Н. УӘЛИҰлы фразеология және тілдік норма Алматы 1 Н. У


ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ НОРМА ЖӘНЕ ОДАН МАҚСАТСЫЗ



Pdf көрінісі
бет10/10
Дата17.01.2017
өлшемі0,61 Mb.
#2077
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ НОРМА ЖӘНЕ ОДАН МАҚСАТСЫЗ
АУЫТҚУДЫҢ ТҮРЛЕРІ
Фразеологизмдер мазмұны жағынан жеке  сөздерге (лексикалық
единицаға),   формасы  жағынан   сөз  тіркестері   мен   сөйлемдерге
(синтаксистік 
единицаға)   ұксайды. 
Осымен   байланысты
фразеологизмдердің   нормасы   күрделене   түседі.   Мұның   өзі
фразеологизмдердің   нормасы  екі  тұрғыда   –   форма   тұрғысынан   (в
плане   выражения)  және   мазмұн  тұрғысынан  (в  плане   содержания)
қарауды қажет етеді.
Фразеологизмдердің   форма   тұрғысынан   (в   плане   выражения)
нормадан   ауытқуына   лексикалық   құрамын   өзгерту  (түсі   игіден
түңілме – түсі жақсыдан түңілме; тазы түлігін түлкі сүймес – тазы
жүйрігін түлкі сүймес  т.б.);  грамматикалық   тұлғаларын   өзгерту  (ала
тайдай   бүлдірді   –   ала   тайдай   түлінді;   апшысын   қуырды   –   апшысы
қуырылды)  тәрізді   құбылыстар   жатады.   Мұндай   өзгертулер
фразеологизмдердің   фонетикалық   жүйесіне   де   қатысты   болуы
ықтимал   (мысалы,  ай дер ажа жоқ, қой дер қожа жоқ –әй дер әже
жоқ, қой дер қожайын жоқ).
Фразеологизмдердің мазмұн тұрғысынан нормадан ауытқуына,
біріншіден, олардың мағынасы контекстің мазмұнына лайық болмай
тұруы,   екіншіден,   фразеологизмдердің   стильдік   реңктерінің
контекстің стильдік реңкімен үйлеспей тұруы жатады.
Біршама   қолдағы   бар   материалдарға   қарағанда,
фразеологизмдердің   лексикалық   құрамына   қатысты   ауытқулар,
көркем   шығарма   тілінде   өте   жиі   ұшырайды.   Мұның   өзіндік   себебі
бар.   Өйткені   фразеологизмдердің   лексикалық   құрамында,   әсіресе
фразеологиялық   түйдектерде   мағынасы   түсініксіз,   архаизмге
айналған  сөздер   жиі  кездеседі.   Сондықтан  олар   қазіргі   әдеби   тілдің
лексикалық   жүйесіндегі   нормалармен   сәйкес   келмейді   де,   әдеби
тілдің   қазіргі   лексикалық   нормасы   «қысым»   жасайды.   Мысалы,   бір
кезде   әдеби   тілдің   нормасы   ретінде  игі  сөзі   ХV-ХVІІ   ғғ.   өте   актив
қолданылған   әдеби   тілдің   бұдан   кейінгі   кезеңдерінде  игі  мен   қатар
жақсы  сөзі   тайталаса   жұмсала  келіп,  игі  пассив   қорға  ауысты.  «Игі,
қыршын  сөздері   де   қазірде  игі   жақсы,   қыршын   жас,   қыршынынан
қиылды  тәрізді   тұрақты   тіркестерде   сақталған   болса   ертеректе
алғашқысы  жақсы  сөзінің   синонимі   ретінде   актив   қолданылған,
әсіресе   ол  жақсы  сөзінің   предикаттық   қызметіндегі   дублеті   болып
келеді. Мысалы, Шалкиіздің Асау тулап жықпаса, Артқы айылдың беркі
игі моделімен келген толғауы түгелімен жақсы – ның орнына игі сөзі
қолданылуы   арқылы   жасалған.  Игі  сөзінің   сол   қызметі   мақал-
мәтелдерде   де   сақталған:  Түсі   игіден   түңілме.  Қазір   тек   адамға
94

қатысты   сөздермен   тіркесуге   бейім   тұлға   ХV-ХVІІ   ғасырларда
әлдеқайда еркін тіркестерде келеді».
69
.
Тіл   қызмет   ете   отырып   өзгереді.   Көне   элемент   жаңамен
жарыса   жұмсала   келіп,   бірте-бірте   қолданыс   майданынан   ығыса
бастайды.   Тілдік   жүйенің   көнерген   элементін   жаңғыртып   отыру
құбылысынан   тіпті   лексикалық   құрамы   «тас   кесекке»   айналған
фразеологизмдердің өздері де қалыс тұрмай жаңғырып отыратынын
байқаймыз. Қазіргі тілдік қолданысымызда құста сүт жоқ, жылқыда
өт жоқ, таста тамыр жоқ  деп айтылатын фразеологиялық тізбектің
көнерек   нұсқасы   –  қуда   сүт   жоқ,   жылқыда   өт   жоқ,   таста   тамыр
жоқ
70
  Қу  сөзі   ертеректе   «құс»   деген   тектік   ұғымда   қолданылған,
қазіргі   кезде   мағынасы   тарыла   келіп,   түр   атауына   көшкен.   Түлкі
күлігін   тазы   сүймес  деген   фразеологиялық   тізбектің  түлкі   жүйрігін
тазы сүймес  түріне   көшуі   тілдік   жүйенің,   фразеологизм   нормасына
заңды «қысым» жасауына байланысты.
Сондай-ақ   көздің  жауын   алады  деген   фразеологиялық
түйдектің   құрамындары  жау
71
архаизмі   екінші   бір   фразеологиялық
түйдекте  май  түрінде   ұшырайды:  көз   майы   таусылды.  Осыған
қарағанда   соңғы   фразеологизм  жау-дың   пассив   лексикаға   айналған
тұсында   жасалған   болуы   керек.   Көне   элементтерді   система
тұрғысынан   жаңалау   арқылы   фразеологизм   нормасынан   ауытқуда
сабақтастық барлығы байқалады. Мысалы, пассив лексиканың күлік-
тің   орнын   онымен   мағыналас   актив   лексика   (жүйрік)   басты.   Ал
фразеологизм  құрамындағы   көнелерді   кездейсоқ   жаңғырту   олардың
семантикалық   структурасын,   образдылығын   бұзады.   Мысалы,  күзде
күлік жүгіредіні күзде көлік жүгіреді  түрінде   өзгерту   фразеологизмді
мағынасыз тіркеске айналдырады. Бұл жерде көне элементпен жаңа
элементтің   арасында   сабақтастық   жоқ.   Сондықтан   мұндайларды
фразеологизм нормасына заңсыз «қысым» жасау деп танимыз.
Система   тұрғысынан   қолдау   таппаған   фразеологизмдердің
нормасын   бұзуды,   яғни   фразеологизмдердің   лексикалық
құрамындағы   архаизмдерді   қазіргі   тілдік   нормада   актив
қолданылатын   сөздермен   жаңғыртып   отыру   қаламгерлердің   сөз
жұмсау   дағдысында   ара-тұра   кездесіп   отырады.  Жүзі   жақсыдан
69Сыздықова Р. ХVІІІ-ХІХ ғғ. казақ әдеби тілінің тарихы, 50-бет.
70Фразеологиялық бұл тізбектің «қу» нұсқасын А.Байтұрсыновтың «Тіл құрал». (Қызылорда, 1925) 
оқулығының материалынан кездестірдік.
71Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 1966, 40-б.
95

түңілме   деп,   алдамайсың   ба   деп   отырмын.   Кіргізетін   болсақ   айтам.
Алдырмаймын   деші   өзің   әуелі,–   деп   күліп   қойды   (М.Әуезов.   «Өскен
өркен»).
Лексикалық   құрамы   көнерген  санда   бар   санатта   жоқ  деген
фразеологиялық   түйдектегі  санат-тың   мағынасы   қазіргі   оқырманға
белгісіз.   Бұл   архаизм  ел  санатына   қосылды   (кірді),   санатқа   қосылды
деген   фразеологизмдердің   құрамында   да   кездеседі.   Осы
фразеологизмдердің   байырғы   ақындар   тілінен  кеңеске   кіру  деген
синонимдік қатарын кездестіреміз: 
Жасым жетіп он беске
Кірер ме екем кеңеске. 
Ерегескен дұшпанмен, 
Шығар болсам күреске (Ақтамберді).
Мұндай   қолданысқа   қарағанда  санатқа   кірді,   санатқа   қосылды,
кеңеске кірді дегендердің семантикалық структурасында 1) «ер жетті»,
2)   «шаршы   топта»,   3)   «ой   айтарлық»   азамат   болды   деген   семалар
бар.   Мұндай  «ой  айтарлық»  деген   сема  санат-ты  сана  «ой»  сөзімен
жақындастырады. Енді мынадай контекске назар аударайық: Осы күні
жеңгеміз Анар сұлу ағамызды жалғыз меңгеріп алды да, өзгеміз санда
бар, санақта жоқ, далада жалғыз қалдық (Ғ.Мүсірепов. «Жат қолында»).
Сырт қарағанда, жазушы көне элементті жаңамен ауыстырған тәрізді.
Шындығында,   олай  емес,  бұл   жерде   жазушы,   біздің   ойымызша,   екі
түрлі   фразеологимзді   –  санда   бар,  санақта  жоқ  және  есепте  жоқ   –
контаминациялаған.   Көркем   шығарма   тілінде   кездесетін   кейбір
жаңғыртулар   жазушы   тілінде   бір   қолданар   ғана   мәнде   болады,
өйткені фразеологизмдердің құрамын жаңарту тек сол контексте ғана
орынды   көрінеді.  Екі жақтан  сайланып  шыққан жігіттер  сайыстың
серпінімен көздің жауһарын алады (Т.Әлімқұлов. «Ат – ердің қанаты»).
Фразеологиялық   сөз   орамдарының   жаңғырту,   жоғарыда
айтылғандай,  белгілі   бір   уәжге   (мотивке)   негізделеді.   Нормадан
ауытқудың  мұндай   түрі   көбіне   стильдік   мақсатқа   тәуелді   болады.
Алайда сөз  мәдениетін төмендететін жөнсіз ауытқулар қазіргі  кезде
басқалардан   гөрі  ең  алдымен  тілдің  фразеология  саласында  жиі  әрі
көп  кездеседі.   Жөнсіз   ауытқулардың   типтерін   анықтап,  нақты
себептерін   ашып   көрсетудің   сөз   мәдениеті   үшін   күресте  айрықша
мәні бар.
Фразеологизмдердің   кұрамындағы   фразеолексемаларды   жөнсіз
жаңғыртулардың   тіл   колданысында   жиі   кездесетін   бір   типі   –   тірек
сыңарларының талғампаздық қасиетін елеп-ескермеу. Мысалы: Серік
алдына түсіп, Гүлдария соңында, екеуі кұйғытып кетті. Әудем уақыт
өткенде Еркебұлан оларды қарсы алдындағы биік төбе басынан, кұлама
ылдиға кұйылған құс секілді қатар құлдырап түсіп келе жатқанда көзі
шалды   (М.Қуанышбаев.   «Табысу»).   Әудем  уақыт  дегеннің   мағынасыз
96

тіркес  екендігі  оқырманға  бірден  байқалады.  Жалпыхалықтық  тілде
кеңістік мәнде қолданылатын әудем жер деген фразеологиялық тіркес
бар. Мағынасы – «дауыс жетер жер». Мұндағы жер өзге сөзбен еркін
байланысқа түсіп, жай тіркес құрай беретін болса,  әудем сыңарында
мұндай   қабілет   жоқ,   тек  жер–мен   мағыналық   байланысқа   түсіп,
жұбын   жазбай   тұрады.   Тап   осы   тәрізді   фразеологиялық   тіркестегі
бесінауды  деген   өзге   сөздермен   еркін   байланысқа   түсе   бермейді.
Сондықтан фразеологизмнің тұрақты құрамын өзгертіп, бесінді бөтен
сөзге   телу   лайықсыз   көрініп   тұрады:  Бесін   төмен   түскенмен
ыстықтың  беті қайтпаған. Сағым көтеріп бұлаңытқан  дала ереуілдеп,
алдамшы   көрініспен   көзді   арбайды   (Ө.Кәріпов.   Жаза.   «Соцалистік
Қазақстан»,   1985).  Фразеологизм   сыңарларының   жұбын   жазбайтын
қасиеті   мына   тәрізді   контексте   де   жөнсіз   бұзылған:  Әлгілер тайлы-
тұяғы   қалмай   түгелімен   маған   қарай   жүгірді   (Э.Распе.   Мюнхаузеннің
хикаялары.   Аударған   О.Әубакіров);   Өткен   1981   жылдың   желтоқсан
айының   басы   болатын.   «Червонный»     совхозы   орталығының   тайлы–
тұяғына дейін бөлімше бухгалтері Ғарифолланың үйіне тойға жиылды
(«Лениншіл   жас»,   1982,   І5   қыркүйек).Фразеологизмнің   тілдегі   дұрыс
нұсқасы – тайлы-таяғына дейін, тайлы-таяғы қалмастан. Әуелде тай
мінген бала, таяқ ұстаған кемпір-шалына дейін деген фразеологиялық
тіркес ықшамдала келіп, тайлы-таяғына дейін  деген фразеологиялық
түйдекке айналған.
Фразеологизмдердің   лексемалық   құрамын   жөнсіз   жаңғыртудың
сөз   колданыстағы   тағы   бір   жиірек   кездесетін   типі   –   «түр»   атауын
білдіретін   сөздерді   «тек»   атауын   білдіретін   сөздермен   алмастыру.
Мысалы: Аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда дейді халық
мәтелінде («Лениншіл жас», 1983, 2 ақпан). Өз етігің тар болса, дүниенің
кеңдігінен не найда дейтін байырғы мәтелді бұлайша бұрмалау мақал-
мәтелге   тән   дәлдік   пен   нақтылыққа   нұқсанын   тигізген.  Аяқкиім   –
дерексіз   ұғымдағы   сөз,  етікті,   мәсіні  киюге   болар,   ал   «ақкиімді»
киюге болмайды. Сондай-ақ халық аузында  күн  бір жауса, терек екі
жауады дейтін мәтел де бар,  күн  бір жауса, ағаш  екі жауады демейді.
Өйткені  ағаш  дерексіз   ұғымдағы   сөз,   тектік   мағынаны   білдіреді.
Мақал-мәтелдердің   мазмұны   деректі   ұғымдарды   білдіретін   сөз   ер
арқылы   нақты   сипатқа   ие   болады.   Фразеологизмдерде   (мақал-
мәтелдерде) нақтылық, дәлдік тәрізді сапа басым болады да, нұсқалы
ойды білдіреді.
Фразеологизмдердің   лексикалық   құрамын   абстракті   ұғымдағы
сөздермен   мақсатсыз   алмастыру,  көркем   проза,   газет   жанрлары   т.б.
айтпағанның   өзінде,   тіпті   тіл   ұстартатын   оқулықтардың   өзінде   де
кездесіп   калады.   Мысалы,  олақтан   салақ   жаман  деген   мақал   «Ана
тілі» (I кл., 1987). оқулығында  олақтықтан салақтық жаман  түрінде
берілген. Шындығында, әңгіме олақтық  пен салақтық  ұғымы туралы
97

емес.   Мақалдың   халықтық   нұсқасы   «қолынан   іс   келмейтін   жанға
(олаққа) дауа жоқ, ал қолынан іс келе тура, салақ болу кешірімсіз»
деген нұсқалы ойды аңғартады.
Фразеологизмге тән тағы бір қасиет – ойдың нұсқалығына қоса
сөздің   қысқалығы.   Олай   болса   фразеологизмдердің   лексикалық
құрамын   мақсатсыз   жаймалап   қолдану   да   олардың   ықшам,
жинақылығына кері әсерін тигізеді.
Фразеологизмдердің   қалыптасқан   құрылымын   мақсатсыз
бұзудың   жиі   кездесетін   тағы   бір   типі   –   олардың   лексикалық
құрамындағы сөздерді дыбысталуы жағынан ұқсас келетін сөздермен
жаңғырту.   Нормадан   жөнсіз   ауытқудың   бұл   түрі   дыбысталуы
тұрғысынан   ұқсас,   бірақ   мағынасы   әр   басқа   сөздерге   жете   мән
бермеуден   болады.   Мысалы:  Одан   бері   де   жылжып   жылдар   өтті.
Қазіргі аулымыз адам танығысыз. Жасыл желек жамылған кең көшелер,
мектеп,   клуб   –   бәрі   де   бар.   Ауыл   сыртындағы   қара   жолға   асфальт
төселген.   Үстінен   үйірлі   жылқы   айдаса  да   шашауына   шаң   жұқпайды
(«Қазақ   әдебиеті»,   1979,   12   қаңтар).   Кеніште   жиырмадан   астам
комсомол-жастар бригадасы бар. Солардың  дені – тарландар бәйгесінде
шашауларын шаң шалмаған шамшырақтар ( «Лениншіл жас», 1981, 19
маусым).  Бұл  жерде  авторлардың  шаша  сөзін   дыбысталуы   ұқсас,
мағынасы   мүлде   басқа  шашау  сөзімен   шатастырғаны   айқын   көрініп
тұр.  Шаша  «ат   тұяғының   үстін   ала   өсетін   бір   шоқ   қылшық»,   ал
шашау сөзі  шашау шығармады  «шетке шығармады»   деген мағынаны
білдіретін   фразеологиялық   тіркестің   тұрақты   сыңары.  Шаша  мен
шашау екеуі мүлде екі басқа сөз.
Сондай-ақ  қызғыштай   қорғап  (дұрысы  қорып),   хабарына   кіріп
шықпады  (дұрысы  қаперіне), жер шала, бұлт ала  (дұрысы  бұлт ала,
жер   шола)
 т.б.   тәрізді   нормадан   жөнсіз   ауытқулар   –
фразеологизмдердің   құрамындағы   лексемаларды   өзге   бір
дыбысталуы ұқсас лексемасымен шатастырудың салдары.
Алайда   көркем   шығарма   тілінде   кездесетін   жекелеген   сөз
селкеулерін сөз ету ұсақ-түйек нәрседей көрінуі де мүмкін. Дегенмен
мынадай   бір   мысал   келтіре   кетейік:  «Шағын   алаңға   шықтым,
Анадайдан бір отар ақтылы қой   шашырай жайылып келеді (Ж.Мусин.
Туған үйдің түтіні. Повесть. – «Жұлдыз», 1981, N 5, 58-6).Әдетте алалы
қой (фразеологизмның толық түрі: алалы жылқы, ақтылы қой) есебіне
сан   жетпейтін,   мыңғырған   қой   деген   мағынаны   білдіреді.   Олай
болса, бір отар қойдың есебіне сан жетпегені ме?
Тұрақты   сөз   орамдары   әдетте   контексте   өзге   сөздермен
мағыналық   үйлесім   бойынша   байланысқа   түседі.   Мысалы,  қара
құрымдай  деген   тұрақты   тіркес   «аса   көп,   құжынаған,   сан
жетпейді»дегенді білдіреді.  Ал осы фразеологизмді  «Шаңқай түсте
ауылға   қарай   бір   топ   атты-жаяу   қара   құрымдай   қантады»  (Жалын,
98

1980, № 3)  деп қолдану сөздің контекстегі мағына үйлесімін бұзады
(бір топ атты-жаяудың қара құрымдай болмайтыны белгілі).
Әрине,   осылайша   бірер   қате   қолдану   шығарманың   көркемдік
сапасын   ойсыратып   кетеді   деуден   аулақпыз.   Бірақ   ғимарат   келісті
болса,   бір   кірпіштің   қисық   түскенінде   тұрған   не   бар   деп,   сөз
селкеулігін   елемей   кету   мәдениетті   сөзге   лайық   емес.   Мүсіншінің
негізгі   құралы   –   мәрмәр,   ал   суретшінікі   –   бояу.   Алайда   мәрмәрді
мүсінші,   бояуды   суретші   ғана   қолданса,   тілді   бүкіл   халық   болып
колданады.   Оның   үстіне   соңғы   жылдарда  құрыққа   сырық   жалғап
дегенді сырыққа құрық жалғап деп  инверсия жасау немесе барар жер,
басар   тауым   жоқ  деп   аталатын   тұрақты   тіркесті   логикаға   салып,
басар  жерім,  барар  тауым   жоқ  деп   өзгерту,  айрандай   аптап  тәрізді
тұрақты   тіркестердің   грамматикалық   тұлғасын  айранын   аптап  деп
орынсыз түрлендіру, қапталдан салса, төске озған деп жаңсақ қолдану
жиілей түсті.
Фразеологиялық   сөз   орамдарының   лексикалық   құрамын
өзгертудің   контаминацияға   жататын   тағы   бір   типі   бар.   Екі   түрлі
фразеологизмдердің кейбір сыңарларын эллипсиске ұшырату арқылы
бір   бүтін   жасап,   тұрақты   тіркестің   мазмұнын   кеңейте   жұмсаудың
көркем   шығарма   тілінде   небір   сәтті   үлгілері   бар   екені   жоғарыдағы
тарауда   айтылды.   Контаминацияланған   фразеологизмдердің
мағынасы   бір-бірімен   тоғысып,   лексикалық   құрамдары   жымдасып
жатуы   керек.   Ондай   болмаған   жағдайда   контаминация   теріс
қолданысқа   айналады   да,   нормадан   жөнсіз   ауытқуға   жатады.
Мысалы:  Автобус   келгенде,   олар   алдыңғы,   Еркебұлан   артқы   есіктен
кіріп,   орта   тұстағы   бос   орындыққа   қарай   қарсы   жүргенде,   қыз   кілт
тоқтады.   Еркебұлан   да   төбе   шашы   ду   етіп,   тесіле   қарап   қалды
(М.Қуанышбаев. «Табысу»).
Қазақ   тілінде  төбе   шашы   ду   етті  дейтін   фразеологизм   жоқ.
Тегінде, бұл тіркес  төбе-шашы тік тұрды  мен  екі беті ду ете қалды
дегендердің сәтсіз жасалған қоспасы болуы керек.
Форма   тұрғысынан   нормадан   ауытқудың   морфологиялық
тұлғаларға қатысты түрлері бар. Фразеологизмдердің грамматикалық
мағыналары   да   «жасаулы»   күйде   болады.   Мысалы,   кейбір
фразеологизмдер   тек   болымсыз   мағынада   ғана   қолданылады.
Болымсыз   мағынаны   болымдыға   өзгерту   фразеологизмнің
семантикалық   структурасын,   бейнелігін   бұзады.   Әсіресе   ішкі
формасы   айқын,   фоны   тасаланбаған   фразеологиялық   орамдар
жанғыртудың   мұндай   түріне   ұшырағанда,   бейнелі   қасиетінен
айырылып, сөздің мағынасында қисын болмай қалады. Екпе шөп үшін
су да мол. Әйтсе де мал азығын дайындаудың қазіргі таңдағы мәліметіне
көз   жіберсек,   бұл   ауданның   айдарынан   жел   еспей   тұрғанын   көреміз
(«Соцалистік   Қазақстан»,   1981,   21   шілде).  Жалпытілдік   қолданыста
99

айдарынан жел есті фразеологизмі «дәуірі жүріп тұр», «дегені болып
жүр»   деген   мағынаны   аңғартады.   Фразеологизмнің   фоны   айқын:
бейнелілік   пен   фонында   байланыс   бар.   Ал   осы   фразеологиялық
шоғырды   болымсыз   тұлғада   жұмсау   бейнелілік   пен   фонның
арасындағы байланысты үзеді.
Болымды   тұлғадағы   фразелологиялық   шоғырды   болымсыз
тұлғада жаңғырту да осы тәрізді. Мысалы:Өткен ісім атың шықпаса,
жер   өртенің   кері   болды.   Жабағы   жүні   жығылмаған   нәзік   қыздың
жүрегін   сыздатып,   атын   ауылға   аңыз   еткіздім.   Менің   де   жаныма
бататыны   осы   («Лениншіл   жас»,   1982,   19   тамыз).  Фразеологизмнің
жалпытілдік нұсқасы – жүні жығылды немесе жақ жүні жығылды. Ол
«беті   қайтты»,   «тауы   шағылды»   деген   мағынаны   білдіреді.
Фразеологизмнің   фоны   тасаланбаған:   шындығында,   арық   малдың
жүні   ұйысып,   «жығылып»   жатады.   Ал  жабағы   жүні   жығылмаған
дегенде   қандай   бейнелілік   бар?   Бейнелілік   шындыққа   арқа   сүйеуі
керек.   Жабағы   жүннің   өзі   ұйысып   жатса,   ол   калай   жығылмай
тұрады?  «Жығылмаған   жабағы   жүннің»  нәзік   қызға   қандай   қатысы
бар?   Қысқасы,   фразеологизмнің   бейнелілігі   мен   семантикалық
структурасы бұзылған. 
Фразеологиялық   орамның   лексикалық   құрамын   өзгерту   көбіне
«мотивация»   іздеумен   байланысты.   Мысалы,  жауырды   жаба   тоқу
дегеннің неге бұлай айтылатындығы белгісіз. Неге «жауырды тоқу»?
Осымен  байланысты  кейбір   авторлар  тоқу  сөзін   мазмұны   жағынан
үйлесімді сөзбен тіркестіріп, фразеологизмді  жабуды жаба тоқу  деп
жаңғыртады.  Десе егер ер еңбекпен өмір егіз. Бұл – село куәсының өзі
деңіз. Жабуды жаба тоқып жөнелмейтін, жасырсам, оны халық көрер
кейін   (Айтыс).  Бірақ   мұндай   өзгерту   фразеологизмнің   «кемшілікті
бүркемелеу»  деген мағынасымен үйлеспей тұрады. Фразеологиялық
түйдектің «неге бұлай айтылатындығын» тек диахрония тұрғысынан
ғана   түсіндіруге   болады.  Тоқу  сөзінің   байырғы   архаизмге   айналған
мағынасы – «ерттеу». «Қырғыз, ұйғыр тілдерінде ат ерттеу дегенді
ат   тоқу  дейді.
72
Тоқымымды   салып   кетті  дегенді   Торғай   қазақтары
тоқымымды тоқып кетті
73
  түрінде   айтады.   Міне,  тоқудың  байырғы
мағынасын   реконструкциялау   фразеологизмнің   фонын   (ішкі
формасын)   ашып   береді.  Жауырды   жаба   тоқу  дегеннің   тура
мағынасы   «жауырды   жаба,   бүркемелей   зерттеу»   дегенді   білдірсе,
72Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. Алматы, 1966, 187-б.
73Бұл мысалды есімізге салған белгілі тілші ғалым Сейітбек Нұрханов
.
100

фразеологиялық   келтірінді   мағынасы   «кемшілікті   бүркемелеу,
жасыру»  дегенді аңғартады.
Құланның   қасуына   мылтықтың   басуы   дегенді   кейбір   авторлар
мылтықтың басуына құланның қашуы деп жаңғыртады: Есіне манағы
оқиға түсіп, ызадан жирылып кете   жаздады. «Мылтықтың басуына
құланның   қашуы»   дегендей   аудандық   партия   комитетінің   бірінші
хатшысының жолын тосып жүргендей Қантайдың мезгілсіз уақытта
келе қалғанын көрмеймісің (Б.Мұқаев. «Мазасыз маусым»).  Сірә,   автор
фразеологиялық тізбектің мазмұнына»  қасу-дан гөрі  қашу  үйлесімді,
өйткені   «құлан   мылтық   дауысынан   шошып   кашады»   деп   түсінетін
болу керек. Бірақ мұндай субьективті түсінікке негізделген жаңғырту
фразеологизмге тән ирониялық реңкті
74
 жуып-шайып кетеді.
Нормадан   жөнсіз   ауытқудың   саз   қолданыста   ұшырайтын   бір
түрі   –   фразеологизмдердің   тұрақты   сыңарларын   фразеологиялық
мағынаға   қатысты   семалардың   бірімен   жаңғырту.   Мысалы,  жіпсіз
байланды  деген   оксиморон   түріндегі   фразеологиялық   шоғырдың
семантикалық   структурасында   1)   «еріксіз»,   «амалсыз»   2)   «бөгеді»,
«кідіртті» деген екі сема бар. Мына контексте автор фразеологизмнің
лексикалық  құрамын  осы  аталған   семалардың   бірімен   алмастырып,
нормадан   жөнсіз   ауытқыған:Әдемі   сырлы   қыз   күлкісі   жігітті   тағы
жіпсіз   бөгеп   қалды.   (Р.Әутәліпов.   «Алтын»)
75
Мұндай   жаңғыртудан
оксиморонға   құрылған   образдылық   ыдырап,   тіркес   алогизмге
айналған. («жіпсіз бегеді-ні  оқырман не деп түсінеді?).
Фразеологиялық   нормадан   жөнсіз   ауытқулардың   жиі
ұшырайтын   бір   түрі   –   тұрақты   сыңарларды     синонимдес   сөздермен
кездейсоқ   алмастыру.   Мысалы:  Халық   нақылында:   «Не   сепсең,   соны
орасың»,   «жаман   тұқымнан   жақсы   өнім   күтпе»     деп   бекерден-бекер
айтылмаған.   («Жетісу»,   1983,   12   қазан).  Фразеологиялық   тізбектің
жалпыхалықтық   нұсқасы   –  не ексең, соны орасың  деп   айтылады.   Ал
бұл   мәтелдің   жаңаланған   сыңары   фразеологизмнің   семантикалық
74
Фразеологиялық   бұл   орамға   тән   ирониялық   реңкті   тұрақты   тізбектің   шығу  төркініне   зер   салсақ,
айқын  аңғарамыз. Ертеде  бір хан  сыйлы адамдардың  алдында өзінің  мергендігін  айтып, «Кұланның
артқы тұяғын көздеп атқан оғым оның табанынан өтіп, құланынан бірақ шықты»,  деп мақтанса керек.
Ханның әңгімесіне «ұйып» отырғандар   бұл сөзге сенер-сенбесін білмей, «ынғайсызданып»   қалады.
Ханның   шектен   тыс   «бөсіп»     кеткенін   байқаған   уәзір:   «Хан   тақсырдың   жануардың   табанына   дәл
тигізгені рас, бейшара құлан сол сәтте артқы тұяғымен құлағын қасып тұр еді», – деп өтіріктің қисынын
таба қойыпты. Сонда тыңдаушылар: «Е...е . кұланның қасуына мылтықтың  басуы дөп келген екен ғой»
десеп,   бас   шұлғысқан   екен.     Қазақ   тілінде   белгілі   бір   аңыз-әнгіме,   ертегі   сюжеттерінің   негізінде
жасалған бірсыпыра тұрақты сөз тіркестері бар:  аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл («Аязби»), маңғыт,
аузыңа саңғыт,  («Түлкі мен бөдене»), отқа салса жанбайды, суға салса, батпайды («Ер Төстік» т.б.);
Лұқпандай мың жасаған, Атымтайдай жомарт, Наушаруандай әділ т.б.
75Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 2-том. Алматы, 1976, 393-б.
101

структурасымен   үйлеспей   тұр,   өйткені   «себілген   нәрсенің   бәрі
орылмайды,   кейбірі   «жиналады».   Сондай-ақ  себу–ден   гөрі   егу–дің
мазмұны   кең:  ек-етістігінің   семантикалық   структурасында   «тұқым»,
«себу»,   «өсіру»,   «отырғызу»   деген   семалар   болса,  сеп –  етістігінде
«тұқым», «сіңіру», «шашу» деген семалар бар.
Сонымен   жоғарыда   сөз   болған   жайтты   жинақтай   айтқанда,
фразеологизмдердің   форма   тұрғысынан   (в   плане   выражения)
тұрпатын   жаңғыртуға   байланысты   нормадан   жөнсіз   ауытқудың
түрлеріне   мыналар   жатады:   Фразеологизмдердің   кұрамындағы
архаизмдерді жаңғырту, деректі ұғымды білдіретін сөздерді дерексіз
атаулармен ауыстыру; дыбысталуы  ұқсас,мағынасы әр басқа сөздерді
жаңсақ   қолдану,   фразеологизм   сыңарларын   синонимдес   я   болмаса
мазмұндас   сөздермен   жаңғырту,  фразеологизмдердің   грамматикалық
тұлғаларын   өзгерту   және   фразеологиялық   түйдектердің   «неге   бұлай
айтылатындығына»  мотив іздеу т.б.
Фразеологизмдерді   мазмұн   тұрғысынан   (в   плане   содержания)
дұрыс   колданбау да   нормадан   жөнсіз   ауытқуға   жатады.  Бұл   типтегі
ауытқулардың   өзін   үш   топқа   бөліп   қараймыз:   1)   фразеологиялық
мағынаның   контекстен   үйлеспей   тұруы,   2)   контекспен
фразеологиялық единицаны байланыстырып тұратын сөздерді дұрыс
қолданбау,
 
3)фразеологизмдердің
 
стильдік-эмоционалдық
реңктерінің контекспен үйлеспеуі.
Қайсыбір   контекстерде   фразеологизмдер   форма   тұрғысынан   (в
плане   выражения)   өзінің   жалпытілдік   нұсқасына   сәйкес
қолданылады   да,   олардың   лексикалық   құрамы,   морфологиялық
тұлғалары   ешбір   өзгеріске   түспейді.   Алайда   фразеологизмдердің
мағынасы мәтіннің мазмұнымен үйлеспей тұрады.
Солай   екен-ау,  Бәке.   Өзіңіз   экономистердің   жылдық   жоспарын
шемішкеше шағады екенсіз...- деп отырғандар ұлардай шулады (Т.Кенеев.
Сөз бен іс. «Қазақ әдебиеті», 1981, 5 маусым). Ұлардай шулады – ның бұл
контексті   «жатырқап»   тұрғаны   айқын   байқалады.   Өйткені   бұл
фразеологизм қым-қуыт жылады, зар қақты», «өре түрегелді» деген
мағынаны   білдіреді.   Бұл   арада   контекстің   мазмұнын  таң-тамаша
қаласты тәрізді сөз орамдарының бірін қажет етіп тұрғанын оқырман
да оңай аңғарады.
Фразеологизмдердің   лексикалық   құрамына   кірмейтін,   бірақ
мағынасын дәлдеп, айқындап тұру үшін контекстің ыңғайына қарай
қосарлана   жүретін  с е р і к т е с   с ө з д е р
  болады.   Олар
фразеологизмдерді контекспен үйлестіріп тұрады.
таза, тап-таза 
жылан жалағандай 
түк қалдырмады 
тып-типыл қылды
102

ұқсас
егіздің сыңарындай 
аумаған
айнымаған
кенелді 
шаш етектен 
мол
асады
зиянға батты
әдемі
көз тойғандай
мол
табысы 
шаш етектен
 асады 
мол
қарызы 
нәрсе жоқ
көз тоқтатар
         зат жоқ
                   еш нәрсе жоқ
көрді
көзінің қарашығындай
сақтады
ардақтады
мол
көз сүріндірер 
көп 
әдемі 
103

Фразеологизмдердің   өзі   ғана   емес,   оның   серіктес   сөздері   де
дұрыс   колданбау   фразеологиялық   нормаға   нұқсан   келтіреді.
Мұндайда   контекст   мағына   дәлдігінен   айырылып   қалады.
Фразеологиялық   нормадан   жөнсіз   ауытқудың   мұндай   типін   мына
тәрізді   мысалдардан   айқын   байқауға   болады:  Портфелімді   қолыма
алып, асыға басып мектепке келдім. Кластың іші жылан жалағандай тірі
жан   жоқ   («Лениншіл   жас»,   1982,   19   тамыз),   –   Жарайсың   Кебекбай.
Қазіргі   жағдайда   орман»   –     маңызды   обьект.   Көзінің   қарашығындай
қарар   деп   сенем   («Қазақ   әдебиеті»,   1981,   18   қыркүйек);   Ауызша
шежіренің  де хатқа түскен жазба деректердің де көрсетуінше қазақ пен
қарақалпақ   түркі   тілдес   халықтар   ішінде   егіздің   сыңарындай   жақын
("Қазақ   әдебиеті",   1981,   12   маусым);   Бүгін   аспанда   көз   сүріндірер
шөкімдей   бұлт   жоқ     (Ж.Бақадыров.   "Қос   қайың");   Қыркүйек   қалай
басталды, солай бұл араның балықшыларының  тірліктері шаш  етектен
асып  сала беретіні әдетке айналғалы қашан. ("Лениншіл жас", 1983, 21
қыркүйек); Сауда тәртібін бұзу деген шаш етектен асады. Үстеме баға
қосып сату, нағыз керекті заттарды тығып сату" – дегеннің   көкелері
бар ("Социалистік Қазақстан", 1981, 1 желтоқсан).
Фразеологизмдердің   әсіресе   олардың   бейәдеби   топтарының
стильдік-экспрессиялық   реңктерін   елеп-ескермей,   кез   келген
контексте   беталды   қолдану   текстің   тілін   шұбарлап,   тартымсыз
көрсетеді.   Қарапайым   бейәдеби   фразеологизмдердің   экспрессиялық
ренкі,   бәсең   мазмұны   контекстегі   салтанатты,   көтеріңкі   үнмен
үйлеспей, оғаштау сезіліп тұрады. Әсіресе репортаж, көркем очерк,
хроника   жанрында   олардың   талғаусыз   жұмсалуы   материалдың
мазмұнын   төмендетеді.   Бірнеше   мысал:  Бұл   күнде   егінжайға   көңіл
елеңдей береді. Саржағал алқаптардағы – сары атан түйелердей сартап
болып,   сыралғы   мінезбен   жұмыстың   түбін   түсіріп   жүрген   дала
кемелерінің қарымын қызықтау қандай ғанибет ("Лениншіл жас" 1983,
23   қыркүйек);   Москва   олимпиадасының   чемпиондары   классикалық
күресті   жаңаша   дамытудың   жарқын   өкілдері   болды.   В.   Благидзе,
Ш.Серіков,   Ш.Русу   және   Н.Невеньилер   техникалық   әдістерді   судай
сапырды, белдесулерін техникалық   тұрғыдан тамаша өткізе білді, ал
Ж.Үшкемпіров,   Г.Райков,   С.Миглакс,   Ф.Кочиш,   Г.Корбан   және
А.Колчинскийлер тамаша техникалық әдіс пен тактикалық жоспарларын
ғаламат дене күштерімен ұштастырғандар ("Лениншіл жас", 1981, 18
тамыз); Ал, кәсіпқойлар кірісіп те кетті, ... білектерін түрініп. "Аннан
қашқан,   мыннан   кашқандардың   басын   кұрап   әкеліп   отырған   Америка
Құрама Штаттарының командасы бұл турнирге әлемнің бар бұрышына
"ақша табуға кеткен" бұратана ұлдарын түгел жиып келген шведтерді
3;1   есебімен   шемішкеше   шағып   тастады   ("Лениншіл   жас",   1981,  4
қыркүйек).
104

Газет   жанрлары,   әсіресе   хроника,   көркем   очерк,   репортаж   тілі
бағалауыш   қасиеті   жоғары   сөздерге,   оның   соны   түрлеріне   үнемі
"зәру"   күйде   болады.   Соның   өтеуі   ретінде   кейбір   авторлар   газет
бағаналарына  түбін түсіру, судай сапыру, шемішкеше шағу  дегендерді
тартынбай   қолданады.   Шындығында,   бұл   типтес   қарапайым
фразеологизмдердің   экспрессиялық-эмоциялық   реңкі,   бағалауыштық
қасиеті жоғары болғанмен, мазмұны бәсеңдеу көрініп тұрады. Бұлар
тұрмыстық   аядағы   сөз   болғандықтан,   кітаби   тіл   реңкіндегі
контекспен  (дала   кемелері   жұмыстың   түбін   түсіреді  дегенді
салыстырыңыз)   реңк   жағынан   үйлеспей   тұрады.   Міне,   мұндай
функңионалдық-экспрессиялық
 
ерекшелікті
 ескермеу
фразеологизмдерге тән нормадан жөнсіз ауытқуға жол береді.
Бұл  айтылғандар  сөйлеу  тілі реңкіне  ие экспрессиялық-эмоциялық
құралдардың   көркем   тіл   кестесіне   лайық   жұмсалмай,   "шикізат"   күйінде
қолданылғандығын көрсетеді.
Сондай-ақ,   осы   жайтқа   керісінше,   кітаби   тіл   реңкіндегі   тілдік
құралдарды   сөйлеу  тілі  контексінде   (диалог,  монолог)   лайықсыз   жұмсау
тәрізді нормадан жөнсіз ауытқудың түрлері кейбір авторлардың прозалық
шығармаларында   жиі   кездесіп   отырады.   Ондайда   кітаби   тіл
фразеологизмдеріне   тән   көтеріңкілік   интеллектуалдылық   мазмұн
қарапайым тұрмыстық аядағы сөйлеу тілі элементтерімен үйлесім таппай,
селкеуленіп   тұрады.   Өйткені   кейбір   сөздердің,   грамматикалық   тұлғалар
мен синтаксистік құрылымдардың қалыптасқан стиль аясы бар. Ал оны
сезінбей, я болмаса ескермей, екінші бір стильде, мысалы көркем проза
тілінде   жұмсай   беру,  түптеп   келгенде   шығарманың   тіл   өрнегіне   нұқсан
келтіреді.   Мысалы:  Сақабай   төрені   мал   сойып,   конақасы   беріп
аттандыру қамында екен. Ысқақ "мені үйлендіру мәселесі не болды?" деп
ешкімнен сұраған жоқ (Қ. Исабаев. Серт); Былтыр ол үйші Қырықбайдың
үйінде   жатты   да,   құба   төбел   ауылдың   бір   шылдаханасында
жиналғандарға   ұсыныс   жасады   (Сонда);   Бөкейге   Жәңгір   ұсынысы
ұнамады   (Соңда);   ...Онда   арифметика,   алгебра,   геометрия   және
артиллерия   мен   әскери   жер   жұмыстары   жөнінде   сабақ   жүреді;
...Үшіншісі төмендегі дәрежеде санау әріп тану және намаз  сабақтары
жүретін   болады   (Сонда).  Әдетте  мәселе  сөзімен   тіркесіп   келетіндер
(мысалы,  шешімін   таппаған   мәселе,   күн   тәртібіндегі     мәселе,   негізгі
мәселелердің бірі  т.б.) іс қағаздарына тән сипат үстейді, сөзге ресми реңк
береді.
Ал сабақ  жүреді деген қолданыс газет, радио тілінде жиі айтылатын
хабар жүргізді, әңгіме, сұхбат жүргізді  дегендерді еске түсіреді. Кітаби
тіл   реңкіндегі   тіркестер,   бәлкім,   өз   "аулында",   орынды   да   шығар.   Ал
ондайлардың   Шоң   би   туралы   тарихи   романда   кездесуі   үйлесімсіздеу
көрінеді.   Әңгіме   жиналыс   өткізіп,   қаулы   қабылдап   жатқандар   жайында
болса,   бәлкім,   жиналғандарға  ұсыныс   жасады,   Жәңгір   ұсынысы
105

дегендерді арашалап алуға да болар еді. Бірақ бұл жерде де сөз орынды
болмаған   соң,   қонымды   да   емес.   Бөгде   стильдік   элементтерді   жазушы
белгілі   бір   мақсатқа   орай   әдейі   жұмсап,   стильдік   бояуларды   "дәл"   бере
білсе, көркем шығарма тілінің жарасымы арта түседі. Сонда ғана бұл тәсіл
көркем   сипатқа   ие   болып,   шығарма   тілінде   тартылған   жаңа   желідей
көрінеді.
Ал   әр   түрлі   стильдердің   парқын   ажыратпай,   әйтеуір   осылай   екен
деген   желеумен   көркем   әдебиет   тілінде   колдана   беру   автордың   тіл
түйсігінің   төмендігін   көрсетеді.   Әдеби   тілдің   жүйеге   түскен   стильдік
нормасымен   санаспай,   әр   басқа   стильдік   элементтерді   көркем   шығарма
тілінде мақсатсыз араластырып жіберу –   эклектизм. Тіл бояуы бұзылған
ондай шығарма өмірдің, шындықтың көркем суретін дұрыс бере алмайды.
Әдетте сөз мағынасына жете мән бермей қолдану, тігісі теріс тіркес
құру   немесе   жалған   метафора,   жасанды   теңеуге   бой   ұру   тәрізділердің
көркем   тіл   өрнегіне   мүлдем   жат  екендігі   белгілі.   Сондықтан   да   кейбір
жазушылардың тілінде ұшырайтын мұндай олқылықтар ара-тұра орынды
сыналып,   кемшіліктер   дәл   көрсетіліп   те   жүр.   Ал   әр   түрлі   стильдік
элементті   көркемдік   мақсатқа   сай   жұмсамай,   араластырып   жіберу   де
сөздің стильдік өрісін білмей жұмсау да, сайып келгенде, тіл көркемдігін
мүлдем төмендететін дерттер. Бірақ мұндай кемшіліктер шығарма тілін
талдаған   сын,   мақала,   рецензияларда   көбіне   сын   қаламына   ілінбей,
жабулы   күйде   қалып   жүр.   Ал   баспа   беттерінде   жарық   көріп   жатқан
әңгіме,   повесть,   романдардың   қайсы   бірін   оқып   отырсақ,   кейбір
авторлардың   сөздің   стильдік   бояуына   мән   бермей   жұмсайтындығы
байқалады.   Әр   түрлі   стильдік   элементтер   жөнсіз   араласқан   ондай
шығарманың тілі ала-құла көрінеді.
– Естідің бе, естімедің бе, өзің көрген Шырын жеңгең мен жалғыз ұлым он
жетінші   жылғы   дүрбелеңде   тап   жауларының   қолынан     қаза   тапқан
(Сәбит   Досанов.   Өткен   күнде   белгі   бар.   Роман.   "Жұлдыз",   1981,   N3).
Сөйлем құрылымы жалпы дұрыс сияқты көрінгенімен, стильдік талапқа
сай емес. Олай дейтініміз тап жауларының қолынан қаза тапқан тәрізді
стандарт сөйлеу тілі реңін бұзып тұр. Белгілі бір стильдік элементті
ешбір көркемдік мақсатсыз, бояуын сезбестен екінші бір стильге тели
беру аққа қара баттастырғандай тым сұрықсыз көрінер еді. Әр стильдік
бояуларды   өң-түсіне   қарамай   осылайша   араластырып   қолдану;
шұбыртпа   сөзділік   (Ат   арба,   өгіз   арбаға   мініп   келе   жатқан   кісілер
арасында   жаяу   келіп   жатқандар   да,  салт   аттылар   да  түйеге   мінген
кісілер де бар) (Сонда  т.б. ақаулардан сөз өрімі жиі бұзылып, роман тілі
жатық, бір тегіс көрінбей, кедір-бұдырлы болып, оқушысын әр жерде бір
"сүріндіріп" отырады.
"Жұлдыздың"   жаңа   авторларының   бірі   ("Жұлдыз",   1981,  №1)
оқушысын бұдан да зор "әсерге бөлейді".
106

– Директордың қабылдауынан оралған соң, түс қайта соққамын. Бәрінде
айттым. Ақылды ғой Күнсұлу. Жүрегімді түсінді. Қуаттады шешімімді.
Автор  сөйлеу   тілінде   тән реңкті   дәл  бере   алмаған.  Ресми  қолданысқа
лайық   стандарттардың   (директордың   қабылдауында,   қуаттады
шешімімді   т.б.)   бұл   контексте   кірікпей   тұрғандығын   оқушы   айқын
сезеді.  Бөгде  стильдік   элементтер   ешбір   көркемлік   мақсатсыз
қолданылғандықтан, сөйлеу стиліне тән бояуды бұзып тұр.
Сөздің   реңкін   сезінбен   қолдану   диалогта   ғана   емес,   авторлық
баяндауда   кездеседі.  Сағат   тілі   сегізді   көрсеткен   шамасында   қызыл
барқыттан   тігілген   клуб   сахнасының   шымылдық   пердесі   ысырылып,
концерт   номерін   жариялаушы   конференсье   Қарлығаш   апай   қалың
көпшілікті   Ұлы   Октябрь   мерекесімен   құттықтап,   ұстаздар   мен
шәкірттер   атынан   ізгілік   білдіреді.   Содан   соң   жетінші,   сегізінші,
тоғызыншы,   оныншы   кластың   жастарынан   шертіп   жүріп   іріктелген
топ   құрап,   төрт   қатар   етіп   тізгін   сахна   төріндегі   оқушылардың
орындауында  "Бейбітшілік  берік  қолда  "  әні  залды  жарып  жіберердей
шырқалды (Сонда).
Осы   үзіндіде   орашолақ   құрылған   тіркестер  (...қызыл   барқыттан
тігілген клуб сахнасы..., ...төрт қатар етіп тізілген сахна..)  басы артық
сөз   қолданыс   –   тавтология   (шымылдық   перде,   концерт   номерін
жариялаушы   конферансь)  сөз   мағынасының   байыбына   бармай   колдану
(сегізінші,   тоғызыншы,   оныншы   кластың   жастарынан...   Сонда,   бұл
кластың "қарттары" да болғаны ма?);  ресми қолданысқа тән тізбектер
мен   сөйлеу   тіліне   тән   элементтердің   араласып   кетуі  (Ұлы  Октябрь
мерекесімен   құттықтап,   ұстаздар   мен   шәкірттер   атынан   ізгілік
білдіреді... шеттерінен шертіп жүріп; залды жарып жібере жаздады.)
т.б.   көркем   тіл   кестесіне   мүлдем   жанаспайтын   "кырық   құрау"   шикі
қолданыстар.   Ешбір   оқушы   мұндай   дүмбілез   дүниелердің   "Жұлдыз"
тәрізді беделі биік көркем әдеби журналдың беттерінде жүруін еш қаламас
еді.
Қазіргі көркем шығарма тілінде газетизмдер көбейіп бара ма деген
күдік те бар. Әрине, бұл жерде газет тілі (публицистикалық стиль) көркем
шығарма тілінен төмен,  немесе іс қағаздары тілі ғылыми әдебиет тілінен
нашар деуге болмайды. Ондай көзқарас аты-жөнімен теріс. Еш уақытта
өлең   тілімен   өтініш   жазып,   қаулы   қабылдай   алмайсыз,   немесе   газет
қызметін   романмен   ауыстыра   алмайсыз.   Әрқайсысының   қоғамдық
өмірдегі орны әр басқа. Әңгіме белгілі бір стиль де орын тепкен тілдік
амал-тәсілдерді   екінші   бір   стильге   араластырып   жіберуде   болып   отыр.
Автор бөгде стиль элементтерін талғаусыз жұмсағандықтан, сөйлеу тіліне
тән реңкті шынайы бере алмаған.
Қазіргі   кезде  көгілдір   отын   (газ),   қанатты   металл  (алюминий)
көгілдір экран (телевизор), дала кемесі (комбайн), ақ  алтын (мақта)  т.б.
толып   жатқан   метафоралық   тұрақты   тіркестерді   газет-журнал
107

бағаналарынан, микрофон материалдарынан жиі кездестіреміз. Радиодан:
"Бүгін   көгілдір   экраннан   өнерпаздардың   концертін   тамашалай
аласыздар"деп   хабарлап   жатады.   Публицистика   аулына   тән   мұндай
сөздерді өсіп-өнген топырағынан айырып, екеуара сөзде (сөйлеу тілінде)
қолдану,  мысалы   магазиннен   кеше  көгілдір  экран  сатып   алып   едім   деу,
біреуге түсініксіз болса, біреуге күлкілі бірдеме болып шығар еді. Бірақ,
бір   жақсысы,   ешкім   бұлай   деп   сөйлемейді.   Ал   осындай   газет
фразеологизмдерін   (публицистика   элементтерін)   кейбір   авторлар   роман,
повестерінде талғаусыз, стиль тезіне салмай жұмсай береді.  "Изобилие"
совхозы   ала-құла   піскен   егінін   әлден   бөлектеп   оруға   кірісіп   кетіпті.
Көгілдір   көк   жиекте   катар-қатар   салған   комбайндар   тұманды   теңіз
өрінде   жүзген   дала   кемелеріне   ұқсайды,   Алипатовтың     айтысында,
есілдіктер   ырғалып-жырғалғанша   "Изобилие"   астығының   жартысы
Отан   қамбасына   құйылып   та   үлгереді.   (Р.Тоқтаров.   "Ғасыр   наны").
Автордын дала кемесі дегені – комбайн да, Отан қамбасы деп отырғаны –
элеватор.   Сонда   қалай,  "тұманды   теңіз   өріндегі   комбайн"  комбайнға
ұқсағаны ма?
Әңгіме автордың теңеуді сәтті немесе сәтсіз қолдануында ғана емес,
публицистикалық   тілдің   көркем   әдебиет   тілінен   принципті
айырмашылығында.   Әдетте   журналист   болмысқа   басқа   қырдан   қараса,
жазушы   оны   өз   танымы   тұрғысынан   бейнелей   отырып,   тілдік   амал-
тәсілдерді   сол   мақсатқа   сай   қолданады.   Газет   бағаналарында   тұрақты
орын   тепкен   бейнелеуіш   амал-тәсілдердің   көркем   тіл   кестесіне   бөтен
болып есептелетіні де сондықтан.
108

ҚОРЫТЫНДЫ 
Қазақ тілі өзге де ұлттық тілдер тәрізді дамудың әрқилы жолдары
мен кезеңдерінен өтті. Көне түркі дәуіріндегі рулық, тайпалық, тайпалық
одақ тілінен кейінгі орта ғасырда  – бұл кез жаңа түркі дәуірі деп аталады,
жалпыхалықтық   тіл   болып   қалыптасты.   Одан   кейінгі   кезеңдерде
жалпыхалықтық тілден ұлттық тіл деңгейіне көтерілді. Жалпы халықтық
тілдің   әдеби   тіл,   жергілікті,   әлеуметтік   диалектілері,   сөйлеу   тілі,
қарапайым   сөйлеу   тілі,   жаргон   т.б.   өмір   сүру   нысандары   (формалары)
болды.   Жалпыхалықтық   қазақ   тілінің   осы   аталған   өмір   сүру
нысандарының   бәріне   ортақ   болып   келетін   тұрақты   фонолексика,
грамматикалық   элементтер   (жер,   су,   көк,   көл,   үйлер,   тауға  т.б.)   оның
біртұтас сомдалған өзегіне айналды. Қазақ тілін біртұтас тіл етіп ұстап
тұрған нәрсе – осы өзекті құрайтын тұрақты элементтер. Ал бұл өзектің
төңірегіне топтасқан аумақтық (территориялық), әлеуметтік диалектілер,
қарапайым   сөйлеу   тіліне   тән   бірліктер   (единицалар),   жаргон   т.б.   –
өзгермелі элементтер болып саналады. Қазақ тілінің өзге туыстас тілдерге
қарағанда оның сомдалған өзегін құрайтын тұрақты элементтердің саны
басқаларына қарағанда әлдеқайда басым, шамамен 90 процент, қалғаны
өзгермелі   элементтер.   Алтайдан   Атырауға   дейінгі   қазақтардың   тілінде
алабөтен айырма болмайтыны да сондықтан. Қазіргі қазақ әдеби тілінің
негізі   болған   да,   іргетасы   болып   қаланған   да   осы   сомдалған   өзек   деп
танимыз.   Ал   жалпыхалықтық   тілдің   өзге   нысандары   ғасырлар   бойына,
мысалы диалектілер, аталмыш өзектің сомдалып, тұрақты элементтерінің
молайып, біртұтастануына айырықша қызмет етті. Бұл үрдісте (процесте)
әсіресе байырғы кездегі жыраулар мен ақындар (ХV-ХVІІІ ғғ.) поэзиясы
тілінің,   халықтық   юриспруденция   тілінің   (билер   сөзі),   фольклорлық
шығармалар тілінің орны айырықша болды. Жалпыхалықтық тілдің өзегі
(Тұрақты элементтері) мен әдеби тіл нормаларының өте-мөте сәйкес келуі
де   осымен   байланысты.   Сөйтіп,   жалпыхалықтық   тілдің   қойнауында
жасалған әдеби тіл оның өзге нысандарына қарағанда коғамдық өмірдегі
кызметі өрістеп, маңызы,  үлес салмағы арта түсті. Жалпыхалықтық тілдің
даму тарихындағы мұндай кезең ұлттық тіл дәуірі деп аталды. Байырғы
кездегі сөз шеберлері, күміс көмей ақын-жыраулар, жезтаңдай шешендер
жалпыхалықтық   тілдің   байлығын   қорытып   кәдеге   жаратудың   үлгілерін
көрсетті.   Тілді   шешендіктің,   поэзия   құралына   айналдырды:   Осының
нәтижесінде   күнделікті   сөйлеу   тіліне   қарама-қарсы   қойылатын   шаршы
сөзде қолданылатын көтеріңкі үн, интеллектуалдық, эстетикалық мазмұнға
ие   құрылымдар   жүйесі   қалыптасты.   Тұрмыстық   аядағы   сөздердің
эстетикалық   сапасын   көтеріп,   мағыналық,   тұлғалық,   дыбыстық   жақтан
тұтастана түсуіне ықпал етті. Тұрақты тіркестермен, мақал-мәтелдермен,
қанатты сөз орамдарымен тұрақты элементтердің саны, арта түсті. Тілдің
небір   құрылымдық   элементтерін   шеберлік   тезіне   сала   отырып,
109

бейнелеуіш,   көріктеуіш   құралдар   мен   көріктеудің   амал-тәсілдерін
жасалды, көркемдік нормаларды қалыптастырды. Көркемдік нормалардың
көбі   ұлттық   тіл   дәуіріне   дейінгі   кезеңдердің   өзінде-ақ   қалыптасты.
Мәселен,   мақал-мәтелдерді,   фразеологизмдерді   көркем   тіл   кестесіне
түсіру,   оларды   тұлғалық,   мағыналық   жақтан   түрлендіру,   контекске
бейімдеу байырғы сөз шеберлерінің тіл кестесінде де кездеседі. Алайда
ұлттық   тіл     дәуірінде   (бұл   дәуірде   әдеби   тілдің   үлес   салмағы   артып,
қоғамдық   кызметі   өрістей   түседі)   жалпыхалықтық   тілдің   байлығын
эстетикалық мақсатта жұмсау айрықша мәнге ие болды.
Диалектизм,   қарапайым   сөйлеу   тілі   т.б.   әдеби   тілден   тысқары
өзгермелі   элементтер   бұрынғы   ақын-жыраулардың,   фольклорлық   сөз
үлгілерінде   кездесіп   отырады.   Көркем   тіл   кестесіне   енген   бейәдеби
элементтер   басқа   да   сөздермен   эстетикалық   жақтан   ұйымдаса   келіп
ерекше жүйе кұрайды. Сөйтіп, көркем ойдың жарыққа шығуына қызмет
етеді.   Алайда   ұлттық   тіл   дәуірінде   жалпыхалықтық   тілдің   өзгермелі
элементтерін   эстетикалық   мақсатта   жұмсаудың   принципті   айырмасы
болды. Мысалы, алғаш рет М.Әуезов қаламы әдеби тілге жалпыхалықтық
тілдің   диалект   нысанына   тән   элементтерін   қарама-қарсы   қоя   отырып,
көркемдік   тәсілдің   жаңа   бір   үлгісін   жасады.   Сондай-ақ,   ескі   кітаби   тіл
элементтерін   сөйлеу   тіліне   қарсы   қоя   жұмсау  (М.Әуезов),   әдеби   тілдің
стильдік   тармақтарының   саралануына   байланысты   белгілі   бір
функционалдық-стильге   тән   элементтерді   екінші   бір   стильде   қолдану
(Ғ.Мүсірепов)   тәсілі   сөздің   көркемдік   мүмкіндігін   ашуда   айтарлықтай
құбылыс   болды.   Диалектизмдер,   кәсіби   сөздер,   қарапайым   сөйлеу   тілі
элементтері   тек   кейіпке,   тілін   даралау  шеңберінде   ғана   емес,   авторлық
баяндаудың түрлерінде, өмір шындығын өз бояуымен беру, соны сөз, жаңа
мағыналық реңк іздеу мақсатында жұмсала келіп, көркем контексте жүйелі
поэтикалық таңбаға айналды. Бейәдеби элементтердің осылайша жұмсалу
өрісі   кеңейді.   Әсіресе   Ғ.Мүсірепов   қаламының   кітаби   сөзді   (жазба   тіл
элементтерін,   ресми   стильге   тән   бедерлерді)   сөйлеу   тілі   контексінде
қолдануы   тіл   көркемдігіне   жаңа   бояу,өзгеше   нақыш   әкелді.   Түптеп
келгенде,   бұл   аталған   кұбылыстың   бәрі   де   эстетикалық   мақсатқа
бағынған,   нормадан   жөнімен   ауытқудың   түрлері   болды.   Сөйтіп,
жөнімен   ауытқудың   өзі   ұлттық   көркемдік   нормаға   –     субнормаға
айналды.   Мұндай   құбылыстың,   әрине,   тек   ұлттық   әдеби   тілдің
стильдік   тармақтары   айқын   сараланған   кезеңінде   ғана   мүмкін
болатыны   сөзсіз.   Жалпыхалықтық   тіл   байлығын   бұлайша
шығармашылықпен   игеру   ұлттық   сөз   мәдениетін   дамытудағы   жаңа
кезең болды.
Жалпыхалықтық   тіл   байлығының   бір   саласы   фразеологизмдер
болса, оны сөз шеберлерінің шығармашылық жолмен игеруінің түр-
түрін   талдай   отырып,   нормадан   жөнімен   ауытқудың   эстетикалық
мақсатқа бағынатынын көрсеттік. Мұндай тәсіл, әрине, әрі дәстүрлі,
110

әрі   тұрақты   тілдік   норма   болғанда,   сондай-ақ   кодификацияланған
норма болғанда жүзеге асады. Алайда нормадан мақсатты ауытқудың
эстетикалық,   эмоционалдық   әсері   әсіресе   оқырман   норманы   айқын
сезінгенде  ерекше   болмақ.   Академик  Л.В.Шерба:   "Әрине,  нормадан
ауытқымайтын   автор   болмайды.   Сірә,   ондайлар   бола   қалса,   жұртты
зеріктіріп, мезі етіп жібереді. Норманы сезіну түйсігі тәрбие көрген
адам ғана жақсы жазушыда кездесетін нормадан жөнімен ауытқудың
ғажаптығын сезіне алады",
76
 – дейді.
Әдеби   тілдің   нормасына   дағдыланған   оқырман   одан   жөнімен
ауытқуды жөнсіз ауытқудан ажырата біледі. Бірақ кейде олардың ара
жігін ажырату оңайға түспейді, ғылыми негізге сүйенуді қажет етеді.
Өйткені   жалпыхалықтық   тілдің   байлығын   жазушы   өзінің
шығармашылық   зертханасында   контекске   лайықты   өңдеп,   ажарлап,
икемдеп   қолданады,   әрі   әдеби   тіл   нормасынан   тысқары   жатқан
тұстарға   да   қалам   жұмсайды.   Сондықтан   көркем   контекстегі   тілдің
мағыналық   бірліктерін   оның   ішінде   фразеологизмдерді   тек
дыбыстық,   мағыналық   кұрылымына,   тұлғалық   ерекшеліктеріне
байланысты   талдау   жеткіліксіз.   Осымен   байланысты   оларды
жалпыхалықтық   тілдің   өмір   сүру,   қызмет   ету   нысандарына,   әдеби
тілдің   функционалдық   стильдік   түрлеріне   және   фразеологизмдердің
стильдік   мағынасы   мен   реңктеріне   байланысты   қарастыру   қажет.
Сөйтіп,   көркем   мәтіндегі   фразеологиялық   бірліктерді   қалыптасқан
дәстүрлі   тілдік   норманың   аясында   карастыра   отырып,   дағдылы
нормадан жөнімен ауытқуды ұлттық көркемдік норманың бір саласы
деп  таныдық.   Мұндай   субнорма   ұлттық   тіл   дәуірінде,   әдеби   тілдің
стильдік   тармақтарының   сараланып,   бедерлерінің   айқындала   түскен
кезеңінде жүзеге асатындығын байқадық.
76Шерба Л.В. Спорные вопросы русской грамматики //Русский язык в школе. 1939, N1, 10-б.
111

МАЗМҰНЫ
Фразеологизмдердің функцоналдық-стильдік реңктері....................
...............
.........97
Фразеологиялық норма және одан мақсатсыз ауытқудың түрлері
...........................................................................................................................106
Қорытынды.........................................................................................................
........................................................................122
112
Алғысөз.........................................................................................................................3
Фразеологиялық орамдар және олардың негізгі ерекшеліктері..............................5
Тұрақты сөз орамдарының мәдени ұлттық мазмұны..............................................12
Фразеологиялық норма және одан мақсатты ауытқудың түрлері.........................51
Кітаби тіл реңкіндегі фразеологизмдер....................................................................75
Сөйлеу тілі реңкіңдегі фразеологизмдер.................................................................82

Н.У
ӘЛИҰЛЫ
 
Фразеология және тілдік норма
Шығаруға жауапты 
 Ш.Ерғалиева 
Көркемдеуші редакторы 
 Ж.Қасымхан 
Техникалык редакторы
 Н.Передереева
Басуға 17.02.98. ж. қол қойылды.
Шартты баспа табағы 8,0 б.т.
Есепті баспа табағы 6,07 б.т.
Пішімі 60 х 84 1/16 
Таралымы 500 дана 
Тапсырыс № 17
Сұраныс №
Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау 
министрлігінің оқулық және әдістемелік әдебиеттер жөніндегі 
Республикалық баспа кабинеті, 1998
113

480100, Алматы, Жамбыл көшесі, 25 үй
114

Document Outline



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет