Н. УӘЛИҰлы фразеология және тілдік норма Алматы 1 Н. У


Болымсыз   мағынадағы   фразеологизмдерді   болымды   етіп



Pdf көрінісі
бет7/10
Дата17.01.2017
өлшемі0,61 Mb.
#2077
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Болымсыз   мағынадағы   фразеологизмдерді   болымды   етіп
жұмсаудың   да  айырықша   әсері   бар.   "Кейде   әбден   калыптасқан
тұрақты сөз тіркестерін белгілі мақсатқа лайық өзгертіп те қолдануға
болады.   Мысалы,   Сәбит   Мұқанов  "кұм   жиылып   тас   болмас,   құл
жиылып бас болмас" деген мақалды өзінше өзгертіп, Құм жиылып тас
болды,   құл   жиылып   бас   болды
60
деп   болымды   мағынада   қолданады.
Саналы   түрде   өзгеріс   енгізуге   байланысты  өткен   күнде   белгі   жоқ
деген   болымсыз   мәндегі   фразеологизм   әсіресе   көркем
публицистикада,   керісінше,  өткен күнде  белгі бар  түрінде,   болымды
мағынада   жұмсалып   жүр.   Фразеологизмнің   мазмұнын   полярлық
қарама-қарсы   мағынада   өзгертудің   әсері   айрықша.   Өйткені   жұрт
кұлағы   үйренген   үйреншікті   сөзді,   аксиомаға   айналған   ұғымды
бұлайша терістеу оқырман назарын бірден өзіне аударады.
60Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. Алматы, 1984,  1 2 3 - б .
61

Сайда   саны   жоқ,   құмда   ізі   жоқ
61
деген   фразеологиялық   түйдек
көбіне   адамға   қатысты   айтылып   "көп   болғанмен   берекесі,   сапасы
жоқ"   деген   мағынаны   білдіреді.   Осы   фразеологизм   мына   контексте
еркін   тіркес   түріне   айналған:  Даланың   алыс   түкпірінде   жиналған
техниканың   "денсаулығын"   мезгіл-мезгіл   түзеп   отыру   –   қазіргі   күннің
үлкен   проблемасының   бірі"  ғой.   Қаншама   тығыз,   шапшаң   дайындалып
жатыр   дегеннің   өзінде,   жергілікті   орындарда   маман   механизаторлар
мүлде   жетіспейді.   Шалағай   мамандар   техниканы   тез   істен   шығарып
тастап,   сайда   саны,   құмда   ізі   қалып,   не   бір   керемет   машиналардың
басына   құс   саңғып   жатқанын   әлі   де   көресің   (Ғ.Қайырбеков.   Ағайың
ауылында. "Қазақ әдебиеті",1981,  7  тамыз).  Автор   болымсыз   мәндегі
фразеологизмді   өзгеше   тұлғаға   көшіріп,   экспрессиялық   әсерді
күшейте түскен.
  Сондай-ақ  жағымсыз   мәндегі   фразеологизмді  (адам
айтқысыз)  жазушының   жағымды   мазмұнда   қолдануы   да   тап   осы
тәрізді   тосын   әсер   тудырады.   Бұл   тәсіл   әсіресе   әзіл   әңгіме,   юмор
жанрындағы   контекспен   жақсы   үйлесіп   тұрады:  Жол-жөнекей   біз
жынды   көбелек   секілді   ұшып   жүрген   бірнеше   әйелден   басқа   керемет
дейтіндей ештеме көрмедік. Ал ауа-райы адам айтқысыз тамаша болып
тұрды (Э.Распе. Мюнхаузеннін хикаялары. Аударған О.Әубәкіров).
Жазушы   кейде   фразеологизм   сыңарларының   дағдылы   орнын
ауыстырып, инверсия жасайды. Көбіне еркін тіркестерге тән мұндай
тәсілді   жазушы   фразеологиялық   орамдарда   қолданып,   оның
мазмұнын   кеңейте   түседі:  Акжелкеден   жаналық   хабарын   естіп,
жинасқан   жерде   тұмсығымен   сүйкесіп,   жай-күйді   танысатын   бір
илеудің   құмырсқасындай   іштей   ұғысып,   бір-біріне   ым   қағып   тарасқан
болатын   (М.Әуезов.   "Қилы   заман").  Дағдылы   колданыста  илеудің
құмырсқасындай  емес,   керісінше,  кұмырсқаның   илеуінде  деп
айтылатындығы   белгілі.   Инверсия   жасау   арқылы   жазушы   "өріп,
құжынап   жүр"   дегенге   қоса   "сыбайлас"   деген   жаңа   сема   үстемелеп
тұр.  Немесе   түйенің   үлкені   өткелде   (көпірде)   таяқ   жейді  дегенді
өткелде түйенің үлкені таяқ жейді деп өзгертудің де өзіндік мәні бар:
Енді сені мен менің заманымда Албан баласы мынаған кез болды, батыр...
Өткелде түйенің үлкені таяқ жейді... Айтсаң да, айтпасаң да тұйыққа
келіп қамалдың (М.Әуезов. "Қилы заман"). Бұл жерде "түйенің үлкеніне"
61Сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ деген фразеологиялық түйдектің ішкі формасы айқын емес, 
яғни "неге бұлай айтылатындығы" қазіргі кезде түсініксіз Біздің жорамалдауымызша, бұл 
фразеологизм әуелде жұмбақ түрінде айтыла келіп, фразеологиялық түйдекке айналған. Сайда 
саны жоқ деп жұмбақтап отырғаны - "су", сайда есепсіз көп те, құмда "ізі" жоқ, сіңіп кетеді. 
Мұндағы сай - "өзен' - мағынасындағы сөз. Сай-дың " өзен" мағынасы кейбір фразеологиялық 
тізбектердің кұрамында сақталып қалған: бай байға құяды, сай сайға құяды, жаман сайға су бітсе, 
өткел бермес кешкелі т.б.
62

баса   мән   беріліп   отыр.   "Өткел"   –   қиын-қыстау   кез   де,   "түйенің
үлкені" – Ұзақ сияқты ел азаматы, батырлар.
Фразеологизмдердің сыңарларына тән тұрақтылықты әдейі бұза
отырып жазушы оның мағынасын қарама-қарсы мазмұнда өзгертеді.
Мысалы:  Тіленшідей  атадан  сені   керең  кұлақ  қып   туғызған мен емес,
шүленнен шол туғызған мен деп пе ең? – деп кейіспен кекетті (М.Әуезов.
"Абай   жолы"). 
Мысалдағы
 шүленнен   шол   туғызған 
деген
фразеологиялық   шоғыр   "атақты   кісіден   тар   кеуде   туды"   дегенді
білдірсе,  шөлден   шүлен   туған  деп   өзгертуден   мүлде   қарама-қарсы
ұғым   пайда   болады.   Мұндайда   байқалатын   ерекшелік   –
фразеологизмнің   образдылығына   нұсқан   келмейді,   яғни   бірінші
иллюстрацияда   фразеологизм   литотаға,   ал   екіншісінде   гипербола
түріндегі айшықтарға (фигураларға) негізделген.
Фразеологизм  сыңарларының   дәстүрлі   орын  тәртібін   стильдік-
мазмұндық мақсатта  өзгерте жұмсаудың тағы бір жарқын мысалмен
мынадай   контекстен   де   байқауға   болады:  Қызтуған   сайын   ұл   тілей
береді деген секілді көп тілекті үйе бермейік. Осыны орындасақ та аз
болмас. Бірақ ұл тілеген сайын қыз таба береді деп, тілек біткен жерде
қалмасын   (Ғ.Мүсірепов).  Осылайша   фразеологиялық   тізбектердегі
сыңарлардың   орнын   алмастыру   арқылы   суреткер   қаламы
қаламбурдың   ерекше   сирек   үлгісін   көрсеткен   және   бір
фразеологизмнің   екі   түрлі   формасын   жарыстыра   жұмсау   арқылы
градация жасап, сөздің әсерлігін күшейте түскен.
Жалпытілдік   қолданыста  арпа ішінде бір бидай  деп   айтылатын
фразеологиялық шоғырдың мағынасы "топ ішіндегі таңдаулы, елеулі,
ала   бөтен   ерекше   көрінетіні"   дегенді   білдіреді.   Жазушы
фразеологизмнің   құрамындағы   сөздердің   дағдылы   орнын
алмастырып,   сөзге   басқаша   мазмұн   береді:  Ал   "Құланоты   аулында
соңғы кезеңде сексеннің табалдырығынан аттаған жалғыз Сырым болды.
Қалың   бидайдың   ішінде   жалғыз   арпа   (Ш.   Мұртазаев.   "Кәрі   солдат"),
Фразеологизмді бұлайша өзгертуден оның образдылығы әлсіремейді.
Фразеологизмнің   семантикалық   структурасындағы   "таңдаулы",
"іріктеулі"   тәрізді   семалар   салғырттанып   (дедуктуализацияланып)
кетеді   де   "оқшау",   "алабөтен"   деген   семалар   актуальзацияланады.
"Бір бидай арпа, өзің біл қалқа" деп келетін халық өлеңіндегі бір бидай
арпаның  неге   бұлай   айтылатындығы   қазіргі   кезде   белгісіз.   Ал,
шындығында, бұл тіркес арпа ішінде бір бидай-дың жаңғырған түрі
62
.
Фразеологизмнің   формасы   жаңғырғанмен,   образ   тұрақты   болады.
Мысалы,   "топ   ішіндегі   таңдаулы,   қадірлі"   деген   образды   мағына
62Арпа ішінде бір бидай деген фразеологиялық тіркес ертеректе балалардың ойынында да айтылған. 
Бөтен ортаны жатырқағына баланы қатарлары ортаға алып, түрткілеп әзіл түрінде "арпа ішінде бір 
бидай, шоқып алды бір торғай"деп, "етін үрететін" болған.
63

фразеологизмнің   жалпытілдік   үлгідегі   түріне   де,   контекстегі
түрленген нұсқасына да ортақ.
Жазушы   қаламы   кейде   фразеологиялық   орамдардың
мағыналарындағы   образдылықты   сақтай   отырып,   олардың
лексикалық   құрамын   әрі   грамматикалық   мағынасын   да   өзгертіп
қолданады.   Жалпыхалықтық   тілде  ел   іші   ала   тайдай   бүлдірді  деген
фразеологиялық   түйдек   бар,   "жұртты   дүрліктірді"   деген   мағынада
жұмсалады.   Енді   осы   аталған   фразеологизм   көркем   тіл   кестесіне
енгенде өзгеше структуралық, грамматикалық өзгеріске түседі:  Тура
қойылған   сұрақтан   тұра   қашқысы   келген  Біржан   алатайдай   бұзылған
аспанға   қарады.   –   Көк   айныды.   Мынаусы   жаңбыр   ғой   (А.Сүлейменов.
"Адасқақ"). 
Жалпытілдік   қолданыста   етістік   мағынасында
жұмсалатын   фразеологизм   сындық   мәнге   көшіп,   аспанның
анықтауышы   болып   тұр.   Мұндай   түрлендіру   сындық   сапаның
интенсивтілігін күшейте түскен: "Көк жүзі көшкен жұрттай әбігерге
түскен".   Фразеологизмнің   сырт   тұрпаты   деформацияланғанмен,
образды мағынасы бұзылмаған.
Көркем   шығарма   тілінде   жиі   жұмсалатын,   эмоционалдық
реңкке ие бір алуан фразеологизмдер бар:
Ойлану – кейде наркескен
Жүректі сара тіледі.
Ойланбасаң жаның жай,
Қысыла қында жүреді. (І.Жансүгіров). 
Жүректі   тілді,   жүректі   сара   тілді
63
  деген   фразеологиялық
тіркесті   жалпытілдік   үлгіде   алуды   жазушы   қаламы   місе   тұтпай,
жүректі   бауыздады  дейді:  Ақыл   әнге   апармайды,   ән  ақылға   апарады.
Жанның   дірілін,   жаурағанын,   тасығанын   –   иек   артқанмен,   сөзді
арқаланбай-ақ     қалтықсыз   жеткізетін   ән.   Ән   кезегі   сөз   таусылғанда.
Ақыл   дәріс   ми   мен   санаға   ұрса,   ән-әуен   жүректі   бауыздайды.   Жүрегі
бауыздалмаған мал харам (А.Сүлейменов. "Адасқақ")
Алдыңғы   сөйлемдегі   тұрақты   тіркес   соңғы   сөйлемдегі   еркін
тіркеспен   астасып   жатыр.  Жүректі   тілді   –  деп   айтылатын
жалпытілдік   нұсқаның   "көкіректі   қарс   айырды"   деген   бейнелі
мағынасы   авторлық   түрлендіруде   де   сақталғаны   контексте   айқын
байқалады.
А.Сүлейменовтің   "тентектеу"   қаламы   тұрақты   тіркестердің
"мұртын   басып"   қоймай,   "басын   жарып,   көзін   шығарады"   (бұл
63 Жүрек тілді, жүректі сара тілді деп келетін фразеологиялық тіркестің фоны (өмір шынлығымен 
нақты байланысы) жоқ тәрізді, сондықтан оның ішкі формасы метафораға құрылған сияқты көрінеді. 
Шындығында, бұл фразеологизмнің жасалуы этнографиялық салт-дәстүрмен банланысты. Қазақ 
салтында малды бауыздайды да, бауыздалған малдың жүрегін ортасынан сара (тік) тіліп, қанын ағызады 
(фразеологизмге осы көрініс негіз болған). Мұны жүрек бауыздау дейді.
64

сөздерді   жағымды   мағынада   айтып   отырмыз   –  Н.Уәлиұлы).
"Адасқақты"   оқып   отырып,   оқырман   контекстен   фразеологизмнің
өзін   "көрмейді"   де,   "бейнесі"   бар   екенін   оймен   сезіп   отырады.
Мысалы:  Сөз бен әуеннің бауырына бүккен қызыл қырғын әсерін, кекіл
жарар   арын-екпінін,   тегеуірін-тепкісін домбырамен жан  алынып,  жан
берердей болған с-о-н-о-у боп келетін бозбас іңірінен бастап індетін ұғып
жүрген   Біржан,   мына   бәлемен   –   ажалмен   бастас   болмаған   екен
(А.Сүлейменов. "Адасқақ")  Жазушының  ажалмен бастас  деген қолтума
алогизм оқырман үшін әрі таныс, әрі бейтаныс. Бейтаныс болатыны –
тіркес   мүлде   тосын,   ал   таныс   болатыны   –   оқырманның   түйсігінде
батыр қандас, би құлақтас, бай бастас  деген   фразеологиялық   тізбек
тұрады. Мына бір контексте де фразеологизмнің өзі "жоқ" та, образы
"бар": Езуінен күлкі қашып көрмеген сен, Жәңке, – деді Біржан – Басқаны
мақтауға   бардың,   өзін   мақтауға   жоқтың   өзі   екенін   сенен   көрдім.
Ондайлар – аз. Сарала қаздың құмайындай ілуде біреу. Сол мыңның бірдің
бірі – сен. Кезінде көрдім, бірі – Абай (А.Сүлейменов. "Адасқақ").  Теңеу
түріндегі   тіркес   оқырманның   бәріне   бірдей   түсінікті   болмауы
ықтимал.
"Құстың  (сарала   қаздың)  құмайы  болушы   ма   еді?"   деген   күдік
көңілде   тұрады.   Жалпыхалықтық   тілде   тегі   жағынан   фольклорлық
үлгіге   жататын   сан-алуан   фразеологизмдер   бар.   Солардың
бірсыпырасы   мифологиялық   ұғыммен   байланысты.   Олар   көбіне
түйенің жампозы, иттің сырттаны, қойдың құтпаны, тазыңың кұмайы
түрінде   айтылады.   Мифтік   ұғымда   "құмай   тазының   қолтығында
қанаты   болады,   тазы   баурын   жазып   қатты   жүгіргенде   қанаты
жазылып, ұшқан құстай аяғы жерге тимейді", "құмай иттен тумайды,
сарала қаздың (итала қаздың) жұмыртқасынан жарып шығады екен"
дейді. Міне, тазының құмайы  деген фразеологиялық тіркес контексте
кездеспегенімен, оның бейнелі мағынасы сарала қаздың құмайы деген
авторлық   жаңғыртуда   бар   екендігі   сезіліп   тұрады.   Әрине,   мұндай
түрлендірулер жазушының тіл кестесін күрделендіре түседі. Жазушы
оқырманның эстетикалық тәрбиесіне, тіл түйсігіне арқа сүйейді. Ал
тәжірибесі   аз   оқырман   тілі   күрделі   бұндай   шығармалардан
эстетикалық әсер ала алмауы мүмкін.
Көркем   тіл   кестесіндегі   фразеологизмдер   –   өзінің   айшықты
мағынасымен   қымбат.   Суреткер   қаламы   дайын   бейнені   пайдалана
отырып реалистік сурет салады. Бірақ олардың кейбірінің мағынасы
қазіргі жас оқырманға бейтаныс та болуы ықтимал
Жерің анау – шала илеген терідей,
Желің мынау – дарымшының деміндей.
Көлің анау – насыбайлы түкірік,
Күнің анау – ауылнайдың мөріндей (І.Жансүгіров).
65

Өлеңнің   эстетикалық   сапасын   көтеріп,   ақынның   сезімін   дәл
жеткізіп   тұрған   фразеологиялық   тіркестердің   образды   мағыналары.
Шала илеген терідей– "қыртысы жазылмаған", дарымшының деміндей
"сасық,   жағымсыз",  ауылнайдың   мөріндей  –   "бедері   кеткен,   әлсіз",
насыбайлы түкірік– "жасылдың көкпен былғанып, ақ араласқан түрі"
міне,   алдымен   осындай   образдарды   дұрыс   қабылдау   арқылы
реалистік суреттен эстетикалық әсер алып, ақынның көңіл күйін, жан
сезімін тереңірек ұғуға болады.
Осыған   қарағанда   жазушы   тілінің   байлығы   тек   сөз   санының
молдығымен   ғана   өлшенбейді.   Қаламгер   белгілі   бір   көркемдік
мақсатқа   сай   жалпыхалықтық   тілдің   қойнауынан   алуан   түрлі   сөз
алып, шығарма тілінің байлығын еселей түсуі мүмкін. Сонымен бірге
сөзге   жаңа   мағыналық   реңк,   өзгеше   мазмұн   беру   арқылы   да   тіл
қазынасын   байытып,   қорабасын   молайтып   отырады.   Сондықтан
жазушының   тіл   байлығы,   бір   жағынан   ана   тіліміздің   сөздік   қорын
қаншалықты   игерді,   пайдалана   білді   деген   сандық   өлшеммен
бағаланса, екінші жағынан, қаламгердің сөзге дағдыдан тыс мағына
үстеуі, мазмұн беруі, сөзді жаңа қызметке жегуі тәрізді сапарлармен
де бағаланады. Осылардың барлығы, түптеп келгенде жазушы тілінің
байлығы болып есептеледі.
Көркем   әдебиет   тілінде   жұмсалатын   метафора,   эпитет,   теңеу,
сөз   мағыналарын   ауыс   мәнде   құбылта   қолдану   т.б.   ертеден   келе
жатқан   көріктеуіш   тәсілдер.   Сөз   кестелеудің   бұл   тәрізді   дәстүрлі
түрлерінің ауыз  әдебиеті  мен байырғы әдеби тіл мұраларында және
жаңа әдеби тілімізде жасалған небір айшықты, классикалық үлгілері
бар. Көріктеу қуаты мол, қолдану мүмкіндігі шексіз мұндай өміршең
дәстүрлі   тәсілдермен   қатар   кейінгі   кездердегі   әдеби   процестерде
пайда   болған,   көркем   қолданысқа   айнала   бастаған   тәсілдер   де   жоқ
емес. Олар әдеби тілдің стильдік салаларының саралана түсуіне орай
пайда болды.
Қоғамдық   қызметінің   өрістеуімен   байланысты   әдеби   тіліміз
көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ғылыми стиль, ресми
стиль делініп, стильдік арналары саралана түсті. Осы үрдіс жаңа бір
көркем тәсілдің пайда болып, көркем үлгі ретінде сөз шеңберлерінің
қаламында   өңделе   түсуіне   бірден-бір   түрткі   жайт   болды.   Көркем
әдебиет тіліне тән тіл ресурстарын (экспрессиялы-эмоциялы сөздер,
эстетикалық   мәндегі   образды   қолданыстар,   фразеологиялық
тіркестер,   мақал-мәтелдер   т.б.)   көріктеуіш   тәсілдің   дәстүрлі
үлгілерін асқан шеберлікпен қолдана отырып, әйгілі қаламгерлеріміз
өзге   де   функционалдық   стильдерден   тіл   бояуының   соны   түрін,   сөз
өрнектерінің жаңа нақышын тапты.
Көркем проза тіліндегі сөз табиғатын айтқанда олардың кейбір
қасиеттерін   әдеби   тілдің   өзге   де   функционалдық   стильдерімен
66

(публицистика   стилі,   іс   қағаздары   стилі,   ғылыми   стиль,   сөйлеу   тілі
стилі)  байланысты   қарауға   тура   келеді.   Өйткені   тілдік  құралдардың
(сөз,   сөз   тұлғалары,   синтаксистік   құрылымдар)   кейбірі   белгілі   бір
стильдік   тармақтарға   тән   таңбаға   ие   болса,   енді   бір   саласы   барлық
стильге   ортақ   болып  келеді.  Осы   ортақтық   әдеби   тілдің   тұтастығын
сақтайды.   Бұлар   бейтарап   реңктегі   тілдік   құралдар   деп   те   аталады.
Бірақ әдеби тіл  қарым-қатынас қызметін өтеу барысында тұтастығын
сақтауға   да   (интеграция),   іштей   сала-тармақтарға   жіктелуге   де
(дифференциация) бой ұрады. Бұл үрдіс қарама-қарсылықтың бірлігі
мен   күрес   заңы   деп   аталатын   диалектикалық   зандылықты   еске
түсіреді.   Әсіресе   жіктеліс   процесінің   нәтижесінде   кейбір   тілдік
құралдар мен амал-тәсілдер қоғамдық өмірдің белгілі бір саласында
жиі   әрі   белсенді   жұмсала   келіп,   сол   салаға   тән   сипат   алады.
Осылайша   көркем   әдебиеттің,   публицистикалық   әдебиеттің,   іс
қағаздары   тілінің,   сөйлеу   тілінің   өзді-өзіне   тән  белгілері  қалыптаса
түседі де, бұл белгілердің барлығы тағы бір ортақ системаға топтаса
келіп, сөйлеу тіліне қарама-қарсы  тұратын  кітаби тіл (книжная речь)
жүйесін   түзеді.   Кітаби   тіл   жүйесіне   жататын   тілдік   құралдарға
негізінен   көтеріңкі   леп,   асқақ   үн   (публицистикалық   стиль),
интеллектуалдылық   (ғылыми   стиль),   пунктуалдылық   немесе   дәлме-
дәлдік   (іс-қағаздар   стилі)   тәрізді   функционалдық-стильдік   реңктер
басым   болып   келеді.   Ал   сөйлеу   тілі   реңкіне   тән   тілдік
құрылымдардың кітаби тіл реңкіндегі элементтермен салыстырғанда
мазмұны   бәсеңдеу,  экспрессиялық   реңкі     күшті   болып   келеді.   Енді
осы   айтылғандарға   күнделікті   өмірдегі   тіл   жұмсау   дағдыларынан
бірер мысал келтіруге болады.
Әдетте   амандасуымыздың  аман-есенсіз   бе,   сәлеметсіз   бе,
ассалаумағалейкум,   армысыз  тәрізді   синонимдік   қатары   бар.   Оларды
тіл жұмсауымызда ретіне карай қолдана береміз. Ал радио, теледидар
дикторлары   соңғы   хабарды  "армысыздар!",   "ассалаумағалейкум!"  деп
бастамайтыны   белгілі.  "Сәлеметсіздер   ме,   құрметті   жолдастар!",
"Кеш   жарық!"  немесе  "Қайырлы   таң!"  тәрізді   сөз   орамы   радио,
телевизия   тілінің   дәстүріне   айналды.   Микрофон   арқылы   өзгеше
амандасу құлаққа мүлде жат естілер еді. Сондай-ақ -уда тұлғасы "Цех
коллективі   шикізатты   тиімді   пайдалануда",   "Механизаторлар   жасыл
орақты ұйымшылдықпен өткізуде"  тәрізді   газет   хабарларында,   радио
репортаждарында, жиі жұмсала келіп, публицистика стилінде орныға
түсті.  Ал  мұндайларды  үйреншікті  ортасынан  "көшіріп", өзге  жерге
(стильге) "қондыру", болмаса газет бағанасынан мүлде аластау көпе-
көрне зорлық тәрізді көрінер еді.
Немесе баяндауыштың. кұрамында айтылатын болып табылады,
болып есептеледі, бірінен саналады тәрізді етістіктерді ресми жағдайда,
67

ғылыми баяндауларда орынды болғанымен, оларды көркем шығарма
немесе сөйлеу тілінде жұмсаудың ешбір
74-75 беттер жоқ
Саналы түрде, көркемдік мақсатқа орай алынған мұндай бөгде
стильдік   элементтер   оқиғаның   қай   дәуір,   қандай   әлеуметтік   ортада
өтіп   жатқанын,   соған   тән   бояуларды   көрсетеді.   Кейіпкер   тіліне
әлеуметтік-типологиялық мінездеме береді. Суреткер бөгде стильдік
элементтерді   таза   коммуникациялық   мақсатта   жұмсамай,
эстетикалық   қызметке   жеккен.   Жазушының   стиль   тезіне   түскен
(стилизацияланған)   мұндай   қолданыстар   өзге   сөздермен   "тіл
табысып" барып, шығарма тілінің көркемдік кестесін құрайды.
Қазіргі тілімізде толып жатқан жарыспалы сөздер бар: байымда
– пайымда, нысан – нышан, қария – кәрия,  т.б.   Бұл   –   кемшілік   емес,
тілдің жаңғырып, қайта түлеп отыруының бір белгісі. Өлі тілде ғана
ондай тіршілік нысаны болмайды. Халал – адал, харам – арам, дұспан –
дұшпан,   мақсұт   –   мақсат  тәрізді   варианттар   бір   кезде   жарыса
қолданылған.   Бұл   сыңарлардың   ескі   кітаби   тіл   реңіндегі
алдыңғылары тіл майданынан ығысып, соңғылары әдеби тіл нормасы
ретінде   қалыптасқандығы   ешбір   дау   туғызбайды.   Әдеби   тіл
межесінен   тысқары   қалған   мұндай   көне   кітаби   элементтерді   кейде
қаламгерлеріміз көркем тіл кәдесіне жаратып отырады.
"– Жол ұзақ, ұйқы ашар болсын деп ойлап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз,
Жұмеке" (М.Әуезов. "Абай жолы").
Тек   дұрыстықты   көздесе,   бәлкім,   жазушы  айыпқа   бұйырмаңыз
деп   қолданған   болар   еді.   Бірақ   жазушы   қаламы   тек   дұрыстықты
қаламаған.   Бұл   –   қаладан   ауылға   алып   ұшып   келе   жатқан   бала
Абайдың ғана емес, медреседен дәріс алып қайтқан шәкірт Абайдың
сөзі екенін еске алсақ, жазушының ескі реңдегі кітаби сөзге  (ғайып)
тегін   жіп   тақпағанын   байқаймыз.   Әдеби   тіл   межесінен   тысқары
жатқан   мұндай   варианттар   мысалы,  мақсұт,   дүния,   дұспан  т.б.
қосымша   жүк   арқалап,   тұрмаса   (мұны   лингвистикада   сөздің
эстетикалық   қызметте   жұмсалуы   дейді),  ғайыпқа   бұйырмаңыз  деу
орынды көрінбес те еді.
Тағы   бір   мысал,  бейбіт қатар өмір сүру–   "таптық   күрестің   бір
формасы". Бұл терминнің 80-жылдардағы қоғамдық саяси әдебиетте
жиі   жұмсалатындығы   мәлім.   Ат   жазушы   қаламы   сөзді   үйреншікті
ортасынан   тыс   контексте(ғылыми-публицистикалық   жанрда)   жұмсай
отырып,   сөзге   айрықша   әсер   дарытады:  "Көреген   де   батыл   сынның
көмегіне   ділгер   шығарма   бізде   әлі   де   көп.   Олай   болса,   көркемдік   кұны
төмен,   барып   тұрған   идеясыз   шығармамен   бейбіт   қатар   өмір   сүру
68

тәсіліне енді мүлде көнуге болмас еді" (Ғ.Мүсірепов).  Жазушының бөгде
стильдік элементті бұлайша қалам ырқына бағындыра қолдануы – тіл
шеберлігінің бір қыры.
Әдеби   тiлдiң   стиль  жігі.  қатаң  сақталып,   нормасы   айқындала   түскен
сайын мұндай көркемдiк тәсілдің оқырманға тигізер әсері ерекше болмақ.
Ғабит  Мүcipепoвтiң   қалам  өрнегіне  тән  көріктеуіш  тәсілдердің
  небір
құнарлы түрлері бар.  Суреткердің  әдеби тілдің әр  стильдерінен бояу алып,
өрнек   салуы.  да,  бiздің   байқауымызша,  шебер   жасалған   сан   тарау   көркем
үлгілердің  бipi.  Осындай  үлгі  жазушының «Болашаққа аманат"  деп аталатын  
тарихи   драмасынан  да   («Жұлдыз»,   №   1,  1981)  айқын   байқалады.  
Драмадағы   негiзгi
 тұлға
 Сырым.
 Оқиғаның   өрістері   шеніндегі
Сырымның   ханмен   сөз   қақтығысы   халық   ұғымындағытарихи  Сырымның
шешендігін еске түсіреді:
Хан–  Тегі,   бала   жасынан   би   атанған   Сырым   қырыққа
жете   бере   қартаяйын   деген-ау,   сірә!   Ханмен  жауласпаймын
хандығымен   жауласамын   деген   сөз   бола   ма   екен?Ханы  бар,  
хандығы жоқ ел болғанын қайдан естіп жүрсің?
Сырым–  Тегінде,   екінің   бiрi   дұрыс   болар:   не  мен   қырыққа
жете қартайған болармын, не  кейбіреулер қырыққа жеткенше қырқынан
шыға алмай қойған болар... . 
Сырым   бейнесі   бұдан   әpi   қарай   да   осылайша   "шешендік  
тілмен"
 даралана
 түсуге
 тиiс   тәрізді
 көрінеді.   Бірақ,   оқушы
 
күтпеген  жерден  тiл  контрасына  тап   болады.   Жаңағыдан   ұтқыр
уәжбен  ұтымды  сөйлейтін   шешен  Сырымның  сөз   желісі   өзге  
мәнерге ауысып отырады: 
Жер-су   мәселесі   әділетпен   шешілмеген   болса,  халық  кеңесі  
өз   міндетін   атқара   алмаған   болар   еді...   Халық   кеңесінің   кезекті  
жиналысын   ашық   деп   жариялаймын...   Мал   шаруашылығының
ыңғайымен т.б
Сөз   желісінің  бұлайша  өзгеріп   отыруының  өзіндік  көркем  
шешімі   бар.   Бұдан   түйсiнерiмiз   –   жазушы   Сырымды   бастан   аяқ
ескі   бидiң   мақамымен   сөйлете   бермейді.  Сырым-батыр,  шешен  
ғана   емес,   ел  билеудің  ескі   тәсілі  –   хандыққа   қарсы   шыққан  
күрескер.   Ол   халық   кеңесінің   төрағасы.   Әсіресе   ресми   сипаттағы  
бөгде   стильдік   қолданыстар   кейіпкер   тіліне   ел   басқарудың  
демократиялық түріне лайық мазмұн үстеп тұр. Жазушының тiл акварелі
осындай идеяға бағынған.
Сөйлеу   тілі  
64
  фонында   шешендік   тілге   тән   сөз   орамдары:қара
64Көркем әдебиеттегі сөйлеу тілмен өмірде қолданылатын сөйлеу тілі дәлме-дәл болмайды. Персонаж 
тілі өмірдегі сөйлеу тілінің таза көшірмесі емес. Әр автордың алдына қойған мақсатына орай, сөйлеу тілі
табиғатын сезінуіне карай, жазушы сөйлеу тілін шығармада әр қилы беруі ықтимал. Көркем әдебиетгегі 
сөйлеу тілі қаламгердің шығармашылық әрекетінің жемісі (О.Б. Сиротнина. Современная разговорная 
речь и ее особеиности. М., 1974, 39-6.).
69

қанжар   қайраулы...;   ер   жүрекmiң   шайылғаны,   ер   Сырымның
тайынғаны...;   еркелеттің   қуандым,   жан   серігім   дедің,   бұрын   естімей
жүргендей қуандым... т.б.); дипломатиялық мәнердегі сөз өрнектері:
Г у б е р н а т о р   –   . . . Е ң  алдымен халық кеңесі деген ел басқарудың
жаңа  түрін  тапқан,  Сырым  би,  сізді..,  ...сіздің осындай  пікірді  аянбай
жақтаған   сіздің   халқыңызды   құттықтаймын...   Бұдан   былай   Россия
халықтарының   арасында   достық   күшейте   беруіне   халық   өкіметі   тізе
қосар деп үміт етеміз. С ы р ы м – Рахмет, барон, мырза, мен барлық
халқымыздың атынан рахмет айтып, Сізді құттықтағым келеді... Сізге
деген   біздің   алғысымызды   да   ауызбен   айтып   жеткізу   маған   да   оңай
болып тұрған жоқ; кейіпкер тіліне ескілік сипат үстейтін "гримдер": улуғ
мәртебелі;   мархаматыңызға   мауафих;   Кіші   жүз   халықтарының
бахытына   хурмет   уағиззатын   бағышланмыш  т.б.   әр   түрлі   стильдік
бояулар контраст тудырып, шығарма тілінің көркемдік сипатын аша түсуге
септігін тигізіп тұр. Жазушы тілінің бір сарынды болмай, сөз бояуының
бір   өңкей   көрінбейтіні   де   сондықтан.   Бояуы   бөтен   бөгде   стильдік
элементті   жазушының   сезімтал   қаламы   сөйлеу   тіліне   жанастырып
"тірілтіп" отырады (шала піскен мәселе, күйіп тұрған мәселе т.б.).
Жазушы өзге стильдік элементтерді дайын күйде "көшіре" салмай,
қауызынан   айырып   қолданады.   Сондықтан   бөгде   стильдік   элементтер
негізгі   қызметінде   (коммуникациялық   функцияда)   жұмсалмай,
эстетикалық мәнге ие болғанда, көркем тіл кестесіне лайық түрге енеді.
Көркем әдебиет стилінің ерекшелігіне бағынып, жазушы идеясына тәуелді
болады.  Алоларды "шикізат" күйінде жұмсау шығарма тілінің көркемдік
әрімін бұзады.
Сөзді   бірыңғай,   бір   сарынмен,   бір   өңмен   құра   бермей,   әр   түрлі
стильдерден   бояу   ала   біліп,   өмір   шындығын   дәл   бейнелеу   –   реалистік
шығармаға тән тәсілдердің бірі.
Стильдік   контраст   –   кейіпкер   тілін   даралаудың   бір   тәсілі.   Оның
айқын көрінетін жері – көркем диалог. Көркем диалог – драманың негізгі
компоненті болса, ал прозалық шығарманың құрамдас бөлігі. Сондықтан
стильдік   контраст   тек   драмалық   туындыларда   ғана   емес,   көркем   проза
жанрларында кездесуі заңды.
Көркем   әңгімеде   стильдік   контраст   жасай   білудің   әсері   айрықша.
Енді   жазушының   "Атақты   әнші   Майра"  ("Қазақ   әдебиеті",   27.2.1981)
әңгімесіндегі мынадай диалогті еске түсіріп көрейік:
– Шешей! – деп бастады Ержан...
– Шешей, біз арнаулы мемлекеттік жұмыстармен Орынбордан Керекуге
келе жатқан суденттер едік. Ең алдымен...
Әйел оның сөзін бөліп жіберді.
– Бұл конақ түсетін үй емес, – деді үзілді-кесілді.
70

Ержан да бөгелген жоқ. 
– Ең алдымен сіздің үйге кездескенімізге қуанып тұрмыз. Өйткені...
Оның куанғанына әйелдің іші жібімеген екен.
– Қуанып тұрғандай бұл үйде не нағашың, не жиеніңді көріп тұрған жоқ
шығарсыңдар! Көз барда сол нағашыларыңды тауып алғандарың дұрыс
болар! – деп, өзі шыққан есікті қаттырақ жауып жіберді.
Ержанның   батылдығы   әлі   мойырылған   жоқ   екен.   Тағы   сөйлеп
келіпті.
– Өйткені, шешей, Қазақстан қызыл тулы ел болып, өзінің экономикалық
байлығын, ұлттық рухани байлықтарын жаңа жинап жатқан дәуірінде,
– дей берді де тілі байланғандай оқыс тоқталып қалды.
Сырт   карағанда   осы   келтірілген   микротексте   мен   мұндалап
тұрған"әшекей"   (автор   каламына   тән   метафора,   теңеу,  эпитет   т.б.)   жоқ,
бірақ   әсері   айрықша.   Ержан   үй   иесі   қартаң   әйелдің   алдында   митинг
мінбесінде тұрғандай афоризммен сөз бастайды. Асқақ сөзбен әсер етем
деуі   –   еріксіз   езу   тартқызады.   Егер   Ержан   жиында,   топ   алдында   дәл
осылай сөйлесе, әсері өзгеше болып, басқаша эффект тудырар еді. Өйткені
сөздің "дағдылы" ортада қолданылуы бар да, тосын ортаға тап болуы бар.
"Мемлекеттік   жұмыстар...   Қазақстан   қызыл   тулы   ел   болып,   өзінің
экономикалық,   рухани   байлықтарын   жаңа   жинап   жатқан   дәуірде"
тәрізділер   публицистика   стилінде   қолданылса,   бұл   –   мұндай   сөздердің
дағдылы   үйреншікті   ортасы.   Ал   бұл   тәрізді   патетикалық   тізбектердің
сөйлеу   тілі   ыңғайында   құрылған   көркем   диалогта   қолданылуы   сөздің
тосын   ортақ   тап   болуы.   Сөздердің,   сөз   тізбектерінің   стиль   өрісін
ауыстырып, стильдік бүтін ретінде осылайша "бөтен" ортада "жерсіндіре"
отырып, нәзік юмор жасауы – суреткер қаламына тән ерекшеліктің бірі.
Осылайша "сөз жезін алтындай қылып келістіру" шебер жазушы болмаса,
екінің бірінің қолынан келе бермейтін құпия.
Сонымен сөздің бөтен ортада тосын жұмсалуы айрықша экспрессия
тудырады.   Сөздің   эмоциялық-экспрессиялық   қуатын   арттырады.
Жазушы   қаламы   осылайша   сөздің   жайшылықта   көрінбейтін   отын
тұтандырады.
Әр түрлі стильдік арналардың бояуын дәл бере түсіп, тіл реңін
"ашатындай   контраст   жасау   өзге   де   әйгілі   қаламгерлеріміздің
туындыларында,   қазіргі   әдебиетіміздің   жаңа   бір   бұтағы   саналатын
кейінгі   буын   жазушыларымыздың   тіл   көріктеуінде   де   кездесіп
отырады. Бөгде стильдік бояуларды эмоциялық әсер тудыру, кейіпкер
тілін   даралау,   тілдік   "паспорт"   беру   т.б.   мақсатта,   көркем   тіл
талабына   лайық   қолданып   отыру   қаламгердің   көркемдік   арсеналын
кеңейте түседі.
Енді өзге де жазушылардың тілінде кездесетін, осындай үлгіге
саятын   қолданыстың   біріне   назар   аударып   көрейік.  Қазіргі   әйел  от
басы, ошақ қасының адамы емес. Ол – адал жар, мейірімді ана, белсенді
71

қоғам   қайраткері.   Сонымен   бірге   ол   қала   мен   ауыл   мәдениетінің
арасындағы алшақтықты жоюшы бірден-бір қозғаушы күш. Пістекүл –
менің ұғымымда сол деңгейден табылатын, бүгінгі заманға лайық әйел, –
деді   (Дулат   Исабеков.   Есеп   шот,   түйетауық   және   домино.   Әңгіме.
"Қазақ әдебиеті". 26.6.1981). Бұл үзіндіні ауыл клубындағы концерттен
қайтқан   қатар-құрбылардың   өзара   әңгімесі   емес,   газет-журналдағы
мақалалардың   сөзіне   көбірек   ұқсатар   едік.   Автор   публицистика
стиліне  тән  бояуды  әдейі  қолданған.  Кейіпкер  сөзін  әдеттегі  сөйлеу
стилінен мүлдем бөлек құрған. Әнгімеде бір көрінер жанама кейіпкер
үй   арасы,   қатар-құрбы   ортасында   "қағаздағыдай   сөйлейтін"
ерекшелігімен   оқушы   есінде   қалады.   Осылайша   сөздің
публицистикалық   реңкі   жұмсақ   юморға   айналады.   Сонымен   өзге
стильге   тән   тізбекті   көркем   тіл   өрнегіне   ендіру   айрықша   эспрессия
тудырады.   Мұндай   тәсіл   тек   кейіпкер   тілінде   ғана   емес,   авторлық
баяндауда   да   ұшырайды.   Жазушының   әр   түрлі   стильдік   бояуларды
дұрыс   қолданып,   нәзік   айырымдарын   дәл   бере   білуі   –   төл
әдебиетімізде   дәстүрге   айналған   көркемдік   тәсіл.   Мұндай   тәсіл
жалпы әдеби тілдің функционалдық стильдерінің одан әрі саралана,
айқындала   беруіне   көп   әсерін   тигізеді.   Сөйтіп,   көркем   шығармада
көрінген   стильдік   бояулар,   функционалдық   стиль   бедерін   оқушы
санасында да қалыптастыруға белгілі дәрежеде ықпал етіп отырады.
Көркем   әдебиет   оқушының   эстетикалық   талғамын   жетілдіріп   қана
қоймай,   сөзді   стильдік   өрісіне   сай,   талғап   жұмсауға   үйретеді.
Функционалды стильдердің реңкін, нақышын дәл сезінуге оқушының
тілдік сезім-түйсігін тәрбиелейді. Ал әр текті стильдердің небір нәзік
айырымы   дәл   берілмей,   бояуы   бұзылып   жатса,   бұл   –   бір   жағынан,
жазушы   тілінің   көркемдігіне   айтарлықтай   қаяу   түсірсе,   екінші
жағынан, әдеби тілдің қалыптасқан, немесе қалыптасып келе жатқан
стильдік құрылымына нұқсан келтіреді.
Көркем тіл кестесінде кездесетін кітаби тіл реңкіндегі лексика-
фразеологиялық   бірліктер,   жоғарыда   айтылған   мысалдарға   назар
аударсақ, өзінің құрамы жағынан әр түрлі қайнар көзге саяды деуге
болады: 1) ауызша әдеби тіл үлгілеріне тән (ХV-ХVІІІ ғғ.) сөздер мен
сөз   орамдары;  2)  ескі  кітаби  тіл  үлгілеріне  тән   сөздер  мен  тұрақты
тіркестер   –  шаһбаз, мәтбұғаш, дүнияуи, кұжат, ғайыпқа бұйырмаңыз,
сынып  т.б.;   3)   қазіргі   жазба   тілге   тән,   сөйлеу   тіліне   қарама-қарсы
сипаттағы   көтеріңкі   үн,   интеллектуалдық   мазмұнға   ие   стандартты
құрылымдар   М.Әуезов,   Ғ.Мүсірепов,   Ғ.Мұстафин   т.б.   көркем   сөз
шеберлері   осы   арналардағы   кітаби   тіл   элементтерінің   түрлі
коннотативтік реңктеріне: (асқақтық; интеллектуалдық, ресмилік т.б.)
көңіл   бөле   отырып,   оларды   жалаң   коммуникативтік   мақсатта
жұмсамай,   эстетикалық   жүк   арта   қолданады.   Мысалы,   жоғарыда
айтылғандай,   М.Әуезов   ескі   кітаби   сөздерді   қаһармандарын
72

әлеуметтік   ортасын   көрсету   мақсатында   қолданады.   Ғ.Мүсірепов
қазіргі кітаби тілге тән шаршы топта айтылатын асқақ сөз орамдарын
екеуара   сөзде   кейіпкердің   аузына   салып,   нәзік   юмор   жасайды
("Атақты   әнші   Майра").   Ғ.Мұстафин   кейіпкерлерін   дәстүрлі
шешендік   үлгіде   құрылған   сөз   орамдары   арқылы   көтеріңкі   леппен
сөйлетеді.   Сөйтіп,   көркем   сөз   шеберлері   қазақ   проза   жанрында
көркемдік   норманың   жаңа   бір   өрнекті   түрін   қалыптастырды   және
қазақ   фразеологизмдерінің   қорын   байытып,   құрамын   кеңейте   түсті.
Тұрақты   сөз   бірліктерін   мағыналық,   тұлғалық,   стильдік   жақтан
контекске бейімдеп түрлендірудің көркем үлгілерін жасады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет