СӨЙЛЕУ ТІЛІ РЕҢКІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР
Қазақ әдеби тілінің сөздік қорында сөйлеу тілі реңкіндегі
фразеологизмдер өте көп кездеседі. Бұл жерде тілдің лексика мен
фразеология жүйесінде диалектикалық байланыс бар екендігі байқалады.
Мысалы, қазақ тілінің лексикалық қорында стильдік жақтан бейтарап
сөздердің саны стильдік реңкке ие сөздерден гөрі әлдеқайда басым. Тіпті
оларды сан жағынан салыстыруға келмейді. Міне, осы "олқылықтың"
орнын тілдің фразеологиялық қоры толықтырып тұрғандай болады,
Өйткені бейтарап реңктегі фразеологизмдердің саны аз, ал эмоционалдық-
экспрессиялық реңктегі фразеологизмдер әлде қайда мол. Соған қарағанда,
фразеологизмдерді жеке сөздердің экспрессиялық-стильдік эквиваленті
деуге болады. Мысалы: тез – қас қаққанша, көзді ашып жұмғанша; жас –
ернінен емшек табы кетпеген; момын –қой аузынан шөп алмас, шөккен
түйеге міне алмас; сараң – жұмыртқадан жүн қырыққан, қу бастан
қуырдақтық ет алған; Шықбермес Шығайбай; уайымдады – сары
уайымға салынды, асанқайғыға түсті т.б.
Сөйлеу тіліне тән тілдік құралдар (фразеологизмдер) бейтарап
элементтерге қарағанда экспрессиялы, ал кітаби тіл элементтеріне
қарағанда мазмұны жағынан бәсеңдеу көрінеді. Мысалы, бала (бейтарап),
жасөспірім, жеткіншек (кітаби), ер қара (сөйлеу тілі). Мысалы, сөйлеу
тілінде "баланы" елеусіздеу түрде айтқысы келсе, қара борбай, қара
домалақ дейді. Бұларды әдеби қарапайым фразеологизмдер деп атауға
болады. Бұдан әрі қарай осы ұғымды білдіретін сөздерді горизонталь
бойымен тізе берсек, оның бейәдеби қарапайым атаулары басталады.
Мысалы: қара сирақ, боқмұрын, баллар, балдар. Мұндай атаулар әдеби тіл
аймағынан алшақтай түскен сайын экспрессиялық реңкі күшті, мазмұны
дөрекілеу сезіледі немесе дыбыстық, тұлғалық жақтан "жарым-жандау"
болып келеді.
Сондай-ақ горизонталь түзуді бұдан әрі жалғастырсақ, баланың
жалпытілдік қолданысқа жатпайтын, территориялық жақтан шектеулі,
бірақ экспрессиялық реңкі күшті бозымбай (дпалект), әлеуметтік
73
қолданысы жағынан шектеулі боқмұрын деп аталатын параллельдері бар
екендігін байқаймыз. Әдеби тілдің публицистикалық, ғылыми, іс
қағаздары стильдері әдетте тұйық системаға жатады. Басқаша айтқанда
осы аталған стильдерде жалпыхалықтық тілдің әдеби тіл "аймағынан"
алшақ жатқан диалектизм, бейәдеби қарапайым тіл, жаргон тәрізді
формаларына тән элементтердің қолданылу ыктималдығы жоққа тән
болады. Ал көркем әдебиет стилі – ашық система. Сондықтан бұл стильде
әдеби тіл аймағындағы сөэдермен бірге одан тысқары жатқан бейәдеби
қарапайым атаулар, диалектизмдер, жаргон сөздердің қолданылу
ықтималдылығы жоғары болады Әрине, жазушы қаламының мұндай
мүмкіндікті пайдалануы әдеби тіл нормасын бұзу деп танылмауға тиіс.
Көркем әдебиет тілі саласында жүріп жатқан бұл процесс жалпыхалықтық
тілдің қойнауында жатқан бейәдеби кейбір элементтерді әдеби тіл
деңгейіне көтеруге мүмкіндік жасайды. Жетпісінші жылдары алдымен
көркем очерк тілінде қолданыла келіп, мердігер; мердігерлік тәрізді
диалектизмдер әдеби тіл нормасына айналды. Сондай-ақ үптеу (әуелде
ұрылар жаргоны) сөзінің қазіргі кезде "кража" мағынасында қолданыла
бастағаны байқалады.
Жалпыхалықтық тілден сөз талғап, сурет салуға жазушы қаламы
алдымен бағалауыш қасиетке ие тілдік құралдарға, атап айтқанда кітаби
тіл және сөйлеу тілінің әдеби және бейәдеби элементтеріне (солардың бірі
фразеологизмдер) жіп тағады. Бұл жайт көркем проза тіліндегі
фразеологизмдерді кітаби тіл фразеологизмдері сөйлеу тілі
фразеологизмдері деп үлкен екі топқа жіктеп, оларға жеке-жеке тоқтала
кетуді қажет етеді.
Көркем шығармада сөйлеу тілі рсңкіндегі фразеологизмдер негізінен
кейіпкер тілінде колданылады. Өйткені экспрессиялы, образды
фразеологизмдердің жасалып, шыңдалып шығатын дүкені – сөйлеу тілі.
Сол себепті олардың көркем шығармада кейіпкер тілінде (диалог, монолог)
кездесуі табиғи нәрсе. Суреткер оларды екі мақсатта – кейіпкер сөзіне
сөйлеу реңкін үстеу үшін және персонаждың тілдік мінездемесін ашу үшін
қолданады деуге болады.
Жазушы әсіресе әдеби тіл айналымынан тысқары жатқан жаргон,
қарапайым тіл, диалектизмге жататын сөйлеу тілі фразеологизмдерін
кейіпкердің аузына салу арқылы оның қандай әлеуметтік топтың өкілі
екендігін байқататындай эстетикалық қызметке жегеді. Қазақ тілінде әдеби
тіл нормасынан тысқары тұратын жаргон фразеологизмдерді, бейәдеби
қарапайым фразеологизмдерді, диалект фразеологизмдерді жазушы әр
түрлі мақсатта жұмсауы мүмкін. Бұлар бейәдеби болса да, эстетикалық
қызметке жегілгенде, жазушының сөз бояуын әр алуан етіп көрсетіп,
шығармаға реалистік сипат береді. Бейәдеби фразеологизмдерді қолдануда
өзгелерден гөрі әсіресе жазушы қаламы еркін болады. Тіпті жаргон
сипатындағы фразеологизмдердің өзін оқырман жағымды кейіпкердің
74
аузынан "естуі" де ғажап емес. Мысалы, қызыл талия кигізу "басын
жару,соққыға жығу", қызыл қораз жіберу "өрт салу", сәбізін бітіру "өлтіру"
деген жаргон фразеологизмдердің әр түрлі контекстегі кызметіне назар
аударайық. М.Әуезовтің "Абай жолында" жатақтарға қарсы қол жиып,
зорлық көрсетпек болған өктем күшке Абай қарсы келіп: – Әй, Ырғызбай,
мынау елді көрдің ғой... Өліспей беріспейді. Мен солай ет дедім. Тек
соқтағып көр, арындаған Ырғызбай артың ашылады. Басыңа қызыл
тақия киіп, бөксеңе шақпақ таңба соқтырып қайтасың. Осылай етуді
мен бұйырамын, мынау айыпсыз жылаулар болған жұртыма... Тек қазір
кейін қайт та, үш кісі жіберіп сөзге кел, – деді. Мұндағы қызыл тақия
кигізу, арты ашылу деген жаргон, қарапайым фразеологизмдер кейіпкер
тілінде зорлықшыл топқа қарата айтылып, оларды ажуалау үшін
қолданылған ащы мысқыл екендігін оқырман іштей сезіп, танып отырады.
Жазушы кейде мұндай сөздердің белгілі бір әлеуметтік топқа қатысы
бар жаргон екендігін кейіпкердің сөзімен де айқын аңғартып кетеді. Осы
жайтты каторгада әр түрлі әлеуметтік топтың өкілдерімен бірге болған
Базаралының мына сөзінен де аңғарамыз: Орыста "қызыл қораз" дейтін
болады. Мүжик ортасында кекті болған байдың үй-мүлкін өртегенді
айтады (М.Әуезов. "Абай жолы").
Бейәдеби фразеологизмдерді эстетикалық мақсатта жұмсаудың әр
түрлі үлгілерін өзге де жазушылардың тіл кестесінен кездестіріп
отырамыз:
– Үйіне жолаушылап барған болып, сәбізін бітіру керек, – деді Олжеке.
– Жоқ, – деп қарсыласты Жәңгір.
– Әуелі оны бір қараның қолымен құртайық та, артынан өрені өлтірген деп
ананың өзін де ... (Қ. Исабаев. "Серт").
Бұл контексте сәбізін бітіру деген жаргон фразеологизмнің
кейіпкердің әлеуметтік болмысына жанасымды алынғаны байқалып
тұрады. Былайғы жұрт түсіне бермейтін, өздеріне түсінікті тілде
"шүйіркелесуі" кейіпкердің әлеуметтік сипатын ашуға жәрдемдесіп тұр.
Бұл айтылғандар сөйлеу тіліне тән фразеологиялық оралымдардың
(олардың әдеби және бейәдеби түрлерінің) кейіпкер тілінде жұмсалу
ерекшеліктеріне қатысты. Бұдан сөйлеу тілі фразеологизмдері тек кейіпкер
тілінде ғана қолданылады, ал олардың автор сөзінде жұмсалуы
эстетикалық нормаға қайшы келеді деген ұғым тумауы керек. Сөйлеу тілі
фразеологизмдерін әр сөзінде қолданудың өзіне тән көркемдік кызметі бар.
Мұнына мәтіндегі фразеологизмнің қолданылу ерекшелігінен байқауға
болады. Мысы құрыған Жиренше де жақындап кетті. Ит сен текедей
боп, иегі мен сақалын омырауына тыға түседі. Екіін ежірейте қарап
тыңдап қапты (М. Әуезов. "Абай жолы").
Жазушы қаламының дәл осы контексте ит көрген текедей деген
фразеологизмге жіп тағуының екі түрлі себебі болуы ықтимал. Біріншісі,
контекске лайық "дайын" образ рстінде таңдауы. Өйткені бұл
75
фразеологизм "оқыстан елере үріккен" жанның бейнесін дәл береді (Абай
мен ел жуандарының арасындағы дау күтпеген жерден Абайдың
пайдасына шешіледі).
Екіншіден, әдетте сөйлеу тіліне тән фразеологизмдердің
бағалауыштық сипаты күшті болып, олардың хоштау, ұнату, кекету,
ұнатпау тәрізді мәні айқын сезіліп тұрады. Сөйлеу тілі
фразеологизмдерінің мұндай коннатативтік реңкін жазушы авторлық
позицияны білдіру үшін кәдеге жаратады. Жазушы белгілі бір оқиғаны
суреттеп қана қоймайды, ол жайында авторлық позициясын да сездіріп
отырады. Мұндайда сөйлеу тіліне тән ұнамды немесе ұнамсыз реңктегі
фразеологизмдерді (мысалы, ит көрген текедей
65
) автор тілінде қолдана
отырып жазушы оқырманды бейтарап қалдырмай, авторлық позицияны
жақтаушы етіп, "өз" жағына шығарып алады. Сөйлеу тіліне тән
фразеологизмдер осылайша автор сөзінде көркемдік кызметте жұмсалады.
Сондай-ақ бәйәдеби қарапайым фразеологизмдердің сөзге сатиралық
реңк үстемелеу мақсатында көркем фельетон жанрында жұмсалуы
ықтимал. Мысалы елемеді деген бейтарап сөздің жалпыхалықтық тілде
көзіне ілмеді (сөйлеу тілі), бит шаққандай көрмеді (әдеби қарапайым тіл),
мәу демеді (бейәдеби қарапайым) деген функционалдық-экспрессиялық
эквиваленттері бар.
Сатиралық эффекті тудыру үшін осылардың ішінде сөздің бейәдеби
қарапайым түрі контексте орынды көрінуі ықтимал. Мысалы: Бүгінде
нейтрон бомбасы десе жаны түршікпейтін адам жоқ. Ал осы сұрқия
бомбаның "әкесі" Самюэл Коэн бұған тіпті мәу демеді. Оның жағасы
жайлауда, екі езуі кұлағында ("Социалистік Қазақстан", 1981, 1 қазан).
Кезінде ұлы суреткер М.Әуезов Кеңес одағы халықтары әдебиетіне
талдау жасай келіп, былай деп пікір түйген болатын: "Қырғыз, қазақ
әдебиеттері жазба дәстүр жағынан жас әдебиеттер болғандықтан,
бұлардағы ұлттық традиция, әрине, көбінше ауызша сақталған тіл
мәдениеті – фольклор дәстүрі ретінде болған. Бұл романдардың
(Т.Сыдықбеков пен Ғ.Мұстафиннің романдары – Н. У.) тілдері бай, көрікті.
Көпшілік оқушыға түсінікті болғанда жазба әдебиет пен ауызша сөйлем
65
Ит көрген текедей деген жалпы халықтық үлгідегі фразеологизмнің образын еш бұзбастан
ала отырып, Абай оның формасын ит көрген ешкі көзденіп деп қайта кұрады:Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп,
Жасынан үлгісіз шіркін
Не қылсын өнер ізденіп.
Сөйтіп, Абай авторлық фразеологизмнің классикалық үлгісін жасайды. Авторлық фразеологизм
немесе окказионал фразеологизмдер суреткердің қолтумасы ретінде тиісті сөздіктерде беріліп отырады.
Осы аталған авторлық фразеологизм проф. І.Кеңесбаевтың "Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде"
тіркелген. Бірақ, бір өкінішті жері, бұл фразеологизмнің (ит көрген текедей) жалпыхалыктық
қолданыстағы нұсқасы сөздікке енбей қалған. "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде де "ит көрген ешкі
көзденіп",-тің берілуін мақұлдауға болады. Бірақ авторлық деген белгі керек.
76
тілдің халық дәстүріндегі жігі соншалық ажыраспаған кезеңді анғартады.
Бірақ солай бола тұрса да сол жазушының өзді-өзі арасында және де
айырмастары бар.
Сыдықбеков халықтың мақал-мәтел, шешендік өрнектерді, сөйлем
орамдарды сол халықтық үлгіден көп өзгертпей алады. Ал Мұстафин
халықтық үлгіні еске алумен қатар өз жанынан тың, шебер, шешен
афористік үлгілер тудырып отырады. Бірақ осы екі жазушының
геройларының ішінде қартаң адамдары шешенірек сөйлейді"
66
.
М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин т. б. суреткерлер
жалпыхалықтық тілде кездесетін фразеологизмдерді әр қырынан қолданып
қана қоймай, жұртшылыққа кеңінен танымал мақал-мәтелдердің үлгісін
пайдаланып, тыңнан сөз орамдарын жасады. Ғ.Мұстафинде кездесетін
жақсы қаулы – жарым іс деген орам жақсы сөз – жарым ырыс деген
мақалдың моделі бойынша жасалған. Осы тәрізді өгіздің аяғы болғанша,
бұзаудың басы бол деген мәтел түріндегі фразеологиялық тізбектің
моделіне ұқсас сөз орамын М.Әуезовтің тіл кестесінен де кездестіреміз: –
Ай Зегеш-ау, бұл айтқан сөзіңнің бәрі дұрыс болғанда, қалып жатқан
қасірет тағы бар ғой. Қарамықтың дәні болғанша, бидайықтың сабаны
бол. Жаман қауымның жақсысы балғанша, жақсы қауымның жаманы бол
десе не дейсің? – деп Бегешті біраз аңыртып тоқтатып қалды
(М.Әуезов. "Абай жолы"). Ел зиялылары арасындағы сөз қақтығысын
анғартатын мұндай контексте қарапайым немесе тұрмыстық сөйлеу тілі
аясында қолданылатын фразеологиялық тізбектен гөрі (өгіздің аяғы
болғанша, бұзаудың басы бол) кітабилеу реңктегі сөз орамы орындырақ
көрінеді. Сондықтан жазушы белгілі бір мақал-мәтелдердің моделін
пайдалана отырып, сонымен мазмұндас, бірақ реңкі жағынан контекске
кірігіп тұратын сөз орамдарын жасайды.
Фразеологиялық сөз орамдарының көркем тіл кестесіне түсуі тек
бергі кезде ғана пайда болған жоқ. Ауызша әдеби тіл дәстүрінде жасалған
көркем үлгілерде фразеологиялық сөз орамының алуан түрін ұшыратуға
болады: "ауыр қылыш; ала білек оқ; қанды көбе; ала балта; он екі құрсау
жез айыр; төменді бұзу; дұшпанның көзін қамау; жауды сықтау;
байрақты алдыру; атқан оғын оздыру, дұшпанның тобын тоздыру;
сындырау арқа, сырт жұрт, қом су" т.б.
Көркем сөздің көрнекті өкілдері – жырау, ақындар, топжарған
шешендер фразеологизмдердің фольклорлық үлгілерін, жалпыхалықтық
түрлерін кезінде молынан қолдана отырып, сол модельдер бойынша
тұрақты тіркестер жасап, әдеби тілдің құрамы мен қорын байыта түсті
67
.
66Әуезов М., 20 томдық шығармалар жинағы. 19-т., 425-б.
67
Белгілі бір мақал-мәтелдердің модельдері бойынша фразеологиялық тізбектер жасау
жыраулар поэзиясында, шешендік сөз үлгілерінде жиі кездеседі:
77
Олар фразеологиялық сөз орамдарының құрамын ықшамдау,
кеңейту, тіркес арасына сыналап сөз ендіру тәрізді өзгерістерді де
қолданып отырды. Бірақ бұлардың бәрі негізінен алғанда жалпытілдік
қолданысқа тән түрлендірулер болды.
Әдеби тілдің лексика-фразеологиялық қоры мен құрамын
байытып отыру әр кезде, әр дәуірде болып отыратын жағдай.
Сонымен қатар әдеби тілдің әрбір дәуірінің, әрбір кезеңінің өзді-
өзіне тән көркемдік нормалары болады. Мысалы, қазақ әдеби тілінің
жазба дәуірге дейінгі кезеңдерінің көркем нормалары алуан түрлі
болғандығын көрсете келіп, Р.Сыздықова өзінің «XVIII-ХIХ ғғ. қазақ
әдеби тілінің тарихы» деген монографиясында көркемдік амал-
тәсілдер мен көріктеуіш құралдардың басты-басты түрлерін
жинақтап, көркем тіл нормаларының негізгі типтерін әдеби тіл
дамуының кезеңдері (жыраулық, жыраулық-ақындық және ақындық)
мен дәуірлері бойынша жүйелеп береді. Олар қысқаша айтқанда
мыналар: параллелизмдер, образдардың символ түріне берілуі,
реалистік сөз қолданыс, персонифкация, перифразалар т.б.
Әр түрлі дайын үлгілердің штамп, клишелердің бұзылуы,
апалық өзгерістерге түсуі немесе жаңа түрлерінің пайда болуы,
сөйтіп, көркем тәсіл ретінде дүниеге келуі алдымен суреткер
заманына байланысты болады. "Заман сырын ұғуға тырысқан,
заманамен ілесе отырған ақындар өз заманында туған жаңа
ағымдарды атауға, жаңа образдарды сол заман түсінігіне сай түрде
жасауға ұмтылады". "Заманмен ілесіп отыру дәстүрлі шарттылықты
бұзу деген сөз, стандарт пен штамптарды ығыстырып, жаңа атаулар,
жана фразеологизмдер, жаңа поэтикалық құралдар туғызуға жол ашу
деген сөз. Демек, бұл стильге, оның әдеби түріне сапалық белгі
беретін әрекет. Осы процесс XIX ғасырдың орта тұсында батылырақ
Пайдасыз болса, байдан без,
Панасыз болса, сайдан без,
Қайырымсыз болса, ханнан без,
Өткелсіз болса, сайдан без,
Асусыз болса, таудан без.
Жер жұтуға тоймайды,
От отынға тоймайды,
Құлақ естуге тоймайды,
Көз көруге тоймайды,
Кісі ойға тоймайды,
Бөрі қойға тоймайды.
Мырзалық қонаққа пайда, малға қас,
Батырлық жолдасқа пайда, жанға қас,
Өтірік сөз о дағы пайда, иманға қас,
Өткір пышақ қолға пайда, қынға қас.
78
жүре бастағаны басталады".
68
Міне, осы аталған кезеңнен бастап
фразеологиялық сөз орамдарының көркем тіл кестесінде
структуралық семантикалық, лексикалық, лексика-грамматикалық
жақтан әрлендірулер мен стильдік реңктерін жаңғырта қолдану жазба
әдеби тілдің көркем проза, көркемдік тәсіл ретінде қалыптасты,
сөйтіп, көркем сөз шеберлерінің дербес тіл өрнегіне айналды.
Көре алмай қалдым қалқамның,
Дәл екі жыл қызығын.
Жүректегі жазылмай,
Тағдырдың салдың сызығын (Абай).
Тағдырдың маңдайдағы жазуы
деген діни мазмұндағы
фразеологиялық тіркесті тағдырдың сызығы деп өзгертіп,"маңдайға
сызат түсті" деген мағынада қайта жанғыртады. "Екі қыз кетіп, бір күн
қалды Әзім, Салған жоқ қыздар оның көңіліне ажым" – дейді Абай.
Ажым түсірді дегенді тосын сөзбен тіркестіріп барып мағынасын
жанғыртады. Фразеологизмдерді бұлайша түрлендіру, Дулат
Бабатайұлы шығармашылығында көріне бастағанмен, Абайға дейінгі
дәуірде жүйелі сипат ала қойған жоқ.
Әуелде, жоғарыда М.Әуезов айтқандай, "Жазба әдеби тіл мен
ауызша сөйлем тілінің (ауызекі сөйлеу тілінің – Н.У.) жігі
ажыраспаған" болса, ендігі жерде жазба әдеби тілдің (оның көркем
проза жанрының) өзіндік белгілері мен ерекшеліктері жинақтала
бастады. Жалпыхалықтық тіл, оның ішінде әдеби тіл айналымындағы
фразеологияны (фразеологизмдердің жиынтығы) сапалық жақтан
түрлендіру, яғни семантикалық-структуралық құрылымын
модификациялау, тосын контекст, дағдыда жоқ тіркес іздеу, стильдік
контраст жасау, негізінен жазба әдеби тілдің ерекшеліктерін
көрсететін белгілердің бірі деуге болады. Сонымен қатар
түрлендірулерді әдеби тіл дамуының ұлттық дәуіріне тән ұлттық
көркем нормаларды құрайтын арсеналдың бірі деп танимыз.
Көркем прозалық шығармалардағы кейіпкер тілі мен авторлық
баяндауды салыстыра қарасақ, кейіпкер тілінде көркемдік мақсатқа
орай қолданылған бейәдеби лексика (диалектизмдер, мазмұны бәсең
қарапайым сөздер, тосын қолданыстар, өзге тілдік элементтер т.б.)
әлдеқайда жиі кездеседі. Бұл көркем шығарма тіліндегі дәстүрлі
тәсіл. Ал соңғы жылдарда бейәдеби лексиканың көркем тіл
кестесіндегі орны кеңейе түсті деуге болады. Оның басты екі себебі
бар. Біріншісі – кейбір қаламгерлеріміздің өмір шындығын кейіпкер
көзімен суреттеуіне, кейіпкер атымен баяндауға байланысты болса,
екіншісі – жергілікті сөз, қарапайым лексика, өзге тілдік
элементтерді жазушының сөйлеу тілі белгісі ретінде қолдануына
68Сыздықова Р. XVIII-XIX ғғ. қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1984, 33-б.
79
байланысты. Орнымен жұмсалған ондай орынды ауытқулар автор
мен оқырман арасындағы байланысты күшейте түседі.
Көркем проза тіліндегі мұндай құбылыс әдеби тілдің
лексикалық нормасына әсер-ықпалын тигізуі мүмкін. Бірақ бұл
жалпы әдеби тіл нормасының іргесін шайқалтып, көбесін сөгу деген
сөз емес.
Соңғы жылдардағы кейбір әңгіме, повестер көріне бастаған
ерекшелік – әдеби емес формалардың көркем шығарма контексінде
авторлық баяндаудан гөрі кейіпкер тілінде белсендірек қызмет
атқаруы. Тіл өрнегі негізінен диалогке құрылған ондай шығарманың
түп қазық идеясын оқырман алдымен кейіпкерлердің сөзінен іздейді.
Әрине, жазушы мұндайда диалогті сөйлеу тілі ыңғайында беретіндігі
белгілі. Сәл ұзақтау болса да мынадай бір үзіндіге назар аударып
көрелік:
– Әкең күйлі ме? – Әңгіменің ретіне қарай есіне түскен соң сұрай
салды.
– О кісі күйлі болмаса, осынша сыра ішіп отырар ма едік, Сәке, а?
– Бопты. Сол қойда ғой.
– Жоқ. Министр боп кетті.
– Бопты, әкесімен қалжыңдай ма екен... Әй, сендерді де баламыз
бар деп жүрміз-ау. Менің жүгермегім де мені сыртымнан дәл сендей
қонжитып жататын шығар-ау?
Олар алып-қашты әңімемен ұзақ отырды. Кеш батуға таянған.
Екеуі де орындарынан тұрды.
– Әй, ұл, сенде ақша бар ма ? – Бар.
– Онда, балам, маған бір жартылыққа ақша бере тұр. Осы
зарплатта қайтарам (Р. Сейсембаев. "Майдан әндері").
Міне, автордың құрған диалогі осылайша өрби береді. Әңгіме
кейіпкері Садырдың аузы бопты сөзіне үйір. Сондай-ақ, жүгермек,
жартылық, қонжиту тәрізді мазмұны бәсең сөздер, зарплат тәрізді
өзге тілдік элементтер кейіпкер тілінің "мінездемесі". Бірақ бұл әлі
кейіпкерлердің даралануын көрсететін белгілер емес. Өйткені мұндай
сөздер әңгіме Садырдың ғана емес, тіршілік әрекеті, тағдыры
ұқсастау белгілі бір әлеуметтік топтың тіліне де тән. Осындай
характерологиялық белгілерді еске алсақ, Садыр мен Төлегеннің де
репликасы интонация жағынан айтарлықтай дараланып тұр деуге
болмас еді. Садыр мен Гүлбаршын арасындағы диалогте мына
тәрізді:
– Рюмка ала отыр.
– Маған құймаңыз, Сәке.
– Неге? –Ішпей-ақ қоямын.
– Болмайды.
80
– Онда кішкене ғана. Болады... болады, – Гүлбаршын оймақтай
рюмкасын өзіне қарай тартып алып кетті.
Бұл диалогтегі сырт қарағанда сөйлеу тіліне ұқсамайды деп
айта алмайсыз. Бірақ өмірдегі сөйлеу тілі мен көркем шығармадағы
сөйлеу тілі (стилі) бір емес. Көркем сөз шеберлерінің тәжірбиесіне
қарағанда, жазушы өмірдегі сөйлеу тілін қаз-қалпында көшіре
салмай, көркемдік електен өткізе отырып, сөйлеу тіліне тән
интонацияны дәл беруге тиіс. А.Толстой жұрт аузынан естіген
фразаларды жазып алуға арнайы дәптер арнағанын айта келіп: "Сол
сөздерді әңгіме кестесіне сол күйінде жапсырып байқап едім, марқұм
адамның мұр суретшінің портретке жапсырғанындай болып шықты",
– дейді.
Көркем шығармалардың көпшілігінде бөгде элементтерін
қолдану тәсілі аз кездеспейді. Кейіпкерлер орысша, қазақша сөздерді
араластыра сөйлейді. Т.Әлімқұлов кейіпкерлерінің аузына отчет,
оратор деген сөздерді салып, Ә.Тарази безобраз деп сөйлетеді.
М.Асылғазин слушай, крупный мәселе дегендерді диалогте арнайы
қолданады. Мұндай тәсілді оқырман кейіпкердің кім екендігін
анғарып отырады. Тілді шұбарлау – кейбіріміздің дағдымызға сіңген,
өмірде болатын сырқауға арналған құбылыс екендігі рас. Көркем
шығармада ондай жағымсыз құбылыстың сыналуы оқырмандарға аз
өнер берген жоқ. Тіл шұбарлаудың мүкістік екендігін аңғарып,
әрине,өз сөзіне де, өзгенің сөзіне де "қарауыл" қоя бастады.
Алайда кейіпкерлер тіліне мінездеме берудің осы тәсілі бұл
күнде оқырмандардың еті әбден үйренген тәрізді. Ендігі жерде
кейіпкерлерді бұлай сөйлетудің оқырман үшін пәлендей әсері бола
қояр ма екен деп ойлайсың. Көркем шығармада кейіпкердің тілі
қашанғы безобраз деген ескі "паспортпен" жүретін. Осы күнде тіл
шұбарлаудың "жаңа сорты" пайда болды. Болашақ кейіпкерлерінің
сөзіне құлақ түрген қаламгерлер ондайды көркемдік тәсіл ретінде
қолдана бастады.
- Мереке карсаңында жасөспірім боксшылардың қалалық біріншілігі
өтеді. Соған жатпай-тұрмай дайындалып жатырмын. Былтыр финалда
ұтылып қалғамын. Биыл қайтсем де қайтару керек. Жасөспірімдер тобы
бойынша бірінші разряды бар... (М. Қабанбаев. Бауыр. Әңгіме).
Бұл реплика бетпе-бет сөйлесіп отырған екі адамның арасында
айтылатын сөзден гөрі газет тілін еске түсіреді. Әңгімедегі тағы бір
кейіпкер қасындағы адамға микрофон алдында тұрғандай сөйлейді:
... Жоғары кластың оқушылары кала іргесіндегі жел совхозында
қияр, помидор теріп жүр. Қали секілді спортивный балаларды алып
калғамыз. 7 ноябрь мерекесінің қарсаңында қала мектептері спорттың
әр түрінен дәстүрлі жарысқа шығады. Күні-түні алас ұрып, соған ақ
81
тер, қара тер дайындалып жатыр. Былтыр бірінші орынды алғамыз.
Биыл да бәйгені бермейміз деген талабымыз таудай.
Тіл шұбарлаудың жаңа "сортын" кейіпкер тілі арқылы жазушы
айқын көрсете білген.
Қалауын тауып қолдана білсе, эстетикалық қызметте жұмсалатын
сөздердің бір алуаны – диалектизмдер. Әдетте пәлен жазушының қаламы
диалект сөздерге үйір деп сын айтылып жатады. Ал оларды автор неге, не
мақсатпен қолданып отыр деген сұрауға жауап аз. Қазіргі көркем
шығармалардың қамтитын тақырыбы сан алуан. Жазушы диқан, шопан,
жұмысшы, мұғалім т.б. өмірін шынайы бейнелеуді көздейді. Сондықтан
қаламгер өз шығармаларындағы кейіпкерлердің іс-әрекетін ғана емес,
сөзін де әлеуметтік ортасына сай кәсіп, қызметіне, білім-танымына лайық
етіп беруді мақсат етеді. Ондай шығармалардың тіл кестесінде әдеби тіл
нормасынан тысқары жатқан диалект, қарапайым сөздер, архаизмдер де
кездесіп отыруы заңды. Өйткені әдеби тілден тысқарылау тұрған
жергілікті ерекшеліктер кейіпкерге мінездеме беру, олардың білім
дәрежесін, ой өрісін, мәдени деңгейін көрсету үшін, кейіпкер сөзіне сөйлеу
тіліне тән сипат беру мақсатымен жұмсалады. Кейбір жазушыларымыздың
қаламы неге диалектизмдерге неге іш тартып тұрады деген сұраудың бір
жауабы, міне, осыған саяды. Бірақ бейәдеби қолданыстарды тек құбылыс,
зат атауы ретінде жұмсау (жалаң комммуникациялық қызметте қолдану)
жеткіліксіз. Мысалы: "Аттың жайылуынан тұруы көп ауыт-ауыт
оттауын доғара қойып, күнмен бірге көтерілген даланың анау-мынау
қозыдай дәубас көк соналармен айқасып кетеді (С.Асылбеков, Құлтай.
"Жұлдыз", 1981, №1). Әкесі құдықтың жанындағы цемент науаға
өлермендене топылған саулықтарды таяғымен мошқап қойып тәртіп
орнатып жүр" (85-бет.).
Авторлық баяндаудағы мұндай қолданысты қазіргі талғамы биік
оқырманның қанағат тұтпайтын себебі, әдеби тілде ауыт-ауыт, топыл,
мошқап сөздерін ауыстыра алатын баламасы бар. Ал диалектизмдерді
әдеби тіл нормасының фонында эстетикалық қызметке жете отырып
жұмсаудың, мысалы кейіпкер тілінің мінездемесі ретінде қолданудың, еш
бөтендігі жоқ. Қайта, автор тілінен кейіпкер сөзін даралай түсудің бір
тәсілі болар еді.
Диалектизмдердің көркем шығарма тілінде қолданылудың тағы бір
себебі – қаламгер соны сөз іздейді. Тіл қойнауының тыңында жатқан,
жалпы жұртқа беймәлім сөздер (мысалы: балықтың мәлігі "ұрпағы", қан
шілде "нағыз шілде", құс қанаты "көктемде болатын соңғы қарлы жауын-
шашын") өз сонылығымен оқырман назарын аудармай қоймайды. Өйткені
әдеби тілде баламасы ұшырай бермейтін, жоқтың орнын толтыратын
ондай сөздердің соны қолданыс ретінде әсері оқырман үшін айтарлықтай.
Бірақ амал не, кейбір роман,повестерді оқып отырсаңыз, шығарма авторы
бейәдеби элементтерді стильдік зәруліктің немесе сөзге мұқтаждықтың
82
өтеуі ретінде қолдануға көп көңіл бөле бермейді. Нәйеті, ексемдеп,
әлімәлі, кермалдасып, шеккі емес, бәткерде қылды, мәнейі, аңыстама т.б.
тәрізді. "Жергілікті маңызы бар" сөздердің арқалап тұрған жүгі болмаса,
қазіргі оқырмандарды баурай қоюы екіталай. Әрине, жазушы (К.
Ахметбеков. Егіз қайың. "Жалын", 1985. №5) нәйеті мен мәнейілердің
бәрімізге түсінікті әдеби тілдегі баламаларын білмеген деуден аулақпыз.
Алайда дағдыда бар сөзден (әдеби тілде баламасы бар атаулардан)
қаламын аулақ салып, автордың экзотикалық лексика іздеуін сәтті дей
аламыз ба? Мұндайлар көбіне ауылдастың сөзі жерде қалмасын деген
ниетпен төркіндес тәрізді көрінеді.
* * *
Әдетте көркем шығарма тілі тілге тиек бола қалса, әңгіме көбіне
диалектизмдердің орынды немесе орынсыз қолданылуына тіреледі. Әрине,
көркем шығарманың тіл кестесі бұлардан өзге де лексикалық
құбылыстармен астасып жатады. Солардың бір алуаны – көркем шығарма
тілінде көріне бастаған этнографиялық лексика мен кәсіби сөздер легі.
Әлеуметтік диалектизмдерді, оның ішінде кәсіби сөздерді әдеби
тілге тән өзге жүйедегі сөздерге қарама-қарсы қоя отырып, эстетикалық
мақсатта жұмсау 20-30 жылдарда, мысалы, Ж.Аймауытовтың "Баушы мен
бала" әңгімесінде (« Жас алаш», 1992, сәуір) айқын аңғарылады:
– Бау-бақша деген немене?
– Жеміс егетін жер емес пе?
– Бауда қандай жеміс өседі?
– Алма өседі, кауын-қарбыз өседі. Жүзім өседі....
– Білмедің, балам, білмедің.
– Неге?
– Неге екенін айтайын, бау бір басқа, бақша бір басқа. Бауда
алуан-алуан жеміс ағаштары өседі: алма, өрік, мейіз, жүзім, жиде, тұт,
бадам сияқты. Міне, мұны бау дейді (...)
– Ал бақша деген немене?
– Башада қауын, қарбыз, буылдық, сәбіз, қияр, пияз, карпосте.
памадор, қабақ, күнге бағар сияқты жемістер егетін жерді айтады.
– Мен
,
бау-бақша дегенді бір сөз екен деп ойлаушы ем.
– Сен білмейсің. Өйткені біздің Арқада бау болмайды. Бау – әкесі
де, бақша – баласы. Сіздің жақта "тайынша" дейді. Біз "тана" дейміз.
Сөздің әкесі – Сырда, баласы – қырда, Арқада ғой (...).
Шағын әңгімеде жазушы кейіпкер сөзімен жергілікті, кәсіби
сөздерді бір-біріне қарама-қарсы қоя отырып, жалпыхалықтық сипат
ала қоймаған кәсіби лексиканың можа болу ("ағаштың қартайып,
мүжіле бастауы"), қыл буыттау ("ағашты екі жағынан керте шабу"),
тұжыру ("жайыла өсу үшін тораңғы сияқты ағаштардың басын
83
қырқу") тәрізді түрлерін қолданады. Жазушы мұндай "бейтаныс"
сөздерді оқырман жатырқамас үшін контекст арқылы, мәндес
сөздермен қабаттастыра қолдана отырып, олардың мағынасын
аңғартып отырады. Сөйтіп бейтаныс сөздерді етене таныс сөздерге
айналдырады.
Кейіпкер тілінің лексикалық құрамы, әсіресе соңғы жылдарда
кәсіби сөздермен, этногфизмдермен байи түсті. Жазушы
қарамағындағы мұндай пассив лексиканың түрлері кейіпкер сөзінің
дәл, нақты болуына қызмет етті.
"Сендерге өтірік, маған шын, осы жасымда аяғына көз (қан
түсуден пайда болған түйін-түйін беріш), қан түсу, тұяғының көбісі
сөгіліп, ақ бас болу, доғала, тышқан, қыршаңқы, мандам, маңқа сияқты
ауруларға жылқы бермеген едім... Оның (Көкжалдын- Н.У.) білім-білім
болып желі тартып кеткен мандамын неше жерден қиып, анжы
өткіздім, – тоқтамады (Н.Қазыбеков. Көкеңнің Көкжалы. Әңгіме).
Қазіргі көркем шығарма тілінде кездесіп отыратын сөздердің
бір алуаны – ел ішіндегі байырғы кәсіпке, шаруашылыққа қатысты
кәсіби лексика. Қазақ тілі лексиканың бұл тобына жататын сөздердің
жалпы халықтық сипат алғандары бар да, тіліміздің шеткері
қойнауларында қалып қойғандары да бар. Үйші, ерші, зергер, саятшы
т.б. кәсіп, өнер иелерінің былайғы жұртқа мәлім емес, тек өзара
қолданатын кәсіби сөздері қаншама. Қиюын тауып, орынды сөйлете
білсе, ұмыт бола бастаған ондай байырғы атаулардың шығарма тіліне
шынайылық үстеп тұратын қасиеті де болады. Сол сөздер арқылы
оқырман өзіне бейтаныс құбылысты ашады.
– Тозаңын ала ғой, – дейді ұста. Тозаңды ең әдемі аппақ үн деп ойлаған
шайтан итаяқты ұрып қозғалтып тұратын шақылдақ жасап беріпті...
Әйтеуір, диірменді таныстырып тауыспадым. Білмегенімді диірмен
тісеп, жөндеп жатқан атамның қасына келіп сұраймын (Ә.Бөриев.
Алматы әңгімелері. 1979)."Мейір гүлдеген жерде" деп аталатын бұл
повесте жазушы диірменнің пәресі, итаяқ, еркек тас, ұйық, шот,
балға(диірмен тасын тістейтінқұрал) т. б. кәсіби сөздерді қолдана
отырып, оларды оқырмандарға түсінікті болу жағын да ескерген.
Байырғы кәсіп, қол өнері, шаруашылық салаларына қатысты
қолданылатын арнаулы сөздердің техника тілінде қайта жанғырып,
терминдік мәнге ие болуы – әдеби тіл лексикасындағы
жаңалықтардың бірі. Мысалы: шанақ (диірменнің шанағы) комбайн
шанағы (бункері); қалбағай (омыртқаның түрі) – комбайн қалбағайы
(мотовилка); білектеу (киіз білектеу) – білекте "кулачить" (тех.
термин); диірмен пәресі (су ағысының күшімен айналатын шығыршық)
– пәре (турбина) т.б. Мұндай процестің көркем шығарма арнасы
арқылы әдеби тілімізде орнығып жататын сөздер аз кездеспейді.
Дегенмен қазіргі оқырман осыны қанағат тұтып қоя ма?
84
Белгілі бір кәсіп аясында жүрген сөздердің тағы бір сыры бар.
Кәсіп иелері мен хас шеберлер қолданатын сөздердің бірсыпырасы,
байқап қарасақ, халық тілінде мүлде жаңа сапаға көшіп отырған.
Кәсіптік аяда айтылатын бірер сөзді еске түсіріп көрейік: мық "ағаш
шеге", тегеуірін "қыран құстың жембасарына қарама-қарсы біткен
артқы саусағы", маймөңке«өрмек құралы» екендігі кәсіп, өнер
иелеріне жақсы таныс болғанмен, былайғы жалпақ жұрттың бәрі біле
бермейді. Бірақ, бір ғажабы, мұндай арнаулы сөздер кәсіптік аяда
қалып қоймай, халық тілі талқысынан өте отырып, образды сипатқа
ие болған. Мық дегеннің "шеге" екені қазіргі кезде екінің бірі түсіне
бермесе де мық шегедей тіркесінің нендей мағынаны анғартатынын
жұрттың бәрі біледі. Мәймөңкелеу сөзін "жағымпаздану" деген
мағынада түсінсе, тегеуірінді сөзінің "аса күшті, қуатты" дегенді
аңғартатынын да бірден байқайды. Халық шығармашылығында сөз
осылайша образды өң алып, кең өріске шықты. Кәсіби сөздер небір
бейнелі сөз орамдарының жасауылына негіз болды: Өрмектің жүзі
ауғанда "жарым-жартыдан, бел ортадан асқанда";тік сандалдай
"мүсінді, тұлғасы келісті";текеметтің суындай"жарасымды,
үйлесімді", қарпуықанық «кондициясына жеткен" деген мағынада.
Сөз игерудің, тіл көркемдеудің халық шығармашылығындағы осы
дәстүр қазіргі көркем шығарма тілінде жанғыра түсті дей аламыз ба?
Осы тұста іркіліс бар тәрізді.
Автор қаламы кейде қолдану жиілігі жоғары сөздерді де
дағдыдағыдай жұмсамай, өзгертуге бейім тұратындығы байқалады.
Кей тұста ондай түрлендіру жібі түзу сияқты көрінгенмен, құйрығын
тигізді, назар жықты, көз жықты, саңлақтанды, сауқаттасты
тәрізділерді оқырманның ілтипатпен қарсы ала коюы қиын.
Аға буын жазушыларымыздың тіл кестесіне зер салсақ, сөз
сонылығын тек қана әдеби тілден тысқары жатқан тұстардан іздемейді.
Жазушы қаламы арқылы жай ғана танымал сөздің өзі жаңа бейнеге ие
болып, тосын күйге түседі. Ондай сөз оқырманды сонылығымен баурап
алады. Мәселен, қалам сөзінің пәлендей сиқыры жоқ, бар болғаны – "жазу
әбзелі" ғана. Ал қаламшы деу ше? Бұлай деу – дағдыда жоқ. Бірақ сөздік
құрамда жоқ қолданыстардың қаламгер тілінде кездесіп отыратынын да
байқаймыз: "Жаман-жұман шығармасын ағайыншылықпен шығарып
алып, сол бытпылдығына Әуезовтің, Мүсіреповтің пікірін тосқан
қаламшыларды да көргенбіз" (Ғ.Мүсірепов. Алдымен азамат болайық.
"Социалистік Қазақстан", 1983, 4 караша ). Әдетте -шы, -ші жалғанатын
сөз кәсіп иесін білдіретіндігі белгілі. Жазушы қаламы қосымшаның тап
осы қызметіне заряд берген. Қалам ұстауды кәсіпке айналдырған
"жазушыны"қаламшы деп, нысанаға сауыт бұзар жалғыз-ақ жебе
жұмсайды. Бірқолданым сөзде (окказионал), осындай жаңа астар болса,
соны қолданыстың әсері айырықша болады. Көріктеудің мұндай тәсілі
85
көркем шығарма тіліне де жат емес. Дағдыдан жөнімен ауытқи отырып,
сөзді контексте түрлендіру кейінгі буын қаламгерлеріміздің тіл кестесінде
мол кездеседі дей алмас еді. Аз да болса, бірер мысал:
Қожайын Отанға өзі,
заманға өзі,
Бағытының баянды
боп жанар кезі.
Даңғайыр, дала маңдай
қаламдозы,
Өрлеткен өнерімен қазақ даңқы,– дейді ақын (Ж. Жақыпбаев.
"Жұлдыз", 1980, № 4). Контекске көтеріңкі леп беріп тұрған қаламдоз –
шабан+доз сөздерінің буданы. Орыс тілінде американ әкімшілігінің
ядролық қаруды кейбір Европа елдеріне орналастыру саясатын
әшкерелейтін Евросима ( Европа сөзінің алғашкы буыны мен Хиросима
сөзінің соңғы буыны арқылы жасалған сөз) тәрізді будан (гибрид) сөздер
бар. Бұндайлар өз кезінде зерттеушілердің пікір елегінен өтіп отырады
(" Русская речь", 1983, № 6, 63-65 б.). Әрине, жаңа мазмұн, соны бояуға ие
мұндай бір қолданымдар да жазушының сөз байлығы деп танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |