"БАЗАР БАТЫР" - дастан. Ауыз әдебиетін жинаушы Бәдел Тұрсынбаев 1935 ж. Шығ. Қазақстан
обл. Күршім ауд. Батбақбұлақ а-ның тұрғыны Жангөдей қарттан жазып алған. Дастан үш тарауға
бөлінген: 1-тарауда Базар батырдың Шыңжаң аймағындағы Алтай өлкесін қытай, қалмақ
басқыншыларынан қорғау жөніндегі күресі, 2-тарауда оның басқаруындағы Алтай қазақтарының
Данияр хан озбырлығына қарсы күресі. 3-тарауда Базар батырдың Ресей отарлау саясатына қарсы
күресі суреттеледі. Шығарманың негізгі идеясы - қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы
ұлт-азаттық қозғалысы Базар батыр бейнесі арқылы айшықталады. Дастанның Жангөдей
жырлаған толық нұсқасы Орт. ғыл. кітапхана қорында, басқа екі нұсқасы Әдебиет және өнер
ин-тының Қолжазбалар және мәтінтану орталығында сақтаулы. Ел аузында сақталған дастанның
сюжеті желісінде Б. Тұрсынбаев дастан жазып, жеке кітап болып басылды(1944).
БАЗАР Есұлы (19 ғ.) - Кенесары ханның қозғалысына қатысқан батыр, ақын. Ақмола өңірінде
дүниеге келіп, қазіргі Жамбыл обл. Мойынқұм ауд-нда қайтыс болған). Әліке батырмен бірге туған.
Әкесі - Ес батыр, шешесі - Мамай батырдың қарындасы. Б. ақын айтты деген: "Тасыма, жігіт,
тасыма! Күшігендей сақылдап, күлгенің не досыңа? Жақсылыққа қуанып, жамандыққа жасыма.
Өле-өлгенше тұрмайды. Жақсылық пен жамандық, бір кісінің басында" деген өлең жолдары халық
жадында сақталған. Зираты Қарағанды обл. Теңіз ауд. Сарыөзен а-ның батысындағы Тікенекті
қорымында.