Ашағира. Ашағира ةرعاشأ – ашғари ақидасын ұстанушылар. «Ашағира» деп
бұл мазһабтың негізін салушы Әбу әл-Хасан Али ибн Исмағил әл-Ашғариге (Аллаһ
оған рақым етсін) ерушілерді айтамыз. Имам Ашғари жетінші атада үлкен сахаба
Әбу Муса (Аллаһ оған разы болсын) әл-Ашғариге барып қосылады, ол һижраның
260 жылы Ирактың Басра қаласында туып, 324 жылы қайтыс болған (Р.Батталұлы,
Ақида сабақтары).
Ашура. Ашура ءاروشاع – ай күнтізбесі бойынша мухаррам айының оныншы
күні. «Ашура» сөзі араб тілінде «оныншы» деген мағынаны береді, яғни ол күн
зул-хижжа айының оны болғандықтан, солай аталып кеткен. Қажылық сапарына
кеткендерден басқаларға ашура күніне алдын немесе кейін бір күнді қосып ораза
ұстау – сүннет.
«Хафса (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.) төрт нәрсені тастамай-
тын: ашура күні; он күнде (яғни зул-хижжа айының алғашқы он күні); әр айдан үш
күн ораза ұстауды және таң намазынан (парызынан) бұрын екі ракағатты тастамай-
тын», – деген» (Сунан ән-Нәсәи).
«Ашура күні шын ниетпен ораза ұстасаңыз бір жыл нәпіл ораза ұстағанның
сауабын алып, жәннат есігін қағасыз» («Егемен Қазақстан»).
Аян. Аян – Аллаһ тағаланың ерекше құлдарына беретін белгілері, көкірегі-
не салатын ойы. Аллаһ тағаланың пайғамбар құлдарынан басқа да әулие құлдары
бар. Сол құлдарына кейде аян арқылы кейбір ақиқат беріліп, ишарат етіліп жатады.
43
Құран кәрімде: «Біз Мұсаның анасына «оны еміз» деп аян еттік», – деген («Қасас»
сүресі, 7-аят). Қазақ тілінде «аян берді» және «Алланың аяны» деген тіркестер жиі
қолданылады. Әсіресе жырлар мен термелерде бұл тіркестерді көп кездестіруге бо-
лады.
«Ұйықтап жатқан кезінде,
Аса таяқ қолында,
Ақ шалмалы қарт адам
Түсінде аян беріпті» (Батырлар жыры).
«Сол Масғұт халифаға уәзір бопты,
Тарқатыпты алдынан көп пен топты.
Бағанағы қыдыр шал бір уақытта.
Түсінде аян беріп жолығыпты» (Абай).
«Жидебайға жеткенше, алаңмен күн-түн өткіздім,
Алланың берген аяны аманат қой деп жеткіздім» (А.Егеубаев, ХХ ғ. екі
сағаты).
Аят. Аят ةيآ – Құран сүрелерінің бір шумақ (сөйлем) тәрізді бөлігі. Араб
тілінде «аят» сөзінің «муғжиза», «белгі», «дәлел», «ғибрат», «таңғажайып іс»
және «жамағат» деген мағыналары бар. Оның қай мағынада келгендігін сөйлем-
дегі қолданылуына қарай ажыратуға болады. Құран кәрімде «Ал қашан оларға бір
аят [мұғжиза] жетсе, «Бізге Алланың (бұрынғы) елшілеріне берілгендей нәрсе [ке-
реметтер] берілмейінше, еш иман келтірмейміз», – дейді. Алла елшілігін кімге
беретіндігін жақсы біледі. Қылмыс жасағандарға қылған айлалары үшін Алланың
алдында қорлық және қатты азап тиетін болады!» («Анғам» сүресі, 124-аят) және
«Ақиқатында, Біздің аяттарымызды өтірікке шығарып, оларға менменси қараған-
дарға аспанның қақпалары ашылмайды әрі олар түйе иненің жасуынан өткенше
[ешқашан] жұмаққа кірмейді және күнәһарларды осылай жазалаймыз!» («Ағраф»
сүресі, 40-аят) деп келген. Ал діни термин ретінде «аят» сөзі «Құран сүресінің
құрамына кірген Аллаһ сөзінің бір сөйлемі» деген мағынада қолданылады. «Аят»
сөзінің терминдік мағынасы мен тілдік мағыналарының арасында тығыз байланыс
бар. Мысалы, аят басқа аяттармен бірге муғжиза. Яғни Мұхаммед пайғамбарға муғ-
жиза етіп түсірілген Құран кәрім кітабының бір бөлшегі. Сосын аят – Мұхаммед
пайғамбардың (с.ғ.с.) алып келген хабарларының растығының белгісі. Құран аят-
тары көптеген ғибратқа тола. Ол тілдік құрылымы, мағыналық үйлесімдігі жағынан
таңғажайып дүние. Аят сөздер мен әріптерден тұратындықтан бейне бір жамағат
іспеттес. Құран аяттарында тура жолдың, білімнің, Аллаһтың даналығы мен
Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) растығының дәлелдері бар. Кейде «аят оқу» тір-
кесі Құраннан бір үзінді, яғни бірнеше сүре мен аяттарды оқуға да қолданылады.
«Жұрт намазы – осынау ақ айдында,
Екі басқа еміне қарайды да,
Аруақтарды көрінен шақырады,
Талай ат оқылып, талай дұға» (М.Мақатаев, Шығ.).
44
Қазақ тілінде «аят» діни мағынасымен бірге «қасиетті ұстаным», бұлжымай-
тын заң» деген ауыспалы мағынада да қолданылады.
«Қаңғырғам қурайды таяқ қып,
Қаңғырғам, Достықты таппағам.
Жатқанда, тұрғанда «аят» қып,
Жадымда достықты сақтағам» (М.Мақатаев, Шығ.).
Сонымен қатар қазақ тілінде «көңіліне аят тоқыған» деген тіркес бар. Бұл
Құран аятын жаттаған және оны өмірлік ұстаным еткен деген мағына береді.
«Бақыт қайда барасың?
– Тарауық намаз оқыған,
Көңіліне аят тоқыған
Ниетті елге барамын» (Қабан жырау, Алтын қазық).
Достарыңызбен бөлісу: |