№2 (41) 2015. Ғылыми және әдеби-көркем журнал
МЕНШІК ИЕСІ:
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институты
РЕДАКЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС:
Қалижанов У.
– төраға, бас редактор, филол.ғ.д., ҰҒА
корреспондент мүшесі
Ақыш Н. – бас редактордың бірінші орынбасары, филол.ғ.д.
Ананьева С. – бас редактордың орынбасары, филол.ғ.к., доцент
Ахетов А. – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының аға сарапшысы
Әбдезұлы Қ. – филол.ғ.д., профессор
Әбдіғазиев Б. – филол.ғ.д., профессор
Әзібаева Б. – филол.ғ.д., профессор
Әлібекұлы А. – төрағаның орынбасары, филол. ғ.к., доцент
Елеукенов Ш. – филол.ғ.д., профессор
Ерғалиева Р. – өнертану ғ.д., профессор
Жұмасейітова Г. – өнертану ғ.к., доцент
Күзембай С. – өнертану ғ.д., профессор, ҰҒА корреспондент
мүшесі
Қасқабасов С. – ҚР ҰҒА академигі
Қирабаев С. – ҚР ҰҒА академигі
Мамыраев Б. – филол.ғ.д., профессор
Мұқан А. – өнертану ғ.к., доцент
Мұсағұлова Г. – өнертану ғ.к., доцент
Нұрғали Қ. – филол.ғ.д., профессор
Ісімақова А. – филол.ғ.д., профессор
Сұлтан Е. – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының баспасөз хатшысы
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР!
Қолдарыңызға ұстап отырған – ғылыми-көпшілік және
әдеби-көркем «Керуен» журналының кезекті саны:
– егер де Сіз тәуелсіз еліміздің әдебиеті мен өнері, фоль-
клоры мен рухани өмірі жайында жан-жақты хабардар
болғыңыз келсе;
– егер де Сіз ұлтымыздың жан дүниесінің айнасы болып
табылатын көркем әдебиетіміз жайындағы терең де білікті
зерттеулерді оқығыңыз келсе;
– егер де сіз төл өнеріміздің әр саласынан жазылған
мазмұнды мағлұматтарға, байсалды талдауларға
қаныққыңыз келсе;
– егер де Сіз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрлігіне қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының тыныс-тіршілігінен үнемі құлағдар бо-
лып отырғыңыз келсе;
– егер де Сіз өзіңізді төл әдебиетіміз бен өнеріміздің шы-
найы жанашыры деп санасаңыз;
– бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінгі рухани өміріміздің
тыныс-тіршілігінен жан-жақты хабардар болғыңыз келсе,
онда Сіз...
«Керуен» журналының тұрақты оқырманына айналасыз.
Жазылу индексі: 75278
Жазылу бағасы:
2 айға 4 айға 6 айға 8 айға 10 айға 12 айға
Қала үшін
350
700
1050 1400
1750
2100
Ауыл
үшін
300
600
900
1200
1500
1800
«Керуен» журналына жазылу жыл бойы жүргізіледі.
Журнал
«Қазпошта»
АҚ-ның
жергілікті
бөлімшелерінде жазылуға болады. Оған ешқандай шек
қойылмайды.
3
Әдебиеттану
Б.У.Әзібаева
ХАЛЫҚ САНАСЫНДА ҚАЛЫПТАСҚАН ҚОЗЫ
КӨРПЕШ БЕЙНЕСІН ӨЗГЕРТУГЕ ХАҚЫМЫЗ БАР МА?
Қай заманда, қай халықта болмасын махаббат тақырыбы
фольклордың негізгі дәстүрлі тақырыптарының бірі болған.
Махаббат мәселелерін жырлайтын мотив-сарындар қазақ
халқының «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар», «Ер
Тарғын» т.б. батырлық жырлардың құрамдас бөлігі болса,
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларының
негізгі тақырыбы болып табылады.
Бұл жырлар – сюжеттері ертеде қалыптасып, ғасырлар
бойы ел жадында сақталып, сан ұрпақ дарынды суырып
салма эпикалық ақын-жыраулардың өңдеу-сүрлеуінен өтіп,
көлемді көркем жырға айналып, біздің заманымызға жеткен
ғашықтық эпостың классикалық үлгілері деп мойындалған.
Кезінде Х.Досмұхамедұлы атап көрсеткендей: «Бұл
жырларға жеке бір адамдардың көңіл-күйі, күйініш-сүйініші
арқау болғанымен, сонымен қатар қазақтардың тұрмыс-
тіршілігі де жан-жақты суреттеледі» [1, 259].
М.О.Әуезов ғашықтық жырлардың негізгі параметрлерін
былайша анықтап берген: «Біріншіден, бұл поэмалардың
негізгі тақырыбының халық игілігі үшін күресетін ерлердің
ерлігі туралы жырланатын батырлық эпостан ерекшелігі:
мұнда екі жастың өз бақыты мен бостандығы үшін күресі
мен сол жолдағы қиындық-кедергілері суреттеледі.
Екіншіден, батырлық эпостарда халықтың ішкі тұрмыс-
тіршілігі, рулық қарым-қатынастары шешуші мән иеленбесе
бұл эпостарда керісінше. Қайта тұрмыстық өмір сипаттары
лирикалық поэманың фабулалық құрылымына енеді. Олар-
да мәңгілік махаббат тақырыбы – рулық қоғамда жетекшілік
ететін көшпелі тұрмысқа тән заңдылықтар мен құқықтар
жағдайына тәуелді, сабақтас суреттеледі. Үшіншіден,
батырлық поэмалардан тағы бір елеулі өзгешелігі –
4
Әдебиеттану
кейіпкерлер бейнесі шындыққа жуық бейнеленеді. Егер
батырлық поэмада батыр туған соң бес жасында-ақ ерен
ерлік іс атқаратынын көркемдеу шартты әрі шындықтан
алшақ суреттелсе, тұрмыстық поэмалардағы адамдар өзінің
барлық қасиет-сапаларымен адам боп қалады» [2, 114-115].
2000 жылы 1500 – жылдығы аталып өткен «Қозы Көрпеш
– Баян Сұлу» жырының түп сюжеті өткен ғасырлардағы
отбасы мен қоғамдағы қарым-қатынастарды реттейтін
заңдылықтарға, байырғы замандарда қалыптасқан әдет-
ғұрыптарға негізделеді; екі жастың тағдыры түптеп келген-
де тасжүрек, ант аттаған қыз әкесінің қалауына байланысты
шешіледі.
Ең қызығы, жырда байырғы замандарда қалыптасқан, ата-
бабалардан аманат болып қалған, екеуара антпен бекітілген
ежеқабыл келісімін бұзушы жастар емес, жасы жетпістен
асқан, ант берушілердің бірі – Қарабай. Ал Қозы мен Баян
әкелерінің бір-біріне берген уәде-келісімдерін орындау
үшін аянбай күреседі, сол жолда екеуі де құрбан болады.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы еліміздің барлық
өңірлерінде кеңінен танымал. Ол кезінде Жанақ, Шөже, Ны-
санбай, Найман бала, Сақау ақын, Бейсенбай т.б. көптеген
дарынды эпик жыршыларымыздың репертуарынан берік
орын алған жыр. Жырды біздің заманға жеткізуші эпик
ақындар өздеріне дейінгі ақын, жыршылардан үйренгенін
сақтаумен қатар жыр мәтінін сюжеттік, мотивтік тұрғыда,
жаңа көркемдік сапада жаңғыртып, жырдағы образдарды
түрлендіріп, композициясын ерекшелендіре түскен. Соның
нәтижесінде жырдың көптеген варианттары пайда болды.
Бүгінгі таңда бұл эпостың отыздан астам нұсқалары мен
жазбалары белгілі.
Эпостың көне нұсқалары, орыс тіліндегі аудармала-
ры, жыр туралы көптеген ақпараттық мәліметтер ХІХ
ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарында қағазға
түсе бастады. Бұл туралы маңызды мәліметтерді қазақ
5
Әдебиеттану
фольклортану ғылымының көшбасшылары М.О.Әуезов пен
Ә.Х.Марғұланның еңбектерінен молынан табуға болады.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының бізге дейін жеткен,
баспа бетін көрген, көп оқылып, зерттелген нұсқалары мы-
налар: Т.Дербісәлин жазбасы (1834); Шоқан нұсқасы (1841);
Құсмұрын нұсқасы (бұл да Шоқан жазбасы, 1851); Шөже
нұсқасы (Шоқан жазбасы, 1864); Әбдірахымов жазбасы
(1877); Мейірманов жазбасы (1909); сондай-ақ М.Ж.Көпеев
жазбасы (жылы белгісіз); Ильминский нұсқасы (1860);
Радлов нұсқасы (1870); Потанин нұсқасы (1880); Айтбаев
– Пантусов нұсқасы (1888); М.О.Әуезов жазып алған (1924-
1925) Жанақ нұсқасы.
Эпос мәтіні ең алғаш рет 1870 ж. В.В.Радловтың,
кейін И.Н.Березиннің (1876), Н.И.Ильминскийдің (1878)
жинақтарында т.б. жарық көрді.
ХХ ғасырда эпос көптеген ғылыми-көпшілік, көркемдік
басылымдарда, хрестоматияларда жиі жарияланды, 1959 ж.
алғашқы ғылыми басылымы дайындалып баспа бетін көрді
[3].
2002 ж. эпостың ғылыми-көркемдік басылымында 8
нұсқасы (Астана), 2003 ж. Мәскеуде академиялық басы-
лымы (орыс тіліндегі аудармасымен), 2005 ж. ғылыми-
көпшілік басылымда (Алматы) 5 нұсқасы жарияланды.
2009 ж. жүзтомдық «Бабалар сөзі» фольклорлық Серияның
54, 55 томдарында эпостың 12 нұсқасы қамтылды [4].
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосын зерттеу алғаш
Ш.Ш.Уәлихановтың 1855 жылдары жазылған «Қазақ халық
поэзиясының формалары туралы» еңбегінен басталды.
Еңбекте туындының ел арасында кеңінен танымалдығы,
көнелігі атап көрсетіледі [5, 285].
ХХ ғасырда бұл эпосты С.Сейфуллин, С.Мұқанов,
М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов,
Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Н.Смирнова,
М.Ғұмарова, Р.Бердібаев және т.б. ғалымдар зерттеді. Басқа
6
Әдебиеттану
ғалымдардың еңбегін жоққа шығарғанымыз емес, деген-
мен фольклорымыздың жәдігеріне баланатын шығарманың
іргелі мәселелерін қозғаған М.О.Әуезов пен Ә.Х.Марғұлан
еңбектерінің ғылыми құндылығы мен өзектілігі ерекше
екенін, шынтуайтқа келгенде олар кейінгі зерттеушілерге
бағдар-нұсқау болғанын мойындағанымыз абзал.
Эпостың өте көнелігін алғаш М.О.Әуезов негіздеді; ол
келтірген негіздерге сүйенсек эпостың пайда болған кезеңі
исламға дейінгі дәуірге, яғни Батыс Түркі қағанаты дәуіріне
барып тіреледі [6, 116].
Ә.Х.Марғұлан өз еңбектерінде жыр нұсқаларымен бірге
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесенесін қоса зерттейді.
Сондай-ақ зерттеуші жыр сюжетінде кездесетін және
ондағы кейіпкерлер есімдерімен аталатын топонимикалық
атауларға, Қарабайдың көшіп жүретін қоныстарының V-Х
ғасырлардағы оғыздар мен қыпшақтардың көшіп-қонатын
бағыттарымен сәйкес келетінін алға тартады. Бірнеше
ғылымдарды біріктіре зерттей келіп ол да жырдағы оқиға
исламға дейінгі дәуірде пайда болған деген қорытынды жа-
сайды [7, 285].
ХХІ ғасырдағы соңғы ғылыми зерттеулер негізінен
эпостың 1500 жылдық мерейтойымен және соған орай
жарық көрген мәтіндерімен байланысты. Мысалы
жоғарыда көрсетілген 2002 және 2003 жылдардағы іргелі
басылымдарға көлемді ғылыми мақалалар жазылды (ав-
торлары – З.А.Ахметов, С.А.Қасқабасов, М.Жолдасбеков),
сондай-ақ мерейтойлық конференция аясында, одан тыс та
осы туындыға арналған көптеген материалдар жарық көрді.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосын зерттеген-
де қарастырылатын негізгі мәселелер мыналар: ең көне
ұлттық эпос сюжетінің генезисі мен пайда болған кезеңі;
ондағы этно-әлеуметтік тарих, халықтың көне салты мен
нанымдары; ескерткіштің қалыптасу және дамуының
көпғасырлық тарихын қалпына келтіру; осы тақырыпты
7
Әдебиеттану
жырлау барысындағы шешендік өнер мен тұтастай алғанда
эпикалық дәстүрдің даму жолдары, ақын, жыршылардың
рөлі; образдар жүйесі; орталық қаһармандар бейнесінің
семантикасы мен типологиясы; жауыз Қодар бейнесіндегі
қарама-қайшылықтар мәселесі; вариант пен версиялардың
арақатынасы; сюжет құрамындағы типтік мотивтер, т.б.
Аталған мәселелер эпостың Қазақстан аумағында белгілі
нұсқалары бойынша қарастырылып зерттелуде.
Ал эпостың Қытайдағы қазақтар арасында тараған мәтіні
бізге кейінгі кездерде ғана белгілі болуына байланысты
әзірге зерттеу нысанына алынған жоқ. Бұл жыр алғаш 2002
жылғы жинақта (369-432 бб.), ал 2006 ж. «Бабалар сөзі»
ғылыми серияның 26 томында [8, 9-87] жарияланды.
Жырды ХХ ғасыр басында жырлаған Шығыс
Түркістанның тұрғыны, ақын Дәуіт Отарбайұлы. Дәуіт
нұсқасы арнайы зерттеу нысаны болатыны анық. Ал біз бұл
жерде өзіміз байқаған кейбір тұстарға тоқтала кетпекпіз.
Дәуіт нұсқасында:
І. Жырдың барлық варианттарына тән, тұрақты сарын бо-
лып табылатын біреуі 70-те, екіншісі 80-нен асқан Қарабай
мен Сарыбайдың перзентсіздігінің баяны мен буаз маралды
өлтіру эпизоды түсіп қалған.
ІІ. Шығарма сюжетіне күрделі өзгерістер енгізілген, содан
бір-екі мысал. 1) Қалыңдығын іздеп алыс сапарға шыққан
Қозы Көрпеш қалмақтардың қолына түседі, олардың ханы
Уаңмен тіл табысып достасады.
Қазақтар мен қалмақтар арасында қыз алысып-беріскен
жағдайлар аз болмағаны рас. Алайда қалмақтар екі
ғасырдан астам уақыт елімізге үзіліссіз шабуыл жасағаны
белгілі. Олардың жүргізген басқыншылық соғыстары
қазақ хандығының экономикасы мен тарихи дамуына ора-
сан зор нұқсан келтірді. Бүкіл экономикалық, материалдық
ресурстардың басқыншы жауға қарсы жұмсалуының сал-
дарынан мемлекетіміз әлсіреп кетті, ал халқымыздың
8
Әдебиеттану
фольклорлық санасында қалмақ – ата жауымыз бейнесінде
мықтап орнықты.
2) Қозы Баян ауылына жетеді, екеуі бір-бірін танып,
қуаныш/бақытқа бөленеді. Қозы Баянды алып қашады, Уаң
ханның ауылына келіп түседі. Уаң хан үлкен той жасайды.
3) Бірер жыл өткеннен кейін Қозы жолдастарымен
Баянның ауылына қайынжұртына қонақтап келеді. Сары-
бай той жасайды. Мұны естіген Қодар диуана кейпінде
Сарыбайдың ауылына келіп Қозыны өлтіреді т.б.
ІІІ. Дәуіт нұсқасында Қозы бейнесі басқаша сомда-
лып, Қозы образы жасалымының басқа варианттардан
айырмашылығы айқын көрінеді. Мысалы, барлық вариантта
Қозы Көрпеш алыс жолға қасына серік ертпей жалғыз атта-
нады, барлық бөгет-кедергілерді өзі жеңеді. Қодармен бел-
десуде батырлық ерлігімен қоса оның адамшылық қасиеті
де көрінеді. Көп мәтінде Қозы батыр ретінде көрінеді. Дәуіт
нұсқасында басқаша. Мұнда Қозы қасына он жігіт ертіп
шығады, олардың басшысы (мәтінде: бастығы) – Жандос.
Олар көптеген қиындықтарға тап болады. Сонда «жарты
бас, жарты санды кемпір сурет» болып көрінген зиянкес
құбыжықты да, қырық қасқырды да, көп жолбарысты да
қырған Жандос болады, ал қалмақтармен соғысқанда «Бір
Жандостан басқасы шыдай алмай, бәрі де қашатұғын халге
жетті» делінеді [8, 22]. Демек батырлық танытатын да, ба-
тыр аталатын да – Жандос, Қозы емес.
Қозы Көрпеш қалмақтардың қолына түсіп жағдайын
баяндау барысында ең бірінші кезекте өзінің жетімдігін
тілге тиек етеді: Қозыке төре Уаңға шынын айтты,/ Жа-
сынан жетім қалған мұңын айтты [8, 22]. Ал Уаң Қозыны
аяп, жылулық білдіргенде Қозы Көрпеш «Уаңға бас қояды
түрегеліп, / Ығына ол сілтеген кетер желіп» деп суреттеледі
[8, 23]. Бұл эпизодтар Қозының ата жауына мойынсұнып,
рақым күткенін аңғартады. Яғни Қозы Көрпеш эпикалық
кейіпкерге жат мінез көрсетеді.
9
Әдебиеттану
ІV. Қазақ халқының әдет-ғұрпына жат көріністер орын
тепкен, мысалы Қодардың өлі денесін отқа өртеу.
V. Мәтіннің 863-878 жолдарындағы Баянның Мысжан
есімді жеңгесіне айтқан сөздері эпостың бас қыз кейіпкері
– жібек мінезді, тәрбиелі, көргенді, биік парасат-пайым иесі
ретінде суреттелген Баянға тән емес екені анық.
Нұсқалылық (варианттылық) – фольклор қасиеттерінің
бірі, ол фольклордың табиғатынан, өзіндік ерекшеліктерінен
[спецификасынан] туатын құбылыс.
Фольклор туындысы фольклорлық кеңістікте пайда бо-
лады. Содан кейін орындалады – қабылданады – орындау-
шы / айтушының жадында сақталады – қайта орындалады...
Бұл процес сансыз рет қайталануы мүмкін. Әр орындалу
сайын фольклорлық шығарма бұрынғы, бастапқы күйінде
қайталанбайды, ол қандай да болсын айырым, өзгерістермен
орындалады. Яғни әрбір жаңа орындалу нәтижесінде
фольклорлық шығарманың көшірмесі [копия] емес, оның
варианты пайда болатынына ғылымда көз жеткізілген.
Сол варианттардың, дәлірек айтқанда фольклорлық
шығарманың хатқа түскен нұсқаларының арасындағы ай-
ырмалар негізінде екі түрлі болады.
Бірінші типтегі өзгешеліктер шығарманың мазмұны
мен сюжет, композиция деңгейінде, кейіпкерлерді бей-
нелеп тұлғалауға, басты мотив, эпизодтарға т.б. қатысты
болу мүмкін. Бұлар маңызды, елеулі өзгешеліктер бо-
лып саналады, олар шығарманың тарихи-фольклорлық
трансформацияға ұшырағанынан туындайтыны анық.
Осындай елеулі, фольклорлық шығарманың өміршеңдігіне,
даму тарихына айтарлықтай әсер ететін өзгешеліктермен
қатар мәтіндегі сөз, сөз тіркестерінің синониміне ауысты-
рылу жағдайлары, яғни синонимдік (мағыналас) алмасулар
өте жиі кездеседі.
Жоғарыда Дәуіт нұсқасынан келтірілген мысалдар
бірінші типтегі өзгертулерге жатады. Олар көзделген
10
Әдебиеттану
мақсат нәтижесінде пайда болғаны және семантикалық
трансформацияға бастайтыны анық.
Әлбетте, белгілі сюжетті жырлау барысында жыршы-
ақын оны жөндеп, өңдеп, жаңалықтар (новации) енгізуі
мүмкін. Бірақ олар жырдың концепциясына, сюжеттің
даму логикасына, халықтың діліне сай болу керек. Себебі,
кез келген өзгеріс, жаңалықтың эпикалық дәстүр аясында
жүзеге асырылуы ғана дәстүрдің жаңғыруына жол ашады.
Ал эпостың бас кейіпкері функциясының, оның атқаратын
ролінің өзгеруі, қаһарман образының қалыптасқан канон-
нан өзгеше сомдалуы шығарманың жанрының өзгеруіне
де себеп болуы мүмкін. Жырдың күллі нұсқаларында
Қозы Көрпеш идеалды герой. Ол шын ғашық, уәдеге берік,
жарқын жүзді, өнерлі, адамгершілігі мол, ержүрек батыр.
Ал Дәуіт нұсқасындағы Қозы Көрпештің бейнесі эпостың
басқа барлық нұсқаларына тән Қозы Көрпештің танымал
образынан, жалпы эпикалық дәстүр заңдылықтарынан
ауытқығаны байқалады. Қорыта келгенде Дәуіт нұсқасы
белгілі фольклорлық шығарманың сюжетін пайдалана оты-
рып жазылған авторлық шығарма деп тану дұрысырақ де-
ген ойдамыз. Мәтіннің соңғы тұстарындағы автордың «Ро-
манды жазушы Дәуіт қызай қазағы» дегені де көп нәрсені
аңғартады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы, 1991.
2. Ауэзов М.О. Мысли разных лет. – Алма-Ата, 1961.
3. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу. Ғылыми басылым.
Құрастырған, кіріспе мақала мен түсініктерін жазған
Ы.Дүйсенбаев. – Алматы, 1959.
4. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу. Жинақты құрастырып,
алғы сөзін жазғандар: М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов.
Түсініктерін жазғандар: С.Қасқабасов, И.Нұрахмет. – Аста-
11
на, 2002; Козы Корпеш – Баян Сулу. Кыз Жибек. Казах-
ский романический эпос. Научное издание. Составители:
З.А.Ахметов, М.Г.Гумарова, Б.Г.Ерзакович, С.А.Каскабасов
и Н.С.Смирнова. – Москва, 2003; «Қозы Көрпеш – Баян
сұлу» жырының нұсқалары. Жалпы редакциясын басқарған
С.Садырбаев. – Алматы, 2005; «Бабалар сөзі». 54, 55-
тт.: Ғашықтық жырлар. Томдарды құрастырған, ғылыми
түсініктемелерін жазғандар: Алпысбаева Қ., Қосан С., Тас-
танов Қ. – Астана, 2009.
5. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том
1. – Алма-Ата, 1984.
6. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991.
1925 жылы жазылған еңбек саяси жағдайларға байланысты,
тек 1991 жылы жарық көрді.
7. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985.
8. Бабалар сөзі. 26-том. Ғашықтық дастандар. Том-
ды құрастырып, ғылыми қосымшаларын дайындағандар:
Қосан С., Алпысбаева Қ., Егеубаев О. – Астана, 2006.
Әдебиеттану
12
Әдебиеттану
Г.Піралиева
ЕСМАҒАНБЕТ ЫСМАЙЫЛОВ ЖӘНЕ ЖАМБЫЛТАНУ
(Бір мақаладан туған ой)
Көрнекті әдебиетші ғалым, профессор Есмағамбет
Ысмайыловтың (1911-1966) «Ақындық өмір» (А.: Жазушы,
1965. 144 б.) монографиялық еңбегінде халық поэзиясының
алыбы Жамбыл Жабаевтың ақындық өмірі жан-жақты баянда-
лады. Жамбыл өскен қоғамдық, өнерпаздық ортаның дәстүрі
мен сырлары, революциялық салт-сананың, жаңа мәдениеттің
ақындық талантты қайта тудырып, дамытқан тамаша табиғи
заңдылықтары монографияда дәлелді де қызықты баянда-
лады. Артық мадақ-мақтаусыз, жүйелі зерттеліп жазылған
монографиялық зерттеулер дәл қазіргідей ұлттық құндылық
пен халық шығармашылығына деген өзге және өз ұлтымыздың
тексіздері тарапынан жүргізіліп жатқан мылтықсыз май-
даны кезінде қайта қаралып, көпшілікке ұсынылып жатса
құба-құп. Осындай орта ойлы орашолақ жазылған дүмбілез
дүниелерге ғылыми тұрғыдан тойтарыс беретін зерттеулер-
ге зәрулік өз қажеттілігін тудыруда. Заманымыздың заңғар
жазушысы Мұхтар Әуезовтің Жамбылды әулиедей санап,
шын жүрегімен тәнті болуы тектен-тек болмаса керек-ті. Та-
лантты талант қана танып, түсінетіндігін ескерсек, Мұхтар
Әуезовтің жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығы туралы
бірнеше дүркін ғылыми еңбектер жазып, Абаймен деңгейлес
дүлділ ақындығын дәлелдеген парасатты пікірлері әлгіндей
бір тұлға арқылы тұтас ұлтты тілдеп отырған тексіздерге
тікелей атылған рухани оқ болары хақ. Айталық, бүгіндері
баспасөздерде әртүрлі әңгіме арқауы болып жүрген осындай
өрескел олқылықтың бірі ретінде мына мақалаға мән берсек,
талай келеңсіз жайлар ашылар еді. «Жамбыл – шопан емес,
нағыз ақын» Д.Быковтың бұра тартуының сыры неде?» деген
Ж.Баққондыұлының «Түркістан» газетінің №09, 3 наурыз,
2011 жылдың санында жарияланған мақаласында: « ...28
13
Әдебиеттану
ақпанда бүкіл әлем қазақ халқының ұлы ақыны, ХХ ғасырдың
Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 165 жылдығы аталып,
мәдениетке, әдебиетке қатысы барлар ақын жырларының
мәңгі өлмейтіндігіне куә болып, аруағына бас иді. Ал дәп осы
күні «Известия» газетінде Дмитрий Быковтың «Даешь Гоме-
ра» атты шағын мақаласы жарық көрген. «...Өзін жазушылар
қатарына қосатын әлгі Быков ұлы ақын шығармашылығын
кекетіп-мұқатып, Жамбыл мұраларына жөнсіз тіл тигізеді.
Тіпті ақынның әйгілі «Бесік жырын» мазақ етуге дейін ба-
руы арқылы жалпы қазақтың ұлттық намысына тиіп отыр.
Ол Жамбылды жетпістен асқан қойшы еді деп тіл безеп
баққан. Әсілі, бұл – жазушы Дмитрий Быковтың әбден шек-
тен шыққандығы, нағыз көргенсіздігі деуге болады. Өйткені,
қойшы болу немесе көлік айдаушы болу күнделікті кәсіп
қана, ал нағыз Ақын болу – Жаратушының ісі», – дейді
мақала авторы. Шынында да бүкіл әлем танитын ұлы ақын
Жамбыл Жабаевтың кім екендігін оның шығармасын оқып
ой түймеген, оның рухани жаныңды тазартатын өлеңдерінің
шырынын татпаған Д.Быков қайдан білсін? Шовинист Быков
секілді «... дүмше жазушыдан дүмбілез сөз туады да» деуден
басқа біздің де сөзіміз жоқ. Олай болса, шын мәніндегі дара
тұлғамыз, дана ақынымыз, жыр алыбы Жамбылды танығысы
келетін жұрт ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың «Ақындық
өмір» атты монографиялық зерттеуіне зер салғаны жөн.
Сонда ғана жыр алыбы атанған атақты ақынның талант-
тын ғана емес, өнегелі өмірі мен жалпы адам баласының
бақытты тіршілігі үшін ақыл-ойын, күш-қуатын жұмсаған
үлкен жүректі жан екендігіне көз жеткізер еді. Өзгені былай
қойғанда Жамбыл Жабаевтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі
жалынды жырлары мен өткір сезімді өлеңдері Кеңес
Армиясының зеңбірек, пулеметтерінің жауға қарсы атылған
әрбір оғынан да артық бағаланғанын білмейтін жұрт, бар
ма, сірә? Ол туралы сол соғыстың куәгері, Ленинградтың
белгілі ақыны А.А.Прокофьев айтқан сөзіне құлақ салайық:
14
Әдебиеттану
«...Халықтың рухын көтеруде ерекше күш көрінген бұл
жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып
тұрды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат бо-
лып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен
жастары сорғалаған талай адамдарды көрдім. Немістердің
самолеттері төбеде ұшып бомба тастап жүргенде, бомба убе-
жищеге тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған
газетті сатып алуға көшеде очередте тұрған адамдарды талай
көрдім... Жамбылдың өлеңі Ленинградты қорғаушы халқы
оның жауынгерлерін жігерлендіруге өте зор қызмет атқарды»
(114 б.). Осы өлеңін оқып жігерленген, соғыс кезінде май-
даннан Жамбылға жіберілген есепсіз хаттардың өзі бірнеше
папка болып қазіргі ақынның әдебиет мұражайында
сақтаулы. Көзге жас, жүрекке – от, жаныңа жігер беретін бұл
арнаудың ел еңсесі мен ұлттың рухын көтеріп, отаншылдық
сезімін оятудағы орасан зор ықпалын бүкіл әлем танып,
мойындады емес пе? Оның отты жырларын халық қалай
ұмытсын! Сондықтан да болар, ұлы ақынға деген халық
сүйіспеншілігінде шек болмады. Осы орайда халық баты-
ры, әскери маман Бауыржан Момышұлының бағасына мән
бермеске болмас: «...соғыс тақырыбы – ең қасиетті, ең ұлы
тақырып. Соған біздің «мен классикпін» деп кеуде керіп, өз
буына өзі мас боп жүрген ақынсымақтар үн қоса алмады.
Бұл нағыз бейшаралық! Керісінше «сауатсыз» қарттарымыз
Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин үн қосты. Жәкең
«Ленинградтық өрендерім» атты тамаша өлеңі арқылы бүкіл
адамзатқа ақсақалдық ой айтты...». («Мен – Қазақпын» деп
таңба салған ақын» деген М.Қалдыбай. «Түркістан» газеті.
№35.1.09.2011). Оның тағы бір дәлелі – өзі оқып, сауат ашпа-
са да «кеудесі ертегі, дастандарға ұя ақынның» (С.Мұқанов)
1936 жылдың май айында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің де-
кадасына барған сапа- ры. Бұл жөнінде 90 жастағы Жамбыл
ақынды алып барған ақын Әбділда Тәжібаев «Социалистік
Қазақстан» газетінің 06.07.1946 жылғы №134 санындағы
15
Әдебиеттану
«Ақынның соңғы дәуірі» атты мақаласында былай деп жа-
зады: «...Қарсы алушылардың қолдарында гүлмен қабат
Жамбылдың «Туған елім» деген дастаны мен суреті
басылған «Правда» газетінің соңғы саны бар еді. «Правда»
газетінен ақынның орыс тілінде алғашқы шыққан өлеңін
оқып танысқан халық вагоннан шығып келе жатқан Жам-
былды көріп, оны көтеріп әкетті. Жамбылдың аты жиналған
топтың аузынан түспеді. Осы жүрісте машиналар жүріп
келе жатқан емес, – сан миллион халқы бар Москва үлкен
қуанышпен Жамбылдың алдына жүгіріп келе жатқан сияқты
еді. Барлық халықтың екі көзі Жамбылда, бәрінің де қолдары
Жамбылды құттықтап созылған еді. – Бұлар мені қайдан
біледі, – деп сұрады Жәкең күлімсіреп. ...». Сол сапарында
халықтық шығармашылықты дамытудағы айрықша еңбегі
жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденін М.И.Калининнің
қолынан алған еді. Бұл да ұлы жыраудың таланты мен
ақындық шеберлігіне берілген баға болатын. Егер Жамбыл
ұлы ақын болмаса Мұхтар Әуезовтей дарынды тұлғамыз оны
танып, мойындар ма еді?!
Ұлы суреткер, ғұлама ғалым М.Әуезовтің алғашқы
мақаласы «Әдебиет майданы» журналының 1938 жылғы №5
санында «Ардақты Жәке!» деген атпен жарияланып, ұлттық
әдебиеттануымыздағы жамбылтанудың іргесін өз қолымен
қалап берер ме еді?! 1948 жылы 6 томдық «Қазақ әдебиеті
тарихының» 1 томы, фольклор жарыққа шыққанда академик
ғалым М.Әуезов тағы да Жамбылдың ақындық шеберлігі
мен талантына тәнті болып, «Айтыс өлеңдері» деген зерт-
теу мақаласында жоғары баға берген болатын. 1946 жылы
Жамбылдың 100 жылдық мерей тойы дүние жүзі көлемінде
салтанатты түрде аталып өткенде де М.Әуезов «Жамбылдың
айтыстағы өнері» деген тақырыпта ғылыми баяндама жа-
сауы да тегін болмаса керек-ті. Сол кезеңдегі Жазушылар
одағының төрағасы, классик жазушы Сәбит Мұқановтың
1946 жылы жарияланған Жамбыл шығармаларының толық
16
Әдебиеттану
жинағының жалпы редакциясын басқарып, алғы сөз жа-
зуы және одан өзге де қазақ және орыс тілдерінде 15-тен
аса ғылыми мақалалар жазуы да Жамбылдың тұтас бір
дәуірдің көркемдік құбылысын танытқан дара тұлға деп та-
нуынан екендігі айқын. Классик жазушымыз, сөздің зергері,
аса талғампаз, сөз мәйегін таппаса ешкімді де менсіне
қоймайтын көркем, талғамы жоғары таланты тұлға Ғабит
Мүсіреповтің өзі «Алып ақын атамыз» (Мүсірепов Ғ. 5
томдық шығармалар жинағы, 4-том, А. 1975), «Феномен-
Феникс» («Қазақ әдебиеті», 1971, 22 қазан) деп мойындап,
мақала жазуы да ерекше есте ұстарлық тағылымды дүние.
Әлгі Д.Быков сынды бәтшағарларға жыр алыбы Жам-
был жайлы орыс оқымыстыларының да көптеген ғылыми
мақалалар мен монографиялық зерттеулер жазғанын, атап
айтсақ К.Зелинский, К.Алтайский, З.Кедрина, П.Кузнецов,
М.И.Ритман-Фетисов, М.Сильченко, Н.Смирнова, Н.Тихонов,
М.Шолоховтардың мағына-мәні мол мәдениетті мақалалары
мен ірі зерттеу еңбектерін тарихи әрі әдеби дерек ретінде
ұсынғанымыз жөн шығар. Бүгінгі мемлекет қайраткері,
көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің «Жамбыл және
оның ақындық мектебі» деген тақырыпта жазған докторлық
диссертациясы мен «Жүз жасаған жүрек» (1993), «Асыл
сөздің атасы» (1996) атты көптеген ғылыми зерттеулері
ше? Егерде ақынның талант қуаты мен шығармаларының
көркемдік әлемі көтермесе ондай іргелі зерттеулер жазыл-
масы ақиқат еді ғой. Ал, Жамбылдың шығармашылығын
өмірінің ең өзекті тақырыбы етіп алған белгілі ғалым, фоль-
клортанушы Сұлтанғали Садырбаевтың 1982, 1996 жыл-
дары ақынның академиялық толық жинақтарын шығарып,
ғылыми түсініктемелер жазуы мен тұрақты канондық тек-
стологиясын жасауы, «Фольклор және Жамбыл» (1996) мо-
нографиясы, «Библиографиялық көрсеткіші» (жалпы редак-
циясын басқарған С.Садырбаев), Н.Төреқұловтың «Жамбыл
және Кенен» (1978), «Жүз жасаған бәйтерек» (1982), «Алатау
17
Әдебиеттану
асқарынан жыр асырған (1996) еңбектерін атап өтпеске тағы
болмайды. Жалпы Жамбыл шығармашылығы туралы мақала,
зерттеу жазбаған қазақ қаламгерлері қалмаған десек те бола-
ды. Оның дәлелі – М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев,
М.Қаратаев,
М.Базарбаев,
С.Қирабаев,
З.Ахметов,
М.Н.Сауранбаев, Ш.Сәтбаева, Ә.Нұрпейісов, С.Бегалин,
Т.Жароков,
Ғ.Орманов,
Б.Уахатов,
М.Хакімжанова,
Р.Сыздықова, О.Нұрмағамбетова, М.Хамраев, С.Қасқабасов,
К.Сейдеханов, С.Негімовтердің зерттеулері. Ал, негізгі
жамбылтанушы ғалым болып есептелетін Есмағамбет
Ысмайыловтың «Ақындар» (1956) деген көлемді моно-
графиясында, «Ақын, жыршы, жыраулар» (1949), «Со-
вет фольклорының даму жолдары» деген еңбектерінде
Жамбылдың ақындық, жыршылық, жыраулық өнерлері бір-
бірімен байланыстырыла қарастырылған. («Қазақ әдебиеті»
энциклопедиялық анықтамалық. «Аруна», 2005,-576 б.202-
203 бб). Олай болса, осынау әмбебаптық мәлімет әлгіндей
тексіздерге тегеурінді жауап болмақ. Шынында да әр ақын
өз заманының перзенті болғандықтан да сол кезеңнің жыр-
шысы да болары хақ. Жамбылдың негізгі тақырыбы өзі
өмір сүрген кезеңнің шындығы, яғни коммунистік партия
мен Кеңес үкіметінің халыққа жасаған жақсылықтары мен
жаңалықтары болды.
Өйткені, ақын өзі өмір сүрген қоғамға сенді, сол себепті
де ол қоғамды мадақ ету оның ақындық миссиясына енді.
Жамбыл өз ұлтының ұлы ретінде өз халқының ар-ұяты, үні,
көзі мен құлағы, намысы бола білді. Сондықтан да кешегі
кеңестік кезеңдегі жақсылықтарды бір сөзбен сызып тастауға
болмайды. Тарих – әділеттілікті сүйеді. Кеңес үкіметінің
қазақ халқына алып келген жаңалықтарын жырлау – ақынның
дүниені көркем тануының нәтижесі-тін. Қазақстан үкіметі
тарапынан ақынның шығармашылығының ойдағыдай даму-
ына барлық жағдай мен қамқорлық жасалған еді. Ақынның
өзі туған Ұзынағаш ауданының «Жамбыл» колхозынан үй
18
Әдебиеттану
салынып, жанына оның әрбір сөзін жазып алып отыратын
әдеби хатшылар белгіленді. (Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр
Жароков, Ғали Орманов, тұрақты жауапты хатшылары бол-
са, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Қапан Сатыбалдин
сынды сөз зергерлері Жамбылдың кейбір жырларын жазып
алуға белсене атсалысты. Ал, орыс ақыны Павел Кузнецов
Ж.Жабаевтың жырларын үнемі аударып, жариялап отырды.
Міне, осындай құрмет пен халық сүйіспеншілігіне бөленген
ақынды қалай «шопан» деуге болады? Ал, ақынның қазақтың
халық шығармашылығын дамытуға, оның көркемдік
құндылықтарын арттыруға сіңірген еңбегін де ерекше атап
өтуге болады. Жамбылдың ақындық даңқын асырып, бүкіл
қазаққа мәшһүр еткен Құлмамбетпен айтысы, «Сұраншы
батыр», «Өтеген батыр», «Хан мен ақын» атты эпостық
жырларды халыққа жеткізіп, ұлттың рухани ұйытқысына
айналғаны да ақиқат. Ол жөніндегі толық мәлімет, ғылыми
тұжырымдарды ақын өмірі мен шығармашылығы жөнінде
алғашқылардың бірі ретінде зерттеу жазып, жамбылта-
ну саласының негізін қалаған көрнекті ғалым Есмағамбет
Ысмайловтың «Ақындық өмір» атты еңбегінен алуға болады.
Сондықтан біріншіден, ұлттық әдебиеттану ғылымындағы
жамбылтану саласының қалыптасып, дамуына зор үлес
қосқан ғалым Е.Ысмайыловтың ғылыми ғұмырбаянына
шолу жасай кетсек артық болмас еді. Қазақ әдебиетіндегі
жамбылтану атты іргелі саланың негізін қалаған ғұлама
ғалымның есімі әдебиет әлемінде «Тұлпар жыры»
(1933), «Жігер» (1934), «Жаз еркесі» (1936) секілді жыр
жинақтарымен танылды. 1939 жылдан бастап өмірінің
соңына дейін осы сөз өнерінің сан саласында табанды еңбек
еткен ол КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалындағы
Жамбыл атындағы әдебиет және халық шығармашылығы
секторының аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі
қызметін атқара жүріп, 1943 жылы «ХХ ғасыр басындағы
қазақтың демократиялық әдебиеті» деген тақырыпта филоло-
19
Әдебиеттану
гия ғылымдарының кандидаты атанып, 1957 жылы «Қазіргі
ақындардың шығармашылығындағы ұлттық дәстүр» де-
ген тақырыпта («Ақындар» монографиясының негізінде)
докторлық диссертация қорғады. Ұлы жазушы Мұхтар
Әуезовтің сүйікті шәкірті болған Есмағамбет Ысмайылов
1961 жылы ұстазының есімін иеленген М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының (Тіл және әдебиет инсти-
тутынан бөлінген) қалыптасып, дамып, өркендеуіне бүкіл са-
налы ғұмырын арнады. Оның нағыз шығармашылықпен ай-
налысатын алтын уақыты – жастық ғұмыры (25 жыл) Кеңес
үкіметінің солақай саясатының салдарынан көп жылдары
түрмеде өтеді. Дегенмен, әдебиетке деген өлшеусіз махаббат
оны «әдебиетіміздің еңбек торысы» атандырады. Қазақ КСР
Ғылым академиясының корреспондент – мүшесі «(1958),
Қазақ КСР-інің ғылымға еңбек сіңірген қайраткері» (1961),
КСРО Жазушылар одағының мүшесі (1934) атанған ғалым
«Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен ма-
рапатталады.
Әдебиеттану ғылымының негізгі үш саласы - әдебиет
тарихы, теориясы, сыны бойынша табанды еңбек еткен ол
қазақтың батырлық және тарихи жырларды (1939 жылы
«Батырлар жыры туралы» деген зерттеу жазды) да арнайы
және табанды зерттеді. Және өзінің жанына жақын өмірлік
тақырыбы етіп алған жамбылтануды да жүйелі жазып жүрді.
ХХ ғасырдағы жыраулардың соңғы мектебі болған Жам-
был Жабаев бастаған халық ақындарының шығармашылығын,
олардың бұрынғы фольклорлық, ақындық дәстүрлермен
байланысы мен жаңашылдығын зерттеуші Е.Ысмайылов
әдебиет теориясы тұрғысынан талдап, әр жанрдың өзіндік
ерекшеліктерін қарастырды. Оның іргелі зерттеу еңбегі
«Ақындар» атты монографиясында Жамбыл, Нұрпейіс, Иса
сияқты ірі өнер иелерінің суырып салма ақындық өнерінің
ғылыми тұжырымдары мен кәсіби шеберліктерінің құпия
сырларын ашып, бір жүйеге келтіріп, ұлттық әдебиеттану
20
Әдебиеттану
ғылымындағы орнын анықтады. Сондай-ақ әнші ақындар
– Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан серілердің т.б. сазгерлік,
әншілік, ақындық шығармашылық ерекшеліктеріне ынта
танытқан бірнеше мақалалары жарияланып, көпшілік наза-
рын аударған-ды. Ал, 1940 жылы жарыққа шыққан «Әдебиет
теориясының мәселелері» атты жоғары оқу орындарына
арналған оқулығы әлі де студенттер сұранысына ие.
Ал, «Ақындық өмір» (А.: Жазушы, 1965. – 144 б.)
атты зерттеуі жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірі мен
шығармашылығы жөніндегі іргелі әрі ғылыми ортада жоғары
бағаланған құнды еңбек.
Ғылыми тұрғыдан тыңғылықты зерттелген бұл
еңбек 1965 жылы жазылғанымен ақын өміріне, оның
шығармашылығының зерттелуіне байланысты ғылыми
мәліметтер молынан қамтылған бүгінде қажеттілік тудырып
отырған зерттеу. Мәселен, «Ақынның өмірі туралы деректер»
атты алғашқы мақалада, қазақ әдебиеттану ғылымындағы
жамбылтану саласы жөнінде айтылады: «Жамбыл туралы
баспасөз бетінде тұңғыш рет мәлімет жазған қарт мұғалім
Сарыбаев Шамғали жолдас. («Терме» әдебиеті жинағы. Таш-
кент. 1925 ж. 55 бет). Бұл мақаласында Шамғали Жамбылдың
және оның айналасындағы Жетісу ақындарының қандай жыр
айтатынын, не білетіні жөнінде қысқаша мәлімет береді.
1931-1932 жылдары Сәкен Сейфуллин өзінің кітаптарында
(«Қазақ әдебиетінің нұсқалары». 1931 ж. «Қазақ әдебиеті»,
1932 ж.) Жамбылдың ірі ақын екенін айтады. Құлмағамбетпен
айтысын жариялайды. Осы кезден бастап Жамбылдың аты
түрлі жинақ, газет мақалаларында аталып отырғанымен дәл
өмірі жөнінде тиянақты мәлімет берілмейді», – дей келе,
осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өз еңбегінің
жазылғандығы жөнінде сөз қозғайды. 1938 жылы ақынның 75
жылдығына сәйкес арнаулы қаулы қабылданып, ССР Ғылым
академиясының Қазақ филиалы тарапынан Жамбылдың
өмірі мен шығармасын зерттеу туралы нақты шаралар
21
Әдебиеттану
белгіленгені, ақынның Академиялық жинағын шығару,
өмірбаянын нақтылап жазу жұмыстары қолға алынғанын
айтады. Соның нәтижесінде 1939-1958 жылдары Жамбыл
шығармаларының толық академиялық және таңдамалы
жинақтары әлденеше рет жарыққа шығады. Осы орайда ора-
сан зор ұйымдастырушылық, жинастырушылық, жүйелеу,
бұрынғы нұсқаларды қайта өңдеп, ел аузындағы жырларды
жариялау жұмыстарын жүргізу және ақын хатшылары Тай-
ыр Жараков, Ғали Орманов, Сапарғали Бегалин, Қалмақан
Исаевтардың шығармашылық жұмыстары жөнінде кеңінен
әңгімеленеді.
Ал, «Туған елдің ортасында», «Ақындық жолдағы адым-
дар», «Үміт», «Арман дүниесінде», «Бақыт таңын қуанышпен
қарсы алу», «Қанаттану», «Ақындық өрлеу жылдары», «Со-
вет заманының ұлы жыршысы», «Жауынгер ақын» атты та-
раушаларда бұрынғы советтік кезеңнің көркемдік талаптары
байқалғанымен зерттеуші мүмкіндігінше шығарманы тек
көркемдік категория талабынан қарап, оның кәсіби деңгейі
мен шеберлік қасиеттері алдыңғы сапта қарастырылған.
«Әлемде бір жұлдыз бар» деген толғауындағы: - ...Аспан
нұрсыз, жер үнсіз,
Қара бұлтқа ай батты,
Көріксіз жаз құлан саз,
Суы құрып сай капты,
Судырамай құрағы,
Сарқырамай бұлағы,
Қарт бурадай түнеріп,
Тілсіз бейне бір өлік –
Жым-жырт шөгіп тау жатты.
Күңіренген ел үніндей,
– Жамбыл күйін аңыратты, – деп жырлаған
Жамбылдың ел өмірінің ауыр жағдайын бейнелеудегі өзіндік
шығармашылық болмыс-бітімін табиғи қалпында бағалайды.
Жыраудың ақындық қуатына тәнті болып, халықтың рухани
22
Әдебиеттану
қазынасын келешек ұрпаққа сол саф алтындай таза қалпында
жеткізуді мұрат тұтқан талабын құптайды. Өзі оқымаған са-
уатсыз болса да дала данышпандарының ертегі, дастанда-
рынан дәріс алып, көкейіне құйып, өзінің көмекейінен қайта
жыр етіп ұшырған ұшқыр қиялды, аса қабілетті, табиғи та-
ланты биік жанның әрбір сөйлеміндегі сұлу сөздер, бейнелі
ойлар, тосын да тапқыр теңеулер, ешкімге ұқсамайтын оқыс
ұйқастар зерттеушіге шабыт береді. «Жасымды жаңғыртып,
жанымды сергітер өлеңім ғой» деп өлеңді өміріне серік ет-
кен қарт ақынның: «Жамбылдың жыр төгілген тілін байлап,
Үніне туған елін сағындырған...», – деп жырлағанындай
Кеңес үкіметі келгенге дейінгі өміріне өкініш білдіріп, өз ау-
ылынан ұзамағанын, бай-ұлықтардың оның талантын тежеп,
тілін байлап, өнерін өсірмей отырғанын жырға қосады. Ұлы
Қазан төңкерісінің жеңіске жетіп, халық теңдігі орнағанда
ғана ақынның шығармашылық өмірінде оң өзгерістер бо-
лып, шабыты шарықтайды. Бұл турасында автор: «...Ол
Коммунистік партияның басшылығымен орнаған совет
заңының әділдігіне әбден көзі жетеді. Енді өмірді жаңаша
терең ұғынып жырлауға кіріседі», – деп ақынның өмірлік
және шығармашылық ұстанымын айқындап береді /51 б./.
Ақын жүрегін шалқытып, жаңа өмірге шын ынтасы-
мен беріліп, сұлу сезімдермен суреттеген Жамбылдың об-
разды ойлары мен терең толғаулары ұлттық сөз өнерінде
өзіндік өрнегі мен көркемдік әлемін танытты. 1927 жылы
жырланған «Замана ағымы» дастанындағы: «Замана жайы
терең сыр, Замана жайы бітпес жыр», – дегендей ақынның
бір ғасырдан аса ғұмырындағы айтып өткен арманы да осы
екі дүниедегі көргендері мен білгендері, яғни өз заманының
көркем шежіресі болды.
«Ақындық жолдағы адымдар» деген тарауда: «Өлең мен
сөзді ДОС қылып, Құрамын ақын санатын...», – деп бата
сұраған бала жасынан бастап, кейінгі ересек болып, ел ара-
лап, ақындармен айтысқан кездеріне дейінгі ақындық да-
23
Әдебиеттану
рыны мен шеберлігінің даму өрісіне ой жібереді. Осы ретте
зерттеуші: «Сүйімбайдың бүкіл Жетісу ақындарына әсіресе
өзінің ең жақсы талантты, келешегінен зор үміт күткен
Жамбылға берген ақындық, ұстаздық жолында екі үлкен
ерекшелік бар: Бірі айтыста болсын, жеңіл жырларда болсын,
сықақ өлеңдерде болсын шындықты жеткізіп, өткір шешен,
тапқыр тілмен тыңдаушыны құшырландырып айту. Екінші
– тарихи батырларды үнемі желілі жырға айналдырып жыр-
лап айту», – деп ақынның шеберлік сырын, шығармашылық
ерекшелігін ашып береді /22-23 бб./. Кейін өзі де жыр тұлпары
атанса да: «Менің пірім Сүйімбай, Сөз сөйлемен сыйынбай!»
– деп ұстазының ұлылығын ұлықтап кеткен Жамбыл Түбек,
Жанақ, Бақтыбай, Досмағамбет, Шөже, Шашубай, Балуан
Шолақ, Майкөт, Майлықожа, Құлмамбет, Қасқарау Сары-
бас, Әміре, қырғыз ақыны Қалмырза, Оразалы, Айкүміс,
Сайқал қыз ақындармен айтысып, ақындық өнерін өсіріп
отырды. «Жамбылдың айтыстары, ол айтысты дамытып айту
өнері ақынның идеялық, творчестволықжолдағы өсуінің
жаңа бір кезеңі, көлемді эпостық жыр жасаудың алғашқы
адымы болып саналады», –деп баға береді, ғалым /40 б./.
«Үміт, арман дүниесінде» деген тарауында Жамбылдың да-
рынды ақын болумен қатар, керемет күйші екендігін, жас
кезінің өзінде 20-дан аса күй, атап айтқанда «Батыр қалша»,
«Бозінген», «Кертолғау», «Терісқақпай» «Асанқайғы»,
«Сыр мерген», «Қырғыз Мұратәлінің күйі», «Өзбек күйі»,
«Көрұғлы», «Ыңғай тоқ», «Ұран» күйлерді өлең жазарда ша-
быт шақырып, ойлануға мүмкіндік беретін мезетте тартаты-
ны жөнінде айтылады. Ал, «Ақындық өрлеу жылдары» деген
тарауда Жамбылдың өз сауатын енді радиоқабылдағышта
берілетін жаңалықтарды жүрегімен тыңдап, жанына тоқу
арқылы ой-өрісін кеңейтсе, енді бірде қасындағы әдеби
хатшыларына газет-журналдарды оқытып, хабардар бо-
луы арқылы дамытқаны жөнінде айтылады. Бүгіндері
Жамбылды «саясаттың қолшоқпары болды» деп жабылып
24
Әдебиеттану
сынап жүрген білгіштер оның саяси сауатының ашылуы-
на ықпал еткен заманы кінәлі екендігін ескере бермейді.
Жамбыл саясаттың мың қырлы астарларын білуге сауа-
ты да мүмкіндігі де болмады. Кеңестік кезеңнің тек жақсы
жақтарын жеткізіп отырғандардың айтуы бойынша ойына
сіңіріп, солай қабылдап, солай жазды. Ол үшін ақынды емес,
заманды сол кезеңнің саясатын кінәлау керек. Ақын бар ын-
та-шынтасымен үкіметке сенді, (мұнда жалғыз ақын емес,
бүкіл ел солай сенді), соның жақсылығын, елдің теңдігін
жырлады. Бұл жерде саясаттың сойылы емес, ақынның жеке
талантты тұлға ретіндегі қазақ әдебиетіне әкелген көркемдік
құндылығы тұрғысынан бағалануы тиіс. Сол саясатшыл
жырлардың өзінен-ақ ақынның шығармашылық шеберлігі,
ақындық қуаты, көркемдік болмысы байқалып отырды.
Қазақ оқырмандарына керегі де осы. Қалғанын тарих өзі
орын-орындарына қояды. Қалай десек те жыр алыбы атанған
атақты Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы, халықтың
ұлттық рухын көтерудегі ерен еңбегі мен ерлігі мәңгі ел
есінде екендігін ұмытпағанымыз абзал. Екі ғасырдың
көркем шежіресін жасап, қазақтың сөз өнерін құнарлы сөздік
қорымен дамытып, көркейте білген Жамбылдың мол әдеби
мұрасы мәңгілік ақындық, жыраулық, жыршылық өнердің
өлмес мектебі болып қала бермек. Соның өзінде өзінің бала
жасында сауатын ашып, кітап оқи білмегеніне өкінетін ақын
кеңесшілеріне: «Мен білімсіз қараңғы адаммын ғой оқыған
сендермен тең түсе алмаймын, мені алдандырмай өлеңіме
әділ сын айт! Халыққа жақсы өлең, адал ой керек», – деп
ескертіп отырады екен /72 б./. Тайыр Жароковтың Жамбыл
жайлы естелігіндегі осы сөздердің өзі көп нәрседен хабар
береді. Шабыты келмей жыр толғамайтын талантты тұлға не
жазса да жүрегін қозғап, сезімін шалқытқан жайларға ғана
сөз шығындаған.
Және жазба ақындар мен орыс ақындарының
шығармаларын оқып, шеберліктеріне тәнті болып, олардан
25
Әдебиеттану
үйренуге талпынып отырған.
Әрбір жаңа өлең толғауында тақырыпты да, ойды да,
өмір шындығын бейнелеуді жаңартып, тереңдетіп отыруға
тырысқан. 1936 жылы өзі де осылай өсіп, өркенін кеңге
жайған ақын 2 ірі дастан, 13 ұзақ лирикалы толғау жыр жа-
зумен қатар, «...жалықпай ізденіп, замандасы Сүлеймен
Сталскийді, Абайды оқытып, жазба поэзия өнерін терең
ұғынуға ұмтылған. Сол сияқты Пушкинді, Лермонтовты,
Горькийді, Тарас Шевченконы, Шота Руставелиді аударма-
сынан оқытып тыңдап, өзіне замандас ақындарына қатты бір
сынмен қарағандай, өзін жаңа заманға лайықты жаңа ойлы
ақын санағандай өзінің әрбір өлеңін салмақты мағынамен,
барынша тапқыр оймен, шебер тілмен беруге, тырысады» /73
б./. Және: «Пушкинді Абайдың және өзінің қатшы ақындары
Тайыр мен Ғалидың аудармаларынан тыңдап отырып: «Мына
сөздер теңіздің терең түбінен тауып алған шамшырақ та-
стай мәңгі жанып тұрады ғой», – деп, әр сөзіне сүйсініп баға
беріп: «мұнымен Абай ғана тілдесті-ау, бізден жоғары тұр-
ау дейді», – деген сөздері өлең сөздің үлкен өнер екендігін,
оның құрылысы мен өлшемдері, көркемдік әлемі жөнінде де
өзіндік пікірі бар ойшылдығынан хабар береді.
Орыстың ұлы ақынының талантына тәнті болып, тағзым
ете бағалай білгендігі көрінеді. Зерттеуші әлгі ақындардан
алған әсерін сол мезетте шығарған жыры: «Орыстың
өлеңінің ақын көркі, Алмастай мың құбылған меруерті,
Дүниеге асыл сөзден төктің маржан, Жарқырап тар заман-
да шықтың еркін», – деп Пушкиннің ақындық құдіретін
қалай дәріптегеніне ғылыми теориялық тұрғыдан талдау
жасайды /74 б./. Жамбылдың шығармашылығындағы тың
тақырып-табиғаттың бейнеленуі де осы Пушкин, Лермон-
тов, Абайдағы табиғат көріністері мен уақыт мезгілдері
туралы жырларынан кейін қосылғандығын және олардың
өте шебер меңгерілгенін «Егіс жыры», «Қайта жасар-
дым», «Май», «Алатау», «Қымыз» өлеңдерінен алынған
26
Әдебиеттану
нақты көркем мәтіндермен дәлелдеп, ғылыми пікірлермен
дәйектейді:«Дариядай тулап аққан сол таулардың, Көресің
тамашасын аққан судың, Қарлы тау басы биік мұнар кет-
пес, Сырласып бұлттармен болған кетпес» /76 б./. Жыл бой-
ына өнімді еңбек етіп, қарттығына қарамай қарқынды жыр
жазған ақын сол жылдары «Өтеген батыр» дастанын жыр-
лап, қағазға түсіріп, Чапаев, Аманкелді туралы күрделі эпи-
калы жырлар шығарады. Сол толассыз шабытты сыйлаған
заманына риза болған ақын былай жырлайды: «Бұл Жамбыл
көрген бұрын талау, тараң, Кез болды енді оған алтын заман,
Кең жатқан байтақ ұлан шежіремін, Тарихтың домбырасын
қолға алам, Қатардан шал болсам да қалғаным жоқ, Досқа –
күй, дұшпаныма – өлеңім оқ, Жиырма бес маған тағы қайтып
келді, Сәлемін алтын күннен айтып келді, Қалайша жыр
төкпессің, ән соқпассың, Шаттықтан нөсер төккен дәуірде
енді!», – деп өз заманының жыршысы болғанын мақтаныш
санайды /85 б./.
«Менің өмірім» (1921) деген аяқталмай қалған поэма-
сы да осы ойды жалғастырады. Зерттеуші ақыннан кеткен
ағаттықтарды да аңғарып, ақау ретінде атап өтеді: «Жам-
был поэзиясындағы нақты адам, халық образын жырлау
мәселесін сөз еткенде оның күшті, әлсіз жақтары бірдей
көзге түседі. Халықтың, коммунистік партияның алғыр,
жеңімпаз тұлғасын, советтік патриотизмді терең тебірене
жырлаған ақын осы дәуірдегі жеке адамға табынудан туған
сарындарға да бой ұрды. Социализм жеңістерінің кілті
«тәңірдей» құдіретті бір ғана Сталинде деп жырлады.»,
– деп атап көрсете отырып: «...Бірақ ауыз әдебиетіндегі
дағдыға, жеке адамға табынуға байланысты кемшіліктер
Жамбыл поэзиясының жалпы қуатты даму арнасын тоқтата
алған жоқ», – деп әділ бағасын береді. «Совет заманының
ұлы жыршысы» деген тарауында соғысқа дейінгі ақын
шығармашылығындағы көркемдік құндылықтар әдебиеттің
талабы бойынша қайта қаралып, «Жамбылдың халық үшін
27
Әдебиеттану
қалған жасы» атты толғауындағы түрлік, тілдік ерекшеліктер
стилдік ізденістер тұрғысынан талданады. Жылдан-жылға
тақырыбы да көркемдік қуаты да жасарып, жаңарған Жам-
был жырларының жұрт ықыласына бөленгенін жоғары
бағалаған үкімет 1941 жылы мартта СССР Халық Комис-
сарлар Кеңесінің қаулысы бойынша Жамбылға Мемлекеттік
сыйлық береді. Кәрілік меңдеп, қартайған ақынға қуат берген
бұл марапат оны орнынан тұрғызып, отты жырлар тудыруға
септігін тигізеді. Шұбыртпалы, төкпе жыр ұйқасына құрылған
ақынның толғау, дастандары шын мәніндегі қазақ халқының
жауһар жырларына айналды. Ақынның мол мұрасында мекен
еткен өзіндік өрнектері – шалыс ұйқастың да, егіз ұйқастың
да, сыңар ұйқастың да үздік үлгілері кездесіп, өзінен кейінгі
ақындарға тағылым болғаны мәлім.
Ұлы ақынның жырлары 40-тан астам шетел тілдеріне ау-
дарылып, әлемнің әйгілі суреткерлері – Ромен Роллан, Мар-
тин Андерсен, Нексе, Катарина Сусанна Причард Жамбыл
поэзиясына жоғары баға берген. Есмағамбет Ысмайылов
та еңбегінің соңғы тарауы «Жауынгер ақында»: «...Халық
поэзиясының алыбы, совет заманының шындығын, советтік
патриотизмді тебірене жырлаған Жамбыл шын мәніндегі
ұлы ақын», – деп өзінің жамбылтанушы ғалым, кәсіби маман
ретіндегі бағасын береді /140 б./. Ақынның өзі де: «Өлмейді,
халық жыры, қартаймайды, Өшеді деп оны ешкім айта алмай-
ды. Күреске шақырмаған ақын ба ақын, Ақын болса халыққа
болсын жақын», – деп өлеңімен өз бағасын беріп кеткендей.
Олай болса, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың
шығармашылық ғұмыры Есмағамбет Ысмайыловтың
«Ақындық өмірі» арқылы өлмес мұраға айналып, өзінің өлең
өрісіндегі өлмес ғылыми бағасын да алды.
Орайы келгенде айта кетер бір жайт; жалғыз Жамбыл
ғана емес кез-келген шығармашылық тұлға өз заманының
перзенті, ол өзі өмір сүрген ортаның тарихи шындығын
көркем шындыққа, өмірді өнер тақырыбына өзек етіп,
28
Әдебиеттану
өрнектеп, ой өрбітуге тиесілі. Ұлы Абай да, кемеңгер жа-
зушы Мұхтар да өз замандарының тақырыбын толғады,
жетістігіне қуанды, қасіретіне қайғырды. Қазіргі қаламгерлер
де тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарды толғап, кемшіліктерге
сын көзбен қарап, өмірдің өзекті мәселелеріне өз пікірлерін
білдіруде. Бұл – өмірдің ақиқаты, тарихтың шындығы.
Бір өкініштісі, кеңестік кезеңде жарияланған Жамбыл
Жабаевтың жыр жинақтарында тек сол кезеңді мадақтаған,
сол дәуірдің талабына сай жазылған, заманауи зәрулік
тудырған тақырыптағы толғаулары топтастырылып, на-
сихатталып, біржақты пікір қалыптастырылғаны дер едік.
Бұл бүгінгі тәуелсіздікті теріс пиғылда пайдаланған кейбір
парықсыз пікір тараушыларға тіпті тиімді болды. Жоғарыда
талданған «Известия» газетіндегі Дмитрий Быковтың «Да-
ешь Гомера» сынды мақалаларына себепкер болған бұл жайт-
тар 2013 жылы Мәскеудегі «Новое литературное обозрение»
баспасынан Константин А.Богданов пен Риккардо Николо-
зи, Юрия Мурашовалардың құрастыруымен жарияланған
«Джамбул Джабаев: Приключения казахского акына в совет-
ской стране» деген мақалалар жинағының да өзегіне айна-
лыпты. Кітаптың аннотациясының өзі жан шошытады. Оқып
көрелік: «Джамбул – имя казахского певца-импровизатора
(акына), ставшее одним из наиболее знаковых имен совет-
ской культуры конца 1930-х начала 1950-х годов. При жизни
Джамбула его сравнивали с Гомером и Руставели, Пушки-
ным и Шевченко, учили в школе и изучали в институтах, ему
посвящали стихи и восторженные панегирики, вручались
правительственные награды и ставились памятники. Между
тем сам Джамбул, певший по-казахски и едва понимавший
по-русски, даже если бы хотел, едва ли мог оценить те пере-
водные-русскоязычные-тексты, которые публиковались под
его именем и обеспечивали его всесоюзную славу. Но каковы
причины этой славы? И кто был носителем этой славы-под-
линный или мнимый «Джамбул» ? Настоящий сборник ста-
29
Әдебиеттану
тей, составленный отечественными и западными учеными,
задумывался как опыт посильного приближения к ответу на
эти вопросы» («Джамбул Джабаев: Приключения казахского
акына в советской стране: Статьи и материалы / Под редак-
цией Константина Богданова, Риккардо Николози и Юрия
Мурашова. – М.: Новое литературное обозрение, 2013. – 308
с.). Сүйегі әлдеқашан қурап кеткен қазақ ақынның даңғайыр
даңқына деген қызғанышты, шовинистік көзқарасты
көрмейсіз бе? Бұл бүгін Жамбылмен жағаласу болса, ертең
Абаймен арпалыспасына кім кепіл? Адамға деген жай ғана
қарапайым жақсы сөзін қимайтын, іріліктен іргесі аулақ,
ел ішіне іріткі салуға құштар рухани тәуелсіздікті теріс
түсініп, тек жаманшылықты теріп, теріс пікір таратуды
даңқ-абырой санайтын санаулы саяздылардың сөзіне құлақ
салғың келмегенімен қазіргідей әлем жұртшылығы арасында
түрлі рухани да қарулық та терроризм өршіп тұрғанда назар
аудармасқа тағы да болмайды.
Тарих өз төрелігін әлдеқашан айтып қойған. Оған
жоғарыда келтірілген нағыз әдебиетші мамандардың, ұлы
ақынның замандастары болған орыс және қазақ, әлем жа-
зушылары мен ақындарының, ғалымдардың әділ бағалары
мен Жамбыл шығармашылығын арнайы зерттеген ғалым
Есмағамбет Ысмайыловтың монографиясы дәлел.
Жамбыл
Жабаевтың
ақындық
құдіреті
мен
шығармашылығының көркемдік әлемі туралы қазақ халқы
өз кезінде жоғары бағасын беріп, әдебиеттегі тарихи ор-
нын анықтап қойған. Ал, қазақтың әрбір шығармашылық
тұлғасының туындыларынан тіміскілеп, тырнақ астынан кір
іздейтін күншілдерге: «Ит үреді, керуен көшеді дегеннен
басқа айтарымыз жоқ.
30
Әдебиеттану
Достарыңызбен бөлісу: |