Негізгі әдебиеттер



бет18/21
Дата14.09.2023
өлшемі0,73 Mb.
#107919
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Бақылау сұрақтары

        1. Жаһанданудың шектері бар ма?

        2. Жаһандану рухани ұлттық мәдениетке қандай әсер етеді?

        3. Жаһандану және қарсыжаһандану дегеніміз не?

        4. Қазақ мәдениеті жаһандануға қалай төтеп бере алады?

Ұсынылған әдебиет
Негізгі әдебиет:
1. Трубецкой Н.С. Тарих және жалған ұлтшылдық туралы // Орыстың өзіндік санасы мәселесіне. - Берлин, 1927. - 215 б.
2. Садықов Н. Қазақстан және әлем. – Алматы, 2002. - 198 б.
3. Сартр Ж.П. Экзистенциализм – бұл гуманизм // Құдай ымырттары. - М., 1990. - 324 б.
4. Моисеев И.М. Универсум. Ақпарат. Қоғам. - М., 2001. - 219 б.
Қосымша әдебиет:
1. Капица С.П., Кудрюмов С.П., Малинецкий Г.Г. Синергетика және болашақ болжамдары. - М., 1997. - 256 б.
2. Кастельс М. Төлтумалық құдіреттілігі // Жаңа индустриальдық толқын. Антология. - М., 1999. - 348 б.
3. Н. Луман. Жаһанданушы әлемнің этосы. - М., 1999. - 266 б.
4. Гриц К. Көптүрліліктің пайдасы // ТНЕSIS: Экономикалық және әлеуметтік жүйелер.- Т. І. - Шығ. З. 180-189 бб.
5. Шалабаева Г. Жаһандану және мәдени бірегейлену мәселелері // Шалабаева Г.К. Нарбекова Г.А. Сартаева Р.С. Әлемдік мәдениет кеңістігіндегі Қазақстан мәдениеті. – Алматы: ҚР БҒМ ФСИ, 2003. - 351б.



    1. Бұқаралық мәдениет өрісіндегі қазақстандық өркениет



Жаһанданудың тағы бір сипаты - бұқаралық мәдениет пен ұлттың рухани мәдениетінің қақтығысы. Бұл жерде басы ашық мәселе ретінде бұқаралық мәдениеттің ұлттық сипаты жоқ екенін айту керек. Дамушы елдерде көбінесе осы бұқаралық мәдениетке қарсылық белгілі бір мемлекетке қарсылыққа, белгілі бір ұлтты жек көрушілікке ұласып жатады. Сексуалды ұстамсыздық, содан шығып жататын отбасы проблемалары, дүниеқоңыздық сияқты жағымсыз қылықтар белгілі бір ұлттардың этникалық қасиеттері емес екені анық. Қазір, жергілікті мәдениеттердің менталитеті де капитализм заңдылықтарына бағына бастады. 1970-ші – 80-ші жылдарға дейін нарықтық экономиканы дамытпаған Шығыс Еуропаның социалистік мемлекеттері, Ресей, Үндістан, Қытай, бұрынғы КСРО елдері, Азияның күнгей шығысы мен Африка мемлекеттері де қазір нарыққа бейімделе бастады. Нарық ұлттық мәдениеттің ішкі заңдылықтарын өзгертетін өте ықпалды фактор. Өйткені, нарық - фундаментальді, яғни қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын тотальді құбылыс. Осындай нарықтық фундаментализм жағдайында ұлттық мәдениеттің бірте-бірте әдепсіз бұқаралық мәдениетке айналуы мүмкін. Себебі, нарықтық экономикалы мемлекеттерде ұлттық мәдениет туындылары да халық тарапынан болатын сұранысқа байланысты жазыла бастады. Ал, көпшілік тарапынан сұранысқа ие болатын мәдени туындылар көбінесе имандылық, ар-ождан талаптарына сәйкес келмеуі де мүмкін. Әсіресе, ақша табуға тырысқан шығармашыл бірлестіктер жастардың бойындағы сексуалды әуесқойлықты пайдаланады. Нарық жағдайында дәстүрлі қоғамдағы мұраттарды жырлайтын, таза ұлттық нақыштағы әдеби туынды, кино өнімі немесе театр қойылымы, газет-жорнал, ән-жыр ақырындап халық талғамынан, сұранысынан тыс қалып, өндірушілердің де назарынан кете бастайды. Психология қисыны бойынша жеке тұлғаға әлеуметтік бақылау әлсіресе, адам баласының бойындағы бейсана болмысы оның жүріс-тұрысын, санасын билеп алады. Зигмунд Фрейд адамның сексуалды бейсана болмысы (либидо) оның барлық әрекетіне қуат беріп тұрады деген. Яғни, дәстүрлі қоғамдағы жеке тұлғаның өміріне қойылатын қауымдық талаптар әлсіреген кезде, қоғамда құмарлықтың барлық түрін қанағаттандыру белең алады. Әрине, бұл дәстүрлі, аграрлы немесе көшпелі қоғамның өмірінде болмайтын құбылыс. Бірін-бірі танитын адамдар арасында тұрақты әлеуметтік қарым-қатынастар орнаған дәстүрлі қоғамның (мысалы, қазақ ауылдарында, орыстардың земстволарында) ұжымдық менталитеті талаптар адамдардың сексуалды құштарлығын, өзімшілдігін ауыздықтайды. Бұқаралық мәдениетке тән ұстамсыздық адамдар бірін-бірі танымайтын қала мәдениетінде, индустриалды қоғамда ғана дамиды. Адамдардың жүріс-тұрысы рухани тыйым-талаптардың шеңберінен шығып кетеді. Индустриалды қала қоғамында адамдар өздерінің интеллектуалды сұраныстарын сексуалды ұстамсыздық, затшылдық жағына бейімдеп қалыптастырады. Сондықтан, қазір ұлттық мәдениет туындыларының ішінде де жұртшылықтың сұранысына сәйкес сексуалды ұстамсыздықты, қатыгездікті, затшылдық көзқарасты уағыздайтын, яғни тауар ретінде жұрттың назарын аударып, өзін-өзі ақтайтын туындылар, мысалға ұлттық театрдағы комедиялар, ұлттық нақыштағы балет-мюзикл, ұлттық тілде шығатын эротикалық газеттер, ұлттық дүниетанымға сәйкес келмейтін, бірақ сол елдің әртістері түсірген түрлі сериалдар көбейді. Нарыққа алдымен өткен және қоғамдық санасы секуляризацияға мейлінше ерте ұшыраған Еуропада рухани құлдырау тереңдей келе ХХ ғасырдың басындағы декаденс кезеңіне ұласты, 1960-шы – 70-ші жылдары бұл сексуалды революцияға асқынды. Десек те, нарықты Еуропа мәдениетінен шыққан, адамды рухани құлдыратып жіберетін Шығысқа жат құбылыс ретінде санауға болмайды. Мысалға, Жапония мен Қытайда нарыққа қарамастан ұлттық-этикалық нормалар сақталып келеді, отбасы құндылығы санаттан шыққан жоқ. Жалпы адамгершілік, отанға адалдық, үлгілі отбасын құру, арақ пен нашақорлықтан, пара алудан аулақ болу, жомарттық, әдептілік нарықтық елдерде де қазақ немесе ислам мәдениетіндегі моральдық өсиеттерден кем қадірленбейді. Сондықтан, ұлттық мәдениеттің қағидаларын кейбір елдерде өзгертіп жататын, кейбір елдерде керісінше орнықтырып жататын нарық пен демократияны бейтарап құбылыстар деп қараған да жөн. Ал, бұқаралық мәдениет дәл осы нарық пен демократиядан шығып жатыр деген қасаң түсінікпен ислам нормаларын елде күшпен заңдастырып, немесе ұлттың тазалығын сақтау үшін жабық қоғам құру қазіргі әлемдік нарық орнап жатқан тұста ұлтты әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа зорлап көндіргенмен бірдей.
Демократиялық мемлекет құра отырып, халықтардың өз келбетін сақтауы – ұлттық мәдениеттердің қарулы қақтығысымен, біреуінің жеңуімен емес, азаматтардың адамның парасатымен ғана шешілетін мәселе. Рухани тазалық қай қоғамда болсын жоғары бағаланады. Дегенмен, нарық пен әсіре демократияның бұқаралық мәдениеттің жайылуына ептеп жағдай жасайтынын да ұмытпаған жөн.
Осындай жағдайда өмірдің балама нұсқасын, яғни ешқандай моральдық тыйымдарсыз, жеке адамның барлық қалауын қанағаттандыратын тұтынушы қоғамның «қызықтарын» әлемдік коммуникациялық жүйе (теледидар, видеотаспалар, интернет) арқылы күнделікті көре бастаған жастарға жаһанданудың мәдени ықпалы күшті болып отыр. Кей уақыт жастардың дамушы мемлекеттің (Қазақстанның) азаматы болғанына қорланатындары да білініп қалады. Советтік-атеистік модернизациядан кейін рухани құндылықтарды бұзудан көңілі селт етпейтін ұрпақтың интеллектуалды сұранысына ие болатын ұстамсыз фильмдерді елге толассыз тасу, сол фильмдерді көріп, ондағы мінез-құлық пен жүріс-тұрысты үлгі көріп, өз өмірлеріне енгізу жастардың мінезін, талғамы мен аңсарын, дүниетанымын қатты өзгертіп жатыр. Әсіресе, жастардың «рокерларғаң, «байкерларғаң, «буддисттергең, «хиппигең еліктеуі, тіпті субмәдениет үлгілерін таңдамаған күнде рухани тыйым-талаптарға, адамгершілік құндылықтарына ескіліктің сарқыншағы деп қарауы демократиялық елдерде жұрт санасына бұқаралық мәдениеттің орнығып жатқанын білдіреді. Бұл бұқаралық мәдениет үлгілері сол айтылған интернет, теледидар, кинопрокат, CD, audіo dіsk, MD, DVD сияқты ақпарат сақтау құралдары, жердің жасанды серіктері және басқа да хабар-ошар тарату технологиялары, саржағал газет-жорналдар арқылы адамдарды төрт құбыласынан қоршап алды.
Жаһанданудан туындайтын екінші бір жағдай – дамушы елдерде жастардың жаппай маргиналдануы. Бұл әлемнің оңтүстік бөлігіндегі тұрмыстың ауырлығынан да етек алып барады. 1997 жылғы социологтардың әлемдік форумында «адамзаттың ендігі қаупі – жаһандану процесінен бұрін маргиналдану процесі болуы мүмкінң деген қортынды жасалды. Маргинал – тұрмысы нашар және өзінің ұлттық мәдениетінен жеріген, сондықтан дүниетанымы, рухани құндылықтары қалыптаспаған адам. Адамзат өмірінде жоқшылықтың соңы қашанда рухани қайыршылыққа ұласып отырған. Жоқшылық басталған кезеңде ұлттың рухани құндылықтары да, интеллектуалдық ізденіс дәстүрлері жұрт жадынан көшіп, радикалды ұрандар алға шығады. Ал, жаһандану заманында әсіре ұлтшылдық пен діни догмадан айыға алмаған елдер саяси-экономикалық модернизацияға бара алмай, кедейленген үстіне қайыршылана түсуі мүмкін. Осы кезде ел ішін кеулейтін бұл маргиналданудың қаупі - адамның сана сезімін әрі-сәрі, өтпелі күйде ұзақ ұстап тұратынында. Яғни, оның өмірге деген жүйелі көзқарастары, құндылықтары мен сенімдері, жүріс-тұрыс әдеттері нақты айқындалмайды. Маргиналдың ерекшелігі – бұқаралық мәдениет пен рухани құндылықтардың арасында айқын таңдау жасамауы. Мұндай адамдар бірде қоғаммен қақтығысқа түсіп, бірде рухани талаптарға бет бұрып, құбылған күйі күн кешеді. Сондықтан, маргиналдар белгілі бір идеологиялық ықпалға тез түседі. Осы ретте саясаттану теориясында мемлекетте орта тап қанша көп болса сонша мемлекеттің тұрақтылығы нығаяды деген тұжырым бар екенін айтамыз. Ал, әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатқан мемлекеттерде маргиналдарды радикалды саяси партиялар мен діни экстремистік ұйымдар саяси мақсат-мүдделеріне пайдалануы ықтимал. Ұлттық дүниетаным мен рухани дәстүрлердің қажеттігі осы жағдайда туындайды. Яғни, әсіре партикулярлы сана-сезім мен әсіре ұлтшылдыққа берілмеген, бірақ ұлттың ғасырлар бойы өңдеп шығарған рухани талаптарын, туған елді сүюге үндеген парасатты пайымдарын игерген ұрпақ маргиналдану процесіне ұрынбайды және жаһанданудың экономикалық, технологиялық талаптарына да жауап беретін болады. Егер ұлттың ұрпағы жалпы адамзаттық рухани қағидаларды, одан бұрын ұлттық тарихи құндылықтарды игермесе, бұқаралық мәдениеттің құрбаны болып, жаппай маргиналға айналуы мүмкін [38]. Ал, кез-келген маргиналдың діни фанат, радикалды экстремист болып шығуы демнің арасында. Кейбір ғалымдар мұны өркениеттер арасындағы «информациялық соғысң деп те атап жүр. Мысалға М. Ломоносов ат. ММУ-нің доценті С.Г. Туронок «қарсылас мемлекеттің территориясына танкілер, ұшақтар мен жарақты жасақ түсіру тактикасының орнына қазір жалған құндылықтар мен мұрат-мақсат, сенім-наным догмаларын «түсіру» стратегиясы келді», – дейді [39, 24 б.]. Жаһанданудың посткеңестік қоғамдарға тигізетін мәдени ықпалын талдай келе, Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті Т.П. Лебедевамен келісуге болады. Оның пікірінше, жаһандану процесінің негізгі проблемаларының бірі – жеке бас һәм ұжымдық идентификацияның жойылуы [40, 48 б.].
Дегенмен, Мәскеу мемлекеттік университеті зерттеушілерінің «жаһандану – арнаулы стратегиямен құрылған «соғыс», – деген пікірімен сөзсіз келісуге болмайды. Өйткені, жаһандық-бұқаралық мәдениет Батыс елдерінің өзінде де қоғамның әлеуметтік-мәдени негізін бұзып жатыр. Қазір мұнда «бір өлшемді адамныңң, «homo ludensң-тің пайда болғаны туралы ғылыми тұжырымдар бар. «Homo ludensң – рухани принсиптерін жоғалтқан, қызық қуған, сауықшыл, қатаң бәсекеде қалайда озып шыққанды өмірдің мәні санайтын адам. Бұған қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастық заңдылықтарына енжар қарайтын маргиналдарды, яғни, нашақорлар мен отбасын құрмаған түрлі субмәдениет өкілдерін, яғни, хиппи, рокер, рэпер, «сатанистер» т.б. антиәлеуметтік дүниетаным өкілдерін қосыңыз. Бұл адамдардың арасында отбасы институтының мәні мен қажеттігі жойылып болды деудің өзі артық емес. Еуропада қазір халықтың көпшілігі шаңырақ көтергісі келмейді. Мұнда индивидтің тәуелсіз өмірі – жалпы халықтық идеал. Ресей зерттеушісі М. Чешков: «Еуропа жастары үшін әлеуметтік парыздар адамдардың өмірінің тірегі, мәні болудан қалды», – деп санайды [41, 48 б.]. Батыс елдерінде отбасы құндылығы мен ақ некелі жұбайға адалдық, жасампаз еңбектің қадірі мүлде жойылып кетті деп кесіп айту бола қоймас. Бірақ, Еуропадан үміт үзгендер жоқ емес. Мысалға, ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының докторы А.И. Неклесса: «Батыс қоғамы прагматикалық дүниетанымға жақындаған сайын, онсыз да секуляризацияның құрбаны болған Еуропа санасы христиан дінінің негізінен алшақтап, екі мың жылдық өркениеттің әлеуметтік құндылықтары жойылып барады. Еуропалық модернизация өз бойындағы христиандық мәдениет пен техниканың үйлесімін жоғалтып алды», – дейді. Постмодерн қоғамын адамдардың бойындағы отбасыға, кәсіп игеруге, күйбеңі мол еңбекке, әлеуметтік тәжірибеге деген құштарлықтың сарқыншағы ғана әлеуметтік дағдарыстан аман алып келеді, егер АҚШ пен Еуропа осы бұқаралық мәдениет пен постмодерн ізденістерінің жетегінде кете берсе, ежелгі Батыс өркениетінің қайталанбас әлеуметтік конструкциясы қирайды [42, 42-43 бб.]. Қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропада ғылыми-технологиялық біліктілікті қажет ететін мамандықтардың жұмысын Азиядан барған иммигранттар атқара бастаған. Еуропа жастарының бабалары ғасырлар бойы жинақтаған ғылыми ақпарат пен өндірістік тәжірибені игеруге табандылығы мен бойларында салауатты құндылықтары жетіспейді. Ал, Шығыс елдерінен барған иммигранттар Еуропаның дайын тұрған индустриясында еңбек етіп, қабілет-қайраттын іске асырып жатыр. Олардың өз елдерінің индустриалды қоғам құруға мүмкіндіктері, интеллектуалды ресурстары мен саяси-экономикалық тәжірибесі жеткіліксіз. Сөйтіп, секуляризация мен постмодерннің кесірінен Батыс қоғамы өзінің әлеуметтік құндылықтарынан айырылып жатса, олардың технологиялық жетістіктерін үлгі тұтып, Шығыс елдері де бұқаралық мәдениет сүрлеуіне түсіп жатыр. Бірақ, жаһандану дегеніміз дәл Еуропа қоғамын айнытпай көшіру емес. Мысалға, жаһандану жасап берген материалдық игіліктерді толық пайдаланып отырған жапондықтар мен орташа дамыған Түркия жұртшылығы отбасы құндылығын, ұжымдық сана дәстүрлерін әлі де қастерлейді. Керісінше діни-рухани құндылықтарды өздерінің ұлттық мақтанышы ретінде жариялаған Иранның және басқа да ислам елдерінің экономикалық дамуға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, терроршыларды ауыздықтауға мүмкіндіктері жетпей отыр. Бұлар теократияны модернизацияға айырбастай алмай отырған шикізатқа бай елдер. Шикізат сарқыла бастаған күні әлеуметтік тұрақсыздыққа килігіп, Ауғанстандағыдай экономика инфрақұрылымының жермен-жексен болып қирауы бек мүмкін. Сөйтіп, бүгінгі жаһандану екі жол ғана ұсынады. Бірі, либералды қоғам мен нарықтық экономикаға өту, болмаса жабық қоғамда отырып әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа шырмалып, технологиялық тұрғыда кенже қалу. Ашық қоғам құруға кейбір ислам елдері Батыстағыдай жалаңаш-жалпы, арсыз қоғамға айналып кетеміз деп қауіптенеді.
Біз капитализмді жаһанданудың қозғаушы қуаты ретінде белгілей келіп, бұл ғаламдық процесстің үш түрлі салдарын анықтадық. Бірі, әлемдік нарықтың қалыптасуы, ғаламдық қаржы жүйесіне дамушы мемлекеттердің тәуелді болуы. Екіншісі, технологиялық өндіріс пен электрониканың жаһандану процесінің қаңқасына, әлемдік нарықтың тұтастандырып тұратын торабына айналуы. Үшінші, бұқаралық және ұлттық мәдениет арасындағы қақтығыс. Бұл қақтығыстағы бұқаралық мәдениеттің үстемдігі. Бұқаралық мәдениеттің салауатты құндылықтарды жойып, маргиналдар қауымын көбейтуі, қоғамның әлеуметтік ұйымдасу (отбасы құндылығы, бейбітшілік идеологиясы) потенциялын әлсіретуі. Және осының салдарынан болатын жеке бас және ұлттық идентификацияның жойылуы. Жаһанданудың осы үш заңдылығын қорыта келгенде жаһандану процесінің негізгі салдары шығады. Ол – бес ғасыр бойы адамзат өмірінің сүйеніші, өркениет тарихының ең ұлы жемісі болған ұлттық мемлекеттің, ұлттық саяси егемендіктің маңызының төмендеуі. Ұлттық мемлекеттің осы кезге дейін атқарып келген саяси-әлеуметтік, экономикалық функцияларынан, қоғамдық өмір салаларын басқару, реттеу өкілеттіктерінен айрылуы. Ұлттық мәдениеттердің қамқоршысы болып келген мемлекет институтының әлеуметтік-саяси, экономикалық маңыздылығы төмендесе, ұлттардың да қайталанбас мәдени болмыстарының, дербес дүниетанымдарының сақталып қалуы екіталай. Ендігі заманда ұлттық мемлекет дербес үкіметі бар саяси құрылым ретінде сақталғанымен қоғам дамуында шешуші фактор болудан қалуы деген ғажап емес. Енді нарықтың заңдылықтарына, сауданың ортақ ережелеріне иек артқан түрлі аймақтық одақтар көбейе бермек. Келешекте ұлттық үкімет жаһандану талаптарына елдің ішкі өмірін бейімдеп, заң шығарып отыратын кезекші ғана болып қалады. Неміс әлеуметтанушысы У. Бек; «Ұлттық мемлекеттер жаһанданудың әлемдік масштабта тарауы үшін керек. Жаһандану процесі тамырын тереңге әбден жіберген кезде ұлттық мемлекеттер трансұлттық, яғни барлық ұлттарға, адамзатқа ортақ мемлекеттерге айналады. Трансұлттық мемлекет моделі ұлттық мемлекетті жоққа шығарғанымен, жалпы мемлекет институтын сақтап қалады», – деп болжайды [43, 26-27 бб.].
Сөйтіп, жаһандану үрдісі оның талаптарымен келіссек те, келіспесек те біздің ғасырымыздың шындығы болып отыр. Адамзаттың бойында жаһандануды жеңетін, оның бетін қайтаратын күш-қуат әзірге білінбейді. Барлық мемлекеттер осы әлемдік ағыспен кетіп барады. Бұл ағыс – адамның жеке меншікті сүйетін табиғаты, осы жеке меншікке сүйенген нарықтық капитализм, сол капиталистік модернизация тудырған индустриялдық һәм постиндустриалдық қоғамдар. Осы уақытқа дейін өзінің «капиталистік табиғатың арқылы дамып келген адам баласы ендігі заманда да жеке меншіктен, табиғатты аяусыз пайдаланудан бас тарта алмайды. Сондықтан, жаһандану – кісі баласының пешенесіне жазылған тағдырлы құбылыс. Жаһанданудың келешекте жер бетіне кеңінен таралуына алғышарттар мен кепілдіктер төмендегідей:
- халықаралық сауданың жылдан жылға кеңеюі, әлемдік қаржы рыноктарының өзара байланысының күшеюі, трансұлттық концерндердің көбейіп, олардың қаржылай-экономикалық мүмкіндіктерінің артуы;
- ақпараттық, коммуникациялық революцияның қарқынды түрде жалғасуы;
- демократияның дүнияға одан ары таралуы;
- бұқаралық мәдениет өндірісінің (кинопрокат, компъютерлік клубтар, дискотека, арзан телесериалдар, поп музыка, кітап өндірісінің т.б.) ұлттық мемлекеттерде кең қанат жаюы;
- халықаралық саясатта трансұлттық акторлардың, яғни ұлттың егемендігін аттап өтіп, Үкімет үстінен үкім айта алатын ұйымдардың көбеюі (БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ДСҰ , аймақтық интеграциялық ұйымдар т.б.);
- кедейлік, жоқшылықтың дамушы елдерді кеулеп, тұтас ұлттардың маргиналдану құбылысының етек алуы;
- ғаламдық экологиялық проблемалардың ушығуы;
- кедейліктің кесірінен қарулы қақтығыстардың көбеюі.
Адамзат жеке меншікті сүйетін табиғатын тастап, индустриалды қоғам ағысынан шығып кете алмайтынын жоғарыда айттық. Және мұның әзірге көзге көрініп, ойға білініп тұрған салдарлары – трансұлттық мемлекеттердің пайда болуы, яғни ұлттық мемлекеттердің жойылуы, ұлттық мемлекеттердің жойылуымен бірге ұлттардың, этностардың дербес мәдениетінің жойылуы.
Тәуелсіздік алу, қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғырту, халықтың тарихына орасан зор қызығушылық туғызып отырғаны кездейсоқ емес, өйткені мемлекеттілікті қайтадан өрлету, мәдени қайта өрлеумен қатар жүреді. Алайда, бастапқы қайнар – бұлаққа қайтып оралу оңайда, жеңіл іс емес, өйткені Кеңес өкіметі жылдары дінмен, феодализмнің сарқыншағы ретінде ұлттық дәстүрлермен күрес (Наурызға тыйым салу т.б.) тоқтаусыз жүргізіліп отырылды, ұжымдастыру жылдары халық өзінің дәстүрлі тіршілікті қамтамасыз ету дәстүрлерінен күшпен қол үздіріп, зиялы қауымы құртылды, кейбір тақырыптарды қорғауға тыйым салынды, нәтижесінде қазақ мәдениеті бүтіндей бір жүйе ретінде өмір сүруден қалды.
Жүйені қалпына келтірмей қазақ тарихын, қазақ мәдениетін түсіну мүмкін емес. Соңғысын қалпына келтіру және түсіну, өз кезегінде дәстүрлі дүниетанымды құрайтын қандай да бір болмасын элементтерді түсінуге септігін тигізеді. Бұл бөлімше белгілі бір мәдениет тіліндегі дәстүрлі қазақ мәдениеті үлгісі негізінде кеңістік пен уақыттың рәміздік негіздеріне талдау жасауға арналған. Бұл кеңістіктің күрделілік дәрежесі бойынша басқа цивилизациялық мазмұндардың формаларынан айрықша құрылымы, жоғарғы семиотикалық толықтығы, терең мәндік мазмұны бар.
Отандасымыз, мәдениеттанушы Б.Ғ. Нұржанов көшпенділердің мәдениетіне «есімі белгісіз (жасырын) ұстанымдардың, дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың, діни жоралардың, салт-саналардың, рәсімдердің, тыйым салу-табулардың жиынтығы» деп анықтама береді. Дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, рәсімдер мифтерде, ертегілерде, ауызша аңыздарда сақталған. Мифтер, ертегілер, аңыздар мұнда көшпенді қоғамның ірге тасы тұрған әлеуметтік тәртіптердің, дәстүрлердің сақтаушысы және сақшысы рөлін атқарады. Адам әлемінің бастауы адамға түсініксіз, сондықтан адамға өзі орнатпаған тәртіпке араласуының қажеті жоқ. Оның міндеті үнемі дәстүрлерді қолдау, салт-сананы қорғау және сақтау... Көшпенді өмір салты отырықшылыққа қарағанда, мүлде басқа мәдени формаларды талап етеді және дүниеге келтіреді [44, 9 б.].
Мұнда «өнердің» үстем формасы, әдебиеттің алғашқы тарихи формасы – поэзия болып табылады. Бұл форманың үстемдігі рәсімдерге негізделеді және рәсімді, киелі функцияларды атқарады. Көшпенді мәдениетте живопись мүлде басқа рөлден көрінеді. Олда рәсіммен астарлас және ең бірінші кезекте киелі функцияларды атқарады. Белгілер, таңбалар әлемді басқарады. Ұстанымдарда олармен қабаттаса жүреді. Белгілерге, жазуға қатысты рәсімдерді бұзу адамзат қауымдастығы үшін жазмышты, зиянды процестерге жол ашады. Көшпелі қоғамда салт-дәстүрлер мен рәсімдер «биліктік» функцияларды атқарады, әлеуметтік ұйымдасу мен тәртіп билікке емес, нақ осы дәстүрлерге негізделеді; жұртшылық билеушіге, билеуші болғандықтан ғана бағынбайды, оның дәстүрге сәйкес басқаруына орай бағынады. Нақ осы рәсімдер мен әдет-ғұрыптар көшпенділердің өмірі мен тұрмысын қоғамдыққа, тәртіпке ұйымдастырады. Әлеуметтік тәртіптерді ұйымдастырып, белгілеп отыратын қабылданған әдет-ғұрыптардың шығу тегі ғасырлар қойнауынан бастауын алады. Оның бастау алуы адамның еркінен тыс – ол адам қауымдастығына құдайлар арқылы, немесе ата-баба рухымен берілген. Әдет-ғұрыптың киелілігіне күмән келтіру, оны қайтадан жасау немесе модернизациялау, яғни адамның бұл іске араласуы киеліні қорлау деп есептеліп, қатал жазаланды.
Жоғарыда айтқандарды ескере отырып, қазақ мәдениетінің «рәміздік аппаратынң тану үшін құрылымдық семиотикалық әдісті пайдалануға тырысайық. Бұл әдіс дәстүрлі мәдениетті, мәдениеттің біртұтас мәтіні ретінде, әрбір элементтері қалған элементтерімен сәйкес келіп отыратын біртұтас семиотикалық жүйе ретінде елестетуге мүмкіндік береді. Семиотикалық әдіс дүниетанымның ерекше қазақы моделінің мәніне үңілуге, осы мәдени мәтіннің пайда болған топырағындағы әлеуметтік мәдени шынайылықты зерттеуге, мәдениеттің семантикалық толығуларының көпқабаттылығын, рәміздің көпқатпарлығын бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.
Синхрондық және диахрондық тәсілдерді пайдалану арқылы этномәдени генетикалық процестерді қалпына келтіру үшін бұл әдіс айрықша жемісті. Шын мәнісінде, нақ осы әдіс қазақ мәдениетінің этникалық белгілерінің параметрін, дәстүрлі қоғам адамының менталитеттік ерекшелігін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Ғылыми танымның басқа да әдістерімен осы әдісті қоса пайдаланғанда ғана, дәстүрлі дүниетанымның біртұтастығын, жүйесін, оған тән ойлау ерекшеліктерін келтіруге болады.
Өткен ғасырда қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті тағдыр мен уақыттың қатал сынын иығымен көтере біліп, тәуелсіздікке қол жеткізді. Тоқсаныншы жылдардың алғашқы жартысында отаршылдық пен тоталитаризм дәуірінде кеткен орасан зор шығынның орнын толтыруда мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар атқарылды. Егемендікті нығайту барысында саяси және экономикалық реформалар жолына түсумен қатар ана тілімізді мемлекеттік дәрежеге көтеру мен ұлттық дәстүрді жандандыру жан-жақты жүргізілді. 1993 жылы қабылданған тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Атазаңның бірінші бабы қазақ тілінің мемлекеттік статусын бекітті. Саяси белсенділік артып, ұлттық патриоттық қозғалыстар жан-жақты өркендеді. 1995 жылдың март айында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Осыған байланысты тіл мен білім, Мәдени мұраларды сақтау, бұқаралық ақпарат құралдарымен үйлесімдік, миграция мәселелері мен сыртқы байланыстар, ұлттық саясат концепцияларын дайындау, сонымен қатар, ұлттық мәдени орталықтар мен кіші ассамблеялар істері мен мәселелері жөнінде комиссиялар құрылды. Елімізде біртұтас әлеуметтік-мәдени кеңістік қалыптастыру, азаматтық бірегейлендіру мәселесін күн тәртібіне қойды.
Дәстүрлі дүниетанымның негізгі ұстанымы – мәдениет болса, мәдениеттің күретамыры, оның тіршілігі мен қалыптасуына қажетті құндылықтар жүйесін реттеуші күш – дін болып табылады. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі негізгі архетип – көшпенді шаруашылық мәдени типі әлемдік өркениеттегі өзінің маңызын жоғалтпайды. Жеті аталық үрдіс инцесске немесе қан алмасушылыққа тыйым сала отырып (мысалы, Еңлік-Кебек, Қалқаман Мамыр және т.б. сияқты бақытты махаббаттың қайғылы бейнелер осының құрбандары), сонымен қатар, көп әйел алу (полигамия), әмеңгерлік (левират), балдыз алу (сорират), кроскузендік неке (бөлелер), сүйек жаңғырту (нағашы жұртынан қыз алу), құдандалық сияқты дәстүрлерді сақтай отырып, некенің этникалық гомогендігінің сақталуын қадағалаған. Міне, сондықтан да далада кездескен екі жолаушы бір-бірімен туысындай шүйіркелескен және «қарға тамырлы қазақң, «қазақ сұраса келе қарын бөле табадың деген сөз тіркестері осыдан келіп шығады. «Жеті атасын білмеген ұл – жетесізң деген императив халықтың тарихи есін, зердесі мен жадысын сергек қалыпта ұстап, нәтижесінде бұл кез-келген қазақ үшін әрі өмір салтына, әрі өмірлік қажеттілігіне, әрі кісілік қалыбына айналған» [45, 103 б.].
Қазіргі жағдайларда мәдениет пен діннің дәстүрлі формалары сөзсіз модернизациялануға ұшырап отыр. Бүкіл әлемдік деңгейде бірте-бірте, тоқтаусыз секуляризация процесі жүруде, ол ең бірінші кезекте зайырлы және қасиетті сфералардан көрініп, соңғысының экономикалық және саяси рөлінің ығыстырылуынан байқалуда. Дін өркениеттік қатынастарды реттеудің аса маңызды құралы болғанымен бірте-бірте адамдардың жеке және ішкі ісіне айналуда. Кейбір ғалымдар тіпті (С. Хантингтон) конфессионалдық негізде жаһандық өркениеттік қақтығыстардың болуы мүмкіндігін болжауда. Алайда, әлемдік дамудың соңғы тенденциялары, әлемдік мәдениеттің бірігетіндігі тенденциясының куәсі болуда. Әлем неғұрлым төзімді, толерантты және ашық сипат алуда.
Азаматтық қоғамдағы діни институттардың рөлі, тек теориялық сипат алып қана қоймайды. Бұл әсіресе, өзіндік геосаяси жағдайы мен тарихы бар Қазақстан үлгісінде айқын көрінеді. Жоғарыда айтқан С. Хантингтонның концепциясы бойынша, Қазақстан үш өркениеттің (исламдық, конфуцийлік, православиялық) түйіскен тұсында орналасқан, сондықтан ірі жан-жалдар шығуы мүмкін зілзалалық сыну аймағында тұрғандығын есте ұстау керек. Бұл шыныда да солай. Алайда, екінші жағынан, Қазақстан территориясында әртүрлі этностардың, діндер мен мәдениеттердің қатар өмір сүруінің көпғасырлық тәжірибесі бар екенін есте ұстау қажет. Қазақстан халқының күрделі конфессионалдық құрамы этнократиялық және исламдық мемлекет құру идеясын жоққа шығарады. Сондықтан Қазақстанда демократиялық және азаматтық қоғам құру дінаралық диалог пен келісімді талап етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет