Екінші: Сыртынандұға ету Мұсылман адам өзі әрі өзгелер үшін де үшін жақсылық тілеп, дұға етуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресі,19-аятында:
وَاسْتَغْفِرْ لِذَنبِكَ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ «Күнәларыңның кешірілуін тіле. Әрі мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің (де күналары үшін жарылқау тіле)», – деп бұйырған. Бұл аяттарда Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі әрі басқа да мүміндер үшін дұға етуін бұйырған.
Қасиетті Құранда және де ардақты Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған дұғаларға назар аударар болсақ, мұсылман адам өзі үшін дұға еткеннен кейін өзгелер үшін де дұға етуі керектігі баяндалады. Мысалы, қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 10-аятында:
رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالإِيمَانِ وَلاتَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلاًّ لِّلَّذِينَ آمَنُوا «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің», – делінген дұға айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
دَعْوَةُ الْمَرْءِ الْمُسْلِمِ لأخِيهِ بِظَهْرِ الْغَيْبِ مُسْتَجَابَةٌ ، عِنْدَ رَأْسِهِ مَلَكٌ مُوَكَّلٌ ، كُلَّمَا دَعَا لأخِيهِ بِخَيْرٍ قَالَ الْمَلَكُ الْمُوَكَّلُ بِهِ : آمِينَ وَلَك بِمِثْلٍ
«Мұсылманның бауырының сыртынан жасаған дұғасы қабыл. (Өйткені) оның басының жанында өкілетті періште тұрып, ол бауырына жақсылық дұға тілеген сайын өкілетті періште де: «әмин, сағанда сол нәсіп болсын», – деп айтады», – деген (имам Мүслим).
Хадистен түсінгеніміздей қандай да бір мұсылман өзге мұсылман үшін дұға ететін болса, ол адам үшін періштелер жақсылық тілеп, дұға етеді. Осыны ескерген мұсылман жан дұғасында бауырларын да тастамай, қамтығаны жөн. Мысалы, Әбу Дәрда (Алла оған разы болсын): «Мен намаздан кейін жетпіс бауырыма аттарын атап тұрып дұға етемін», – деген екен.