وَلَمَنْ صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الأُمُورِ «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», – деп айтқан.
Ислам діні адамның ашуланып, қайта сол ашуының басылатын табиғатын ескеріп, өзара ренжіскен мұсылмандардың татуласулары үшін арнайы уақыт береді. Осы уақыт аралығында ренжіскен екі мұсылманның біреуі не екеуі өзара татуласуға қадам жасап, кешірім сұрасуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لا تَبَاغَضُوا ، وَلا تَحَاسَدُوا ، وَلا تَدَابَرُوا ، وَلا تَقَاطَعُوا ، وَكُونُوا عِبَادَ اللَّهِ إخْوَانًا ، وَلا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أَنْ يَهْجُرُ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلاثٍ
«Бір-біріңе өш болмаңдар, бір-біріңе көралмаушылық қылмаңдар, бір - біріңнен теріс бұрылмаңдар. Бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер. Алланың құлдары, бір - біріңе бауыр болыңдар. Мұсылманға бауырын үш күннен артық уақытқа тастап кетуіне болмайды», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Қазақ халқында да: «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деуі арқылы ренішті ұзаққа созбай, ашуды басып, тезірек кешіру – жақсы адамға тән қасиет екендігі айтылған.
Бесінші: Қуаныш пен қайғыда ортақтасу Халқымызда «Күйесіз қазан жоқ, қайғысыз адам жоқ» дегеніндей өмір болғаннан кейін жақсылығы мен жамандығы, қуанышы мен қайғысы қатарласып жүреді. Өзге бір мұсылманның басына сондай қиыншылық пен қайғы келген жағдайда, мұсылман адам оған бей-жәй қарамай, шамасы келгенше көмекші, жәрдемші болуы қажет.
Жай уақытта адамдардың дос, жақын, бауыр атануы оңай. Бірақ, нағыз жақындық адамның басына қиындық келген кезде сыналады. Абай Хәкімнің:
Жаман дос – көлеңке: Басыңды күн шалса, Қашып құтыла алмайсың; Басыңды бұлт алса, Іздеп таба алмайсың, – дейтіні осыдан.
Яссауи бабамыздың: «Қам көңілдің қайғысына дауа бол, жолда шаршап шалдыққанға сая бол» деп айтқанындай адам басына келген қуанышқа ортақтасса, ол одан әрі артады, қайғыға ортақтасса, қайғы сейіледі. Ендеше, жақынының басына қайғы келген жағдайда мұсылман адам оның сейілуіне себепші болып, өзінің рухани жақындығы мен туыстығын амалы арқылы дәлелдеуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الْمُؤْمِنُ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا وَشَبَّكَ بَيْنَ أَصَابِعِهِ
«Мүміннің мүмінге қатысы бір-бірін қатайтып тұрған бүтін құрылыс іспеттес», – деп, екі қолының саусақтарын бір-біріне кіргізіп айқастырғандығы айтылады (имам Бұхари).
Хадистен дененің бір жері ауырса, сол дертті бүкіл дене сезетіні сияқты, мұсылмандар да қайғы мен қуанышта бір дене іспеттес, бір-бірі үшін уайымдап, жанашыр бола білуі керектігін түсінеміз.