжбүр болған Абайдың Шығысы жайлы ұғым көкжиегін көтере түсетін зерделеулерге барады.
Әріден, Батыс әдебиетіне Шығыс әсерін қозғап келіп, Абайдың Шығысын аша түседі.
Сол негізде Абайдың Күншығыс пен Күнбатыс туралы айтқаны қаныға түседі.
Ойшыл Абай, сергек Абай, сезімді Абай мүлде Батысқа бұрып кетпеген… Ұлылығы ұштасып жатқан Қос дүниенің құнын Абай білмей кім білер… нәрі мен барын Абай өзі татып көрді. Ғажабына ұйыды.
Шығыс сарыны Байрон мен Гетеге, Пушкин мен Лермонтовқа жат па еді?!! Абайға барымен жетті. Барымен қонды. Сіңді.
Бұл – ақиқат.
“Байронның “Гяурі” мен “Абидос қалыңдығы” поэмаларында шығыс сарыны басым болатын. Байрон мен Гетенің шығыстық тақырыбын
ХІХ ғасырда Россияда Пушкин одан әрі жалғастырды. Шығыс мотивтері Пушкин поэзиясында да аз ұшыраспайды. Ақынның лирикалық өлеңдерінде, “Руслан мен Людмиласында”, “Бахшасарай фонтанында”, “Құранға еліктеуінде” шығыстық образдар, мотивтері, әуен-саздары жиі кездеседі. Шығыс мәдениетіне Пушкинді ең алғаш қызықтырған “Мың бір түн” болатын. Шығыс пен Батысты қатар қою арқылы Пушкин өзінің тарихи көзқарасының аса ауқымды екендігін дәлелдеген еді. Сөйтіп, Европа әдебиеті Гетеге дейін де, кейін де шығыстың сюжеттермен, персонаждармен айналысып келеді.
Қазақ топырағында Шығыс мәдениетіне алғаш бой ұрғандардың бірі Абай еді. Ә дегеннен бала Абай Шығыс поэзиясына, аңыз, дастандарына құмартты.
…Байрон, Гете, Пушкин көз салған Шығыс тарихы мен мәдениетіне Абай да соқпай кете алмайды. Бұл жайдың Абайдың педагогикалық, эстетикалық, философиялық, тұжырым-трактаттарынан, махаббат лирикасынан байқау қиын емес [49, б.].
Ғалым Абайдың өлең үлгісіндегі күні-бүгін арнайы айтылмаған парсы-тәжік поэзиясының іздері жайлы ой тастайды. Оның айтуындағы парсы-тәжік поэзиясындағы 10-30 жолдан тұратын бір ұйқасты өлеңге арабтың классикалық поэзиясының бір түрі – қасиданың әсері жайлы тұжырымдары қазақ өлеңінің, Абай өлеңінің табиғатын ашуға да тарта түсер қисындар. Абайдағы бір ұйқаста өлеңдер жайлы М. Әуезов, Қ. Жұмалиев пікірлері белгілі.
Ө. Күмісбаев әл-Фарабидің әдебиет теориясына қатысты еңбектерінен бір үзік ой ұшын тартып отырып та Абай поэзиясын танудың жаңа бір алқабына қарай бастауға ұмтылады.
Ғалым Абай шығармашылығындағы Сағди әсерін арнайы қарастырады.
Зерттеуде бұрын Абайдың ақындық кітапханасына қатысты айтылмаған деректер бар.
Ал, Абайдың Шамсаддин Самидің 10 томдық “Каумус аль-ағлам” атты араб, парсы, түрік тіліндегі сөздігін оқып, қолына түсіруі ұлы ақын талантына жаңа бір қырынан көрсететін секілді.
… Абайдың сол кезде-ақ ертеде қыпшақ даласында саяхатта болып кеткен бірқатар араб жылнамашы, тарихшыларының туындыларымен таныс болуы ақындық тұлғасын одан сайын биіктете түседі. Сайып келгенде, Абайдың Шығыс аудармаларын жинаған кітапханасын зерттесе көп олжаға байыттырған болар еді.
…Абай он үш жасында Шығыс шайырларына еліктеп өлең жазса, алпысқа тақап қалғанда жазған қарасөздерінен Науаидің “Сүйікті жүректер”, “Сағдидің “Гүлстаны” әсерлерін байқауға болады. Мәселен, Абайдың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлысы” газел формасымен жазылған. Шығыс поэзиясынан келген өлеңнің бұл формасы жалғыз махаббат лирикасында қолданылып қоймай, басқа азаматтық, әлеуметтік тақырыпта да қолданылғанын байқаймыз. Жалпы, газель, рубаи, аруз, месневи секілді Шығыс поэзиясына тән өлең формаларының қазақ әдебиетіне Абайдан бұрын енгені хақ. Бұл формалар ең әуелде жазбаша әдебиеттен орын тепкен…
Абайдың ақындық айналасы абайтанудың алғашқы кезеңінен бері қарай сөз болып келе жатқанымен, аса ілгерілеп, абайтануда аталып кетіп отыратын Батыс, Шығыс дүниетаным, тарих, мәдениет, әдебиет негіздері жатқан еңбектерге әлі де осылай “тіс батыруға” құлықсыз екендігіміс рас.
Абай тақырыбын қозғаған белгілі ғалымдардың қай-қайсысы болсын Абайдың Шығысқа қатысын белгілібір дәрежеде қозғап отырды. “Абайтанудың өзекті мәселелері” зерттеуінде академик Серік Қирабаев абайтанудың ендігі міндеттерінің ішінде оның Шығыспен қатысы туралы мәселелерді де тереңдете зерттеу қажеттігін айтады [25].
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі ілім абайтануда Абайдың айқын ақындық өнеге мектебі болған Шығыс мәселесі күні бүгінге шейін әр қалыпта, әр қырынан зерттеліп келді. Атап айтқанда: Шығыс әдебиеті үлгілерінің Абай поэзиясының сөздік қорын байытудағы орны, Абайдың өлең өлшемін жасауға тигізген ықпалы; ақын шығармаларындағы тәрбие, мораль мәселесіне байланысты желілердің өрістеріне әсері; Абай дастандарының оқиға желісіне негіз болуы; Шығыс философиясының Абайдың исламиятқа қатысты көзқарастарының айқындалуына, Абай дүниетанымына тигізген әсері; Абайдың ақындық дәстүрінің қалыптасуындағы орны; Абайдың Батыс мәдениетін танып, бағалаудағы Шығыстық ұстанымдар, т.б.
Абайдың Шығысқа қатысын айтуда қазақ әдебиеттану ғылымы ұзақ жылдар бойы түрлі шектеулердің, саяси ахуалдың ыңғайымен үстірт бағалаулармен тоқталып өтуді бастан кешті. Ендігі кезеңде Абайдың Шығыстан алғаны орасан мол екендігі, Шығыс мәдениетінің Абай шығарма-шылығының ғұмыр бойғы құнарлы азығы болғандығы жайлы сонау бір қысталаң уақыттардың өзінде “Абай Шығыстық жағалаудан өмірінің ақырына шейін қол үзген жоқ” деп табандылықпен, үлкен ғылыми таныммен айта білген ғұлама Мұхтар Әуезовтің ұстанымы тағы да көкейтесті, тағы да ғылыми айғақтауды, аша түсуді күтіп жатқан өзекті, зәру ғылыми мәселенің бірі болып отырғанын үнемі есте ұстау қажет.
Мұхтар Әуезовтің атап көрсетуінде Абайда Шығыс үлгісімен жазылған өлең аз емес. Әуелде “Юзи раушаннан” бастаған ақын өмірінің ақырына дейін де қайсыбір шығармаларын таза шығыстық үлгіде шығарып отырған.
Мұхтар Әуезов бұл жөнінен былай дейді: “Сонан әрі 89 жылы “Қор болды жаным”, 91 жылы “Көзімнің қарасы” жазылады. Бұл өлеңдердің тұсында алғашқы ғаруз уәзімімен жазылған шағатайша бәйттердің жотасы қайта көрінеді…
“Көзімнің қарасындағы”: