5. Өзің өмір сүріп жатқан ортада ғаламдық проблемаға айналған мәселелер бар ма? Берілген проблеманың оңтайлы шешілу тәсілдерін көрсет
Ғаламдық проблема дегеніміз, әдетте, белгілі бір елдің, мемлекеттің экологиялық, экономикалық проблемаларынан туындайтын, әлемді тұтас қамтитын,осылармен тығыз байланысты болып келетін ұғым, бүкіл адамзатқа қатысты проблемалар. Кез келген елдің өзіне тән табиғи проблемалары, табиғатына, климатына байланысты әр алуан мәселелері болып жатады. Бүгінгі Қазақстан өмірінде де ғаламдық проблемаларға айналып отырған мәселелер бар. Қазақстанның экологиялық проблемалары және оларды шешу жолдары – ғаламдық міндеттер санатына жатады.
Қазақстанда ғаламдық проблемалар қатарына жататын ең ауқымды нысан - Арал теңізі. Арал тағдыры бүгінде елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дерлік алаңдатып отқан әлеуметтік, экологиялық маңызы зор, ауқымы үлкен проблема. Теңіз бұрын көлемі жағынан дүниежүзіндегі төртінші теңіз болып саналған еді, оның табиғи қоры бай, сондай-ақ Арал маңындағы табиғи орта биологиялық тұрғыдан өте бай еді. Арал теңізі ғасырлар бойы планетамыздағы ең үлкен континенттік сутоғаны ретінде белгілі болса, Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында жатқан бұл теңіздің тартылып бара жатқандығы күллі ғаламды алаңдатып отырған мәселе. Арал теңізінен жылына жүздеген мың тонна балық ауланатын, мөлдірлігі жөнінен Эгейден кейінгі екінші теңіз болған болса, теңіз суының тартылуы нәтижесінде мынандай проблемаларға басты назар ауып отыр:
Біріншіден, қазақ, қарақалпақ халқына зиян келуі;
Екіншіден, халыққа зиян келетіні, олардың арасында өлім-жітім, ауру-сырқау залалының дүние жүзінде теңдесі жоқ жоғары екендігі;
Үшіншіден, теңіздің жер бетінен мүлдем жоғалып кету қаупі бар екендігі бүкіл әлемді алаңдатып отыр.
Арал тағдыры – адам тағдыры. Осындай күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолында ел болып, әлем болып бірігіп, қолдан келер бар шараны жасауымыз қажет. Табиғатты ластамай, табиғатты қорғап, аялау – осындай ғаламдық проблемалардың тууының алдын алады.
Қорытындылай келе, экологиялық проблемалардың, табиғи апаттардың алдын алу шараларын жасау, табиғатты аялау - әр кезеңде бүкіл адамзат қауымының алдына қойылатын мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |