Сүйінбайдың айтыстары мен өлең-толғауларын жинау, жариялау ісі туралы
XIX ғасырдағы қазақ халқының ұлы ақыны Сүйінбайдың лирикалық өлеңдері мен
философиялық толғауларын, классикалық үлгідегі ірі айтыстарын жинау, жариялау ісі ХХ ғасырдың
бас кезінде қолға алына бастады.
1920 жылы Түркістан АКСР-і халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған комиссия ауыз
əдебиеті үлгілерін жинау мақсатында Сырдария, Жетісу облыстарына экспедиция ұйымдастырып,
этнограф-ғалым Ə.Диваев Сүйінбайдың өлең-толғауларын, айтыстарын жазып алды.
Ақынның «Апырым-ау, мына жатқан Сарыбай ма?» деген өлеңі алғаш рет 1929 жылы «Жаңа
əдебиет» деп аталатын журналдың № 6 санында жарияланды. Содан соң 1931 жылы Сəкен
Сейфуллин құрастырған «Қазақтың ескі əдебиет нұсқалары» деген жинағында «Шапырашты
Сүйінбай ақынның қартайғанда айтқаны» деген философиялық өлеңі басылды.
Сүйінбайдың шығармаларын барынша қадағалап, жинастырып, қыруар еңбек еткен адам —
I.Жансүгіров. Оның бұл ретте үлкен зерттеушілік жасағанын атап айтқан жөн. Ол Бөлтіріктен,
Бейсембайдан, Шыныбайдан жəне Үмбетəлі ақындардан Сүйінбайдың көптеген шығармаларын
жазып алып, соның негізінде 1935 жылы «Сүйінбай ақын» деген жеке жинақ құрастырып шығарады.
1935 жылғы жинақ шыққан соң, Сүйінбайдың өмірі мен шығармашылығы орта мектептердің
оқулықтары мен оқу құралдарына енгізіле бастайды. С.Мұқанов пен Қ.Бекхожин 1939, 1940, 1941
жəне 1944 жылдары орта мектептің сегізінші сыныбына арналған хрестоматиясына Сүйінбайдың
бірнеше өлеңдерін енгізген («Сүйінбай мен Тезек төре», «Сүйінбайдың Тезектің өлген баласына
көңіл айтқаны», «Кəрілік туралы»).
1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрылғаннан кейін Сүйінбай ақын мұрасын жинап
жариялаумен айналысқан ғалымдар Ə.Диваев, С.Беғалин, Б.Жақыпбаев, қырғыз фольклористері
Ш.Уметəлиев пен Э.Мұқанбетовтардың еңбектерін айрықша атауға болады.
Сондай-ақ Сүйінбай мұрасының біршамасы Ж.Жабаевтың мемориалдық мұражайының əдеби
қорында сақтаулы. «Ақын жырлары», «XVII–XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары»,
«Үш ғасыр жырлайды» атты жинақтарда Сүйінбай шығармаларына кеңінен орын берілген. «Айтыс»
жинағының 1-ші томында «Сүйінбай мен Тезек төренің айтысы» жарияланған. 1976 жылы жарық
көрген ақынның «Ақиық» атты жинағына таңдаулы шығармаларымен қатар, тыңнан қосылған
көптеген өлең-толғаулары, айтыстары енген, шығармалары жүйеге келтіріліп, тақырыптарға
бөлінген. Кітапқа көлемді алғысөз жазылып, соңынан түсіндірме сөздік берілген.
Сүйінбай Аронұлының шығармаларын жариялауға көмектесіп, пікірлер айтқан С.Садырбаев,
Қ.Ергөбеков, Х.Сүйіншəлиев, С.Беғалин, М.Жолдасбеков, А.Бəкірова, М.Үмбетаев, Қ.Жұмалиев,
М.Қаратаев, Б.Ақмұқанова, Р.Бердібаев сияқты ғалымдар мен жазушыларды атап өткен жөн. Ақын
өлеңдерін жинау, жазып алу барысында Сүйінбайдың туған келіні Мəстура Кəрібайқызы
Малыбаеваның арабша жазылған қолжазбаларының құндылығы өте зор.
Сонымен бірге кемеңгер ақын Сүйінбай Аронұлының негізгі басты-басты шығармалары
əлденеше дүркін орыс тіліне аударылып, жарық көрді. Атап айтқанда, 1958 жылы Мəскеуде шыққан
«Қазақ поэзиясының антологиясы», 1978 жылы Ленинградта басылған «Қазақстан ақындары» жəне
«Əлем əдебиеті кітапханасы» деген атпен 1972 жылы жарық көрген 200 томдық жинақтың 102-ші
томында Сүйінбайдың бірнеше өлеңдері орыс тілінде басылды. Бұл ақын шығармаларының
дүниежүзілік сөз өнеріне қосылған асыл мұра, аса құнды əдеби ескерткіш екендігін танытты [6; 104].
Соңғы жылдары қазақтың жазба əдебиетінде Сүйінбай образы басты орын ала бастады. 1973
жылы Əбділда Тəжібаевтың «Көне қоңырау» деген өлеңдер жинағы шықты. Соның бір тарауы
«Ақын» деп аталады:
Достарыңызбен бөлісу: |