Нерв жүйесі ( оқу құралы ) Нерв жүйесінің жалпы сипаттамасы



бет59/104
Дата06.10.2023
өлшемі34,42 Mb.
#113053
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   104
Байланысты:
БШ Нерв жүйесі.Соңғы түрі,2018.

Қанат-таңдай түйіні, ganglion ptreygopalatinum, қанат-таңдай шұңқырында, жоғарғы жақсүйек нервінің астында орналасады. Түйінді екінші парасимпатикалық нейрондар құрайды.
Жоғарғы сілекей бөлетін ядроны, n. salivatorius superior, түзетін бірінші парасимпатикалық нейрондардың аксондарынан түзілген түйінгедейінгі тармақтар, тастық үлкен нервті, n. petrosus major,түзеді. Тастық үлкен нерв қанат-таңдай өзегінде ішкі ұйқы өрімінен бөлінетін симпатикалық тастық терең нервпен, n.petrosus profundus, қосылып, қанат-таңдай өзегінің нерві, n. canalis pterygoidei, деп аталады. Осы нервтің құрамындағы парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтар қанат-таңдай түйініндегі екінші нейрондарға синапс арқылы нервтік импулсті жеткізеді. Жоғарғы жақсүйек нервінен келетін сезімтал талшықтар түйін арқылы үзілмей өтіп, қанат-таңдай түйінінен шығатын тармақтар құрамында жалғасады.
Сонымен, қанат-таңдай түйінінен кететін нервтердің құрамында сезімтал, парасимпатикалық және симпатикалық нерв талшықтары өтеді. Түйіннен кететін тармақтар:
1) Мұрындық артқы жоғарғы медиалды және латералды тармақтар, rr. nasales posteriores superiores mediales et laterales, сына-таңдайлық тесік арқылы мұрын қуысының шырышты қабығын және бездерін нервтендіреді.
2) Мұрын-таңдай нерві, n. nasopalatinus, сына-таңдайлық тесік арқылы мұрын қалқасының шырышты қабығына өтеді, әрі қарай күректістік өзек арқылы қатты және жұмсақ таңдайлардың шырышты қабығына енеді.
3) Таңдайлық үлкен және кіші нервтер, n. palatinus major et nn. palatini minores, аттас өзектер арқылы қатты және жұмсақ таңдайлардың шырышты қабығын және бездерін нервтендіреді.
4) Мұрындық артқы төменгі тармақтар, rami nasales posteriores inferiores, таңдайлық үлкен өзек арқылы жүріп, мұрын қуысы түбінің шырышты қабығын нервтендіреді.
Төменгі жақсүйек нерві, n.mandibularis, аралас, үштік нервтің ең ірі тармағы. Үштік түйінге баратын сезімтал және үштік нервтің қозғалтқыш ядросынан шығатын тармақтардан түзілген. Бассүйек ішінен сопақ тесік арқылы шығып бірден қабықтық тармақты, r.meningeus, береді, ол қылқанды тесік арқылы бассүйек қуысына еніп, бассүйектің ортаңғы шұңқырының қатты қабығын нервтендіреді.
Төменгі жақсүйек нервінің тармақтары қозғалтқыш және сезімтал болып, екі топқа бөлінеді. Қозғалтқыш тармақтары, төрт шайнау бұлшықеттерін нервтендіреді. Олар:1) шайнау нерві,n.massetericus, – аттас бұлшықетті; 2) самайлық терең нерв, nn.temporales profundi,самай бұлшықетін; 3, 4) латералды және медиалды қанаттәрізді нервтер, nn.pterygoidei lateralis et medialis – аттас бұлшықеттерді нервтендіреді.
Сонымен қатар : 5) таңдай пердесін керетін бұлшықет нерві, n.musculi tensoris veli palatini, – аттас бұлшықетті; 6) дабыл жарғағын керетін бұлшықет нерві, n.musculi tensoris tympani – аттас бұлшықетті нервтендіреді.
Сезімтал тармақтары:
1) Ұрт нерві, n.buccalis, ұрт бұлшықетінің сыртында орналасып, ұрттың терісі мен шырышты қабығында және езудің терісінде тармақталады;
2) Төменгі ұяшықтық нерв, n.alveolaris inferior, аралас, төменгі жақсүйек нерві тармақтарының ішіндегі ең ірісі. Төменгі жақсүйек өзегінің алдында, одан жақсүйек-тіласты нерві, n.mylohyoideus, шығып аттас бұлшықетті және қос қарыншалы бұлшықеттің алдыңғы қарыншасын нервтендіреді. Нерв, төменгі ұяшықтық артериямен бірге, foramen mandibulae, арқылы төменгі жақсүйек өзегіне енеді. Өзектің ішінде оның тармақтары төменгі тістік өрімді, plexus dentalis inferior, құрайды. Өрімнен төменгі қызыл иектік тармақтар, rr.gingivales inferiorеs, пен төменгі тістік тармақтар, rr.dentales inferiores, кетеді. Олар төменгі тістер мен қызыл иекті нервтендіреді.
Төменгі ұяшықтық нерв төменгі жақсүйектің өзегінен иек тесігі арқылы шығып иек нерві, n.mentalis, деп аталады. Иек нерві иек пен төменгі еріннің терісін нервтендіреді.
3) Тіл нерві, n.lingualis, аралас нерв (48-сурет), оны үш түрлі: жалпы сезімталдық пен дәм сезуді өткізетін және парасимпатикалық талшықтар құрайды.

48 – сурет. Тіл нервтері.
1 – тіл нерві; 2 – тіл; 3 – тіласты безі; 4 – тіласты нерві; 5 – төменгі жақсүйекасты безі; 6 –төменгі жақсүйекасты түйіні; 7 – тіл-жұтқыншақ нерві; 8 – төменгі жақсүйек тармағы.

Тіл нерві төмен жүріп, латералды және медиалды қанаттәрізді бұлшықеттердің арасынан өтеді. Осы жерде оған құрамында дәм сезу талшықтары мен парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтары бар, дабыл ішегі, chorda tympanі, келіп қосылады.


Тіл нерві, одан кейін, төменгі жақсүйек тармағының ішкі бетімен өтеді де, доғатәрізді иіліп,төменгі жақсүйекасты безінің үстімен жүріп, тілге төменгі жағынан енеді. Ол көптеген тілдік тармақтарға, rr. linguales, бөлініп тілдің алдыңғы үштен екі бөлігінен жалпы сезімталдық және дәм сезімдерін өткізеді. Тіл нервінен, оның астында орналасқан төменгі жақсүйекасты түйініне, ganglion submandibulare, және тұрақсыз тіласты түйініне, ganglion sublinguale, түйіндік тармақтар, rr.ganglionares, кетеді. Бұл тармақтардың құрамында парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтар және жалпы сезімтал талшықтар өтеді. Парасимпатикалық тармақтар аталған түйіндердегі екінші нейрондарда аяқталады. Сезімтал талшықтар түйін арқылы үзілмей өтеді де, түйінненкейінгі тармақтармен бірге бездік тармақтар, rr. glandulares, түрінде төменгі жақсүйекасты және тіласты бездерін нервтендіреді.
Тіл нервінің ауыз қуысы түбіндегі тармақтары: тіласты нерві, n.sublingualis, ауыз қуысы түбінің шырышты қабығын және төменгі қызыл иектің алдыңғы бөлігін және тіласты безін нервтендіреді; аңқа қылтасының тармақтары, rr.isthmi faucium, – таңдай - тіл доғасын және таңдай бадамшасын нервтендіреді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   104




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет