Баспасөз – халықтың қоғамдық - әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени - әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге әсер ететін бірден – бір құрал. Халқымыздың саяси - әлеуметтік, әдеби, мәдени ой – пікірін оятып, қалыптастыруға септігін тигізген “Түркістан уалаяты газеті”, қазақ баспасөзінің көне бастаушы басылымы болып саналады. “Түркістан уалаятының газеті"(“Туркестанская туземная газета”) 1870 жылы Ташкент қаласында өзбек, қазақ тілдерінде шыға бастады. Газет о баста Түркістан генерал – губернаторының органы – “Туркестанские ведомоти” газетіне қосымша ретінде жарық көрсе де көп ұзамай жеке газетке айналды. Бұл жалпы Орта Азия халықтарының тұңғыш газеті еді. Газет өзінің үкімет бекітіп берген бағдарламасы бойынша жергілікті халықтарға қатысты Түркістан генерал – губернаторы мен облыстық әскери губернатордың бұйрықтарын, сот орындарының шешімдері мен сауда хабарларын Ресей мен өзге мемлекеттердегі ірі – ірі оқиғаларды, шаруашылық жаңалықтарын жазып отырды. Алайда газет бара - бара өз бағдарламасынан едәуір тысқары шығып, қазақ халқының мәдениетіне, тарихына, әдебиетіне қатысты материалдарды жиі жариялады. Газет айына төрт рет, екі тілде (өзбек, қазақ) он үш жыл бойы үзбей шығып отырды. 1883 жылы Түркістан генерал – губернаторының бұйрығы бойынша, газетті қазақ тілінде шығару тоқтатылып, ол аптасына бір рет өзбек тілінде шығатын газетке айналды. Біраз уақыттан кейін, 1885 жылдан бастап газет өзбек және орыс тілдерінде шыға бастады. Жалпы бұл газет 47 жыл бойы, 1918 жылға дейін шығып тұрды. Дегенмен, газет негізінде өзбек тілінде шыққанымен осы 1883 жылдан кейін де қазақ тіліндегі мақалалар мен қазақ елі жайындағы мағлұматтар жиі жарияланып тұрды.
XIX ғасырдың 60 – жылдарының орта кезінде Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуына байланысты газет бетінде қазақ елінің экономикасындағы прогрестік өзгерістер егіншілік пен отырықшылықтың бұрынғыдан гөрі дами бастауы жағдайындағы мағлұматтар көбірек орын алған. Солардың бірінде егін шаруашылғының пайдасы жөнінде айтылып келеді де, Жетісу облысының таулы жерлерінде егін өсірген Ларионов дегеннің тәжірибесі жергілікті халыққа үлгі ретінде ұсынылады. Қазақ баспасөзінің іргетасын қалаған «Түркістан уалаяты газетінің» соңын ала Орта Азия халықтарының тіліндегі газет – журналдар шыға бастады. Соның бірі «Дала уалаяты газеті» еді.
1888 жылдан 1902 жылға дейін Омбыда шығып тұрған «Акмолинские областные ведомости» газетінде қосымша ретінде орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген «Дала уалаятының газеті» халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс – тіршілігін қалың жұртқа танытудағы бірден – бір басылым болды. Орыс тілінде «Особые прибавление к Акмолинским областным ведомостям» деген атпен шыққан осы газет 1894 жылдан бастап орыс тілінде «Киргизская степная газета» деген атпен жарық көре бастады. Жалпы бұл газет 1888 жылдан бастап 1902 жылы наурыз айында басылып, содан кейін «Сельскохозяйственный листокқа» айналды. Газетте әр жылдары редактор болғандар: И.Козлов, К. Михайлов, Г.Абаза, А.Попов, Д.Лавров. Газетті қазақша шығару ісін басқарушылар: Еммұхамед Абылайханов, Дінмұхамет (Дінше) Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсенбаев. Өзінің бағдарламасына сәйкес газет ресми түрде патша үкіметінің бұйрық – жарлықтарын, заң – закондарын, әкімшілік басқару істерін жариялайтын басылым болды. Сол кездегі басқа газеттер сияқты «Дала уалаяты газетінің» ресми және ресми емес бөлімдері болды. Соңғы бөлімінде көбінесе көпшілікке, пайдалы, ғылымға, білімге қатысты мақалалар жариялады. Бұл газет үкімет тарапынан шыққан ресми басылым болғанымен, бостандықты, теңдікті көксегені, прогресшіл көзқарастары үшін Сібірге жер аударылып келген адамдардың ықпалымен газетіне ұқсайтын еді. Бұл ретте газетке дұрыс бағыт берген Г.Н.Потаниннің, Н.М.Ядринцивтің, Л.К.Чермактың ролі аса зор.