Цистеин мен цистин – күкіртқұрамдас алмастырылатын амин қышқылдар. Цистиннің әрбір молекуласы цистеиннің екі молекуласынан тұрады. Цистеин организмде міндетті түрде пиридоксиннің (В6 витамині) қатысуымен α-метиониннен түзіледі.
Заттек алмасуға қатысатын және қолданылатын негізгі бағыттары:
тері, тырнақ пен шаштың негізгі нәруызы – альфа-кератиннің құрамына кіреді;
коллаген қасиеттерінің қалыптасуына және түзілуіне ықпал етеді, нәтижесінде терінің серпімділігі, құрылымы жақсарады;
бауыр қызметін қалыптандырады, аурулардың, химиялық және басқа да әсерлердің нәтижесінен бауырдың май басуы қаупін төмендетеді.
Цистеин препаратын қолдану тәжірибесі олардың ревматоидты артритте, артерия ауруларында, обырда тиімді екенін көрсетті. Операциядан, күйіктен, тыныс алу ағзаларының ауруларынан, әсіресе бронхит пен өкпе эмфиземасынан (цистеиннің тыныс алу жолдарындағы қақырықты ыдыратын қабілеті бар) кейін қайта қалпына келу кезеңін жылдамдатады.
N-ацетилцистеин глютатион мен цистинге қарағанда, химия және сәулелі терапияның теріс салдарын тиімдірек азайтады, өкпеде, бүйректе, бауыр мен қызыл сүйек миында глутатионның мөлшерін көбейтеді. Тері қабатында қартайған кезде пайда болатын пигментті дақтардың санын азайтады, ал ол болса, қартаю үрдісін тежейтін алатын қабілетінің бар екендігін дәлелдейді.
Аргинин. Көптеген алмасу үрдістеріне қатысатын маңызды заттек болып табылады, сондықтан да әртүрлі ағзалар мен жүйелердің ауруларында емдік және алдын алу мақсатында қолданылады. Алмастырылатын амин қышқылына жатады.
Аргининнен түзілетін азот тотығы тамырларды босаңсытып, кеңейтеді, нәтижесінде қанайналымды жақсартады. Осы әсері стенокардиямен бірге жүретін жүректің тәжді ауруында, аяқта қанайналудың нашарлауында, гипертонияда, мидың қанайналымының бұзылысында, іркілген жүрек жеткіліксіздігінде тиімді көмектесе алады.
Организмнің қорғаныс жүйесінің басты құрамбөлігі – табиғи киллерлер (ТК) деп аталатын жасушалардың белсенділігін арттырады. Мысалы, рационға 30 г аргининді қосқанда ТК-жасушалардың белсенділігі 91%-ға жоғарылап, айыршық бездің қызметі мен Т-лимфоциттердің өндірілуі жақсарады.
Азот тотығы ашытқы микроорганизмдердің, асқазан-ішек жолында басқа да инфекциялардың дамуына кедергі жасайды.
Түрлі жұқпалар мен аурулар кезінде аргининді басқа амин қышқылы – лизинмен бірге қолданғанда, иммунды жүйені нығайтуда тиімді болып келеді.
Аргининнің сексуалды бұзылыстың алдын алу және емдік әсері тамырды кеңейтетін заттектердің өндірілуін белсендіру арқылы жыныс ағзаларының қан айналымын жақсартумен байланысты. 2,8 г амин қышқылын қабылдау эрекцияға қабілетсіздікпен тиімді күресе алатыны дәлелденді. Аргининді күнделікті 3-4 г мөлшерінде тұтыну сперманың өндірілуін, оның салыстырмалы құрамын жақсартады және сперматозоидтардың белсенділігін арттырады. Бедеулікті емдеудің тиімділігі амин қышқылымен бірге мырышты, карнитинді және Q10 коферментін қолданғанда, жоғарылайды.
Қарт адамдардың тамақтануында күнделікті 17 г аргининді қолдану бұлшық ет тіні массасының сақталып қалуына ғана емес, сонымен бірге инсулинтәрізді өсу факторының (өсу гормоны) деңгейінің жоғарылауына және сүйек тығыздығының артуына жағдай жасады.
Аргинин бауырда зиянды заттектердің деструкциялау, аммиактың детоксикациялау (оның мочевинаға айналуына жағдай жасайды) үрдістеріне қатысады.