Мен орынсыз күліп едім, жақтырмай қалды.
Cіз Томас Маннды оқыдыңыз ба?
«Будденброктардан» басқа ештеңесін оқыған жоқпын.
Қалайша…, қалайша? Оны оқыған кезде үнемі өзіңді мүсәпір сезініп отырасың. Және осы сезім сені еш уақытта да тастап кетпейді. Міне – нағыз жазушы.
Оқи отырып, өзіңді мүсәпір сезінгеннің несі жақсы? Мен кітап оқығанда адам екенімді сезінгім келеді.
Асқар тыжырынып қалды. Менің пікірім оны қатты ренжітіп тастады…1962 жыл, 13 сәуір».
Герағаңның бойындағы бір ұлы қасиет, ол еш уақытта да бәзбіреулердей «менікі дұрыс» деген қасаң қағиадаға қатып қалмай, қателессе оны мойындай да алатын. Ол үшін кешірім сұраудан да ұялмайтын. Тіпті, сол жіберген қателігін жуып-шаюдан да арланбайтын. Жіберген кемшілігіңді, жасап қойған ағаттығыңды мойындай білу адамды ірі тұлға ететін – ұлы қасиет. Әуезов жайында орыс оқырмандарына мақтанышпен көрсетуге болатын кітаптың жазылатынына сенбеген Бельгердің енді мына хатында сол ойынан айнып қана қоймай, сондай дүниенің жарық көргеніне жүрегі жарыла жаздап балаша қуануын қаламгердің адамдық табиғатынан жарқырай көрінген сол ұлы қасиеттің белгісі ретінде қабылдаған абзал.
«Ауруханада Анастасьевтің «М.Ә» -ін оқып шықтым. Ол еңбектің кейбір тарауларын бұрынырақ оқығанмын. Ол кісімен тікелей таныс болмасам да, шығармашылығынан хабардармын. Білімді, мықты әдебиетші екені атойлап тұр. Көп біледі және сол «көпті» қиыстыра біледі. Әуезов жайында бес-алты қазақ, сөз жоқ жазар еді (жаза алар еді), бірақ рухани деңгейі, өресі, мақамы басқаша шығар еді (Я Қабдоловша, я Жұртбаевша). Анастасьевтің мына кітабы, менің пайымдауымда, оптимальный вариант болып шыққан сияқты».
«Адам бойындағы таланттың 5 пайызын ғана Құдай береді, қалағанының бәрі еңбекпен келеді» дегенді бір кітаптан оқығаным бар. Міне, осы тұрғыдан алғанда Герағаңның еңбекқорлығы мен үздіксіз өзін дамытып отыратын білімге деген құштарлығы мені қатты таң қалдырады. Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдың жанын күтудің орнына қазақ халқы үшін әлі талай дүниені жасап кеткісі келген мазасыздығы сүйіспеншілігіңді туғызады. Ұлы мәртебелі уақыт Герағаңның тәнін қартайтқанымен жанын тоздыра алмады, бет қаратпайтын қыстың қарлы боранындай адастырғысы келсе де қайсар талантты алған бағытынан тайдыра алмады, жүрегінің тазалығы, өнерге жан-тәнімен берілген адалдығы оны келешектің жолына жетелеп отырды. Жазушының еңбекқорлығын даламыздың кен байлығын ақтарған Қаныш Сәтбаевтың жанкештілігімен салыстыруға болатынын мына хаттағы айтылған сөздер тағы да дәлелдей түскендей.
Достарыңызбен бөлісу: |