Ғылым философиясы.
Ғылым философиясы – философияның ғылымды адам іс-әрекетінің ерекше аясы әрі ұдайы дамудағы таным жүйесі ретінде қарастыратын бір саласы.
Ғылыми танымды гносеология және методология тұрғыдан зерттеу тарихы әріден басталғанымен, Ғылыми философия 20 ғ-да ғана дербес пән ретінде қалыптаса бастады. Ең алғаш бұл термин О.Конт, Э.Литтре, Г.Спенсер, т.б. ғалымдар еңбектерінде қолданылды. Олар ғылым тілін филос. тұрғыдан зерттеу әрекеттері тек формальды (матем.) логиканың шеңберінде жүзеге асуға тиіс, ал ғыл.-теор. ұғымдарды эмпирикалық таным, тәжірибе сынағы арқылы негіздеуге болады деп тұжырымдады. Бұл тұжырым бойынша, ғылым – адамның ең жоғары ісі, ал ғылым философиясының бір ғана міндеті – тұтастай ғылымды, оның пәндік салаларын логикалық-методол. тұрғыдан қамтамасыз ету. Бертін келе бұл тұжырымдаманың сыңаржақтылығына көзі жеткен ғалымдар ғылым философиясының зерттеу нысандарына елеулі өзгерістер енгізді. Енді ол ғылымның құрылымымен қатар тарихын зерттеуге ден қойып, бұрыннан белгілі проблемалармен қатар жаңа пәндік мәселелерді, олардың қалыптасу үрдісін қарастыра бастады.
Ғылымның теориялық сатысының белгілі бір шамада тәжірибеге тәуелсіз екендігін мойындап, жаңа ғыл. білімнің табиғатында тәжірибесынақ арқылы дәлелдеу мүмкін емес дүниетанымдық көзқарастардың, методол. принциптердің болатынына көз жеткізді. Бірақ ғылымның даму заңдылығын, оның қызметтік міндеттерін дұрыс түсіндіре алатын методол. ұстын – диалект. көзқарас қана. Сананың техникаландырылу деңгейінің артып, компьютерлік дүмпудің өркениет өресіне тікелей әсер етуі, сол арқылы ғылым функциясының кеңейіп, қоғамның өзге салаларымен, алуан текті мәдениет тұрпаттарымен байланысының күшеюі ғылым философиясының алдына күрделі мәселелер қойып отыр. Сондықтан ғылым философиясы ғылыми танымның логикалық-гносеология проблемаларымен қатар ғылымның әлеумметтік-философия және этика-этника мәселелерін зерттеуге тиіс. Ғылым философиясы мен методологиясының қазақстандық мектебі (негізін қалаушы Ж.Әбділдин мен Ә.Нысанбаев) отыз жыл бойы осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі қоғам өмірін ғылым мен техникасыз көзге елестету мүмкін емес. Ғылым – дүниетану, жалпы алғанда, рухани өндірістің қалыптасқан ерекше түрі. Оның өз мекемелері (ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар т.с.с.), ғылыми қауымдастықтары, зерттеу жабдықтары, ақпарат алмасу (журналдар, конференциялар т.с.с.), қаржы орталықтары т.с.с. бар. Ғылымның негізгі мақсаты – адамзат қажеттіліктерін өтеу жолында соған керек білімді өндіріп, оны іс жүзінде өмірде пайдалануға болатындай етіп, қайта өзгерту. Екіншіден, барлық ғылым салаларынан шығатын деректер мен тұжырымдар, теориялардың басын біріктіріп, олардың өзара байланыстарын анықтап, «Дүние жайында ғылыми сурет» жасау болмақ. Соңғының негізінде адамдардың дүниеге деген көзқарасы қалыптасады. Әрине, ғылым дамыған сайын «дүниесурет» те өзгеріске түседі. Мыңдаған жылдар бойы ғылым ұрықтары философияның ішінде пайда болып, дамыды. Математиканың (геометрия) негіздері жер өлшеу, су арналарын өткізу т.с.с., астрономия көшіп-қонудағы аспанға қарап бағыт алудан, Орта ғасырлардағы алхимия байлықты өсіру (қорғасынды алтынға айналдыру) іс-әрекеттерінен пайда болды. Дегенмен де бүгінгі ғылым өз түп-тамырларымен Жаңа дәуірге, яғни капитализмнің тарихқа 470 келуімен байланысты дүниеге келеді. Оның отаны – Еуропа топырағы. Егер Батыс пен Шығыс елдерінің даму қарқыны мыңдаған жылдар бойы біркелкі болса, ХVI ғасырдан бастап Еуропа ғылыми зерттеулерді дамыту барысында тез қарқынмен алға өрлей бастайды. Шығыс елдері ғылыми-техникалық салада артта қалады. Енді мұндай өзгерістердің себебі неде деген сұрақ қойсақ, оған ғылыми әдебиеттен әртүрлі жауап аламыз. Бұл мәселені егжей-тегжейлі талдаған неміс философы К.Ясперс оның түп-тамырын христиан дінінің адамға беретін рухани бағытынан көреді (Киелі кітап этосы адамнан, – ол қандай зардаптан өтсе де, – ақиқатқа жетуді талап етеді). Екіншіден, «дүниені Құдай жаратқаннан» кейін, М.Лютер айтқандай, «Құдайдың ісін биттің ішінен-ақ көруге болады», осы себепті, таным дегеніміз Құдай ойының ізімен жүру болса керек. Үшіншіден, бұл дүние зардап пен қайғыға толы болғаннан кейін, Құдайды ақтау жолында солардың түп-тамырын зерттеп, олармен күресе білу қажеттігі. Әрине, бұл көрсетілген рухани себептердің өз орны бар. Бірақ, біздің ойымызша, К.Ясперс христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі – Құдай адамды Өзіне ұқсатып, осы жаратылған дүниенің әміршісі қылып жаратты деген қағидасына мән бермегендей. Ал, шынына келгенде, осы қағида ғылымның христиан әлемінде тез қарқынмен дамуына зор әсерін тигізсе керек. Дүниенің ішкі сырын ашып, оны өз пайдасына жаратып, ақырында сол табиғатты өз еркіне көндіру – талай ғасырлар бойы жаратылыстану ғылымдарын дамытудағы бағыт болды десек, ақиқаттан алшақ болмайтын сияқтымыз. Өйткені біршама Батыс ойшылдарының өзі-ақ бүгінгі таңдағы Еуро-Атлантикалық цивилизацияның терең дағдарысын осы себептен көруде. Бірақ бұл мәселенің әлеуметтік-экономикалық жағы тағы да бар. Ол Еуропа топырағына Қайта өрлеу заманының келуімен тығыз байланысты (ХV-ХVI ғғ.). Осы кезде Италияда теңіз саудасы мен балық аулау, мата тоқу т.с.с. кәсіптердің дамуы арқасында біршама шаруалар өз қожайындарынан жеке бас бостандығын сатып алып, «жаңа байларға» айналып, шеберханаларында өз еркімен келіп, жалданып істейтін еңбек күшін пайдаланады. Сөйтіп, капиталистік экономикалық қатынастардың негізі пайда болып, тез қарқынмен дами бастайды. Соңында болған буржуазиялық-демократиялық революциялар барлық адамдарға бас бостандығын әкеліп, бүкіл халықты заң жүзінде теңейді. Жаңа қалыптасқан жағдайда әр адам: «Мен не істеп өз жағдайымды дұрыстай аламын, қалай отбасымды асыраймын», – деген ойға келіп, ізденіске кіріседі. Осы миллиондаған адамдар белсенділігінің арқасында капитализм өндіргіш күштерді орасан зор қарқынмен дамытады. Ал ол үшін табиғатқа бет бұрып, оның заңдылықтарын ашу арқылы ғана жаңа 471 құрал-жабдықтар, технологиялар жасау мүмкін еді. Міне, біздің ойымызша, ғылымның ерекше салаға айналып, дамуының негізінде жатқан негізгі себеп осы болса керек. Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген рухани себептерді де ескеру қажет. Қорыта келе, ғылым мен техниканың даму сатыларын былайша көрсетуге болады: 1) ғылымға дейінгі саты (көне заманнан ХV ғ. дейін); 2) қазіргі ғылымның қалыптаса бастауы (ХVI – ХIХ ғ. 70 жж.); 3) классикалық ғылым мен техника сатысы (ХІХ ғ. 70 жж. бастап ХХ ғ. ортасына дейін); 4) ХХ ғ. ортасынан бастап, осы күнге дейін (постклассикалық саты). Енді ғылыммен тығыз байланысты екінші «техника» ұғымын талдауға уақыт келген сияқты. Гректің «техне» деген сөзі алғашқыда «өнер», «шеберлік» деген мағынада қолданылды. Бүгінгі таңда «техника» деп барлық қоғамның салаларында қолданылатын неше түрлі құралдарды айтамыз. Ф.Энгельсті еске алсақ, адамның өзі-ақ еңбек құралдарын жасау арқылы жануарлардан бөлініп, саналы пендеге айналған жоқ па? Егер жануар айнала қоршаған ортаға өз дене мүшелерін жетілдіру арқылы бейімделсе, адам, керісінше, өз дене мүшелерінің жалғасы ретінде неше түрлі жасанды заттарды жасайды да, оларды табиғат пен өзінің екі ортасында орналастырып, қоршаған ортаны өзгертеді. Егерде жануардың дене мүшелері оның өміріне керек белгілі бір қызметті істеуге мыңдаған жылдары бойы бейімделіп, өзінің мәресіне жетсе, адамдікі ондай жетілген болмаса да, өзінің жанжақтылығымен көрінеді. Мысалы, адамның қолын алайықшы: оның жан-жақтылығы соншалықты, тек таңғаласың. Бұл жолда дәрігерлердің микроскоппен жасайтын операциясынан бастап, алып механизмдерді жүргізетін дәрежеге дейін неше түрлі деректерді келтіруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |