Психикалық дамуы тежелген балалар үшін білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктері
Психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалардың психофизикалық ерешеліктері және ерекше білім беру қажеттіліктері
Психикалық дамудың тежелуі ‒ бала психикасының даму қарқынының бәсеңдеуі, ол жалпы білім қорының жетіспеушілігінде, ойлау қабілетінің жетілмеуінде, ойынға қызығушылықтың басымдығында, зияткерлік әрекетке тез жалығуда байқалады.
ПДТ норма мен ақыл-ой кемістігі арасындағы шекті жағдай болып табылады. Бұл тұрақты, қайтымсыз психикалық жетілмеу туралы емес, оның қарқынының бәсеңдеуі туралы ұғым. Бұл ретте, бір жағдайларда эмоционалдық дамудың кідірісі бірінші орынға шығады, ал зияткерлік саладағы бұзылулар (инфантализм түрлері) тез арада байқалмайды, басқа жағдайларда, керісінше, зияткерлік саланың дамуындағы іркіліс басымырақ болады.
Психикалық дамудың тежелуі әртүрлі себептерге байланысты туындайды. Сонымен бірге бұл санаттағы балаларда танымдық әрекет пен тұлғаның дамуында бірқатар ортақ ерекшеліктер болады.
ПДТ бар балалар орталық жүйке жүйесі функционалдық жағдайының жетілмеуімен сипатталады (тежеу және қозу процестерінің төмендігі, күрделі шартты байланыстардың қалыптасуындағы қиындықтар, анализаторлар арасында байланыс құруда артта қалушылық). Оларға білім беру ұйымында қалыптасқан мінез-құлық нормаларын сақтау қиын. Олар іс-әрекетті еркін ұйымдастыруда қиындықтарды сезінеді: олар мұғалімнің нұсқауларын ретімен орындай алмайды, оның нұсқауы бойынша бір тапсырмадан екіншісіне ауыса алмайды. Олар сезінетін қиындықтар олардың жүйке жүйесінің бәсеңдегенімен қиындай түседі: балалар тез шаршайды: жұмыс қабілеттері төмендейді, кейде жай ғана бастаған жұмыстарын орындамай қояды.
Барлық ПДТ бар балаларға зейіннің төмендеуі тән. Оларда зейін тұрақтылығының төмендеуі әртүрлі сипатта болуы мүмкін: тапсырманы орындай бастағанда зейіннің барынша шиеленісуі және одан әрі бәсеңдеуі; біраз жұмыс істегеннен кейін ғана зейін қоя бастау; зейін шиеленісінің мерзімді ауысып тұруы және барлық жұмыс уақыты кезеңінде оның төмендеуі [11].
Психологтардың зерттеулері ПДТ бар балалардың көпшілігінде көзбен және есту арқылы қабылдаудың сезімтал формаларының толық жетілмегендігін, кеңістіктік және уақыттық бұзылуларды, күрделі қозғалыс бағдарламаларын жоспарлау мен орындаудың жеткіліксіздігін анықтады. Мұндай балаларға көру, есту арқылы және басқа да әсерлерді қабылдау және өңдеу үшін көбірек уақыт керек. Әсіресе ол күрделі жағдайларда (мысалы, бала үшін мағыналық және эмоционалдық мазмұны бар, біруақытта әрекет ететін сөздік қоздырғыштар болған кезде) айқын байқалады. Осындай балалардың қабылдау ерекшеліктерінің бірі қасиеті ұқсас заттарды олардың бірдей деп (мысалы, сопақшаны дөңгелек ретінде қабылдайды) қабылдауы болып табылады.
Бұл санаттағы балаларда кеңістіктік түсініктер жеткіліксіз қалыптасқан: кеңістік бағыттарында бағыт алу практикалық әрекеттердің деңгейінде жүзеге асырылады, аударылып қойылған суреттерді қабылдау қиындайды, жағдайды кеңістіктік талдау мен синтездеуде қиындықтар туындайды. Кеңістіктік қарым-қатынастарды дамыту конструктивті ойлаудың қалыптасуымен тығыз байланысты. Сонымен, күрделі геометриялық өрнектерді дестелеу кезінде ПДТ бар балалар формаға толыққанды талдау жасай алмайды, құрастырылатын фигуралар бөлшектерінің симметриялылығын, ұқсастығын анықтай алмайды, оны тұтас жинай алмайды. Салыстырмалы қарапайым өрнектерді ПДТ бар балалар, ақыл-ой кемістігі бар балаларға қарағанда, дұрыс орындайды.
ПДТ бар балалардың ерекше білім беру қажеттіліктері жалпы, мүмкіндігі шектеулі барлық балаларға тән және спецификалық:
– оқу тапсырмаларын өз бетінше орындауға мүмкіндік беретін деңгейге жеткенге дейін жалғасатын, білім алушының танымдық әрекетінің қалыптасуын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етудегі;
– меңгеріп жатқан білімнің мазмұнын түсінуде және кеңейтуде, меңгерген біліктерін бекітуде және жетілдіруде тұрақты көмекке;
– қалыптасқан білім мен біліктерді шынайы өмірмен өзара әрекеттесудің жаңа жағдайларына «ауыстыруға» арнайы оқытудағы;
– кешенді сүйемелдеудегі, сондай-ақ эмоционалдық даму тапшылығының орнын толтыруға және танымдық әрекет пен мінез-құлықты саналы өз бетінше реттеуді қалыптастыруға бағытталған арнайы психокоррекциялық көмектегі;
– коммуникация құралдарын, конструктивті қарым-қатынас пен өзара (отбасы мүшелерімен, құрбыларымен, ересектермен) әрекеттесу тәсілдерін дамытудағы және пысықтаудағы, әлеуметтік қабылданатын мінез-құлық қалыптастырудағы, әлеуметтік байланыстарын барынша кеңейтудегі;
– отбасы мен білім беру ұйымының өзара іс-қимыл жасасуын ата-аналармен ынтымақтастықты ұйымдастыру, әлеуметтік белсенді ұстанымды, адамгершілік және жалпы мәдени құндылықтарды қалыптастыру үшін отбасы ресурстарын жандандыру) қамтамасыз етудегі қажеттіліктерді қамтиды [11].
Достарыңызбен бөлісу: |