Таламусартыаймағы немесе метаталамус, metathalamus, кішкене медиалды және латералды иінді денелерден тұрады. Медиалды иінді дене,corpus geniculatum mediale, таламус жастығының астында орналасып, ортаңғы мидың төменгі төбешігінің ядросымен бірге естудің қыртысастылық орталығы болып табылады. Латералды иінді дене, corpus geniculatum laterale, жастықтың төменгі-бүйір бетінде, көру жолының латералды будасының бойында орналасып, таламус жастығы ядросымен және жоғарғы төбешікпен бірге қыртысастылық көру орталықтары болып табылады. Сонымен, екі иінді дене ортаңғы ми төбешіктермен байланысады ( «ортаңғы миды» қараңыз).
Таламусүсті аймағына (эпиталамус),epithalamus, томпақ дене (эпифиз), жүген және жүген үшбұрышы жатады.
Томпақ дене,corpus pineale, көлемі кішігірім томпақ пішінді, жоғарғы төбешіктердің арасындағы ұңғылда жатады. Ол қызметі бойынша эндокриндік бездерге жатады. Томпақ дененің алдынан екі жіңішке –жүгендер, habenulae, шығады. Олардың томпақ дененің алдыңғы шетінде бір - бірімен қосылатын жері жүгендер дәнекері, commissura habenularum, деп аталады. Жүгендердің алдыңғы шеттері кеңейіп, әр жағынан жүген үшбұрышын, trigonum habenulae, түзеді. Жүген үшбұрышы алдыңғы шетінде көру төмпелерінің жоғарғы және медиалды беттерінің шекарасы болып табылатын милық жолаққа, stria medullaris thalami, жалғасады.
Эпиталамустық (артқы) дәнекер,commissura epithalamica (posterior), көлденең бағытта бір ми сыңарынан екіншісіне баратын, эпифиздің алдында және төмен жағында орналасқан нерв талшықтарының жіңішке (1 мм-ге дейін) сабағы. Ол ортаңғы ми суқұбырының алдыңғы тесігінің үстінде, үшінші қарыншаның артқы қабырғасында орналасады. Жүген дәнекері мен эпиталамустық дәнекердің аралығындатомпақ дене ұңғылы,recessus pinealis, жатады.