Соңғы томдағы ишараға да назарым түсті. Қаласаңыз келесі жылы 2 том публицистика мен 1 том әдеби-көркем мақалаларыңызды жинақтап, үш томдығыңызды шығаруға да бейілдігімді білдіремін.
«Плетение чепухи» газет үшін, әсіресе қыршаңқы газет үшін тауып қойылған тақырып. Бірақ көптомдық сияқты академиялық басылымға мүлде жараспайды. Сондықтан оның шиыршық атып, ширығып тұрған «Еркін ойлар» (мен қазақша солай аударар едім) атына ие болғанына бек қуандым.
Шындығында, Сіз еркін адамсыз. Еркін ойлайсыз, еркінсөйлейсіз, еркін жазасыз. Ендеше еркін адамның қаламынан еркін ойлар шығып және ол бүгінгі қазақ қоғамының жүрегіне жол тауып жатса, қаламгер мұратының орындалғаны емес пе.