Қадірменді туыстар!
Бүгінгі құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі
қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу, ұлтымыз-
дың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында
ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрілетінін талқылау.
Қазақ диаспорасының қалыптасуы – зерделі жанды
таң қалдыратын құбылыс. Әрбір үш адамның біреуі
атамекенінен жырақта жүрген қазақтан басқа халықты
атау қиын шығар. Қазір әлемнің 40-тан астам елінде
3,5 млн-дай қазақ өмір сүріп жатыр. Қытайда, Монғо-
лияда қазақ ұйысып отыр, ағайындарымыз Түркияда,
Иранда, Ауғанстанда көп, Еуропада да аз емес, Аме-
рикада, Канадада, тіпті алыстағы Австралияда да бар.
Әрқайсысының тағдыры, тұрмыс халі әртүрлі. Құбатө-
бел күн кешіп жүргендері де баршылық, дәулеті тасып,
айбыны асып тұрғандары да табылады. Бірақ бәріне
тән, бәріне ортақ нәрсе – сағыныш, атамекенді аңсау.
Шетелдік сапарларға шыққанда, отандастарымыз іздеп
176
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
келіп, ой-арманын, мұң-мұқтажын айтып жатады. Сыр-
ласа қалсаң, сай-сүйегің сырқырайды, арман-тілектерін
тыңдасаң, жан-жүрегің елжірейді.
Шеттегі қазақтардың халықтық дәстүрлерді сақтауы
сүйсінтеді, тәнті етеді. Өткен жылы Түркияға сапар
кезінде Ыстамбұл әуежайында жиналған ағайындар-
дың: «Ақсарбас!», «Ақсарбас!» – деп қол жайып, бірден
үш ақсарбас шалғаны бізді қатты тебірентті. Мұндай
ықылас-пейілді мен күні кеше Германия мен Францияға
барған сапарым кезінде де көрдім.
Атамекеннен алыстағы бауырларымыздың ана тілін
қадірлеуі, қандай жағдайда да ұмытпағаны – біздің ұлт
болып мақтан тұтар нәрсеміз. Не мектебі, не кітабы, не
теледидары, не радиосы, тіпті кейде қазақ көршілері
де жоқ жердің өзінде ұл-қызымен қазақша сөйлесетіні
қуантады. Соны көргенде, баласының тіл білмейтінін
кезінде қазақша мектептің үйден алыстау болғанымен
түсіндіруге тырысатын осындағы кейбір ағайынымызды
ойлап қайран қаламыз.
Әрине, басқа елдердегі бауырларымызды қинайтын
мәселе аз емес. Талай жыл бойы сіздерді, сіздердің
ата-аналарыңызды кеңес өкіметі нақақ айыптап келді.
Осында қалған туысқандарыңыз сіздермен хат-хабар
алысу тұрмақ, барып келу, өлігіне иман айтып, топы-
рақ салу тұрмақ, шетелде ағайынымыз бар деуге де
қорықты, бұл ауыр айып, қылмыстай саналды. Ауқатты-
ның бәрін арсыздай, кедейдің бәрін кереметтей көрген
кешегі дәуірде туған жерінен қозғалмайтын қазақ жан
сауғалап үдере көшуге мәжбүр болды. Ал бізде олар
тек малы үшін туған жерін тастап кеткен адамдардай
айыпталды. Қайта оралуға осында өзін күтіп тұрған
177
жазадан қорқып, мыңдаған адам туған жерді бір көруге
зар болған күйінде өмірден өксіп өтті.
Біз демократиялық мемлекет, адам құқығын қорғай-
тын қоғам құру жолына түскен ел ретінде тоталитарлық
жүйе санамызға сіңірмек болған мұндай тарихи әділет-
сіздікті, мұндай қатыгез идеологияны түп-тамырымен
айыптаймыз. Мұнан былай Қазақстан Республикасы
адамды, оның өмірін, бостандығы мен ажырағысыз
құқықтарын – ең қымбат құндылық деп танитын және
өз қызметін азамат пен қоғам мүдделері үшін жүзеге
асыратын болады.
Кеңес Одағының ыдырауына байланысты біз қазір
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы республика-
ларда тұратын бауырларымызды да отандастар деп
санаймыз. Қазір «таяу шетелдер» деп аталып жүр-
ген бұрынғы Кеңес Одағы республикаларында 1989
жылғы санақ бойынша 1,6 млн-нан астам қазақ тұрады.
Өзбекстандағы, Түрікменстандағы, Қырғызстандағы
қазақтар ана тілін, ұлттық мәдениетін, әдет-ғұрпын
жақсы сақтаған. Мысалы, бір ғана Өзбекстанның өзінде
543 қазақ мектебі бар, оларда 138 мың бала оқиды.
Қазақ мектептері кейінгі кезде өзге республикаларда
да көбейе бастағаны қуантады. Соңғы жылдарда
Өзбекстанда, Астраханда, Орынборда қазақ газет-
тері жарық көрді. Көптеген қалаларда қазақ мәдени
орталықтары құрылып, талай-талай игілікті шаруа
атқаруда. Атамекеннен алыста, туған жерден жырақта
ұлтының болашағын ойлап, қазақ мәдени орталықта-
рын ұйымдастырып, бауырларымызға қанатымен су
сепкен қарлығаштай рухани қазына жеткізіп жүрген
абзал азаматтардың талайы, олардың ізгілікті ісіне
178
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
түсіністікпен қарап, қазіргідей қиын кезде тиісінше
қолдау көрсетіп отырған туыстас елдер үкіметтерінің,
жергілікті әкімшіліктердің басшыларының біразы
осы құрылтайдың қадірменді қонақтары болып отыр.
Орайлы сәтті пайдаланып, біз сіздерге шынайы риза-
лығымызды білдіреміз, ақ алғысымызды айтамыз.
Қадірлі отандастарымызға басын ашып айтар тілек-
тің бірі – халқымыздың «Кісідегінің кілті аспанда» деген
даналық сөзін ұмытпау. Бұл сөз Қазақстан мен қазақ
диаспорасы арасындағы қарым-қатынасқа тікелей
қатысты. Халықаралық уағдаластықтарды мойындап,
мемлекеттердің бір-бірінің ішкі ісіне араласпау сая-
сатын қолдайтын өркениетті ел ретінде Қазақстан да
отандастарының мұң-мұқтажын олар тұрып жатқан
елдердің басшылығымен екі жақты келісім арқылы ғана
қанағаттандыра алатынын түсінуге тиіссіздер. Мысалы,
жақында Германиямен қол қойылған келісімде, осында
тұратын неміс азаматтарының мүдделерімен қатар,
сондағы қазақ азаматтарының мүдделеріне де қамқор-
лық жасау көзделген. Біздің Түркиямен де осындай
келісіміміз бар.
Кезінде Қазақстанға қараған кейбір аудандарды
республикаға қайтару жөніндегі талаптарға қатысты
мынаны айтуға болады. Мұндай ойланбай айтылған
сөздер, жауапсыз жазылған газет материалдары бауыр-
лас халықтардың арасына жік салып, онсыз да ушығып
тұрған ұлтаралық қатынастарды шиеленістіргеннен
басқа ештеңе де бермейді. Біз тәуелсіз мемлекеттердің
аумақтық тұтастығын жақтаймыз, бүгінгі қалыптасқан
шекаралардың мызғымауға тиіс екенін қуаттаймыз,
арандатушылыққа ермейміз.
179
Қазір біздің ұлтымыздың алдында тұрған ең басты
міндет, ең қиын міндет – Қазақстанның егемен мемлекет
ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыт-бағда-
рын дәл айқындап, сол мақсатқа неғұрлым тезірек
жетудің жолында аянбай еңбек ету. Экономикалық
дәулетіміз артпайынша, рухани сәулетіміз де артпай-
тынын анық ұғынуымыз қажет.
Қазақстанның дамуының стратегиялық мақсатта-
рына жету үшін, біз саясат саласында ең алдымен жас
егемен мемлекеттің президенттік республика ретінде
қалыптасуын көздеп отырмыз. Бұл орайда мемле-
кеттік құрылымның ұлттық белгілерін қорғап, оның
шайылып кетуіне жол бермеуге көп көңіл бөлеміз.
Сондықтан біз тұрғылықты жұртымыздың мүддесі
жекелеген жағдайда ерекше ескерілуі керек екенін
айтпай тұра алмаймыз. Бұл әңгіме ұлттық мәдениет
пен тілді түлетуге, қазақ диаспорасымен рухани-мә-
дени және басқадай байланыстарды қалпына келтіруге,
Қазақстанды тастап кетуге мәжбүр болған адамдар-
дың өз Отанына қайтып оралуына жағдай жасауға
алдымен қатысты. Сондай-ақ, көп партиялы жүйе құру,
қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету, Қазақстанның
қауіпсіздігі мен егемендігін қорғау үшін әскери-саяси
және экономикалық одақтар жасау, республиканың
дүниежүзілік қоғамдастықтағы саяси салмағын арттыру
сияқты міндеттер алда тұр.
Экономика саласындағы қазіргі басты шаруа –
нарықтық қатынастарды қалыптастыру. Сіздердің
көпшілігіңіз осы нарық әлдеқашан орныққан елдер-
ден келіп отырсыздар, адамша, лайықты өмір сүрудің
неғұрлым тиімді жолы нарықтық экономика екенін
180
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
жақсы білесіздер. Өркениетті, дәулетті елдердің бәрі де
осы жолдан өткен. Егер шындап аяғымыздан тік тұрып,
өзгелер сияқты жөндеп өмір сүргіміз келсе, бұл жолға
біз де түсуге тиіспіз. Жүз жылдық тоталитаризмнен тез
арада демократиялық қоғамға көшіп, аз жылдар ішінде
нарық экономикасын орната салу оңай болмайтынына
көзіміз жетті. Табандылық пен шыдамдылық керек.
Бүкіл дүние жүрген жолмен біз де жүре алатынымызға
күмән жоқ.
Біз үшін материалдық өндіріс саласындағы басты
бағыттарды санамалап өтер болсақ, алдымен азық-түлік
және халық тұтынатын тауарлар зәрулігін жоюды,
құрылыс және құрылыс индустриясы базаларын дамы-
туды, өнеркәсіптің шикізат өндіру салаларын өркен-
детумен шектелмей, түсті және қара металлургияны,
ғылымды көп қажет ететін өндірістер мен машина
жасауды дамытуды, экологиялық таза технологияларды
енгізуді, осы заманғы инфрақұрылымдарды (көлік, бай-
ланыс, энергетика, туризм, қонақүй жүйесін) ұлғайтуды
бөле айтар едім. Бұл сияқты шешімін күтіп тұрған
мәселелер көп-ақ.
Бүгінгі қиыншылығы мол заманда көңілімізге медеу
болар бір жай – қазақтардың өз атамекенінде бас тоғыс-
тыруы, әртүрлі себептерге байланысты туған жерден
үдере көшіп кеткен туысқандарымыздың өз еліне қайта
орала бастауы. Біздің бәріміз сарыла күткен ұлы көштің
алды атамекенге жетті. Мен бұл арада алдымен көр-
шілес елдерден соңғы жылдарда көшіп келіп жатқан
туыстарымызды айтып тұрмын.
Баспасөз бетінде республиканың Министрлер
Кабинетінің шетелдердегі отандастарымызға қосымша
жеңілдіктер жасау жөнінде қабылдаған қаулысы жари-
181
яланды. Оның бұлжытпай орындалуын назарда ұстай-
тын боламыз.
Республикамыздың Парламенті «Көші-қон туралы»
Заң қабылдады. Ол заңда сыртта жүрген отандастары-
мыздың елге оралуына байланысты көптеген жеңілдік-
тер жасау көзделген.
Алдағы қабылданатын бірқатар заңдарда да шетелдік
отандастарымыздың мүдделері жан-жақты ескерілетін
болады.
Қысқасы, тәуелсіз Қазақстанның кең құшағы сіздерге
әрқашан ашық, бауырлар! Дүние жүзіндегі қазақтар
қай елде жүрсе де, өзін Қазақстанның өкілі сезінетіндей,
қазақ азаматы екенін сезінетіндей жағдай жасау – біздің
болашақтағы мәртебелі міндетіміздің бірі. Сіздердің
рухани талап-тілектеріңізді қанағаттандыруға, қазақ
мәдениетінің хал-ахуалынан хабардар болуларыңызға,
ұл-қыздарыңыздың ана тілін үйренуіне қолдан кел-
генше қамқорлық жасауды республика үкіметі алдағы
кезде назарда ұстамақ.
Осы құрылтайдың барысында құрылған Әлем
қазақтарының орталығына бұл орайда көп міндет
жүктелмекші. Ол ұлт өмірін жан-жақты зерттеп,
қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани
тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті деген мәселелерді терең
талқылай отырып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар
жасауы керек. Ұлт бірлігін нығайтудың ұйытқысы
болуы керек.
Қадірменді бауырлар!
Қазақ халқы тағы да тарих талқысына түсіп тұр. Біз
тәуелсіздік туын тіккен кезең дүниенің дидары өзгеріп,
182
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
экономикалық дағдарыс күшейіп, ұлт пен ұлттың ара-
сын қосу қиынға түскен тұсқа тап келді. Әлем мұхитына
өз бетімізбен жаңа ғана жүзіп шығып жатырмыз.
«Орнында бар оңалар» дейтін еді халқымыз. Шүкір,
ел орнында, жер орнында. Жерге жетер ештеңе жоқ,
жерден өтер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел
болса, ер болады. Осындай жеріміз барда, еліміз барда,
өздеріңіздей еріміз барда біз ешкімнен кем болмаймыз!
Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да
шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай
қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік
өркениетке қазіргіден гөрі қомақты үлес қосар. Дала-
мызда да, қаламызда да шадыман тұрмыс, шат тірлік
орнар. Бұйыртса, бүгінгі құрылтайға қатысқан қадір-
менді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың
өсіп-өркендегеніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп
кәміл сенеміз.
Қымбатты отандастар, туыстар!
Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық.
Қолымызда – тәуелсіздіктің көк туы. Елтаңбамызда –
бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз,
арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар.
Лайым бетімізден жарылқасын!
Үлкен жолдың үстінде бізді ата-бабаларымыздың
аруағы желеп-жебеп жүрсін!
183
БҰҰ Бас Ассамблеясының
47-ші сессиясында
СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
АҚШ, Нью-Йорк қаласы,
1992 жылғы 5 қазан
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
БҰҰ Бас Ассамблеясының бұдан бұрынғы сессия-
сында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелі-
гіне бірауыздан қабылданған болатын. Мен республика
халқының атынан көрсетілген сенім үшін терең алғыс
сезімін білдіремін және Қазақстан Республикасы бей-
бітшілік сүйгіш мемлекет ретінде БҰҰ-ның Жарғысында
көрсетілген міндеттемелерді толығымен орындауға
қабілетті екенін, осы беделді халықаралық ұйымның
қызметінің барлық саласына сындарлы үлес қосатын-
дығын мәлімдеймін.
184
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Біз үшін бұл сессияның да маңызы аса жоғары, өйт-
кені оның мінбері тұңғыш рет Қазақстан Республика-
сының Президентіне беріліп отыр. Осы жағдайды пай-
даланып, мен Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық
мемлекеттердің өкілдерін қызу құттықтаймын.
Осы заманғы дүниежүзілік тәртіпті қазір БҰҰ-сыз
көзге елестету қиын. Әлемдік қоғамдастық осы біре-
гей халықаралық институтқа көп үміт артып отыр,
ал солардың ең бастысы – сенімді тұрақтылық пен
қауіпсіздіктің сенімді тетіктерін қалыптастыру.
Бүгінде дүние жүзі болашақтың айқын және көмескі
талаптары біздің бірлескен күш-жігерімізді үйлестіру
мен ұйымдастырудың жаңа сапасына көшуімізді талап
ететін шекке келіп тіреліп тұр. Біз өзімізге әлі беймағлұм
осы жаңаның мәні неде екенін ұғынуға тиіспіз және оны
бүкіл әлемдік қоғамдастықтың, өз құрлығымыздың, өз
өңіріміз бен еліміздің шеңберінде игере бастауымыз
керек. Мен сіздердің назарларыңызды мәселенің нақ осы
қырларына аударсам деймін.
Бірінші қыры – әлемдік қоғамдастық және БҰҰ-ның
әлемдегі жаңа рөлі. Бас Ассамблеяның осы өтіп отырған
сессиясында біртұтас дүние үшін жаңаша күн тәртібін
айқындауды талап етіп отырған жаңа шындықтарды
түсіну байқалып қалды. БҰҰ Бас хатшысы Б. Бутрос-
Гали мырзаның белгілі баяндамасының нақ осылай
аталуы кездейсоқ емес.
Б. Бутрос-Галидің превентивтік дипломатия жөніндегі
тұжырымдамасын біздер мейлінше дер кезіндегі, саяси
сындарлы деп есептейміз, ал оны іске асыруға әлемдік
қоғамдастықтың барлық мүшелері бірдей жұмылуы
тиіс. Бұл орайда біз превентивтік дипломатияны
185
ықтимал шиеленістер ошақтарының тұтануына жол
бермеуге бағытталған саяси және әлеуметтік-эконо-
микалық шаралардың жүйесі ретінде қарастырамыз.
Мұнда қоғамдық-саяси тұрақтылықты қолдаудың
көрінеу жағдайлары да, сондай-ақ болуының өзі терең
болжамдық талдауды талап ететін проблемалар да
маңызды орын алады.
Осылайша шекаралар жөніндегі мәселе – кез келген
сәтте жарылуы мүмкін оқ-дәрі қоймасы сияқты екенін
түсіну қиын емес, ал оның жалыны әдетте тек отпен
ойнаушыны ғана емес, оған мүлдем қатысы жоқтарды
да шарпиды.
Менің ойымша, қазіргі қалыптасқан шекараларды
қайта қарау жөніндегі бір әрекеттің өзі-ақ салдарын
болжап білуге болмайтын геосаяси тізбекті реакци-
яны тудыратыны айқын. Мемлекет аумағының мызғы-
мастығы қағидатының мәнділігі туралы айта келіп,
бүгінде аз ұлттардың құқықтары көбінесе ұлттардың
өзін өзі билеу, тіпті өз алдына дербес мемлекеттер құру
құқығымен теңдестіріліп жүргенін де атап көрсеткім
келеді. Егер мұндай көзқарасты ұстанатын болсақ, онда
болжамды түрде дүние жүзінде бірнеше мыңдаған
экономикалық әлсіз мемлекеттер пайда болуы мүмкін.
Мұндай жағдай әбден шегіне жеткен қағидатты кие
көтеру салтанатының жарқын көрінісі болып табылады.
Бүгін таңда аз ұлттардың құқықтарына орынды назар
аударып отырған әлемдік қоғамдастық демократия
мен бейбітшіліктің салтанаты негізінде адам құқығы-
ның және ұлттар құқығының салтанат құруы үшін
олардың өлшемдерін айқын белгілеуі тиіс екендігіне
кәміл сенімдімін. Әйтпесе, ұлттардың өзін-өзі билеу
186
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
құқығын желеу етіп, кез келген көпұлтты мемлекеттің
тұтастығына күмән келтіріледі және жегідей жейтін
сепаратизмнің ұшы-қиыры болмайды.
Сонымен бір мезгілде, бүгін ХХІ ғасырдың алыс
көкжиегіне көз тастай отырып, ықтимал шиеленіс
ошақтарының қатарында ежелгі материктің нақ жүре-
гіндегі қауіпті алауыздықтардың көзіне айналуы мүмкін
мәселені – Орталық Азия өңіріндегі су проблемасын
атағым келеді. Қазірдің өзінде мен Орталық Азияны су
ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын кезең-ке-
зеңімен тиімді шешуді көздейтін БҰҰ-ның арнаулы
жобаларын жеделдетіп жасау қажеттігіне сенімдімін.
Батыс-Шығыс белдеуі бойынша геосаяси шиеленістің
бәсеңдеуі мен Солтүстік-Оңтүстік белдеуінде қауіпті
егесудің өрістеуі жалпы жұрт мойындаған факті екенін
айтуға тиіспін. Алайда екінші қайшылықтың пайда
болуы мен шиеленісуі біріншісінің көкейкестілігін
төмендете алмақ емес. Шығыс пен Батыс арасындағы
қарым-қатынастың көп жылдар бойғы күрделілігі
КСРО-ның ыдырауымен бірге жойылып кете қоймайды.
Осыған байланысты превентивтік дипломатия,
бейбітшілікті орнату, қолдау және нығайту жөніндегі
күш-жігерді әлемдік өзара ықпалдастықтың барлық
белдеулері бойынша тең бөлу қажет деп ойлаймын.
Бұл жайды атап көрсетіп тұрған себебім, мұнда қазірдің
өзінде-ақ кейбір қиғаштықтар байқалуда.
Бүгінде БҰҰ-ның күш-жігері көбінесе саяси және
әскери-саяси сипат алып отыр. Бұл ретте көтермелеу мен
ынталандырудан гөрі тыйым салу көбірек қолданылады.
Бұл шаралар жеңіл-желпі шиеленістерді бәсеңдетуге
бағытталған, бірақ әзірше пайда болып, етек жайып
бара жатқан жанжалдардың терең мәнді негізіне ешбір
ықпал ете алмай отыр.
187
Жақында осы мінберден олардың шынайы себептері
атап көрсетілді: әлемдегі ең бай адамдардың 20 %-ы
(Солтүстік пен Батыс елдерінде) дүниежүзілік жалпы
табыстың 83 %-ын, ал ең кедей адамдардың 20 %-ы
(Оңтүстік пен Шығыс елдерінде) тек 1,4 %-ын тұтынады
екен.
Көріп отырғанымыздай, аса бай «жиырмалық»
табысы мен ең кедей «жиырмалық» табысының арақа-
тынасы 60:1 болып отыр.
Осы «60:1» арақатынасын мен әлемдік теңсіздік
формуласы деп атар едім. Бұл айырмашылық азая
бастамайынша, біз жанжалдардың жан-жақты алдын
алудың нақты негізін жасай алмаймыз.
Әңгіме, түптеп келгенде, аса дәулетті «жиырма-
лықтың» табыстарын кедейлердің пайдасына қайта
бөлу туралы болып отырмағанын атап көрсетейін.
Әлемдік теңсіздік формуласын аса кедей елдердің өзін
өзі дамуына ғылыми түрде ұйымдастырылған көмек беру
арқылы олардың табысын өсіру негізінде өзгерту керек.
Бәлкім, БҰҰ күш-жігерін жанжалдардың шынымен
алдын алу және олардың тереңдегі қайнар көзіне қайта
бағыттау туралы ойланған жөн болар.
Мұнда іс жүзінде қандай қадамдар жасауға болар
еді? БҰҰ Бас хатшысының Біріккен Ұлттар Ұйымының
бітімгершілік күш-жігерін өрістетуге кедергі келтіріп
отырған басты проблемаға – қаржы қаражатының
тапшылығына алаңдаушылығы маған түсінікті. БҰҰ-
ның бейбітшілік орнатып, оны сақтау мен нығайтуға
жұмсалатын шығындарын жыл сайын ұлғайта беру
керек болар. Бірақ оны қалай істеу керек?
1992 жылға дейін БҰҰ бейбітшілікті сақтауға шама-
мен 8,3 млрд доллар жұмсап келгені белгілі. Ал өткен
188
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
онжылдықтың соңына қарай барлық елдердегі қорға-
нысқа жұмсалған жылдық жиынтық шығын шамамен
1 трлн долларға жетті. Басқаша айтқанда, бітімгершілік
шығындары әскери шығындардың 1 %-ынан аз болды.
Мен барлық үкіметтерге өздерінің ізгі ниеттерін
көрсету ретінде «1+1» формуласы бойынша БҰҰ-ның
бітімгершіл күш-жігерінің қорын құра бастауды ұсына-
мын.
Бұл формула әр мемлекет Қорға өзінің қорғаныс
бюджетінің 1 %-ын бере отырып, жыл сайынғы қаржы
аударуын сол 1 %-ға өсіріп отыруы тиіс дегенді білдіреді.
Сөйтіп, 10 жылдан кейін-ақ бітімгершілік сома он есе
өседі. Бұл акция әлемдік қоғамдастықтың әрбір мүше-
сінің ұлттық қауіпсіздігіне ешқандай нұқсан келтірмей,
қайта оны нақты түрде нығайтады деп ойлаймын.
Осы жерде адамдардың қалай күш сынасқаны
туралы шығыстың бір көне әфсанасын еске ала кеткен
орынды болар. Біреуі білегі мен жұдырығының күшін
көрсетсе, екіншісі бас сүйегінің мықтылығына, үшіншісі
желаяқтығына, төртіншісі тілінің өткірлігіне мақта-
нады. Сол арада бір дана адам күш атасы жүрек екенін
еске алып, оларды кеңпейілділік бәсекесіне шақырады.
Менің ұсынысымды жүзеге асырудың деңгейі де әрбір
елдің кеңпейілдігімен, жалпыға бірдей бейбітшілік
игілігі жолындағы өзіндік бір жарыспен айқындалмақ.
Қазақстан Республикасы оны дәл қазір бастауға әзір.
Бұл ретте, әлбетте, мемлекеттердің БҰҰ-ның
бітімгершілік күш-жігері қорына қатысуының басқа да
түрлерін қарастыруға болады.
Тоқталып өтпек болған екінші мәселем біздің құр-
лық – Азиядағы немесе кең мағынасында алғанда –
Еуразиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздік проблемасы.
189
Әңгіме Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары
жөніндегі кеңес (АӨСШК) өткізу бойынша Қазақстан
Республикасының бастамасы туралы болып отыр.
Еуропадағы ЕҚЫК үлгісі бойынша біздің құр-
лығымызда Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық
құрылымдарын құру идеясы көптен бері көңілдердің
түкпірінде жүр, бірақ әзірге кең қолдауға ие болмай
келеді.
Америкадағы, Африкадағы, Еуропадағы құрлықтық
ұйымдар қызметінің пайдалы тәжірибесі Азияны да өзара
ықпалдастық пен ынтымақтастықтың біртұтас органда-
рын құруға итермелеуі керек сияқты еді. Алайда бұлай
болмай отыр және оның бірталай нақты негіздері де бар.
Саясатшылар мен сарапшылар ортасындағы Ази-
яда қауіпсіздік пен ынтымақтастық құрылымын құру
идеясын сынаушылар дәлел ретінде көбінесе Азия
елдерінің географиялық, тарихи, экономикалық, саяси,
әлеуметтік және мәдени әркелкілік деңгейі, Еуропа,
Америка және Африка елдерімен салыстырғанда,
анағұрлым жоғары дегенді алға тартады. Экономика-
лық және саяси негіздің осындай әркелкілігі, әлбетте,
ұжымдық қауіпсіздіктің құрлықтық құрылымдарын
құруға кедергі келтіретіні рас.
Бұған «Алыс жол да алғашқы қадамнан басталады»
дейтін белгілі даналық сөз арқылы наразылық білдіруге
болады. Ұжымдық қауіпсіздіктің біртұтас азиялық
құрылымына бірден-ақ осы аталған өзара ықпалдас-
тықтың барлық түрлері бойынша бағыт алу міндетті
емес. Әркелкілікті түзеуді әуелде біреуінен, айталық,
әскери-саяси немесе экономикалық саладан бастап,
содан кейін ынтымақтастықтың басқа салаларынан да
ортақ көзқарастарды іздестіру жеткілікті болар еді.
190
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
Мұндай құрлықтық құрылымға жету жолы көпқа-
дамды және кезең-кезеңді болуы мүмкін.
Ол, мәселен, мынадай сұлбамен: «екі жақты қаты-
настардан» – ынтымақтастықтың жекелеген түрлері
(сенім мен ұжымдық қауіпсіздік шараларын жасау,
гуманитарлық, экономикалық, мәдени ықпалдастық)
бойынша өңірлік және құрлықтық құрылымдар мен
коалициялардан – проблемалардың кең ауқымды
шоғыры арқылы ынтымақтастықтың ортақ құрлықтық
органдарына дейін өтуі ықтимал.
Азиядағы біз ғажайып жерде тұрамыз. Әлемнің бар-
лық ірі діндері – иудаизм, буддизм, христиандық, ислам
– біздің құрлықтың қасиетті топырағында пайда болған.
Адамзаттың бүкіл рухани ұстаздары – Лао Цзы мен
Гуатама Буддадан, Иса Мәсіх пен Мұхаммедтен бастап,
осы заманның Махатма Гандидің дәрежесіне дейінгі
асқар ойлы данышпандары біздің топырағымыздан
шыққан. Сөйткен Азия ғасырлар бойына жинақталған-
ның бәрін ой елегінен өткізіп, әлемдік ынтымақтастық
пен ұжымдық қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын
жинақтай алмай ма?
Мұндай ұстаным тіпті де өңірлік автаркияны көзде-
мейді. Біз құрлық шекараларында томаға-тұйықталып
қалмаймыз. Керісінше, Азия елдері мен халықтарының
мүдделері үшін дүниенің басқа қиырларында туған бар
жақсылық атаулыны жинайтын боламыз.
Бізге келешектің алға тартар талаптарына бейімделу-
дің, адамзаттың бұрын болып көрмеген біртұтас дүние
жағдайында өмір сүруінің жаңа негіздерін қалыптасты-
рудың ең жақсы жолдарын ұжым болып іздестіру қажет
екеніне кәміл сенімдімін. Осыған байланысты мен тай-
талас дәуірінен кейінгі проблемаларды талқылау үшін
191
Біріккен Ұлттар Ұйымының арнаулы сессиясын немесе
конференциясын шақыруды ұсынамын, өйткені нақ
осы БҰҰ халықаралық қоғамдастық ұйымшылдығының
жаңа деңгейін баянды етуде шешуші рөл атқаруға тиіс.
Сірә, БҰҰ-ның өзі де, Қауіпсіздік Кеңесі құрамын қоса
алғанда, белгілі бір қайта құрылудан өтуі тиіс сияқты.
Айтпай қоюға болмайтын үшінші жағдай ТМД-да
болып жатқан үдерістерге қатысты.
Өткен жылдың соңында құрылған Достастықтың
нәзік құрылымы әзірге Еуразияның осы бөлігіндегі
елдер мен халықтардың ғасырлар бойғы өзара ықпал-
дастығының дәстүрлерін толық көлемінде ескере алмай
отыр. Соның салдарынан ТМД-дағы еркін нарық пен
демократияға көшу үдерістері әлеуметтік-экономика-
лық және саяси тұрақсыздықтың өршуімен, қалыптас-
қан жанжалдардың шиеленісуімен және жаңаларының
тууымен қосарлана жүріп келеді.
Қазақстан біртұтас еркін сауда аймағы шеңберінде,
ортақ кеден-экономикалық кеңістігін жаңа сапада
қалпына келтіру үшін, барлық ықтимал күш-жігерді
қолдануда.
Және, ақыр соңында, қоршаған ортаны қорғаудың
өмірлік маңызды мәселелеріне тоқталғым келеді.
Қазақстан үшін олар кем дегенде Арал және Семей
дейтін екі сөзге келіп саяды.
Құрғап бара жатқан Арал теңізі – шұғыл әрі кең
ауқымды халықаралық көмекті қажет ететін эколо-
гиялық апат аймағы. Оның бассейні шөлге айналып,
150 млн тонна тұзды шаң-тозаңды ұшыруы экология-
ның күрт нашарлауына, халқы 30 млн адамнан асатын
ұланғайыр аймақтың экономикасы мен денсаулығына
тигізетін зардаптардың күшеюіне соқтыруда. Егер
192
II ТОМ. 1991–––––
–
1995
бұл бүгін мыңдаған адамдардың соры болса, ертең,
Біріккен Ұлттар Ұйымы шұғыл араласпаса, милли-
ондаған адамдардың қасіретіне айналуы мүмкін.
ЮНЕП басшылығының «Арал теңізін сақтау жөніндегі
жоспарды жасауға жәрдемдесу» жобасын іске асыру
туралы шешімін, сондай-ақ Арал маңын әлемдік
ауқымдағы экологиялық апат аймағы деп жариялау-
ды ұсынған осы халықаралық ұйым сарапшылары
тобының қызметін Қазақстан ризашылық сезіммен
қабылдады.
Біздің тағы бір экологиялық жарамыз – халқымыз-
дың еркінен тыс Қазақстан жерінде салынған Семей
ядролық полигоны. Осында әуеде, жерде және жер
астында жарылып, жарты миллионнан астам адамға
зардап шектірген зарядтардың жиынтық қуаты Хиро-
сима мен Нагасакидегі қасіреттің көзі болған қондырғы-
лардың қуатынан жүздеген есе асып түседі.
Үкіметіміздің шешімімен біз осы ажал көзін жаптық,
бірақ осы өңірді сауықтыру, жапа шеккендерді емдеу,
жаңа туған сәбилерді қауіпсіздендіру үшін орасан зор
қаржы керек. Сондықтан қазақстандықтар белсенді
халықаралық жәрдемге зәру болып отыр.
Қазақ халқында «Елу жылда – ел жаңа» деген мақал
бар, бұл әрбір 50 жылда дүние жаңарып отырады дегенді
білдіреді. БҰҰ өмір сүрген алғашқы жарты ғасыр-
да әскери блоктардың егесімен еселене түскен астам
державалар тайталасының ізі сайрап жатыр. Қазір енді
әлемдік қоғамдастық үшін тарихи мүмкіндік – Бірік-
кен Ұлттар Ұйымы арқылы бейбітшілік пен прогресс
жолындағы тиімді ынтымақтастық органына ие болу
мүмкіндігі туды. Оны барынша толық пайдалану үшін
біз қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
193
Достарыңызбен бөлісу: |