Мектепке дейінгі пәндер бірлестігі


Жас ерекшелік топтарында ермексазбен жұмыс істеу дағдыларының теориялық және практикалық аспектілері



бет6/9
Дата19.05.2023
өлшемі129,41 Kb.
#95283
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Жумагалиева М

1.3 Жас ерекшелік топтарында ермексазбен жұмыс істеу дағдыларының теориялық және практикалық аспектілері
Заттың мүсінін жасау бала үшін сол заттың суретін салудан жеңілірек. Ол бұл жерде бейнелеудің шартты құралдарынан гөрі нақты көлемді бейнелеуге мүмкіндік алып отыр. Балаларға конструкциясы жеңіл және өсімдік формасы тәрізді заттарды мүсіндеу оңайлау да, ал адамдар мен жануарларды мүсіндеу аса қиын тиеді. Бұл, әрине, соңғылардың дене құрылысының күрделілігіне, пішіндерының пластикалылығына байланысты өйткені балаларға жануарлардың анатомиялық күрделі құрылысын түсіну әлдеқайда қиын.
Зерттеулермен балалар арасында жүргізілген жұмыс тәжірибелері дәлелдегендей, мектеп жасына дейінгі балаларды адам мен жануарлардың болмыс-бітімін белгілі бір дәрежеде дұрыс мүсіндей алуға үйретуге болады.
Жанды нәрселерді мүсіндеу үстінде балалар неғұрлым айқын сипаттық белгілерін бейнелей алады, ал негізгі бөліктерінің формасын жалпылама күйінде қалдырады.
Сондықтан да тәрбиешінің балаларды заттың негізгі формасын соларға тән өзгеше сипаттарымен бейнелей білуге үйреткені маңызды. Мектеп жасына дейінгі балалар сабақ үстінде заттардың пропорциясын бере білуге, белгілі бір техникалық дағдыларды меңгеруге тиіс. Осындай жалпы ортақ міндеттер балабақшадағы топтардың жас мөлшеріне қарай нақтылана түседі. Мысалы, бірінші кішкентай топтағы балаларды ең қарапайым пішіндерды (цилиндр, дискі, шар) мүсіндеуге үйрету. Ортаңғы топта заттардың формасы мен құрылысы жөніндегі ұғымдарды пысықтай түсу. Ересектер тобындағыларды заттардың өзара ұқсастығы мен айырмашылықтарын, олардың кеңістіктегі орналасуын, сипаттық белгілерін тани білуге үйреткен дұрыс.
Тәжірибенің көрсеткеніндей балаларды екі жасынан бастап мүсіндеуге үйретуге болады. Осы жастағы балаларда өздерін айнала қоршаған заттарды саз балшықтан мүсіндеуге деген құштарлық пайда болады. Алайда, бейнеленген заттың болар-болмас нобайы ғана ұқсайды. Екі-үш жастағы балалар үшін мүсіндеуде заттардың формасы мен құрылысынан гөрі сол материалдың жабысқақтығы, созылмалығы, көлемі, салмағы тәрізді белгілері анағұрлым маңызды болмақ. Бұл кезең сурет салудағыдай бейнелеуге дейінгі шақ деп аталады да, бірақ сурет салу барысына қарағанда мүсіндеу сабақтарында тез өтеді.
Мүсіндеуге үйрету балалардың даму ерекшелігіне сай туындап жатады және негізінен жалпы оқу-тәрбие жұмыстарының міндеттерімен саяды:
- балалардың мүсіндеуге деген ықыласын қалыптастыру;
- оларды материалдардың өзіндік қасиеттерімен таныстыру;
- саз балшықты дұрыс пайдалануға үйрету;
- техникалық амал-дағдыларды меңгеруге жәрдемдесу: мәселен жалпы жұмбаз саз балшықтан керегінше мөлшерде ала білуге, жапсыра білуге, илеуге;
- қарапайым пішіндер жасай білуге үйрету керек (цилиндрлер, таяқшалар, дискілер, шарлар). Балалар осылардың негізінде кейіннен мұнан гөрі күрделі заттарды (самолеттер, рульдер, пирамидалар) жасай алатын болады.
Тәрбиеші сабақты заттардың мүсінін бейнелеуден емес, керісінше ең алдымен саз балшықтың шағын бөлігін қалай тиімді үзіп алудан бастауы керек. Мұнан соң ол сәбилерге сол үзіп алған бөліктерді қайтадан біріктіруді, оны алақанында илеуді, бұдан пайда болған пішіндерды тақтайшаның үстіне орналастыруды үйретеді. Бұл сабақта балалар саз балшықтың қасиетімен танысады, саз балшықтың бір үзігін сол қолына ұстап, оң қолымен одан жұлып-үзіп алуды, алақандарының арасында түзу және айналдыра қозғалта алуды үйренеді.
Балаларды саз балшықтың бөлшектері бірінің формасын бірі бұзбайтындай қосуға үйрету керек. Мүсіндеу процесіне біртіндеп саусақтың да әрекеттерін үстемелеу керек. Бұл өте маңызды кезең. Өйткені, өзге топтағы мүсіндеу жұмыстары алақанның әрекетінен гөрі, саусақтардың қимылдарын көп талап ететін болады. Міне, осыған байланысты сәбилерді форманың шетін саусақтың ұшымен шымшып тұйықтауға үйрету керек. Балалар шымшу арқылы пряник, пирожное немесе торт сияқты заттарды мүсіндей алатын болады.
Төрт жастағы балалар дене және ақыл-ой дамуы жөнінен кішкентай топтағы балалардан ерекшеленіп тұрады. Олардың кішкентай топтағыларға қарағанда сөздік қоры да мол, әрі тілдің құдірет-күшін еркін сезінеді. Ортаңғы топтағы балалар әлдеқайда ұқыпты, олар тәрбиешінің түсіндіргенін тыңғылықты тыңдай алады, солай бола тұра, олар әлі ұзақ түсіндіру процесін тұтас қабылдай алмайды.
Ортаңғы топтан бастап балаларды мүсіндеудің көптеген жұмыстарын саусақпен істеуге үйрету керек. Өйткені алақанның әрекетінен өзінен-өзі сәнді пішіндер үнемі шыға бермейді.
Балалар шар немесе цилиндр пішіндерінен сопақша нәрселер жасауға үйренеді. Сөйтіп, олар алма, жаңғақ, сәбіз, қозықұйрық, қияр, лимон тәрізді заттардың пішіндеріне тән бөлшектерін мүсіндей алатын болады. Оларды бейнелеу үстінде, бала сол заттардың пегізін саз балшықтың жентегін алақанға салып илеп дөңгелету арқылы жасаса, ал кейбір бөлшектерін саусақтарымен ғана жасайды.
Бес жастағы балалар заттардың құрылымы мен формасын барынша дәл беруге үйрене бастайды. Олар мұнан басқа адамдар мен жануарларды да бейнелеумен танысатын болады. Тәрбиеші ақшақарды, аққаланы, тон киген қызды, құсты, қоянды, кірпіні, балықты, торайды мүсіндеуіне болады.
Бағдарламада саусақ қимылдарын дамыту үшін қайталау жаттығуларына көп көңіл бөлінді.
Тәрбиеші балаларды пішіндердің шетін шымшып бағананың жиегін дөңгелектеу, үшкірлеу үшін саусақтың ұшын пайдалануға үйретуі тиіс. Бұған жаттығу үшін балалар сәбізді, қуыршақтар үшін пирожки, печенье, ватрушки тәрізді тағамдарды мүсіндейді.
Ортаңғы балалар жаңа бейнелеу және техннкалық іскерліктермен танысады. Мысалы, шөже мен құстарды мүсіндеу кезінде негізгі формадан созып тұмсық, құйрық, аяқ шығаруды, дөңгелек нәрсені сығып жалпайтуды немесе жалпақ нәрсенің жиегін байланыстыруды үйренеді. Бағдарламаның қамтыған тақырыптары осындай үйренген дағдыларды бекіте түседі.
5-6 жастағы балаларда мүсіндеу барысында мәнерлі образдар жасау қабілеті айқын аңғарылады. Мұның өзі олардың өздеріне лайық ой-өрісінің кеңеюіне байланысты. Олардың шығармашылық қиялы бұрынғыдан да артып, дами түседі. Қолдарының бұлшық еттері толысып, сонымен бірге саусақтарының әрекеттері де қабат дамиды. Заттардың сапасын эстетикалық тұрғыдан бағалауы, сондай-ақ айнала қоршаған заттар мен оқиғалар туралы өзінше түсінік жасауы арта береді. Бала заттың формасын, құрылымдық жағын ғана түсініп қоймай, сонымен қатар заттың күйін де ұға бастайды.
5-6 жастағы балалардың мүсіндеу әрекеттері мектеп жасына дейінгі кішкентай сәбилердікінен мүлдем өзгеше болып келеді. Оларда заттың пішінін барынша дәл бейнелеуге, образды қосымша детальдармен байытуға, оның қозғалысын көрсетуге құштарлығы мол болады. Олар өздерінің жұмысында мүсіндеудің көптеген тәсілдерін және қосымша материалдарды пайдалана біледі. Бірақ, мектеп жасына дейінгі ересек балалар тірі организмдерді мүсіндеген кезде солардың ерекше белгісін көрсетеді де, ал негізгі бөліктерінің пішіндерінің барлығы әлі сол жалпылама күйінде қалып қояды.
Мектеп алды даярлық тобында тәрбиешінің алдында мүсіндеуге үйретудің мынадай міндеттері тұрады: заттың формасын көзбен және бұлшық етпен қабылдауын дамыту; мүсіндеу барысында мәнерлі образдар жасауға, әр алуан құралдарды пайдалана алуға үйрету және шығармашылық инициативаны дамытатын әр түрлі бейнелеу және техникалық тәсілдерді меңгеруді қалыптастыру.
Мектеп алды даярлық тобында сюжетті мүсіндеуге көп көңіл бөлінеді. Форманы бейнелеу заттардың пропорциясын жетілдіре түсу жолындағы жұмыс жыл бойына жүргізіледі. Балалар жұмсақ саз балшықтан мүсін жасаудағы үйренген тәсілдерін бекіте түседі, фигураларды балшық тұғырға және тұғырсыз қоюға машықтанады және заттарды мәнерлеуде қосымша заттар мен детальдардың қозғалысын беретін амал-дағдыларды пайдалану тұсындағы ұмтылыстарын жалғастыра түседі. Тәрбиешінің балаларға өздері мүсіндеген заттарын ангоб (керамикалық бояумен) немесе гуашьпен бояуды ұсынуына болады.
Мектепке даярлық тобындағы балалар қажетті заттарды бейнелеу барысында мүсіндеудің тәсілдерін талғап, таңдап қолдануға қабілетті келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет