Монография түркістан, 2010 жыл Тәрбие, тәлімді гуманизациялау



бет1/6
Дата02.11.2022
өлшемі36,11 Kb.
#46879
түріМонография
  1   2   3   4   5   6
Байланысты:
гуманистік тәрбие бапбаба




С.Б.БАБАЕВ

(Педагогикалық теория негіздері)
МОНОГРАФИЯ


Түркістан, 2010 жыл


Тәрбие, тәлімді гуманизациялау Қазақстан Республикасының қазіргі кезең педагогикасының басты бағытына айналып отыр. Кешегі кеңес дәуірінен қалған мектеп өзінің қатал бағытын жұмсартьш, бала пайдасына орай гуманистік тәрбиеге бет бұрды. Бірақ мектепті ізгілендіру істері әлі орныға қойған жоқ, бұл бағыттағы ұнамды ізденістер жүргізілуде.
Гуманизм (адамгершілікті) – әлемде адамды ең жоғары құндылық деп таныған біртұтас теориялық тұжырымдама. Бұл тұжырымдаманың басты ережесі - тұлға қадір-беделін қорғау, оның еркіндікке, бақытқа, дамуға және өз қабілеттерін байқата алуға еркіндігін тану және мойындау, бұл үшін колайлы (өмірлік, еңбектік, тәлімдік және т.б.) жағдайлар түзіп беру. Гуманизм - бұл жалпы адам болмысының, сонымен бірге әрбір жеке тұлғаның әмбебап маңыздылығына қолдау-қуаттау беретін идеялар мен құндылықтар жиынтығы. Құндылықты бағыт-бағдар және нұсқау - көрсетпелер жүйесі ретінде гуманизм қоғамдық мұратқа айналып отыр.
Ізгілікті (гуманистік) педагогика – бұл өз мүмкіндіктеріне орай кемелденуші балаларды тәлім, тәрбие үдерісінің белсенді, саналы, тең құқықты қатысушылары ретінде танытатын ғылыми теориялар жүйесі. Гуманизм тұрғысынан тәрбиенің ізгі мақсаты - әрбір тәрбиеленушіні іс-әрекеттің, таным мен қатынастың толыкқанды субъекті деңгейіне көтеріп, еркін, өзіндік басқарымға ие тұлға дәрежесіне жеткізу. Тәрбиелік үдерістің гуманизациялық өлшемі тұлғаның өз мүмкіндіктерін іске асыра алу дәрежесімен, оның бойындағы өзекті табиғи нышандардың ашылуымен, оның еркіндікке ұмтылу қабілеті мен жауапкершілігі және шығармашылығымен бағаланады. Гуманистік педагогиканың басты нысаны тұлға бітістері: басты назар ақпарат көлемі мен нақты ептіліктер және дағдылар дамытудан гөрі тұлғаның психикалық, тән-дене, ақыл-парасат, адамгершілік және басқа да инабаттық-ізгілік сапаларын дамытудың маңыздылығын алға тартады, бар күшін әрқилы өмір жағдайларында өз таңдауын қажеті мен қабілетіне сәйкес еркін, дербес толғастырып, іс-әрекетке келе алатын гуманист тұлға, азамат қальштасуына шоғырландырады; оқу-тәрбие үдерісін жаңаланған бағдарламаларға келтіруде табыстарға жету үшін қажетті ұйымдастыру шарттарын қамтамасыз ете алады.
Оқу-үйретім, тәрбие үдерісін гуманизациялау – шәкіртке болған педагогикалық үстемдігімен танылған, педагог пен тәрбиеленуші арасындағы қоғам күткен ізгілікті қатынастар орнату мүмкіндігін жоққа шығарған әміршіл педагогикадан бас тартып, тұлға еркіндігі мен жеке іс-әрекетіне аса жоғары мән беретін инабаттылық бағдарлы педагогикаға бет бұрыс. Бұл үдерісті ізгілендірудің басты мақсаты – балалардың мектеп дәрістерін жатсынуына, өз мүмкіндіктерінен төмен үлгеріміне, тәрбиелік істердің бейтарап қатысушысы немесе бұрқасын тасыған өмірдің сырттай бақылаушысы болып қалуына мүмкіндік бермейтін жағдайларды жасау. Гуманистік педагогика әрдайым мектеп тәлімін шәкіртке икемдестіру тарапында, балаға қолайлы жағдай түзіп, оның «психологиялық қауіпсіздігін» қамтамасыз етуге ұмтылады.
Гуманистік педагогиканың талаптары: 1) тәрбиеленушіге адамгершілік қатынас; 2) баланың еркіндігі мен кұқына құрмет; 3) шәкірт күшіне сай және түсінікті талаптар кою; 4) тәрбиеленушінің көзқарас - бағытын, тіпті ол қойылған талаптарды орындауға қарсылық білдірген жағдайда да - сыйлай білу; 5) балаға шынайы өз болмысын танытуына мүмкіндік жасау; 6) тәрбиеленушінің санасына тәрбиенің нақты мақсаттарын жеткізе білу; 7) бала тәрбиесіне қажет болған сапа-қасиеттердің зорлықсыз қалыптасуына мүмкіндік ашу; 8) тұлға намысы мен беделіне нұқсан келтіруші әдістерді қолданбау; 9) баланың өз наным-сенімдеріне қайшы келетін сапа-қасиеттерден бас тарту құқын тану.
«Адамдар құқы жалпы декларациясының» бірінші бабы: «Барлық адамдар бедел және құкық тұрғысынан еркін және тең. Олар ақыл-парасатты және намысты, сондықтан да өзара туысқандық рухында қатынас жасауы тиіс». Тәрбиеленушілерде қорыққан, үріккендерді емес-тәуелсіз, еркін тұлғаны танып, тәрбиеші-педагог оның үстінен ала таяқ ойнатып, күш көрсету ниетінен бас тартады, нәтижеде өз тәрбиеленушісімен бірлесе өздерінің жарқын болашағы үшін қосылып, ат салысады.
Гуманистік педагогика жүйесін уағыздап, бүкіл дүниеге белгілі болған педагоггар - М.Монтессори, Р.Штайнер, С.Френе. Олар түзген тәрбие бағыттары бұл күнде атаулы - педагогика лауазымын алған.
Мысалы, М.Монтессори педагогикасы тәрбиенің еркін, табиғи сәйкестік идеясына негізделген. Мұндағы басты шарт-баланың өз белсенділігі. Тәрбие ең алдымен әртүрлі міндеттерді атқаруға бағытталған дидактикалық материалдарды практикада қолдану тәсілдеріне сүйенеді. Сонымен бірге, оқу-үйретім мен тәрбиені даралап жүргізуге, тұлғалық ерекшеліктерді ескеруге үлкен мән береді.
Р.Штайнер Вальфдор педагогикасын дәріптеді. Бұл тәрбие ағымы әрбір баланың даму ерекшелігін ажырата отырып, оның даралығын, яғни ойлау, мінез, ерік, ес және т.б. психикалық қасиеттерін түсінуді басты қажеттік деп білді.Осы негізде даралап тәрбиелеудің әдістері мен формалары жобаланды. Баланың іс-әрекеті оның көңіл-күйі және ой - өрісімен ажырамас тұтастыққа келтіріледі.
Батыс елдерде С.Френе педагогикалық тұжырымдамасы кең тараған. Оның басты белгілері: 1) балалардың жастық психологиясындағы, қабілеттері мен қызығуларындағы әртүрлілікті міндетті түрде ескеру; 2) олардың интеллектуал, көңіл-күй белсенділігін мақсатты түрде ынталандырып бару; 3) барлық мектептік оқу-үйретім,үйренім кезеңдерін қоғамдық пайдалы еңбекпен байланыстыру; 4) мектептің өзіндік басқару жүйесінің тиімділігін көтеру; 5) жоғары моральдық және азаматтық мұраттар рухында тәрбиелеу.
Сонымен, әлемде кең дамыған педагогикалық ойдың екі бағыты танылған - үлкендердің бедел-абыройына және балалардың бағыныштылығына негізделген авторитарлы ағым, шәкірт құқығы мен еркіндігін кұрметтеуші -гуманистік ағым. Олардың арасында - санқилы педагогикалық бағыттар жасауда. Әлемнің прогрессив педагогикасы өзінің гуманистік таңдауын қабылдады.
Гуманистік тәрбие үшін басты құндылық - барша жақсы және жаман тараптарымен, артықшылығы және олқылықтарымен, тұлғалық ерекшеліктерімен танылған шәкірттің өзі. Гуманист-педагог өзінің тәрбиелік істерін баланың жеке қызығуларын ескере отырып, атқарады.
Гуманистік педагогика үшін мұндай тәрбие бағыттары арасында рухани-тұтастық, адамгершілік тәрбиесін ерекше атаған орынды. Тәрбиелік іс-әрекеттің қай түрі болмасын, ол рухани, ізгіліктілік тәрбиесі төңірегінде топталып, тұлғаға әсер етуші өзара әрекеттестік пен әрекеттік ықпалдарды бір арнаға түсіреді.
Қызметтік жүйешелердегі арнайы іс-әрекет түрлерінің барша тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тек ерекшелерін ғана емес, сондай-ақ жалпы педагогикалық міндеттерді де шешу арқылы педагог рухани-ізгіліктілік тәрбиесіне басымдылық берумен әрбір нақты тәрбие түрін біртұтас педагогикалық үдерістің маңызды құрамды бөлігі дәрежесіне көтереді.
Гуманистік педагогиканың аса көп мән беретін әдісі – бұл өзіндік тәрбие. Бұл педагогика тұрғысынан, шәкірт тәрбиесіне бағытталған педагог ықпалы өзіндік тәрбиеге көмек беретін сырттай талапқа сай шәкірттің өз әрекетін оятуға арналуы қажет. Осыдан тәрбие әдістері жұптас (бинарлы)келеді: тәрбие және өзіндік тәрбие диалектикалық бірлікті қатынаста.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет