Нерв жүйесі ( оқу құралы ) Нерв жүйесінің жалпы сипаттамасы



бет12/104
Дата06.10.2023
өлшемі34,42 Mb.
#113053
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   104
Байланысты:
БШ Нерв жүйесі.Соңғы түрі,2018.

Ромбтәрізді ми
Ромбтәрізді ми көпіршігінен сопақша ми және артқы ми (көпір мен мишық) дамиды (13 – сурет) .

Сопақша ми
Сопақша ми, medulla oblangatа, (myelencephalon, bulbus cerebri) хордалылардың эволюциясында, мидың көне құрылымдарының бірі болып табылады. Ол омыртқалылардың орталық нерв жүйесінің өмірлік маңызды бөлігі болып табылады: онда қан айналым, жұтыну, тыныс алу орталықтары және т.б. орналасады.

13- сурет. Мидың медиалды беті.
1- сүйелді дене жүлгесі; 2 – белдеулік жүлге; 3 – белдеулік қатпар; 4 – сүйелді дене; 5 – орталық жүлге; 6 – орталықжанындағы үлесше; 7 – сынаалды; 8 – шеке – шүйделік жүлге; 9 – сына; 10 – топшылық жүлге; 11 – ортаңғы ми төбесі; 12 – мишық; 13 - IV – қарынша; 14 – сопақша ми; 15 – көпір; 16 – томпақ дене (эпифиз); 17 – ми аяқшасы; 18 – гипофиз: 19 – III – қарынша; 20 – таламусаралық дәнекер; 21 – алдыңғы дәнекер; 22 – мөлдір қалқа;

Пішіні буылтықтәрізді сопақша ми, жұлынның жалғасы болып табылады. Оның төменгі шекарасы шүйделік үлкен тесіктің деңгейіне сәйкес болады да, ал жоғарғы жағында орналасқан көпірден терең көлденең жүлге арқылы бөлінеді. Сопақша мидың алдыңғы,артқы және бүйір беттерін ажыратады. Алдыңғы бетінде жұлынның аттас саңылауының жалғасы алдыңғы орталық саңылау, fissura mediana anterior, өтеді. Саңылаудың бүйір жақтарында дөңес пирамидалар, pyramides, орналасқан. Әр пирамиданың нерв талшықтарының бір бөлігі қарсы жаққа өтіп, пирамидалар қиылысын, decussatio pyramidum, түзеді. Бұл қиылыс та сопақша ми мен жұлынның шекарасы болып табылады. Пирамидадан сыртқа қарай, одан алдыңғы латералды жүлге, sulcus anterolateralis (ventrolateralis), арқылы бөлінген олива, oliva, орналасады. Сопақша мидың артқы бетінде жұлынның аттас жүлгесінің жалғасы артқы орталық жүлге, sulcus medianus posterior, өтеді. Оның екі жағында орналасатын артқы жіпшелер - бүйір жіпшелерден артқы латералды жүлге, sulcus posterolateralis (dorsolateralis), арқылы бөлінеді. Артқы жіпшеде жұлынның аттас будаларының жалғасы болып табылатын екі: медиалды жіңішке буда, fasciculus gracilis, және латералды орналасқан сынатәрізді буда, fasciculus cuneatus,өтеді.


Жіңішке және сынатәрізді будалар - жіңішке және сынатәрізді төмпешіктерде, tuberculum gracile et tuberculum cuneatum, аяқталады.Олардың ішінде аттас ядролар (nuclei gracilis et cuneatus) орналасады.Осы ядролардан шығатын талшықтар мен бүйір жіпшенің дорсалды бөлігі мишықтың төменгі аяқшасын, pedunculus cerebellaris inferior, құрайды. Оливаның артындағы жүлгеден, sulcus retroolivaris, тіл - жұтқыншақ нерві, n.glossopharyngeus, кезбе нерв, n.vagus, және қосымша нерв, n.accessorius, ал пирамида мен оливаның арасынан тіласты нерві, n.hypoglossus, шығады («Бассүйек нервтерін» қараңыз).
Сопақша мидың ішкі құрылымы жұлынмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеше, себебі онда қозғалысты реттеп, бақылайтын орталық (оливалық ядро) және тыныс, қан айналым, зат алмасу орталықтары (тіл-жұтқыншақ, кезбе нервтердің ядролары, торлы құрылым) орналасады. Сопақша мидың көлденең кесіндісінде (14 - сурет) оның ақ және сұр заттардан тұратыны көрінеді. Оның төменгі бөлігінде оливалық ядро, n.olivaris, жатады. Бұл ядродан шығатын нерв талшықтарының бір бөлігі мишықтың төменгі аяқшасы арқылы мишықта, екінші бөлігі жұлында аяқталады. Оливалық ядролардың дорсалды жағында торлы құрылым, formatiо reticularis, орналасады. Сопақша мидың дорсалды бөлігінде бассүйек нервтерінің ІХ, Х,ХІ және ХІІ жұптарының ядролары (ромбтәрізді шұңқырды қара) мен жіңішке, сынатәрізді ядролар жатады.

14 – сурет. Сопақша мидың көлденең кесіндісі.

  1. IV қарынша; 2 – кезбе нервтің артқы ядросы; 3 – кіреберіс-ұлу нервінің кіреберістік ядросы; 4 – жеке жол ядросы; 5 – жұлын-мишықтық артқы жол; 6 – үштік нервтің жұлындық ядросы; 7 – үштік нервтің жұлындық жолы; 8 – тіласты нервінің ядросы; 9 – оливалық ядро; 10 – олива; 11 – қыртыс –жұлындық (пирамидалық) жол; 12 – медиалды ілмек; 13 – тіласты нерві; 14 – доғатәрізді сыртқы алдыңғы талшықтар; 15 – қос ядро; 16 - жұлын таламустық және жұлын- төбелік жол; 17 – кезбе нерв; 18 - жұлын-мишықтық алдыңғы жол.

Сопақша мидың ақ заты негізінен жоғарылаған және төмендеген өткізгіш жолдардан тұрады. Жоғарылаған өткізгіш жолдар (ауырсыну және температура сезімталдығы және т.б) сопақша мидың дорсалды бөлігі арқылы, ал төмендеген өткізгіш жолдар (пирамидалық жол) вентралды бөлігі арқылы өтеді. Нерв талшықтарының бұл екі тобы жұлынды және мидың бөліктерін өзара байланыстырып, сопақша ми арқылы өтеді. Сонымен қатар, оливалық ядро мен торлы құрылымнан жұлынға қарай төмендеген және мишыққа бағытталған жоғарылаған талшықтар шығады. Жіңішке және сынатәрізді ядролар талшықтарының басым бөлігі қиылыс түзіп медиалды ілмекке, lemniscus medialis жалғасады, ал бір бөлігі мишыққа барады. Сонымен, сопақша мида екі қиылыс: пирамидалар қиылысы мен медиалды ілмек қиылысы, decussatio lemniscorum medialium,орналасады. («Орталық нерв жүйесінің өткізгіш жолдарын» қараңыз). Медиалды ілмек қиылысының үстінде артқы бойлық буда, fasciculus longitudinalis dorsalis, өтеді. Бұл буда ми діңі мен жұлында орналасқан вегетативтік орталықтарды бір - бірімен байланыстырып, қызметтерін үйлестіріп отырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   104




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет