девиантты мінез-құлықты балалар. Ауытқушылық, девиантты мінез-құлық – қоғамда қабылданған құқықтық немесе адамгершілік нормаларына қарама-қайшы теріс қылықтар жүйесі немесе жекелеген теріс қылықтар.
Ауытқушылық мінез-құлықтың табиғаты күрделі болады және әртүрлі өзара әрекет ететін факторларға байланысты. Олардың арасында маңыздылары:
1) Биологиялық факторлар – бұл бала ағзасының қолайсыз физиологиялық немесе анатомиялық ерекшеліктері (ақыл-ой дамуы бұзылған, есту және көру дефектілері, жүйке жүйесі зақымданған, дене дефектілері, сөйлеу тіліндегі дефектілер және т.б.);
2) Психологиялық факторлар – бұл мінездің психопатологиялары немесе акцентуациясы. Бұл ауытқушылықтар жүйке-психикалық аурулар, психопатия, жүйке бұзылуы, жүйке жүйесінің қозуын арттыратын және жасөспірімнің барабар емес реакциясын тудыратын шекті жағдайлар кезінде байқалады.
3) Әлеуметтік– психологиялық факторлар отбасылық, мектеп және қоғамдық тәрбие дефектілерінде байқалады, олардың негізінде – әлеуметтендіру процесінің бұзылуына әкеп соғатын, балалардың жас-жыныстық және жеке ерекшеліктерін елемеу.
Баланың психоәлеуметтік дамуындағы ауытқушылықтардың маңызды себептері қолайсыз отбасылар, отбасылық қарым-қатынастардың белгілі стильдері болуы мүмкін, олар оқушының ауытқушылық мінез-құлқын қалыптастыруға әкеп соғады, атап айтқанда:
тәрбиелік және отбасыішілік қарым-қатынастардың үйлесімсіз стилі, бұл жерде балаға бірыңғай тәсіл, жалпы талаптар қойылмағаны байқалады; ажырасу, балалар мен ата-аналардың ұзақ уақыт бөлек тұруы жағдайында, көбінесе толық емес отбасыларында үстем, тәрбиелік ықпалдың қақтығыстық стилі;
дұрыс ұйымдастырылмаған отбасындағы қарым-қатынастардың бейәлеуметтік стилі. Ол үшін алкогольді, есірткіні жүйелі пайдалану, ешқандай себепсіз қаталдық пен зорлық-зомбылық көрсету тән болады.
Баланың психоәлеуметтік дамуына отбасы мен оның ықпалын талдау көптеген балалар топтарында оларды ерте әлеуметтендіру жағдайлары бұзылғанын көрсетеді. Осыған байланысты, баланың проблемаларын бөліп қарауға және отбасын, тәрбие стилін және ата-аналар мен балалардың өзара қарым-қатынастарын зерделемей, онымен жұмыс істеуге болмайды.
Девиантты мінез-құлық симптоматикасы.
Бала өзінің пайымдауында біршама қарама-қайшы болуы мүмкін, ол сабақ үлгерімін күрт төмендетуі мүмкін, арынды болады, оның көңіл-күйі өзгеріп тұрады, кейбірде негізсіз үрей пайда болады, тез қозады, ашуланады және осындай жай-күйде өзінен батылырақ құрбылас-балаларға тез бағынады. Кейде өзін тым жүгенсіз, ата-аналарына, мұғалімдеріне қатысты дөрекі ұстайды. Өзге жағдайларда, керісінше, тұйықталып, құрбы-достарымен қарым-қатынасқа түсуге қорқады. Сондай-ақ қақтығыстық жағдайларда жоғары ренжігіштігі, тәбетінің болмауы, нашар ұйқы мен жүйке жұқаруы байқалады. Жасөспірім кезінде теріс ықпалға бейім келеді, бұзақылық жасайды, ішімдік ішіп, темекі шегеді, ұрлық жасайды.
Девиантты, яғни нормадан ауытқушылық мінез-құлқы бар балаларды оқыту, дамыту және тәрбиелеу мәселесі қазіргі заманғы педагогика мен психологиядағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Көп жағдайларда педагогтар жасөспірімдердің ересектерге тән даму міндеттерін шеше отырып, барабар емес мінез-құлық стртатегиясын пайдаланатындығымен кездеседі, бұл оқушының мектепте және әлеуметтік теріс бейімделуіне әкеп соғады және түзетуді талап етеді. Девиантты мінез-құлқы бар оқушылармен жүргізілетін жұмыс едәуір тиімді болу үшін білім беру мекемелері әр оқушыны сүйемелдеудің жеке бағдарламаларын әзірлеу керек. Бұл ретте, мұндай жұмысты мамандардың кешенді тобы: сынып жетекшілері, пән мұғалімдері, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, мектеп дәрігері, мектеп әкімшілігі және, сөзсіз, білім алушының ата-анасы мен заңды өкілдері жүзеге асыруы тиіс. Мұндай балалардың қарым-қатынас жасау мәнері мен мінез-құлқы қызбалылыққа, еліктеушілікке, иланушылыққа, өзін көрсете білу ниетіне байланысты. Көбінесе мұндай мінез-құлықтың нәтижесі құқық бұзушылықтар мен қылмыстылық болып табылады.
Эмоционалдық-ерік саласында бұзылулары бар балармен жұмыс істеудің негізгі қағидалары:
1) Кабинетті бейнекамералармен жарақтау (мектеп әкімшілігі деңгейінде). Практика көрсетіп отырғандай, балалар оларға бақылау жүргізіліп жатқанын сезінген кезде олардың мінез-құлқы қалыпты болады. Мұндай жүйе білім алушылардың жүріс-тұрысын тәртіпке келтіруге көмектесіп қана қоймай, бейнежазбаны көріп шыққаннан кейін мұғалімнің сабаққа талдау жасауына мүмкіндік береді.
2) Жұмыс қабілеттілігін арттыру үшін сабақ барысында баға қою. Сабақ үстінде баға қою жүйесі білім алушыларды белсенділікке тартады. Бұл балалардың назарын сабақ бойы оқу материалына аударуға, олардың жұмыс қабеліттерін арттыруға мүмкіндік береді.
3) Девиантты мінез-құлқы бар жасөспірімге жеке тапсырма беру. Сабақта жұмыстың осындай түрін қолдану девиантты мінез-құлқы бар баланы сабаққа жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мысалы, презентацияны көрсетуде, дидактикалық материалды таратуда, ұялы телефонның көмегімен қажетті ақпарат табуда көмек сұрау.
4) Сабақ өткізу орнын ауыстыру. Бұл акт залы, таза ауадағы, мұражайдағы сабақ болуы мүмкін. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, дәрісхананың ішкі жағдайын – жиһаздың, декорацияның және т.б. орналасуын өзгертуге болады. Осындай өзгерістер материалды есте жақсы сақтауға ықпал етеді, білім алушылардың зейінін жандандырады.
5) Жеке оқу маршрутын алдын алы жоспарлау. Девиантты мінез-құлқы бар жасөспірімдермен сабақ ұйымдастыру алдын ала жоспарлануы тиіс. Мұғалімнің әдістемелік жинақ сандықшасы оқушылардың үлгерім деңгейін, ерекшеліктерін ескере отырып, көптеген әртүрлі тапсырмаларға толы болу керек. Бұл жеке карточкалар, тапсырмалар, сөзжұмбақтар, синквейндер және т.б. болуы мүмкін, олармен оқушылар сабақ бойы өз бетінше жұмыс істей алады. Жеке тапсырмамен жұмыс істеу девиантты мінез-құлқы бар жасөспірімді сыныптың жалпы әрекетінен алаңдатады. Егер тапсырма оның деңгейіне сәйкес келсе, оған нақты жеке тапсырманы орындауға барлық зейінін салу жеңілірек болады. Девиантты мінез-құлықты коррекциялау жасөспірімнің бірегейлігін және қайталанбастығын қаншалықты ескерсе, соншалықты тиімді болары сөзсіз. Бұл олармен жұмыс істеу әдістері мен тәсілдерін таңдауда айқындаушы рөлге ие болады. Жасөспірім сабақта девиантты мінез-құлық көрсеткен сәттегі педагогтың іс-әрекеттері: сабақты ұйымдастыру жолын тез өзгерту; әрекет түрін ауыстыру мұғалімге «сабақтың тақырыбы төңірегінде қалуға» көмектеседі. Мысалы, рөлдік ойын, пікірталас, дебат ұйымдастырып, жасөспірімді қызу әрекетке қосуға болады.
3. Өзіндік ерекшеліктері бар, дамытуда, тәрбиелеу мен оқытуда жеке арнайы тәсілді талап ететін балалар:
Мұндай балаларға мыналар жатады:
– солақайлар, олар ересектердің түсінбеушілігінен, олардың табиғатты «өзгерту» – солақайды басқа оңқайлар сияқты болуға мәжбүрлеу ниетінен өте жиі зардап шегеді. Өзінің ерекшелігіне байланысты солақай бала үнемі отбасымен келіспеушілікте болады. Мұндай балалар не агрессиялық және төбелесқой болады – бұл олар үшін басымдық болып табылады, не депрессиввті және ашуланшақ болады. Балалардың солақай болуының себептері алуан түрлі. Көбінесе бұл:
генетикалық бейімділік;
сол жақ жартышарының зақымдану;
мәжбүрлі немесе біле тұра солақай болу.
Сонымен, ең жиі кездесетін себеп — бұл әрине тұқым қуалаушылық. Бүгінгі күні солақайлықтың берілу принциптері белгісіз, бірақ отбасында ата-аналардың біреуі солақай болса, онда солақай балалар жиі туатынын тура айтуға болады. Көп жағдайларда генетикалық солақайлардың дамуында қандай да бұзушылықтар болмайды, олар да барлық басқа балалар сияқты дамиды, олардан тек осы ерекшеліктерімен ғана өзгешеленеді.
Компенсаторлық деп аталатын солақайлық түрі мидың – көбінесе сол жақ жартышардың зақымдануына тікелей қатысты. Оң қолдың жұмысына дәл осы сол жақ жартышар жауап береді, осы сала зақымданған кезде оған тән функцияларды оң жақ жартышар өзі атқарады.
Нәтижесінде балалар ең алдымен тұрмыстағы әрекеттерді орындау процесінде, содан кейін оқыту процесінде (сурет салу, жазу) солақай болады. Мұндай балалардың сөйлеу тілінің дамуы мен моторикасында ауытқушылықтарды байқауға болады. Бірақ бұл жағдайда солақайлық олардың себебі немесе салдары болып табылмайды, бұл ауытқушылықтар – мидың белгілі бөліктерінің жұмысындағы шалыс кету нәтижесі.
Солақайлықтың үшінші түрі туғаннан оңқай балаларда кездесуі – жарақаттан болған немесе достарынан немесе жақындарынан үйренуге тырысу салдарынан туындаған солақайлық.
«Солақай» балалармен жұмыс істеген кезде олардан тоқтамай жазуды талап етуге болмайды және материалды ұсыну кезіндегі бас миы қызметінің ерекшеліктерін есте сақтай отырып, материалды біртіндеп беруді пайдалану қажет, яғни солақайды оқыту үшін барлық әрекеттер жүйесін жүйелі операцияларға бөліп орындау тиіс. Сондай-ақ, ұлының/қызының ерекшеліктерінің себептері мен салдарын түсіндіре отырып, орын алған объективті қиындықтарды қалай жеңуге болатыны және баланың психикалық және физикалық денсаулығын сақтау жөнінде кеңес беріп, солақай баланың ата-анасымен де жұмыс істеу керек.
4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Соңғы жылдары тұлғаның ата-ана тәрбиесінсіз даму проблемасы белең алуда. А.Х. Пашина мен Е.П. Рязанованың зерттеулерінің нәтижелеріне сәйкес [26] жетім балалар үшін эмоционалдық саланың сапалы бейнесі мүлдем біркелкі болуы тән. Олар «отбасындағы» балаларға қарағанда, оңай байқалатын эмоцияларды көп көрсетпейді, эмоцияларды нашар біледі. Сондай-ақ олар үшін жоғары тұлғалық алаңдаушылық пен төмен эмпатия деңгейі, жоғары сезімталдық, қыңырлық, дұшпандық, шыдамсыздық, жиі байқалатын жүйкелік үдерістер, қарым-қатынастағы қиындықтар, психикалық күйзеліс белгілері тән. Агрессиялылық жетім бала тұлғасының негізгі сипаттамаларының бірі болып табылады. Басқа адамдарға қатысты теріс, агрессиялылық ұстаным жылылық пен қарым-қатынас жасаудағы қабылдау тапшылығының салдары болып табылады және симблингтерге де, яғни ағалар мен әпке-сіңлілерге де таралуы мүмкін. Балаларда өзінің ағалары мен әпке-сіңлілеріне туысқандық жақындық мүлдем болмайды және қарым-қатынас жасау процесінде бір-бірімен констркутивті, эмоционалдық барабар қатынас орнатуға қабілетсіз болады. Агрессиялылық мынадай әрекеттерден байқалады, айналадағы адамдардың, оның ішінде отбасы мүшелерінің кез келген іс-әрекетін жетім жасөспірім қақтығыстық жағдай үшін себеп ретінде қабылдайды. Егер отбасында тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер үшін өзінің мінез-құлқын – нормативті мінез-құлыққа теріс қарамай-қайшы қою, ал өзінің ұнататын әрекеттерін – ересектердің талаптарына қарсы қою сияқты өзіндік мінез-құлық жақтары едәуір маңызды болса, жетім балалар үшін жағдайға ептілікпен икемдену сияқты өзіндік білігінің маңыздылығы зор. Осылайша, жетім балалармен жұмыс істеген кезде эмоционалдық сала, сана-сезім, «Мен» бейнесі, зияткерлік ортасы, еріктілік сияқты тұлғаның негізгі позициялары ерекше болатынын ескеру қажет. Жетім балалардың өзіндік мінез-құлықтары жинақсыздықпен, өз іс-әрекеттерінің ұйымдаспағандығымен сипатталады [26].
Бұл ерекшеліктер, ең алдымен, олардың ерекше мәртебесіне байланысты. Бұл ретте, олардың ішіндегі маңыздыларының бірі психикалық депривация, баланы сөзсіз қабылдайтын және жақсы көретін жақын ересек адамның болмауы, социум тарапынан осындай балаларға немқұрайлы қарау болып табылады. Отбасындағы өмірден тәжірибесі жоқ жасөспірімдер отбасындағы өмірде тәжірибесі бар құрбылыстарына қарағанда, білуге құмарлығы мен әлеуметтік саймасайлығының төмен дәрежесін көрсетеді. Тотальды отбасылық депривациясы бар жасөспірімдердің жұғымдылығы да осы көрсеткіш ішінара байқалатын жасөспірімдер тобы мен отбасындағы жасөспірімдер тобына қарағанда төмен болады. Бірінші топтағы қақтығыстық көрсеткіші де жоғары, тұл оның социумға бейімделу қиындықтары туралы куәландырады. Осының барлығы агрессиялық, бірақ өте нәзік, өз-өзіне сенімсіз, сыртқы әлеммен өзара әрекеттесетін емес, одан қорғанатын тұлғаның қалыптастуына әкеп соғады. Сонымен қатар, зерттеулер көрсеткендей, әр жасөспірім ересек адамға жақындықты қатты сезінеді, өзінің керек екенін, көз алдына елестеткен немесе жартылай шынайы жақын адамы үшін бірегей екенін білгісі келеді. Алынған нәтижелер жақсы отбасылық өмірге деген түйсіксіз ниетті көрсетеді, бірақ оны шынайы өмірде іске асыру мүмкін еместігін сезінеді. Осыдан барып көптеген жасөспірімдер олардың айналасындағы ересектерге (педагогтар, тәрбиешілер, психологтар) көз алдына елестеткен ата-аналарындай қарайды, оларды сол немесе өзге отбасылық рөлге сәйкес атайды («ана», «әке», «ата»). Дегенмен отбасы туралы (отбасылық рөлдер, тәрбиелеу функциялары, әдістері мен тәсілдері және т.б.) білімдерінің тапшылығы байқалады, бұл жоғарыда санамаланған сипаттамалардың әрқайсысы бойынша барабар емес күтілетін жағдайлардан байқалады.
Осылайша, оқыту барысында жетім балалармен және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеу бойынша педагогтар үшін бірқатар ұсынымдарды айқындауға болады:
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды оқыту мотивациясын арттыруды тұлғалық бағдар беру тәсілі арқылы жүргізген тиімді;
Көтермелеу және мақұлдау әдістерін пайдалану;
Сараланған сабақтарды енгізу, зияткерлік даму деңгейіне сәйкес келетін тапсырмаларды іріктеу;
Үй тапсырмаларын саралап беру, сабақ сұрау формаларын түрлендіру, бағалау жүйесін түзету;
Оқыту мен тәрбиеде жеке психологиялық-педагогикалық жолдарды және әдістер мен тәсілдерді әзірлеу.
Достарыңызбен бөлісу: |