зып едім» – Бұл шығарманың аты ғана белгілі, басқа ешқандай дерек
кездеспейді.
15. 71-бет. «Қараш-Қараш оқиғасы» деген бір повесть жазып,
«Жаңа мектепке» жібердім» – «Қазақстан мектебі» журналының
алғашқы атауы. 1925–1933 жылдар аралығында шығып тұрды.
16. 72-бет. «Орыс жазушыларында анық сүйетінім: Толстой,
Достоевский» – Лев Николаевич Толстойды (1828–1911) бала кезінен
сүйіп оқыған, соның әсері 1918 жылы «Будда» әңгімесін аударта-
ды. Федор Михайлович Достоевскийдің (1821–1881) психологизмін
ұнатқан.
17. 72-бет. «Еуропаның жазушысында Анатоль Франсты
жақсы көрем» – Француз жазушысы, шын аты – Анатоль Фран-
суа Тибо (1844–1924). Оның шығармалар жинағын М. Әуезовтің
оқығандық белгілері кездеседі.
Т. Әкімов
329
ҚАЗАҚ ЖАҢА ЕМЛЕСІ ТУРАЛЫ ДЕКРЕТ
Мақала алғаш рет «Жаңа мектеп» журналының 1929 жылғы
8 санында жарияланды. Осыдан кейін «1929 жылы 2–4 июнь-
де Қызылордада Білім кеңесі мен қазақ жаңа әліп Кіндік Комитеті
шақырған емле конференциясының стенографиялық есебі» 1930
жылы жеке кітап болып басылғанда, сол кітаптың 110-беттерінен
орын алды. Елу томдық академиялық толық басылымға осы кітаптағы
нұсқасы жіберілді.
Бұл нұсқаны Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы
ретінде (протокол № 9) 1929 жылы 25 шілдеде М. Әуезовтің өзі қол
қойып бекіткен болатын. Сонда декретте көтерілген басты мәселе
ғасырлар бойы қолданылып келген араб жазуын латын әрпіне ауысты-
ру және соған лайықталған қазақ тілінің жаңа емлесін бекіту еді. Оның
ар жағында империяның тағы да жымысқы қулығы жатты, негізгі
мақсат – сатылап барып, кирилл харпіне тұрақтату, ол мақсат кешікпей
жүзеге асырылды да. «Кирилл жазуын орнықтырса, онда орыс-
тандыру оңай болады», – деп ойлады. Бұларды Ахмет Байтұрсынов:
«Қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған.
Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз
дейді, қазақ тұтынып отырған араб харпін тастатып, орыс харпін
алдырамыз дейді. Сол үшін әуелі балалар ана тілімен оқымай, орыс
тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да, орыс харпімен оқысын дейді...
Хүкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде,
бір жазуда болу. Ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталуы»
(«Қазақ». 1914 ж.) деп ерте болжады. Мұндайды түсінушілер көп
болғанымен, қарсылығынан ешқандай нәтиже шықпады, өкімет тара-
пынан болған қысым бұл шараларды тез жүзеге асыртты.
1. 73-бет. «1924 жылғы емле жойылсын». – Бұл ұсул жа-
дидтен кейін Ахмет Байтұрсыновтың жасаған емлесі еді. Оны
төте жазу деп те атайтын. Қазақтың сөздік, дыбыстық жүйесіне
ыңғайластырылып жасалған бұл емле жиырмасыншы жылдардың ор-
тасында халқымыздың жазу тарихында үлкен қызмет атқарды. Осы
22–1247
емлені Қытайдағы қазақтар мен тағы басқа елдерде күні бүгінге дейін
қолданып келеді.
2. 73-бет. «Осы қаулы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған
күннен бастап» – «Еңбекші қазақ» – Қазақ облыстық комитеті мен
Қазақ орталық атқару комитетінің, кейін РК(б)П Қазақстан өлкелік
комитетінің, Орталық атқару комитетінің органы. Газет 1921–1932
жылдар аралығында шығып тұрды.
3. 4. 73-бет. «Қазақ тіліндегі барлық кітап, газет-журнал, штем-
пель, печать, кеңсе қағаздары, жарлық, этикет» – Жаңа емле, ки-
рилл харпіне көшіру барлық саланы тұтас қамтуы керек, осы емле-
мен жазылмайтын нәрсе қалмауы тиіс. Осындағы штемпель деп хат-
хабарлардағы почтада соғылатын белгіні және әртурлі туарлаға жап-
сырылатын қағаз этикетканы айтып отыр.
Т. Әкімов
331
ҚАЗАҚСТАН ШАРУАСЫНЫҢ ҚАЛПЫ МЕН БАЙЛАУЛЫ
ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ
Мақала 1925 жылы «Лениншіл жаста» (№ 7) жарияланды. Жур-
налист Р. Сарғожин мақаланы 1990 жылғы «Арай» журналында (№
1. 18–19-беттер) қайта бастырды. Елу томдық академиялық толық
басылымға сол жарияланымдар салыстырылып жіберіліп отыр.
Осы мақалаға социологиялық талдау жасаған тарих ғылымының
кандидаты Әзімбай Ғалиев: «Мұхаңның сонау 1925 жылы көшпелілікті
нағыз отырықшылыққа ауыстырмаса, қазақ жұртының дағдарысқа
ұшырай ты нын байқағанына бүгінде таң-тамаша қалмасқа болмайды.
Шағын ғана осы мақа ласы бүгінгі қоғамдық өмірімізді қайта құру
проблемаларымен соншалықты өзектес» деген пайымдауларын айта-
ды. Шынында да, М. Әуезовтің сол кездердің өзінде-ақ қазақ өмірі мен
тұрмысына қатысты көтермеген, сөз етпеген мәселесі кемде-кем еді.
Ал отырықшылық, егіншілікпен айналысу ісіне байланысты ойларды
1918 және одан бергі жылдарда жазған мақалаларында ұдайы құлақ
қағыс етумен келді. 1921 жылы өзі губерниялық атқару комитетін
басқарып тұрған кезінде бұл жағына баса назар аударды. Ондай іспен
айналыспайынша елден аштық арылмайды деп ұғынған ол ел арасын-
да коммуна ұйымдастырып, оны басқара алады-ау деген адамдарды
икемдеуді жөн деп тапты. Ондай ойын Шыңғыс өңіріндегі Бақанас
өзені бойынан жүзеге асырудан бастады, оны басқаруға Абайдың
інісі Ысқақтан тараған Кәкітайұлы Әрхамды таңдады. Осы жерден
бастауының себебі, суы мол, егіншілікке қолайлы десе, екіншіден,
мұның маңайындағы Шұбартау, Балқаш жағындағы елдерге әсері
тиеді деп ойлады.
Бұған дейін қазақ елі егінші жатақ, малшы көшпелілікпен өмір
сүріп келді, екеуінің де жеткен жері күн көргіштіктен, тамақ асыра-
удан аспады, бар тапқаны өлі байлық болып қала берді – онысы ел
байлығына есептелінбеді. «Бұлай кете берсе, ел байлығына қосары,
ілгерілетері болмайды, сол үшін халықты отырықтандыру керек,
шаруашылығын көтеріп, өлі күйден қатынасқа айналдыру қажет» де-
ген ой М. Әуезовті осындай әрекеттерге барғыздырды.
Т. Әкімов
332
ЖЕТІМ
Бұл әңгіме алғаш рет «Қайғылы жетім» деген атпен Семей
қаласында шығып тұрған «Таң» журналының 1925 жылғы 1 санының
78–85-беттерінде жарық көрді. Әңгіменің соңына «Мұхтар» деп қол
қойған. Бұдан кейін 1935 жылы шыққан «Ескілік көлеңкесінде» атты
жинаққа кірді. Жазушы атына айтылған әсіре солшыл сыншылардың
сыңаржақ пікірлерінен кейін әңгіме елеулі түрде тузетулер мен
қысқартуларға ұшырады. Соның ішінде табиғат суреттеріндегі
романтикалық суреттеулер мен сыршыл сарындарды өз ық тия рынан
тыс өзгертуге мәжбүр болды. Жалпы оқиғаның ұзын-ырғасы сақ-
талғанымен де, әңгіменің ішкі ырғағына бұл өзгертулер кәдімгідей
кері әсерін тигізді. Сондай-ақ сөйлемдердің стильдік тұрғыдан ши-
рай түскен жерлері де бар. Жазушының көзі тірісінде жарық көрген
«Қараш-Қараш» (1960) атты жинағы 1936 жылғы нұсқа бойынша
«Жетім» деген атпен басылды. Жазушының он екі томдық шығармалар
жинағына, шығармаларының жиырма томдық, елу томдық толық ба-
сылымына сол нұсқа негіз етіп алынып, текстологиялық салыстыру-
лар жүргізілді, бұрынғы басылымдарда кеткен қателер мен жаңсақ
оқылған тұстар түзетілді. «Таң» журналындағы алғашқы басылымы
мен кейінгі нұсқаны салыстырғандар – Сұңқар Жұртбаев пен Мұқаш
Қожахметұлы.
«Қайғылы жетім» мен «Жетімнің» арасындағы негізгі
айырмашылықтар төмендегідей:
1. 79-бет. «Күн батып» – «күн батқан».
2. 79-бет. Бұл арада стильдік қырнап-түзеу орын алған. Журналдағы
мәтіні мынадай: «Алыста күн күркіреп жатты. Тіпті алыста анда-сан-
да күн жарқырап тұрды. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді, қара
барқыт тартып қараңғылана бастаған, аспанда түксиген қатал қабақ,
құлазып жүдеген иесіздік білінгендей еді, үлкен жарықтың өшер ал-
дында бір сөніп, бір лап етіп жанғанындай күн батыста жарқ еткен
жайдың жарығымен күңгірт даланы үміттендіріп тұрды».
3. 79-бет. «Ұлы бір сабырды еске түсіргендей» – «Ұлы мінәжатты,
салқын түсті табиғат ортасында желікті, қызықты еске түсірмей, ұлы
мінәжатты, салқын дұғаны еске түсіргендей еді».
333
4. 79-бет. Бұл арада мынадай сөйлем қысқарып қалған: «... ән
сияқты. Келмеске кеткен дәуренге арнап оқыған дұға сияқты, күшті
табиғат жарлығына бойсұнып, өлімге бас иіп айтып отырған иман
сияқты, кейде өткен күннің күнәсін ойлап, тәубе қылған сияқты.
Шерлі, қайғылы ән – кеткелі отырған жас өмірге ақырғы рет айтқан
«хош, хошы» сияқты».
5. 80-бет. Жазушы бұл жерге де стильдік түзетулер енгізген.
Бірінші басылымда былай: «...сумаңдап соққан түн желі елжіретіп,
қозғап, сілкініп тұрды. Қарауытқан көлеңкелі сайлар қарауытқан қара
түннің қараңғы сырын бауырына жиып, әлденеге сақтап тұрғандай
болып, белгісіздік қараңғылықпен жүрегін жаншады. Әрі салқын, әрі
қорқынышты күйді есіне түсіргендей болады. Дүние де жетімекті,
жалғыздықты, жүдеген сорлылықты көрсеткендей болды. Сол
қайғыға толған қаралы табиғат ортасында әлсіз жүрегі шерге толып,
рахымсыз өмірден ешбір жанашырды көрмей, егіліп жылап, жалғыз
сенген, жалғыз үміт қылған алласын іздегендей болып келе жатқан
бала сорлы жетім еді. Жүрегін қорқыныш басып, жалғыздық жеп келе
жатқан баланы кім бастап келеді? Жеті түнде айдап шыққан айдаушы
кім? Айдаушы – сол баланың сорлы тағдыры еді».
6. 80-бет. Бұл жерде де түзетулер жасалған. Әуелгі нұсқа мына-
дай: «Кәрі әкесі өлгенде Қасымның сүйеніші болып қалған, кішкентай
күнінен апалаған, алақанына салып өсірген кәрі әжесі бар еді.
Қасымның кішкентай әлсіз басы – тағдырдың бұның басына келерлік
барлық соққысын түгелімен көріп шыққан кәрі әкесінің артынан жар-
ты жыл өткенде, жетімек, сорлылық зарын жылдай зар қып, егіліп,
зарлап отырып кәрі әжесі де өліп еді. Бұрынғы бала, бұрын еркелікпен
жылайтын Қасым, әжесі өлген күні шын жылап еді. Басына аспан
құлағандай қайғыны сол түні анық көріп еді».
7. 80-бет. «...шешесінің үстіне жығылып, айырылғысы келмей
құшақтап» – «...шешесінің өлігінің үстіне жығылып, айырылғысы
келмей құшақтап жылап».
8. 80-бет. «...зарлағанда, елдің сай-сүйегін босатып, кәрі-
жастың жүрегін еріткен болатын. Қасымға өзге өліктің бәрінен...» –
«...зарлағанын көрген елдің сай-сүйегін босатып, кәрі-жастың жүрегін
жібіткен болатын. Өзге өліктің бәрінен Қасымға...».
9. 81-бет. «Әжесі осы тілектің үстінде өліп еді» – «Сол әжесі сол
тілектің үстінде өліп еді».
10. 81-бет. «Кешегі жылы ұяны көз алдына әкеп тұрғандай болу-
шы еді» – «Ке шегі амандықты, кешегі жылы ұяны көз алдына әкеп
тұрғандай болушы еді».
11. 81-бет. Бұл арадағы: «Әжесінің өлімімен бірге ән де басылды»
деген сөйлем сызылып қалған.
334
12. 82-бет. Алғашқы нұсқасы мынадай: «Рахым дегенді білмейтін
ұрысқақ, долы қатыны Қадиша мен Иса Қасымды алғашқы қолына
кіргізіп алғаннан бастап, малды өз малындай, өз мүлкіндей есептей
бастады».
13. 82-бет. Әуелгі сөйлем құрылымы былай: «Тас бауыр болып
сөніп қалған Қасым».
14. 82-бет. Бұл араға да түзету жүргізілген. Сөз мәтіні мынадай:
«Пәлен қойларды соғымға жібереміз, пәлен сиырды сатып, үй ішіне,
бала-шағаға сауда герден бұл аламыз, ұзататын әйел балаға жабдық
аламыз», – деп ашыққа салып, кеңесіп жатты».
15. 82-бет. «...тыйған жоқ еді» – «бөгеген жоқ еді».
16. 82-бет. «Сенімсіз» – «сезімсіз».
17. 82-бет. «Жарамайсың» – «жараймысың».
18. 82-бет. Бірінші мәтін мынадай: «Қабағы үнемі түйіліп, қайғы
сырымен түксиіп, кірпігі жетімсіреп, сүзіліп жалғыздық, сорлылық
кебін барлық пішінімен білдіретін болып еді».
19. 83-бет. «...кезек тимейді. Оның үстіне, олардың ересегінен таяқ
та жей бастады» – «...шірет тимейтін болды. Оның үстіне, олардың
ересегінен де таяқ жейтін болды».
20. 83-бет. «...олардың еріншектігіне өзі құрық беріп, Қасымның
бей ша ралығын ашық арамдықпен қақпай қылып та қояды» –
«...олардың ерін шектілігіне, Қасымнын бейшаралығына ашық
арамдықпен себепші болатын болды».
21. 83-бет. Бұл сөйлемдердің алғашқы нұсқасы мынадай: «Күз
күніндей жабырқап жүдеп, қабағы қатқан қайғылы болды. Сырт пішіні
момын сияқтанды. Бірақ ішіне ылғи жетімсіреген қорғансыздық,
жалғыздықпен бірге дүниеге сенімсіздік, ешкімге жуымайтын
жатбауырлық, адам қауымынан жат қылып әкететін жетімсіреген,
құлазыған жалғыздық нығайып орнай бастады. Бұл мінез көбейген
сайын күшейіп...».
22. 83-бет. Алғашқы нұсқа былай: «Бұл Қадишаның қолы үйреніп
алған, таяғы күннен-күнге сорлы жетім деп көзге шұқып, бірінен-бірі
асып, жиі-жиі тие бастады».
23. 83-бет. «Қуып жүріп сабап еді» – «қуып жүріп ұрып еді».
24. 84-бет. Негізгі нұсқада мынадай: «Иса бұған сен қарсы келдің
деген зілменен тағы да ұрмақшы болып, тағы да қуып қарсы жүгірді.
Сол уақытта Қасым жаны күйіп шыдай алмай, жылап жүріп сөйлеп...».
25. 84-бет. Алғашқы нұсқасы төменгідей: «Жерде жатқан үлкен та-
сты алып, қасына келіп қалған Исаны тізесінен салып қалып, далаға
қарай қашып еді».
26. 84-бет. Бұл арадағы мәтіннің алғашқы нұсқасы былай: «Қасым
335
жүгіре басып, шошынған қайғылы қабақпен сорлы жетім көзі үмітпен
бір белгісіз бірдемені күткендей болады. Пайдасыз күту. Ішінен қатты
қорқып келе жатса да, көзіне көрінер тірі жан жоқ, қап-қараңғы түн
болды. Қасым тау ішіне кіріп еді».
27. 84-бет. «Сол күй қорқынышты ойлатпай алып кетіп еді». –
«Сондықтан қорқынышты ойлатпай алып кетіп еді».
28. 85-бет. Бұл араға стильдік өзгерістер жасалған. Алғашқы
мәтіні төмендегідей: «...сырын ішіне бүгіп, жиып тұрғандай көрінеді...
Тоғайда, қалың жапырақтың арасында қара түн жасырынып, әлде нені
күтіп тұрғандай».
29. 85-бет. Алғашқы нұсқа мынадай: «Шалғын түн мезгілінде
Қасымның көзіне жат болып кеткендей көрінеді. Қараңғы табиғаттың
үлкен тылсымына, ұлы дұғасына құл болып бағынып тұрғандай.
Тас қабақты, жұлдыз көзді түндей қара түсті қара кемпір тау ішін
құйындай құтырып, кезіп жүргендей. Қара желімен әпсұсін оқып,
үшкіріп тұрғандай. Дүниені тас қылып қатырып, тілін буғандай»...
30. 86-бет. Бұл араға кәдімгідей елеулі түзетулер енгізіп, кей сөзді
қысқартқан, кей сөздерді қосқан. Алғашқы нұсқа мынадай: «Жетім
жүрек ілгері дедектетіп алып жүріп кетті. Бірақ бұл уақыттағы серігі
кім болды? Періште ме? Әлде жын ба?.. Енді алдында бұлдырлап,
елестеп жүгіргендей болып, елбеңдеген бірдеме жолын бастап келе
жатқандай болды. Қасым бір уақыт кісі екен деп ес көргендей болып
еді. Артынан шоши бастады. Қорғансыз жалғыз жүрегі сенімсіздік
қаупімен лүпілдеп соға бастады. Ақырын жүріп кейіндегісі келді...
Бір мезгілде бетіне құтырып, ысқырып келіп бір ұйытқыған құйын
соққандай болды. Жасқанып көзін жұмғандай болды. Қайта ашса –
алдында қараңғы түнде оттай жанған ала көз ашуменен түксиіп қарап
тұр екен.
Алдында тісі ақсиған ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы
бар қара кісі тұр екен. Бұл – даланың жыны еді. Қасымға әмірлі дауы-
спен ақырып: «Артымнан еріп жүр, әлсіз денеңнің шаршап-талғанына
қарама! Аяғыңа кірген тікенге, жырған тасқа қарама! Өліп қалғанша
артымнан еріп отыр! – деп жүріп кетті... Әлсіз жетім: «Ағатай...
Жетіммін!..» – дей беріп, ала көз қайта жарқ еткенде, артынан жүгіріп
кетті».
31. 86-бет. Алғашқы нұсқа былай: «Бір құлдап, бір өрлеп, жолды
қуалап келе жатқанда Қасым келген жердің тұсына жетті».
32. 86-бет. «Сонда үш жолаушы» – «Сол уақытта үш жолаушы...».
33. 86-бет. «...әлгі жерге қайта келді» – «...әлгі жерге келді».
34. 86-бет. Жазушы әңгіменің соңы әсерлі шығу үшін алғашқы
нұсқаға жаңа сөздер қосқан әңгіменің алғашқы нұсқасы былай
аяқталады: «... он бір, он, екі жасар бала екен. Бұл – Қасым еді. Бірақ
қазіргі халде Қасым жетімдіктен, қайғы-зардан, ойын кернеген ызадан
құтылған, ол – өлген екен». Кейінгі нұсқада: «Ол – өлік. Бірақ денесі
әлі түгел мұздап та болған жоқ екен...» деп өзгертілген.
Зады, қаралы сөзбен сөйлемді аяқтауды жөнсіз көрген сияқты. Оның
үстіне, осы кезде жазылған әңгімелеріндегі басты кейіпкерлердің дені
өлімге душар болатындықтан да, өзіне тағылған айыпты жеңілдету
үшін сөйлемнің ішкі әсерін де жеңілдетуге тырысқан сияқты.
Т. Жұртбай
337
БАРЫМТА
Әңгіме тұңғыш рет «Таң» журналының 1925 жылғы 1-санында
«Қанды түн» деген атпен жарияланды. Соңына «Мұхтар» деп қол
қойған. Бұдан кейін жазушының 1936 жылы жарық көрген «Қараш-
Қараш» атты жинағына енді. 1960 жылы шыққан аттас жинақта
қайталап басылды.
Үш басылымның арасында біршама айырмашылықтар бар. Оқиға
желісі сол күйінде сақталып қалғанымен де, 1936 жылғы басылымда
әңгіме көптеген түзетулерге ұшыраған. Кейбір сөздер мен сөйлемдер
стильдік тұрғыдан жөнделіп, жаңаша құрылған. Басы артық деген
теңеулер мен баяндаулар алынып тасталған. Кей тұстарға жаңадан
сөздер қосылған.
Салыстыра отырып қарағанда, жазушы әңгіменің алғашқы
нұсқасындағы ұлттық бояулар мен байлардың психологиясын,
барымтаның түпкі себептерін кеңейте суреттеген тұстарын ба-
рынша қысқартып, жалпылама бейнелеуді мақсат еткені байқалып
қалады. «Қанды түнде» ер мінезді дала адамдарының ерлік рухын,
жылқышылардың әр тұлғасын сүйсіне баяндаған авторлық іштарту
басымырақ аңғарылса, «Барымтада» Қалбағай мен Қонақайдың
арасындағы қақтығысқа таптық сыпат беру нышаны қылаң береді.
Негізгі кақтығыстың себепкері – екі кедейді арандатып отырған До-
сбол мен Айдар байдың өзара жаулығы деген емеуірін танытады. Ал
бұл шығарма әуел баста жазушының сол кезде ұстанған көркемдік
ізденісі мен ұстанған бағытына байланысты. Қонақай мен Қалбағай
бейнелері арқылы даланың ержүрек серілерінің – рыцарьларының
қауіп-қатерге толы тағдырын әсірелеп суреттеу ниетінен туған еді.
Таптық тартыс емес, тағдыр талқысы басты нысана болатын. Бұл
әңгіменің кейінгі нұсқасындағы жаңадан қосылған қорытынды
сөйлемнен анық байқалады.
Жазушы шығармаларының он екі, жиырма томдық жинағына 1960
жылы шыққан «Қараш-Қараштағы» нұсқасы бойынша енгізіліпті.
Осы басылымға да сол нұсқа негіз етіп алынды. «Таң» журналындағы
338
нұсқасымен са лыс тырғандар – Сұңқар Жұртбаев пен Мұқаш
Қожахметұлы. Әңгіме орыс ті лі не аударылып басылған. Аударғандар
В. Дудинцев пен Н. Гордеева. Ол Москва да басылған М. Әуезовтің бес
томдық шығармалар жинағының 1-томында (М., 1973) жарық көрді.
Жазушының «Таң» журналында «Қанды түн» деген атпен
жарияланған әңгімесіндегі кейіннен өзгеріп, қысқартылып, өңделген
тұстары мыналар:
1. 87-бет. «... тыныс алғандай еді». Өзек бойында шашырап қонған
ақ ауыл дар әр жерде ұядағы жұмыртқадай жарастықпенен қатарланып,
үйіліп отыр еді».
2. 88-бет. «... Кең өзекті жүдетіп, тербеткендей еді».
3. 88-бет. «Кейбір жерошақтарда бірде үзіліп, бірде қайта қозданып,
жалпылдап жанған оттар көрінеді. Түндігі жабылмаған үйлердің
шаңырағынан кызғылттанған жарық көрінеді. Қызғылт сәуле тіршілік
белгісіндей болып көзді тартады. Ауылда жатпаған үйлер – кешірек
жататын байлар үйі еді».
4. 88-бет. «... болуына себеп болып еді».
5. 88-бет. «Осы екі ел басты кісілерінің бір-біріне сөз өткізем деген
бәс-таласынан, бақ күндестігінен болса да, тентектеу бір саяқтарының
ел бүлдірген мінезінен болса да, әйтеуір көп заманнан бері бір-біріне
уыққан, аңдысып-шатасқан ел болатын. Соңғы екі жылдан бері екі ел
бір-біріне біржолата өштесіп, қолдан келген қастықтарын аяспайтын
болып еді».
6. 89-бет. «... сансыз көп берген арыздарынан кей уақыттарда ай-
лар, жылдар өтсе де, жауаптар келмей қалатын».
7. 89-бет. «Сондықтан».
8. 89-бет. «...неше түсті әңгімелері болған».
9. 89-бет. «... оқиғалардың».
10. 90-бет.. «Тағы не болар екен?» – десіп күрсініп, ізденген бозба-
ла, ер-азамат аты мен сойылын сайлап, елең қағып іздене бастайтын».
11. 90-бет. «Досболдың тілеуіндегі елдің көбі ыстығына күйіп,
суығына тоңбақ болып, екі елдің арасы алыстағанша бұның ауылымен
бірге қонып, бірге көшпекші еді».
12. 91-бет. «Ол – өзінің жылқышысы Қалбағай болатын. Қалбағай
отыз бес жастардың шамасына келген кең жауырынды, дөңгелек
денелі, өзгеден ерекше біткен қайраты мен жүрегі бар, шоқша сақалды
қара жігіт еді. Қалбағайдың «Қарағандыдан шыққан жаудың албасты-
сы» деген аты Терісаққанға түгел жайылған болатын».
13. 91-бет. «Жалқы да Қалбағайды танығандай еді: нелер шу асау-
лар Қалбағай боз айғырымен қуғанда, қалтырап қаша алмайтын».
339
14. 91-бет. «Қалбағай жұртты мазақ қылып: «Жаман ауылды кім
алмаушы еді, жаман жігітті кім жықпаушы еді. Жауды көрсе буыны
босап кететін жігітке жауға шауып не керек», – дейтін.
15. 91-бет. «Бұл хабарды ауылға түйеші екінті кезінде келіп айтқан.
Сондықтан...».
16. 92-бет. «... бұл Қарағанды мықтап сайланып, соқтығуға лайық
еді. Өйткені Айдардың алдында екі рет аттандырған кісісі түк ала ал-
май, таяқ жеп, сүргін болып, қашқылық, қуғылықпен зорға құтылған.
Бірен-саран түскені де болған. Оның үстіне, Досбол отыз жылқысын
алдырып, жауап бермей қойған. Сонымен соңғы уақытта Қарағанды
жақтан жансыздап келген хабар: «Айдар Қалбағайдың да атын естіп,
мықты ұрыларды жиып жатыр, үлкен қолмен келіп бір соқтықпақшы»,
– деген. Айдардың қолының ішінде бұл жолы Қонақай мен Жоламан да
болады деген сөз бар еді. Қонақай, Жоламан бір ағайынды ұрылар бо-
латын. Бұлар жалғыз екі болыс ел емес, осы маңдағы жапсарлас елдің
бәріне аты шыққан, әрі жырынды, әрі мықты ұрылар болатын. Бұлар
талайды зар қақсатқан жайлаудың қасқырындай ұрының көкбөрісі еді.
Тынымсыз ұры, зорлықшыл Тентек болғандықтан, бұларды көрсетуші
көбейіп, аяғында үйез бен маңайдағы приставтарға аттары белгілі
болып, бұларды қуып жүретін, қазір де бұның екеуі де аты шыққан
қашқын еді. Соңғы кезде орыс әлденеше қуып келіп ұстай алмай, ала
алмай қайтқан. Орыстың қолына түспеген соң, бұлар қазақ қолына
тіпті түспейміз деп, бұрынғысынан да асқан болатын. Өздері үнемі
қаруымен, үнемі мылтық, қанжармен жүреді деп жүріп, шошысып
аңыз қылысатын.
«Осы Қонақай мен Жоламанды Айдар бауырына тартып, Досболға
бір жолға қарсы салмақ болып жүр» деген хабар болған».
17. 93-бет. «Үйдегі тегіс тына қалып: «Мұ не?» – десіп елеңдеп,
кейбіреу жүгірісіп тысқа шыққанда, түн ортасында айқын шыққан
«Аттан!», «Аттан!» – деген көптен күткен суық сөз саңқ-саңқ етіп
естіліп қалды. Сол дауыспен аралас жер жаңғырықтырып, тасты жер-
де сатырлап шапқан көп аттың сарынымен сатырлап, қатты қағысып
жатқан ағаш дауысы да естілгендей болды».
18. 93-бет. «Ат-айғырлар кермеде тықыршық атып шыдай алмай,
басы байлаулы болса да, кермеде сүзіп жөнеліп, еліріп, тынышсызда-
нып тұр еді. Бұ лардың кейбірі асығып келген жігіттерді шыр айналып,
сабырсызданып, мінгізбей де алып жөнеліп жатты. Көп қарбаластың
ішінде түгелімен тысқа шығып қалған ауылдың кәрілерінің: «А,
Құдай, сақтай көр! А, Құдай, жаманшылығыңнан сақта!» – деген,
шын жалбарынып, шын тілеген тілектері, зарлары естіледі».
340
19. 93-бет. «А, Құдай, ақсарбас! Жалғыздың жары – Құдай! – деп
тілеу тілеп жүрді».
20. 93-бет. Бұл ара түгелдей жаңадан жазылған.
21. 94-бет. «...жеті түнде шулап».
22. 94-бет. «...ауылдағы тұрған».
23. 94-бет. «...тарс-тарс».
24. 95-бет. «...жылқыға жау тиетін, түн бола бастаған сайын асығып
күткен еді. Қалбағай ымырыт жабылған соң, күндіз бір талай мініліп
қоя берілген боз айғырды қайта ұстап, мініп алған».
25. 95-бет. «...жаудың қалың шоғыры шыға келді».
26. 95-бет. «...өзектегі жалқыға қарай құлай шапты».
27. 96-бет. «Жау қарасынан бір он екі кісі: «Қайт! Қайт!» – деп
қарсы шапты. Аралары жақын болып, қоян-қолтық келіп қалған жа-
улар ай сәулесімен шағылысқан ақ сойылдарды айдынмен көтерісіп,
шатыр-шұпыр араласып, сарт-сұрт ұрысып қалды».
28. 96-бет. «...көп сойылды тигізбей шығады».
29. 96-бет. «...шаңын боратып».
30. 97-бет. «...қақтығып, жылдам шыға алмай қалып».
31. 97-бет. «...ұйытқып».
32. 97-бет. «...жарып алып жөнелмекші болды. Бірақ Қалбағай
бастаған жылқышылар бұларды шашау жайылдырмайтын сияқтанды».
33. 97-бет. «...кезек-кезек машина жылдамдығындай жылдам-
дықпен сойыл дап, айқайды салып отырып қақ жарып шықты, бұл кез-
де...».
34. 98-бет. «...жылқышылармен қалмағаны үшін соғысып, жазалап
кетуіне орын кең болды».
35. 98-бет. «...жолдастарына Қалбағай құтқартпай қойған. Бірақ
оның орайына жылқышылардың да саны кеміп еді».
36. 98-бет. «...шоғырымен келіп араласып кетті. Бұл арадағы ұрыс
барлық бү гінгі түндегі асығыс қарбаластағы ұрыстардың бәрінен бөлек,
ең ірі ұрыс еді».
37. 98-бет. «...үлкен топ болып кетті. Намысқа тыртысқан, жігіттің
ерлік аты үшін жанын отқа салып, қырқысқан тобы түн тыныштығына
ерегескендей болып, секөнт сайын жапыр-жұпыр көтеріліскен сойыл-
дарды жиі-жиі тигізіп, соғысты қыздырып бара жатты. Бұл уақытта...».
38. 99-бет. «Қонақай сол арада аңғарып, құлағы шалып қалды. Ау-
ылдан шапқан қалың шу бұларға қазір жақындап қалған екен».
39. 100-бет. «...алдына қарай құлап еді... Жасқанып атқан оқ дәл
жүрегінен тиген Қалбағай да мылтықтың түтіні айыққанша ат үстінде
жоқ болып, Қонақайдың үстіне бүктетіліп түсті».
40. 100-бет. «Кейінгі қуғыншы да азаматтық биігінің басына
шығып өлген Қалбағайдың басында шулап жылап, үйіліп қала берді.
Жарық айлы бүгінгі түн – қаралы қанды түн болды».
Жазушы әңгімеге сол кездің әсіре тапшылдық талабына орай сы-
пат беруге мойынсынып, алғашқы нұсқасын соңына: «Өз намысы
оянбаған екі бейбақ, асығы түгел әлдекімнің намысына итаршылық
жасады да – жайрап түсті қос арыс!» деген сөйлемді қосқан.
Т. Жұртбай
342
Достарыңызбен бөлісу: |