ІІ. БАЛАБАҚШАДА МҮСІНДЕУ ІС-ӘРЕКЕТІНЕ БАСШЫЛЫҚ ЖАСАУ ЖӘНЕ ЖҮРГІЗУ 2.1. Жас ерекшелік топтарында мүсіндеудің бейнелеу және техникалық құралдарын меңгеру Мүсіндеудің бейнелеу жене техникалық құралдарын меңгеру кіші топ үшін өте күрделі соғады, мұның өзі тәрбиешілердің мүсіндеуге арналған материалдарды мұқият іріктеуіне үйретудің мазмұны мен тәсілдеріне ұқыпты қарауына мәжбүр етеді.
Балабақшада мүсіндеуге әдетте саз балшық пен ермексаз пайдаланылады. Саз балшық - бейтарап және қолайлы түсі бар жұмыс істеуге бағалы материал. Саз балшық қара қоңыр, ақ немесе жасыл, не көкшіл реңкі бар күлгін бола береді. Мүсіндеуге муфельді пеште күйдіруге болатын, арнайы дайындалған түрлі түсті керамикалық балшықты да пайдалануға болады. Жалпы саз балшықпен жұмыс істеу өте ыңғайлы. Оның үлкен бір бөлегі неше түрлі мүсіндер жасауға негіз болады. Саз балшықты пластмассадан жасалған ыдыста сақтаған жақсы, ал металдан жасалған ыдыста сақтайтын болса, ол тоттанып кетеді. Саз балшықтың жұмыс іетеуге үнемі дайын тұруы үшін оны сызы мол, салқын жерде, ылғал шүберектің астында ұстаған дұрыс.
Әлі кептірілмеген немесе жартылай кептірілген бұйымдарды ересектер немесе мектепке даярлық тобындағы балалар сұйық балшықпен үстемелеп сылай алады, ал сонан соң жақсылап кептіріп муфель пешінде күйдіре алады. Саз балшықты сумен араластыра отырып қаймақтың сұйықтығындай болуын ангоб (керамикалық) бояуы дейміз. Адамдар сонау ежелгі замандардан бері керамикалық бұйымдарды ангоб бояуымен әшекейлеп келеді. Ангоб қазіргі кезде де керамикалық бояу ретінде кеңінен пайдаланылуда.
Ермексаз мүсіндеудің алдында ерекше дайындықты талап ететін серпімді материал. Ол бір түсті немесе түрлі түсті болуы мүмкін. Мұның алғашқысы заттың құрылысын және пішінінің тұтастығын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Ал, түрлі түсті ермек саз жұмысқа әр береді, мәнерлеудің қосымша құралдары болып табылады.
Мүсіндеудің көмекші материалдарына каркастар (қаңқалар) жатады.
Балаларды мүсіндеуге үйреткенде қаңқа ретінде жуандығы мен ұзындығы әр түрлі кәдімгі таяқшаларды пайдалануға болады. Қаңқаның көмегімен фигуралар мықты және серпімді болып келеді.
Қаңқаның тірегіне орындалған саз балшықтан жасалған бұйымдарға сызат түскіш болады, сондықтан олар болар-болмас кебе бастағанда, қаңқаны жайлап алып тастау керек. Ендігі кептірілу қаңқасыз жүзеге асуы керек.
Мүсіндеу процесінде өздері оп-оңай істеп алатын ағаштан немесе темірден, стеканы пайдалана білу қажет. Стекалардың ең қарапайым формасы - таяқшалар, бір жағынан өткірленген үшкір болып келсе, екінші жағы дөңгеленген, сондай-ақ ол ілмек түрінде де, сымнан ілмегі бар таяқшаларда болуы мүмкін.
Мұндай стекалар мүсіндеу барысында қолмен өңдеуге қиындық туатын сәтте ғана пайдаланылады, онымен формадағы артық балшықты қырнауға әр түрлі сызықтар түсіруге көп жәрдемін тигізеді. Балаларды мүсіндеуге табысты үйрету үшін стол үстіне қоюға жарайтын, көлемі шағындау тақтайдың болғаны өте жақсы. Оның көлемі мүсіндеудің көлемімен айқындалады. Егер фигураның мөлшері 15X10 см болса, онда тақтайдың мөлшері 35x22 см болып келуі тиіс. Фигура үлкейтілген сайын, тақтайдың да көлемі үлкен болуы керек. Асылы, тақтайдың ең қолайлы формасы—дөңгелек келген түрі, кейде тақтайлар квадрат болып та келуі мүмкін.
Ересек және мектепке даярлық тобындағылар тақтайдың орнына стол үстіне қойылатын жылжымалы станоктарды да пайдалануына болады, себебі мүсіндеу барысында балалар өз жұмысын ретіне қарай айналдырып алуына мүмкіндік туады. Ересек және мектепке даярлық тобындағы балаларға модельді көрсету үшін айналмалы дискісі бар биік қондырғыны пайдаланған жөн. Бұл тәсіл арқылы затты қолмен көлегейлемей, барлық жағынан анық көрсетуге болады.