Методические рекомендации по оцениванию учебных достижений детей с особыми образовательными потребностями и детей, обучающихся на дому



бет18/31
Дата06.01.2022
өлшемі0,67 Mb.
#14349
түріМетодические рекомендации
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   31
Ақыл-ой кемістігі бар балалар үшін білім беру процесін материалдық-техникалық қамтамасыз ету

Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің түпкілікті мақсаты – бұл әлеуметтік бейімдеу және кәсіби-еңбекке дайындау. Осы мақсаттарға қол жеткізу ақыл-ой кемістігі бар мектеп оқушыларын оқытудың оқу жоспарына енгізілген оқу пәндерінің мазмұнымен қамтамасыз етіледі.

Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар мектеп оқушыларына арналған оқу жоспарында «Кәсбіи-еңбекке баулу», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдар беру», ал орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған оқу жоспарында «Қолөнер», «Шаруашылық еңбек», «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдар беру» пәндері ерекше орын алады. Аталған пәндер бойынша сабақтар өткізу үшін тиісті жабдықпен (аспаптармен, шығыс материалдарымен, станоктармен, тұрмыстық электр құралдарымен, ыдыс-аяқпен, ас үй құралдарымен және т.б.) жарақталған шеберханалар мен оқу бөлмелері қажет.

Қажетті арнайы құрал-жабдықтар

Ырғақ сабақтарын, сондай-ақ сөйлеу тілінің даму кемшіліктерін түзету бойынша (логопедпен) жеке және топтық коррекциялық сабақтарды, белсенді-қозғалыс сипатындағы сабақтарды, танымдық әрекетті коррекциялау жөніндегі сабақтарды, психомоторика мен сенсорлық процестерді дамыту жөніндегі сабақтарды өткізу үшін арнайы үй-жай мен арнайы жабдық қажет (даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік жарақтау мен қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптардың нормативтеріне сәйкес) [13].



Қосымша дидактикалық материалдар

Ақыл-ой кемістігі балалар оқушыларды, әсіресе орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту сақталған көрнекі-әсерлі ойлауға сүйене отырып, практикалық бағыттылықта болады. Бастауыш сыныптарда да, жоғары сыныптарда да сабақта көрнекі-дидактикалық материалдар кеңінен пайдаланылады. Төменгі сыныптарда нақты заттармен, олардың модельдерімен және суреттерімен заттық-практикалық әрекет ұйымдастырылады. Жаңа материалды зерделеу процесінде дидактикалық материалға сүйену білім алушыларда зерделеніп жатқан ұғымдардың мағынасын жақсы түсіну үшін қажетті нақты бейнелерді құрауға көмектеседі. Көрнекі құралдар білім алушылардың ойлау қабілетінің дамуын тежемес үшін оларды біртіндеп абстракциялау қажет. Жаңа материалды алғаш зерделеу кезеңдерінде заттарды көрнекі құралдар ретінде пайдалану керек. Келесі жұмыс кезеңдерінде нақты объектілердің модельдеріне, содан кейін иллюстрацияларға, одан әрі сызба түріндегі-шартты сипаттағы дидактикалық материалдарға көшуге болады. Жоғары сыныптарда АКТ пайдалануға болады.



Ақыл-ой кемістігі бар балалардың білім беру процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар

Ақыл-ой кемістігі (жеңіл және орташа) бар оқушыларды оқыту арнайы Үлгі оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады, олардың мазмұны МЖББС талаптарын орындауға бағдарланған. Бұл оқушыны білім беру процесіне қосқан кез келген жағдайда: арнайы сынып жағдайында да, кәдімгі сынып жағдайында да орын алады. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыны кәдімгі сыныпқа қосқан кезде мектептің педагогикалық кеңесі осындай оқушы үшін жеке оқу жоспарын және ақыл-ой кемістігі (жеңіл және орташа) бар білім алушыларға арналған Үлгі оқу жоспары мен бағдарламаларының негізінде құрастырылған жеке оқу бағдарламаларын бекітеді.

Оқу пәндері бойынша үлгі бағдарламалар оқушының жеке тұлғасын жан-жақты дамыту үшін, олардың зияткерлік, эмоционалдық-ерік қызметінің кемшіліктерін коррекциялау үшін және оларды кәдімгі әлеуметтік орта жағдайларында қоғамдық пайдалы еңбек әрекетіне дайындау үшін, кәсіби-еңбек біліктілігін одан әрі жетілдіру үшін қажетті материалды қамтиды.

Мектептегі әлеуметтік-тұрмыстық және заттық-дамыту ортасы ақыл-ой кемістігі бар білім алушылардың жас және физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес болуы тиіс (демалу, қозғалыс белсенділігі, санитарлық-гигиеналық рәсімдер мен т.б. үшін жайластырылған кеңістік қажет).



Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды 1-4 сыныптарда оқыту бастапқы оқу, жазу, есептеу дағдыларын, қарапайым еңбек дағдылары мен біліктерін қалыптастыру мен дамытуды, адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуді қамтамасыз етуге арналған. 5-9 сыныптарда – білім беру пәндеріне қарапайым оқыту, еңбекке және кәсіби оқыту, тұлғаның азаматтық және адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу жүзеге асырылады.

Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқытудың коррекциялық-дамыту бағыттылығы оқытудың арнайы әдістерімен және тәсілдерімен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте: ойлау процестерінің енжарлығы, танымдық белсенділігінің төмендігі, қорытындылайтын және абстракциялайтын ойлау функцияларының төмендігі, сөйлеу тілінің дамуында кенже қалушылығы ескеріледі. Білім алушылармен жұмыс істеген кезде олардың еліктегіш қабілеттеріне, сақталған көрнекі-әсерлі ойлау қабілетіне сүйену керек. Ғылымдардың негізіне оқыту білім алушыларда қабылдау, жад, сөйлеу тілі, ойлау сияқты психикалық функцияларды дамыту үшін жағдай жасайды. Бұл ретте бастаған жұмысты соңына дейін жеткізу, шамасы жететін қиындықты жеңу, ұқыптылық пен дербестілік көрсету білігін қалыптастыру мүмкіндігі пайда болады.

Білім алушылардың қарапайым гигиеналық, коммуникативтік, тұрмыстық дағдылардан бастап күрделі әлеуметтік дағдыларға, көзқарастарға, сенімдерге дейін қоса алғанда, әлеуметтік өмірге қатысу үшін қажетті мінез-құлық нормаларын, өмірлік дағдыларды меңгеруі бойынша арнайы педагогикалық жұмыс көзделеді.

Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар білім алушыларда сөйлеу тілін, ойлау қабілетін, қарым-қатынас жасауын дамытуда спецификалық проблемалар орын алады, олар мүмкіндігіне қарай әрбір нақты жағдайда, оқыту мен әлеуметтендіруде табысқа жеткізу үшін педагогикалық құралдардың көмегімен орны толтырылады. Қажет болған жағдайда оқушы логопедтің көмегін алуға тиіс. Сыныпта мұғалім берген нұсқаулар мен түсіндірулер қысқа, нақты болуы тиіс. Олар іс-әрекетті көрсету, жұмыстың орындалу үлгісі арқылы бекітілу керек. Оқушыларға оқу тапсырмасын орындаудың бастапқы және соңғы кезеңінде көмек көрсетуге болады. Оқушының жұмыс қабілеттілігі мен зияткерлік мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу тапсырмасының көлемі мен күрделілігін мөлшерлеу қажет.

Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту процесінде заттық-практикалық әрекетті пайдалану керек, ол оқу материалын түсіну үшін жағдай жасайды. Бұдан басқа заттық-практикалық әрекет жоғары психикалық функциялардың сенсомоторлық негізін (қабылдауды, сөйлеу тілін, ойлау қабілетін) дамытуға, білім алушылардың өмірлік тәжірибесінің жетіспеушілігін толтыруға, жалпыға бірдей білім беру пәндері бойынша білімді, білікті және дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін арнайы сыныпта білім беру процесі дифференцияланған тәсілді пайдаланып жүзеге асырылады. Оқушылар 4 типологиялық топқа бөлінеді [13]. Әрбір типологиялық топ үшін педагог қолжетімді күрделілік пен көлемді ескере отырып, олардың мүмкіндіктеріне сәйкес келетін оқу материалы мазмұнын таңдайды. Бұл ретте оқу жұмысының қарқыны, білім алушылардың дербестілік дәржесі, оқыту әдістері мен тәсілдері ауысып отырады. Білім алушыларды топтарға бөлу шартты түрде және ойнақы жүргізіледі. Дифференцияланған тәсіл оқытуды жекешелеумен толықтырылады.

Ақыл-ой кемістігі бар білім алушылардың, әсіресе 3 және 4 типологиялық топтардың өзіндік оқу-танымдық әрекеті қиындауы немесе мүмкін болмауы кездеседі, ол кезде педагог оқу тапсырмасын табысты орындауды қамтамасыз ету үшін оқушы әрекетінің жетілмеген функцияларын өзі орындайды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет