Оқу бағдарламасын, алдыңғы сабақтар мен зерттеулерді зерделеу
Егер өз тәжірибесін зерттейтін оқытушылар жаңа ештеңе ойлап таппаса, бірақ жұмыстарын өзінің алдыңғы сабақтарына сүйене отырып, жүргізсе, онда Сабақты зерттеу процесі әлдеқайда тиімді болады. Бұл процесс сабақты зерттеудің отаны Жапонияда "Кьезай кенкю" (Kyouzai kenkyuu) деп аталады, яғни оқыту материалдарын зерттеу. Бұл зерттелетін сабақты жоспарлаудың ажырамас бөліктерінің бірі. Дәстүрлі ғылыми зерттеулерде мұны әдебиетке шолумен салыстыруға болады. Қазіргі уақытта біздің еліміздің және басқа да елдердің оқытушыларының тәжірибесін көрсететін ресурстар жеткілікті. Мысалы, оқытушылар басқа мектеп оқытушыларының зерттеу жұмыстарының
материалдары мен бейне жазбаларын көре алады. Біліктілікті арттыру мекемелерімен бірге мұндай материалдар мектептердің өзінде де жинақталған. Сондай-ақ, сабақты зерттеу тәсілі туралы кітаптарды, әдістемелік құралдарды және зерттеу нәтижелері жарияланған есептерді оқуға болады. Мұндай ресурстар оқытушылар үшін бастапқы нүкте бола алады, оларда көп нәрсені білуге болады. Алайда оларды көшірудің қажеті жоқ. Оқытушылар басқалардың сабақтарына сүйене отырып, оларға еліктеп, өзіндік оқыту стилін қалыптастыруы керек.
Осы кезеңде Зерттеу тобы тәжірибелі адамдармен кеңесіп, сын досының көмегіне жүгіне алады. Бөгде, бағалаушы адамның кері байланысы оқытушыларға өз жұмыстары туралы нақты көзқарастар қалыптастыруға көмектеседі.
Егер Сабақты зерттеу тобы оқушының санасында болатын ойлау процесі туралы немесе сабақта оқушының іс-қимылы мен мінез-құлқы және т.б. туралы қосымша ақпарат қажет деп санаса, мұндай ақпаратты "лас сабақ"арқылы алуға болады. Сабақты зерттеуден бұрын өткізілетін "лас сабақтың" мақсаты қандай? Зерттеу жұмысының барысында тапсырмаларды және қолданылатын әдістерді қалай таңдауға болатындығын анықтауға көмектесетін бастапқы деректерді жинау үшін "лас сабақ" өткізуге болады.
Сабақты бірлесіп жоспарлау
Зерттеу жұмысының жоспарын мүмкіндігінше мұқият және жан-жақты әзірлеу ұсынылады. Жапония тәжірибесінде оқытуға басшылық ету жоспары қолданылады. К. Льюистің айтуынша, оқуға басшылық ету жоспары сабақты өткізуді, қадағалауды және талқылауды бағыттайды және Сабақты зерттеу барысында туындайтын мәселелерді тіркеуге арналған. Күнделікті қолданылатын сабақ жоспарымен салыстырғанда оның функциясы айтарлықтай кең. Оқытуға басшылық ету жоспары кешенді болғандықтан, оны бір-бірінің ішіндегі үш шеңбер ретінде қарастыруға болады: алдымен ішкі шеңберде – Сабақты зерттеу жоспары, оның сыртындағы шеңберде - тарау жоспары, ал барлығын қоршап тұрған сыртқы шеңберде - оқыту жоспары (11-сурет) (Lewis, 2002).