Неміс классикалыќ философиясыныѕ ерекшелігі. Немiс халқының рухы тудырған ХVIII-ХIХ ғғ. философияға уақытында Ф. Энгельс «немiс классикалық философиясы»


Адамныѕ биологиялыќ жјне јлеуметтік табиєаты



бет45/65
Дата16.05.2022
өлшемі340,53 Kb.
#34524
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   65
Адамныѕ биологиялыќ жјне јлеуметтік табиєаты.

Адам – қайшылықты пенде. Оның, бір жағынан, денесі, екінші жағынан, санасы, рухы бар екенін әркім біледі. Оған да басқа 555 тіршіліктерге сияқты су, ауа, жылу, қоректену, ұрпақ жалғастыру т.с.с. қажет. Сонымен қатар ол дүние жөнінде ойланады, өмірде өз орнын іздейді, шаттанады, қайғырады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егер жануарды оның түйсіктері итермелесе, адам өз түйсіктерін әлеуметтік нормаларға бағындырады, ол – өз-өзін бақылауға ала алатын пенде. Десек те, адамның бұл ішкі қайшылығы философияда әртүрлі шешіледі. Мысалы, Орта ғасырлардағы діни философияда адамды рух ретінде өте биік деңгейге көтеріп, дене ретінде құлдыратып, тіпті жануарлардан да төмен қояды. Жаңа дәуірдегі философияда бұл мәселе жөнінде бір-біріне қарсы тұрған биологиялық және әлеуметтік редукционизмді келтіруге болар еді. Бірінші тұжырымда адамның дене құрылысының ерекшеліктері асыра бағаланып, олар оның ішкі мән-мағынасын анықтайды деген пікір қалыптасқан. Оған нәсілшілдік, ломброзиандық, әлеуметтікдарвинизм, әлеуметтік биология бағыттары жатады. Нәсілшілдікке келер болсақ, оның тарихи пайда болған ең біріншісі – ақ түсті адамдарды асыра бағалап, қалғандардың бәрін – артта қалған, табиғи дарындары мен қабілеттері төмен деп түсінеді. Қара нәсілшілдік отарланған Африка континенті халықтары өз бостандығын алғаннан кейін, олардың ұлттық сана-сезімі өсуімен байланысты «негритюд» сияқты ілімдерде кездеседі. Ол қара адамдардың дүниені ақыл-оймен емес, сезім, түйсік арқылы терең игеруі, әуендегі ырғақ пен спортқа деген басқалардан гөрі қабілеттерінің молдығы т.с.с. мақтан етеді. Сары нәсілшілдік те ақтарды «піспеген», қараларды «күйіп кеткенге» теңейді. Бүгінгі таңдағы жаһандану заманында, елдер мен халықтардың бір-бірімен терең қатынастарға түсуі, бір-бірімен жетістіктерін бөлісуі қайсыбір нәсілшілдікті тамырынан шабады. Бүгінгі уақыттың қойған «талабына» барлық халықтар өзіне тән «жауап» іздеуде. Өндіргіш күштерді қазіргі замандағы ғылым мен техниканың жетістіктеріне сәйкес дамытқан елдер ішінде Оңтүстік Африканы (қаралар), Жапонияны (сарылар), Германияны (ақтар) мысал ретінде келтіруге болар еді. Спорт, әуен, өнер, сәулет т.с.с. қоғам салаларын алсақ, онда да осындай жағдайды аңғаруға болады. Ең соңында, олардың түп-тамыры бір екенін генетикалық тұрғыдан дәлелдеуге болатын сияқты. Мысалы, ақ пен қара қосылған отбасында өмірге келген сәбиді мулат дейміз. Ал сары мен ақтың баласы метис аталады. Бұл әртүрлі нәсіл өкілдерінің бір-біріне генетикалық деңгейдегі сәйкестігін көрсетеді. Қайсыбір қарапайым өмірде сирек болса да кездесетін нәсілшілдік сол адамның надандығын, я болмаса ұлтшылдық пиғылын көрсетсе керек. 556 Өткен ғасырдың басында Чезаре Ломброзо деген итальяндық психиатр, антрополог түрмедегі адамдардың дене құрылысын зерттей келе, қылмысқа баратын адамдардың биологиялық табиғаты қазіргі адамның деңгейінен төмен болуымен байланысты деген пікір айтқан болатын. Мұндай көзқарас уақытында біршама заңгерлер, дәрігерлер мен психиатрлар арасында қызу айтыстарға әкеліп, ломброзиандық деген ағымды тудырды. Ч.Ломброзо мысал ретінде ондай адамдардың төменгі жақ сүйектері үлкен, маңдайы қысқа, қабақтары бір-бірімен қосылып кеткен, көздері терең орналасқан, қолдары ұзын т.с.с. дейді. Ол мұндай дене құрылысы бар адамдар әлеуметтік ауытқуға әсіресе қылмыстыққа өте жақын деген пікір айтады. Бұдан кейін жүргізілген зерттеулер бұл пікірдің жалған екенін айқындады, өйткені қылмыстық, негізінен алғанда, – әлеуметтік құбылыс. Дегенмен де кейбір адамдарға мұндай пікір осы уақытқа дейін өз әсерін тигізуде. Әлеуметтік дарвинизм бағыты да қоғам өмірін адамдардың өмір сүру үшін күресінен, табиғи таңдау, тұқым қуушылықтан көреді, яғни биологиялық эволюционизм заңдылықтарын қоғамға таңады. Социобиологияға келер болсақ, олар жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жануарлардың да әлеуметтік қасиеттерінің бар екенін айтады. Мысалы, жануарлардың альтруистік түйсіктері (баласын қорғап қалу жолында өз өмірін беруге дайындығы, оған деген қамқорлығы, үйір шеңберіндегі өзара көмек беру т.с.с.) Ч.Дарвиннің ашқан биологиялық эволюционизм принциптеріне қайшы келеді. Расында да, тек қана жеке организмнің қоршаған ортаға бейімделіп, өмірін сақтап қалуынан үйір шеңберіндегі өзара бірігіп іс-әрекет жасау туындамайды. Бұл пікірмен келісуге болады. Сондықтан олар эволюциялық үдеріс тиімді жүруі үшін, жеке организммен қатар үйір болып қоршаған ортаға бейімделу қажеттігін көрсетеді. Олай болса, олар әлеуметтіліктің алғашқы негіздері үйірдің шеңберінде пайда болатыны жөніндегі қорытындыға келеді. Мұндай көзқарас даму тұжырымына қайшы келмейді, өйткені қайсыбір жаңаның ұрығы ескінің ішкі шеңберінде пайда болады. Бірақ мұндай қорытудан қоғамдағы құбылыстардың іргелі негізі биологиялық үдерістерде жатыр деп есептеу жалған болар еді. Енді әлеуметтік редукционизмге келсек, оның шынайы өкілі ретінде марксизмді қарауға болады. Бұл ілімдегі түсінік бойынша, адамның терең мәнін нақтылы түрде қалыптасқан «қоғамдық қатынастар жиынтығы» құрайды, яғни ол – оның әлеуметтілігінде. К.Маркстің жасаған коммунизм ілімінің негізгі іргетастарының бірі ретінде осы адам жөніндегі тұжырымдама жатыр. Коммунистік қоғамда тек қана биік дәрежеге жеткен өндіргіш күштер ғана емес, сонымен қатар «жаңа адам» дүниеге келеді, өйткені қоғамдық меншікке негізделген адамдар арасындағы қатынастар мен байланыстар оны қажетті түрде туды- 557 рады. Сондықтан да ол қоғамда саяси-құқықтық сала (мемлекет, құқық, түрме, тергеу мекемелері т.с.с.) керек болмай қалады, адамдар тек моральдық құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді. Осы айтылған «жаңа адамды» қалыптастыру жолында тарих қойнауына кірген Кеңес Одағында ондаған жылдар бойы халық арасында миллиондаған лекциялар мен сұхбаттар жүргізіліп, қаншама арнаулы тәрбие жұмыстары жасалса да, ол сол бұрынғы адам болып қала берді… Бүгінгі таңдағы ғылымда адамның био-әлеуметтік табиғаты мойындалды. Адамның дене ретіндегі өмір сүруі биологиялық заңдарға тәуелді. Күнбе-күнгі өмірімізде адамдардың табиғат өзгерістеріне (ауа қысымының өзгеруі, геомагниттік дауылдар, Күн сәулесінің күшеюі т.с.с. табиғи құбылыстардың адамға тигізетін ықпалы) тәуелді екенін емші болмасақ та байқауға болады. Адамның өмір сатылары да биологиялық заңдарға (өмірге келу, балалық, жастық шақтар, ересек өмір, кәрілік, дүниеден озу) тәуелді. Әрбір адамның тарихтағы қайталанбастығы да оның әке-шешесі арқылы берілген генетикалық ерекшелігінде жатқанын мойындамасқа болмайды. Мұндай деректерді жалғастыра беруге болар еді. Сонымен қатар адамның өмір сүруі мен қалыптасуы, дамуында әлеуметтік факторлардың орасан зор рөлін көрсетпесе, тағы да болмайды. Мысалы, алғашқы қауымдық қоғамда адамның орта жасы 25-те болса, қазіргі дамыған қоғамдарда ол көрсеткіш 75-78-ге келді. Егер әуенге деген аса дарыны бар сәби дүниеге келсе, оған арнаулы білім беріп, оны әлпештеп өсірсе, ол ұлы композитор немесе орындаушы болуы мүмкін. Бірақ ондай жағдай жасалмаса, оның дарыны сөніп, асып кеткенде, «ауылдың домбырашысы» ғана болып қала береді. Ғасырлар бойы қаншама аса дарынды адамдар дүниеге келіп, әлеуметтік жағдайдың жоқтығынан «ашылмаған гүл» секілді келмеске кетті десеңізші!!! Қоғам өміріндегі әрбір тұлғаны гүлдетіп, жан-жақты дамыту осы уақытқа дейін адамзаттың орындалмаған арманы болды десек те жеткілікті. Адамзаттың ғылыми-техникалық орасан зор қарқынмен дамуы бүгінгі таңда адам өміріне бұрын-соңды болмаған қауіп-қатерлерді тудыруда. Бірінші күрделі мәселе – жантүршігерлік күші бар соғыс қару-жарақтарының жыл сайын жаңа түрлерінің пайда болуы. Егер бұрын жеке адамдар өлгенімен, бүкіл адамзат өмірде қала беретініне ешкім күмәнданбайтын. Бүгінгі таңда адамзат толығынан құрып кетуі мүмкін. Ол әрбір адамды алаңдатып отыр. Екінші үлкен қауіп – экологиялық апаттың бүкіл жер бетінде етек алып кетуі мүмкіндігі. Өйткені лас ауа мен суға қоятын мемлекеттік шекара жоқ!! Бүгін адам өмір сүруінің екі жағы бір-біріне қайшы келді. 558 Бір жағынан, біз табиғаттың ажырамас бөлігіміз, ол – біздің арғы анамыз. Екінші жағынан, саналы адам алдындағы жатқан дүниені таныпбіліп, өз мүдделеріне сай өзгертеді. Сол себепті көп жерлер ластанып, өсімдіктер мен жануарлардың біршама түрлері өмірден келмеске кетті, табиғат әлсіреуде. Табиғаттың байлығы шексіз, одан қаншалықты алсаң да азаймайды деген бұрынғы заманда қалыптасқан пікір жалған болып шықты. Табиғат алдымызда жатқан «айнала қоршаған орта» ғана емес, ол – біртұтас орасан зор организм, «үлкен жүйе», оның ішіндегі барлық элементтер бір-бірімен миллиардтаған жылдардың ішінде тиімді байланыс құрды. Адамзаттың өзі осы жүйенің ішінде белгілі бір орын алады. Сондықтан адамзат ғылым мен техниканы пайдаланудың жаңа стратегиясын жасамай, өз-өзін құртып алуы мүмкін. Жоғарыда айтылған қауіп-қатерлерден кем емес, бірақ та қоғамдық сананың назарына әлі дұрыс ілікпеген үлкен мәселе адамның тұлға ретіндегі био-әлеуметтік табиғатын сақтап қалуы болып отыр. Кейбір ғалымдар оны «антропологиялық дағдарыс» дейді. Оның терең мәні – адамзат жыл сайын ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйене отырып, өз дүниесін күрделендіруде. Ол оның жақсы жақтарын пайдаланғанмен, өмірге келеңсіз, өз табиғатына қарсы жатқан салдарларды тудырып, көп жағдайларда оны бақылай алмай қалады. Адам дүниені қаншалықты терең өзгерткен сайын, соншалықты теріс әлеуметтік факторлар пайда болып, оның өмір сапасын төмендетеді. Дүниенің тез қарқынмен дамуы адамды өз ұлтының әдет-ғұрыптарынан айырып, басқа мәдени үлгілерді игеруге, «ол жақта, я болмаса бұл жақта да емес» маргиналдық ахуалға әкелетінін бүгінгі таңдағы реформа барысында көріп жүрміз. Енді мәселені нақтылай түсіп, бүгінгі таңдағы Қазақстан қоғамын адами тұрғыдан талдасақ, біздің мемлекеттің бұл мәселеге көп көңіл бөліп жатқанын байқаймыз. Негізгі жетістік – адамдардың қоғам өмірінің қай саласы болса да, белсенділік көрсетуіне, яғни олардың өз ынтасының арқасында дамуына жол ашылды. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елде қаншама жастар өнер, білім, спорт, саясат, экономика салаларында шығармашылық деңгейге көтеріліп, өз мүмкіндіктерін өмірде іске асырып жатыр! Десек те, істейтін нәрселер әлі – шаш етектен. Ең алдымен елде етек алып кеткен туберкулез, гепатит сияқты «әлеуметтік ауруларды» алсақ, ішетін суды, ауаны тазартпай, жейтін тамақты күшейтпей, оларды жеңе алмаймыз. Жұмыссыздық, көп жастардың баспана мәселесінің көп жылдар бойы шешілмеуі де адам дамуының әлеуметтік факторына жатады. Қорыта келе, адамның биологиялық және әлеуметтік жақтарын ажыратпай, бір-бірімен байланыстырып қарау керектігін баса айтуымыз қажет.

  1. Адам ґмірініѕ маєынасы жјне ґлім мјселесі.

Адам дүниеге қатысты неше түрлі ұғымдар мен бейнелерді тудырып, солар арқылы кеңістік пен уақыттың шектеуінен ой арқылы шығып кету дәрежесіне көтеріледі. Ол – заттар мен құбылыстардың ішкі сырын аша алатын пенде. Ол неше түрлі рухани құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді, сонымен қатар оларды жойып, тіпті өзін жойып жіберетін кездер де болады. Ең соңында, адам – өз-өзін бақылап, баға беріп, өзімен өмір мен өлім туралы сұхбаттаса алатын пенде. Егер жануарлар өз табиғатына сай өмір сүрсе, адам алдында: «Мен неге дүниеге келдім?», «Не үшін өмір сүруім керек?», «Қалай өмір сүруім керек?» деген т.с.с. сұрақтар пайда болады. Оның себебі жоғарыда көрсетілген адамның ішкі рухани өмірінде жатыр. Міне, бұл қойылған сұрақтар адам өмірінің мән-мағынасын анықтауға итереді. Адам өмірінің мән-мағынасы – ғасырлар бойы талданып келе жатқан мәселе. Өмір өзгерген сайын болашақта да бұл мәселе талай рет көтерілетіні сөзсіз. Яғни бұл адамзаттың өзіне қойған «мәңгілік» сұрақтарының біреуіне жатады. Орыстың ұлы ойшылы Л.Н.Толстой: «Адамның ішінде екі «мен» бар сияқты және олар бір-бірімен сыйыспай, күресіп жатқандай», – дейді. Бір «мен»: «Мен ғана нағыз өмір сүріп жатырмын, қалғандардың бәрі өмір сүріп жатқан сияқты ғана, сондықтан бүкіл дүниенің мән-мағынасы маған деген жақсылықтың болуында», – дейді. Екінші «мен»: «Бүкіл дүние саған емес, өз мақсаттарына қызмет етеді, сондықтан бұл өмірде саған жақсы ма, әлде жаман ба, ол оны білгісі де келмейді», – дейді. Бұл өмір сүруге қорқыныш сезімін әкеледі», – деп қорытады ұлы ойшыл. Әрине, адамның ішкі өмірі неше түрлі қайшылықтардан тұрады. Бірқатар жағдайда біз тек ақыл-оймен ғана емес, түйсіктер, ішкі көкейкөз арқылы бір нәрселерді (жақсы, я жаман болсын) жасауымыз ғажап емес… Адам өз өмірінде, басқа тіршіліктер сияқты, әртүрлі қажеттіліктерін өтейді. Жалғыз ғана дәулетке жету адамды қанағаттандырып, оның өмірінің мән-мағынасын құрай алмайды. Оның сыртында талай рухқа негізделген адамның қажеттіліктері тұр. Уақытында американ ғалымы А.Маслоу адам қажеттіліктерінің төменнен жоғары көтерілетін тізбесін жасаған болатын. Ең төменгі сатыда – басты физиологиялық (тамақтану, тыныс алу, қозғалу, киім, баспана т.с.с.) жыныстық (дүниеге ұрпақ әкелу) қажеттіліктер. Екінші сатыда – экзистенциалдық қажеттіліктер (қауіпсіздік, ертеңгі күнге деген сенімділік, өмір сүру жағдайларының және қарым-қатынасқа түсетін қоршаған адамдардың тұрақтылығы т.с.с.). Үшінші – әлеуметтік қажеттіліктер (басқа адамдармен бірігіп, қарым-қатынасқа түсіп, солардың сый-сияпатына ие болу). Төртінші – абырой қажеттілігі, яғни беделді басқалардың назарына ілігу, еңбек 560 сатыларымен жоғарылау, жоғары тұлғалық бағаға ие болу т.с.с. Бесінші – рухани қажеттіліктер – шығармашылық арқылы өз мүмкіндігіңді өмірге енгізу, іске асыру. А.Маслоудың ойынша, төменгі қажеттіліктер өтелмейінше, жоғарғылар әлі де болса адамға қызықты емес. Өтелген қажеттіліктер өз күшін жойып, адамды жоғарғы қажеттіліктерді игеруге итермелейді. Егерде төменгі қажеттіліктерді өтеу қоғамның даму деңгейіне байланысты қиын мәселеге айналса, ол адам өмірінің негізгі мән-мағынасына айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда қаншама адам «нан табу» мәселесінің шеңберінен шыға алмай жүр! Оны тарихи қалыптасқан қоғам өмірінің кемшілігі ретінде қарау жөн болар. Сөйтіп, өмірдің ең биік мән-мағынасы шығармашылық сатыға көтеріліп, өз қабілеттеріңді іске асыру, соның арқасында өз тұлғаңның ерекше орнын анықтап, қанағаттану болмақ. Ондай адамға тән нәрселер: – өмірдің әрбір күнін теңдесі жоқ сый ретінде қуанышты сезіммен қабылдау; – басқаларды өзіңді сияқты бағалап қабылдау; – басқаларға тәуелді болмау, әр мәселе бойынша өз пікіріңді көрсете білу, өзгелердің пікірін де қабылдап сыйлау; – өз таңдаған ісіңді сүю, шығармашылық деңгейде игеру; – өне бойы өз қабілеттеріңді ары қарай дамытуға тырысу; – мақсат-мұратқа жететін құралдарды таңдау, жақсылық пен жамандықты, сұлулық пен түрсіздікті айыра білу; – қай жерде болса да, өзіңді қарапайым күндегідей ұстай білу; т.с.с. Адам өмірінің мән-мағынасы жөнінде арнайы еңбек жазып, құнды пікірлер айтқан ХХ ғ. өмір сүрген австриялық ұлы ойшыл В.Франкл болды. Ол бүгінгі адамның өмір ахуалына тоқтала келе, оның қиындығы жайында сыр шертеді. Бүгінгі адам жануарлар сияқты түйсіктің, кешегі қоғамдағы сияқты әдет-ғұрыптың талабына сай өмір сүре алмайды. Сондықтан ол басқалар сияқты болғысы келеді (конформизм), немесе басқалардың айтқанын істейді (тоталитаризм). Ол оның рухани дағдарыста екенін, өмірдің мән-мағынасын әлі таба алмағанын көрсетеді. Нәтижесінде, адам «экзистенциалдық вакуумға» (өмір сүрудегі мәнсіздікке) келіп тіреледі. Ондай адам әлеуметтік ауытқушылыққа ұшырауы мүмкін. Олар: нашақорлық, ішімдікке салыну, қылмыстыққа бару, құдайды іздеу жолына түсу, өз-өзін өлтіру т.с.с. Батыс қоғамында кең тараған жалған көзқарас ретінде В.Франкл өмір мәнін байлықтан іздеуді келтіреді. Мысалы, әке-шешесі өз баласына барлық жағдайды жасап, не қалағанын алып береді де, оның алдындағы өз борышын орындағандай сезінеді. Ал ол баланың ішкі жан дүниесі қандай, кім болғысы келеді, нені қиялдайды т.с.с. – оған 561 көңіл бөлуге олардың қолдары да тимейді. Ақырында, киімі көк, тамағы тоқ бала көзді ашып-жұмғанша ересектік сатыға келеді. Балалық қиялдарының бәрі артта, ерекше тұлғалық дәрежеге көтерілген жоқ, өмірден өз орнын таба алмай қалды. Не істеу керек? Бұл сұраққа ол жауап бере алмайды. Бұл қиын ахуал кездейсоқ біреудің есірткі ұсынуымен аяқталады. Ол оны қабылдап, өз армандарын орындаған сияқты тәтті сезімге бөленеді. Ішімдік – аз уақыт болса да «ащы шындықтан қашуға» тең нәрсе. Мұндай сараптауды жалғастыра беруге болар еді. Оқырман оны жақсы түсінді ғой деп ойлаймыз. Әңгіменің қиындығы – өмірдің мән-мағынасын тудыруға, жасауға болмайды, оны тұлға өзі іздеп тауып алуы керек. Бұл дүниеде өмірге келген әр адамның өз орны бар, сондықтан әркімнің өмірінің мәнмағынасы да өзгеше. В.Франклдің айтуынша, бұл өмірде әр адамға өзіне керек іс тауып, қайсыбір ахуалдың шеңберінде өмірлік мән-мағынаны ашуға болады. Біреу өмірінің мән-мағынасын балаларын жеткізуден, екінші – табиғи дарынын ашудан, үшінші сүйген адамы үшін өмір сүруден т.с.с. көруі мүмкін. В.Франклдің ойынша, жалпылай келе, өмірлік мән-мағынаны үлкен үш топқа бөлуге болады. Оның ең биігі – шығармашылық құндылықтарға жету, яғни тарихта бұрын-соңды болмаған жаңаны тудыру. Ол үшін, әрине, табиғи дарыннан тыс, сол саланы толығынан игеріп, шыңына жету керек. Ол, негізінен, дегдар топтарға тән нәрсе. Бірақ, кең түрде алғанда, шығармашылық – адамның тектік қасиеті. Сондықтан әр адам өзінше шығармашылық сатысына көтеріледі. Мысалы, талай жылдар гүл өсіріп, осы істі сүйетін адам күндердің бір күнінде гүлдің бір жаңа түрін тудырмай қоймайды. Киім тоқитын көп балалы әйел журналдағы көп өрнектерді игереді де, күндердің бір күнінде өз өрнегін ойлап шығаруы мүмкін. Бәлкім, ол өрнек сән журналында басылмас, бірақ ол шығармашылық деңгейге көтерілді емес пе?! Егер қайсыбір нәрсені бұрынғыдай емес, жаңа жолмен, әдіспен жасасаңыз, ол да шығармашылықтың нышаны болмай ма? Көп жағдайда өз өміріңнің мән-мағынасын жоғалтып алмас үшін, белгілі бір алдыңа қойған мақсатқа жете алмасаң да, соған деген көзқарасыңды өзгертсең болғаны. Оны В.Франкл «құндылықтарға деген көзқарас» деген ұғыммен береді. Ондай ахуал қарапайым адамдардың арасында қиын-қыстау заман кезінде жиі кездеседі. Мысалы, құндыздан тігілген қымбат киімді армандап, сол себепті дұрыс ұйықтай алмай, жүйкесі тозып жүрген сұлу бикеш өз көзқарасын өзгертіп, Джина Лолобриджида секілді осы құндылыққа деген өз көзқарасын өзгертсе (аңның терісінен киім кию – соларды өз қолыңмен өлтіргенмен тең), я болмаса үнді халқының тудырған «еш тіршілікті зәбірлемеу» философиясын 562 қабылдап, басқа материалдан тігілген киім алса, мәселе сол сәтте-ақ шешілер еді. Адамның өмірінде тіпті ойға келмейтін қиын жағдайлар туып (соғыс, жер сілкінуі, түрмеге түсу, қатерлі ісіктің пайда болуы т.с.с.) қолынан еш нәрсе келмей, тағдырдың тәлкегіне түскен кезде, ол өмірінің мән-мағынасын жоғалтып, түңілуі мүмкін. Ондай жағдай болмағанның өзінде әр адам өз өмірінің аяғында «қайғылы үштіктен» (зардап, күнә, өлім) өтеді. «Осындай жағдайдың өзінде адам өз өмірінің мән-мағынасын жоғалтып алмауы керек», – дейді В.Франкл. Адам «ой-толғау құндылықтарына» көшуі керек, сонда зардап шегудің өзінен жан-дүниені тазартатын, көп нәрселерге жаңа баға берілетін мәнмағынаны табуы мүмкін. Осы арада біз үлкен экзистенциалдық мәселеге – өлім мен өлместікке келіп тірелдік.

Өмірдің өліммен аяқталатынын әрбір адам біледі. Бұл дүниеге келгеннен кейін уақыты келгенде кету керек. Ол бізге тәуелді емес, қолымызда тұрған жоқ, ол – табиғи заңдылық. Адамзаттың мыңдаған жылға созылған өмір тәжірибесі бірде-бір өлген адамның тіріліп, өмірге қайта келгенін көрсеткен жоқ. Әсіресе жақын адамдардың бұл дүниеден кетуі біздің жандүниемізде ауыр жаралар қалдырады. Енді біз оларды ешқашанда көре алмай, іштегі сырымызды айтып, бірге қуанып, сонымен бірге қайғы-қасіретімізді бөлісе алмаймыз. Бары де өткен шақтың қойнауына кетті. Сол сәтте біз өзімізді де сондай тағдыр күтіп тұрғанын үрейлене аңғарамыз. Сонымен қатар біз ақыл-ой таразысына «мәңгілік өмір сүру» мәселесін салсақ, онда оны адамға берілген ең ауыр жаза екенін байқауға болар еді. Өйткені егер адам шексіз өмір сүре берсе, онда оның еш мән-мағынасы болмай қалады. Шексіз өмір жөніндегі ой өрісі бүгінгі күннің ашынған өзекті мәселелеріне немқұрайды қарауды тудырып, қоғам өмірі мелшиіп, бір орнында тұрып қалар еді. Мәселеге терең қарағанда, өмірдің мән-мағынасы болуының өзі оның өліммен бітетінінде болса керек. Расында да, біле білген адамға өмірдің шектелгені әрбір күн мен жылды, минут пен сағатты бағалауға, тиімді жұмсауға итереді. Өйткені өмірді ешқандай байлыққа сатып алуға болмайды, бірақ оның бір ғана өлшемі бар, ол – «Ұлы мәртебелі Табиғаттың» (немесе, егер адам сенімде болса – Құдайдың) әр адамға берген өмір жасы, яғни уақыты. Бұл дүниеде бірде-бір жасалған ұлы нәрсені істеген адамдар, әрине, өз өмірінің шектелгенін біліп, сондықтан 563 асығып, «соны үлгірсем екен» деген ой-үмітпен оларды аяқтады емес пе?! Егер ол мәңгілік өмір сүрсе, сол ұлы істерді бастамас та еді ғой!! Антика дәуіріндегі стоиктер: «Өлімді есіңнен шығарма!» – деген болатын. Оның терең мәні – өз өміріңде әр іс-қимыл, басқа адамдарға деген қатынастар, айтайын деген сөзіңді өмірдің соңындағы сияқты сезінуде. Мұндай өмірлік бағытты ұстау – адам өміріндегі қайсыбір уақиғаны терең сезініп-тебіренуге, мейлінше мазмұнды өмір сүруге әкеледі. Жайшылық өмірде байқалмайтын кішігірім нәрселерге көңіл бөлініп, дүниенің ғажаптығы айқындалып, сезіледі. Бұл дүниеде қайсыбір тіршілік формасы, – соның ішінде адам да, – бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып, өз өмірін жалғайды. Табиғаттың «даналығы» осында. Соның арқасында алға өрлеу, даму бар. Әр адам өлімді адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, адамның сақал-мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенше өсе береді… Егер адамның жүрек қысымы өсіп, оның миына қан құйылса, ол ешкімді танымай, өзіндік санадан айырылғанмен, талай айлар төсек тартып, тірі болып қала беруі мүмкін. Бірақ ол тұлғалық қасиеттерден толығынан айырылды. Кейбіреулер ондай адамға «тірі өлік» деген ат береді… Уақытында ұлы Платон: «Философия ғылымы бізді абыроймен өлуге үйретеді», – деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын «гүлге қонған көбелек» сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастайды. Бірақ көп жағдайда «Ұлы мәртебелі Табиғат» оларды аяқтауға уақыт бермейді. Ондай адам өлер алдында бұлқан-талқан болып, бүкіл ағайын-туғандарын аяқтарынан тік тұрғызып, көп жағдайда азапқа салады. Ондай адамға өлер алдында: «Әттең-ай!» деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді. Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, жан-дүниесінің мәңгі өмір сүретініне үміттеніп, өмірмен қоштасады. Үшіншілер бұл күйбең өмірде ішіп-жеу, ойын-сауық құру, әр сәттен ләззат алудан басқа еш нәрсе жоқ деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ оқтын-оқтын мешітке барып (кім біледі, мүмкін Алла тағала бар шығар деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады) садақа беріп, дұға оқытады. Бірақ бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді. Енді Платонның айтқан философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл табиғаттың, ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей-теңіздегі бір ғана тамшы ретінде сезінеді. Ол оны 564 үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үдеріс екеніне көзі жетеді. Ондай адамды өлім үрейлендіре алмайды. Бесінші адамдар өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып, өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш-қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден шаршаған сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірін толығынан аяқтады. Ешқандай өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол – нағыз адам. Ондай адам көп жұрттың есінде мәңгілік қалады. Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде «аутоназия» (auto – өзім, nazіa – өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып «эвтаназия» дейді. Әңгіме адамның өз еркімен қоғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни оның суицидтен – өзін-өзі өлтіруден айырмашылығы – ол қоғамның рұқсаты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік-сезімдік ләззат алу өмір бағытын ұстаған Батыс адамы өмірінің соңында да еш зардап шекпей, бұл өмірден тәтті ұйқыға шомып кете барғысы келеді. Енді бұл мәселені біз де талдап көрелік. Бір қарағанда, бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде қабылдауға болады. Расында да, егер адам қатерлі ісікпен ауырып, қатты зардап шегіп, немесе қартайып, қолынан күш кетіп, ешкімге керек болмай қалған т.с.с. жағдайда қоғам ондай адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектесуге де болатын сияқты. Бірақ мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір жайындағы терең интуицияларға (көкейкөзге) қайшы келеді. Бұл дүниеге келген әр адам Иса пайғамбардың арқалаған ауыр жүгіне мойынсұнуы керек. Екіншіден, бірде-бір адам өмір соңында «қайғылы үштікті» (зардап, күнә, өлім) аттап кете алмайды. Ол да болса өмірдің соңғы тәжірибелерінің бірі, қоршаған адамдарға ой салатын өнеге емес пе?! Соңғы өмір зардаптарынан өту – адам рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан дүниесін тазартып, адамның бұл дүниемен абыроймен қоштасуына мүмкіндік жасайды. Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл әлемде адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан ешкімнің де адам өмірін қиюға (соның ішінде адамның өзін-өзі де) құқы жоқ. Аутоназияның моральдық-құқықтық жағына алып қарасақ, ғалымдардың айтуынша, заңды түрде оны өмірге енгізгенде, неше түрлі басқа теріс салдарлар пайда болуы мүмкін. Мысалы, адамның дене мүшелерін сату, екіншіден, адам жүрегіне үрей салып өмірден кету жөнінде шешімге келуге мәжбүрлеу сияқты келеңсіз жағдайлардың орын алуы ғажап емес. 565 Бүгінгі таңда тек Голландия елінде парламент деңгейінде аутоназия жөнінде заң қабылданып, ол іске асуда. Енді келесі үлкен мәселені – өлместікті талдауға уақыт келген сияқты. Бұл мәселенің адам өмірі мән-мағынасымен тығыз байланысты екенін сол сәтте байқауға болады. Егер бұл дүниеге келген адам өз ізін қалдырмаса, онда ол не үшін келді, оның жаңбыр құртынан айырмашылығы қандай деген сұрақ туады емес пе! Өлместік мәселесі қайсыбір діннің өзегін құрайды. Құдайдың бар, я болмаса жоқ екенін ешқашанда ешкім дәлелдей алмаса да, миллиардтаған адамдар осы уақытқа дейін Оған сенеді, өйткені өлместікті аңсайды. Өлместік идеясы сонау көне заманда адамдардың өлімнен қорқу сезімінен бастау алады. Көне Үндістан және Мысыр елдерінде адам өлгенде оның жаны басқа денеге көшетіні жөніндегі идеялар қалыптасты. Буддизмдегі мойындалатын нәрсе – жан әрбір жаңа денеге көшкен сайын өз күнәсінан тазара береді. Көне гректер адам өлгеннен кейін оның екінші өмірі басталады деген пікірде болған. Олардың ойынша, құдайлар мен адамдардың арасында онша көп айырмашылық жоқ, өйткені жақсы адам өлгеннен кейін өлместік сыйына ие болып, құдайлардың қатарына кіреді. Ал құдайларды алып қарасақ, олар өмір сүріп жатқан адамдарға келіп, қарым-қатынасқа түсіп, тіпті жердегі әйелдер олардан аса күшті ер балалар, я болмаса аса сұлу қыз балаларды туады екен. Мысалы, Геракл Зевс құдайы мен Алкмена деген әйелден туыпты-мыс. Бүгінгі таңдағы иудаизм, христиандық және ислам діндері адам өлгеннен кейінгі оның жан дүниесінің өлместігін мойындайды. Дегенмен де бүгінгі таңдағы бірде-бір дін өмір, я болмаса, өлімнің не екенін түсінікті етіп адамға жеткізе алмайды. Идеалистік философиядағы өлместік жөніндегі ойлар діни көзқарасқа өте жақын. Алайда мыңдаған жылдарға созылған адамзат тәжірибесінде ешкім де қайта тірілген жоқ және қазіргі білімді адамға «о дүниеде денесіз мәңгі өмір сүретін жанды» көзге елестету өте қиын шаруа екенін ашық айту керек. Көп адамдар оған сенбейді де. Олай болса, өлместік деп нені түсінуге болады? Бүгінгі таңдағы ғылыми деректерге сүйене отырып, біз тіпті дене ретінде де мүлде өшпейтінімізді айтып кетуіміз керек. Өйткені өмір жаңа өмірді тудырып, өз өмірін жалғастыра береді. Біздің бет-әлпет, мінез-құлық, сезім, дене бітім, табиғи дарын т.с.с. ерекшеліктеріміз толығынан болмаса да, болашақ ұрпақтарға дариды. Олай болса, біз толығынан бұл өмірден кетпейміз, бала, немере өмірі арқылы қала береміз. Енді адамның жан дүниесі, рухына келер болсақ, ұлы адамдардың шығармашылық ісі адамзат тарихында мәңгілік сақталады. Абай, Құрманғазы, Шоқан, т.с.с. мыңдаған қазақ халқы тудырған асылдар 566 өз шығармашылығымен тарихта мәңгі өмір сүреді. Олардың тудырған рухани құндылықтарынан біз мәңгіліктің қоңыр лебін сезінгендей боламыз. Енді миллиондаған қарапайым адамдардың тағдырына келсек, олардың өлместігі – өз өмір шеңберіндегі жасаған басқа адамдарға деген жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде бізбен бірге өмір сүріп қала береді. Ұлы Конфуций айтқандай, жақсы адам халықтың сый-сияпатына ие болса, жаман адам, ит сияқты, бір шұңқырда ұмыт болып қалады. Десек те, әрине, қазіргі адам мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол шынайы өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта адам өмірін бейнақтылы ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, біздің ойымызша, ол жалған жол болса керек. Әрине, гендік инженерияның жетістіктеріне сүйене отырып, тұқым қуатын аурулармен күрессек, ол жақсы. Ал адамның өмірін гендік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін екенін ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, адам дүниедегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін, оның өмірі мен денесіне жасанды тәжірибелер жасау қылмыс болар еді (адам көлбақа емес қой). Мәселенің ғылыми емес, моральдық жағына келер болсақ, бірдебір жер бетінде өзі тудырған қауіп-қатерді адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке адамның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс немесе экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Осы адамға шынайы өлместіктің керегі қанша, егер ол күнбе-күн соғыс-қақтығыстарда бір-бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса деген заңды сұрақ дереу ойға келеді. Қорыта келе, шынайы өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргелі табиғат заңдылықтарына қайшы келеді дер едік. Әңгіме бізге берілген теңдесі жоқ сый – өмірді, бақытты мүмкіндіктерді іске асыруда, өмір шеңберінде үлкен маңызды істер жасап, өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет