айтылған. Қара сөз еркін ой білдіру формасы. Ақын өлеңдерінің кейбір күрделі
дүниетанымдық мәселелері қара сөздерде түсіндірілген. Абайдың біршама өлеңдерін қара
сөздеріндегі кейбір ойларды түсініп барып қабылдауға мүмкіндік ашылады. Мыс., "Алланың
өзі де рас, сөзі де рас" деген өлеңін түсіну үшін алдымен Отыз сегізінші сөзді оқыған жөн. Абай
қара сөздерінде Сократ, Платон, Аристотельдерді хакімдер деп атай отырып, өзінің де хакім
екендігін дәлелдеп берген. Абай "хакім" деген ұғымды тек қолданып қоймай, оны түсіндірген.
Отыз сегізінші сөзінде "хакім дегендер әрбір істің себебін іздеушілер" дей келе хакімдіктің
мәртебесі: "Әрбір ғалым - хакім емес, әрбір хакім - ғалым" деп нақтылаған. Ғалымнан хакімді
жоғары қоя отырып, Абай нақлия және ғақлия деген ұғымдарға түсінік береді. Ғақлия -
хакімнің сөзі, нақлия - ғалымның сөзі. Абайдың қырық бес қара сөзі, негізінен, бәрі дерлік
ғақлиялық мазмұнда,бірақ нақлиялықта сәттер бар. Абай филос. деген ұғымды білсе де, оны
қолданбаған, ол оның орнына хакімдік ғақлият сөзін пайдаланған. Кезінде
М.Әуезов нақтылап
айта алмаса да, қара сөздер туралы сол заман үшін өте құнды пікір білдірген еді: "Жалпы
алғанда Абайдың осы қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзінен бөлек, бір алуаны
боп қалыптасады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы
шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық,
ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді"
(М.Әуезов. 20томдық шығармалар жинағы 20-т., 218 - 219). "А. қ. с." жанрлық сипаты
жағынан әлемдік ойшылдар Монтеннің "Тәжірибелеріне", Паскальдің "Ойларына", Ницшенің
"Афоризмдеріне", Шопенгауэрдің "Тұрмыстық афоризмдеріне", Борхестің "Философиялық
тәсілдеріне", Жебранның "Шағын ойларына", т.б. ұқсас. "А.қ.с." бірнеше шет ел тіліне
аударылған, әлемдік ақыл-ой қазыналарының бірі болып мойындалды. Ұлы ақынның бұл
филос. мұрасын шет ел тілдеріне аударуға Ғ.Мұқанов, С.Санбаев, т.б. көп үлес қосты.
Достарыңызбен бөлісу: