Нерв жүйесі ( оқу құралы ) Нерв жүйесінің жалпы сипаттамасы



бет66/104
Дата06.10.2023
өлшемі34,42 Mb.
#113053
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   104
Жұтқыншақтық тармақтар, rami pharyngei, сезімтал нервтер. Олар кезбе нервтің тармақтарымен, симпатикалық діңнің жоғарғы мойындық түйінінен кететін көмей-жұтқыншақтық тармақтарымен бірігіп, жұтқыншақ қабырғасында өрім түзеді.

  • Біз-жұтқыншақ тармағы, ramus stylopharyngeus, қозғалтқыш, біз-жұтқыншақ бұлшықетін нервтендіреді.

  • Бадамшалық тармақтар, rami tonsillares, сезімтал, таңдай бадамшаларын және таңдай доғаларының шырышты қабықтарын нервтендіреді.

  • Дәнекер тармақ (кезбе нервтің құлақтық тармағымен), ramus communicans (cum ramo auriculari nervi vagi), кезбе нервтің құлақтық тармағымен қосылып, сыртқы есту өтісін және құлақ қалқанының артқы бетін нервтендіруге қатысады.

  • Қойнаулық тармақ, ramus sinus carotici, сезімтал, жалпы ұйқы артериясы айырығында орналасқан ұйқы қойнауын, sinus caroticus, және ұйқы шумағын, glomus caroticum, (хеморецептор) нервтендіреді.

    Сонымен тұл-жұтқыншақ нерві тілдің артқы үштен бір бөлігінің, жұтқыншақтың, таңдай доғаларының, бадамшалардың, дабыл қуысының, есту түтігінің шырышты қабықтарын және ұйқы қойнауын сезімтал талшықтарымен нервтендіреді.
    Оның қозғалтқыш тармағы біз-жұтқыншақ бұлшықетін, ал парасимпатикалық тармағы шықшыт безін нервтендіреді.


    Кезбе нерв (Х жұп)
    Кезбе нерв, n.vagus, аралас нерв, оның сопақша мида орналасқан үш: сезімтал, қозғалтқыш және парасимпатикалық ядролары бар.
    1. Сезімтал ядросы – жеке ядро, nucleus solitarius, VII, IX және X жұп нервтерге ортақ болады.
    2. Парасимпатикалық ядросы кезбе нервтің артқы ядросы, nucleus dorsalis nervi vagi, деп аталады.
    3. Қозғалтқыш ядросы – қос ядро, nucleus ambiguus, IX және X жұп нервтерге ортақ болып келеді.
    Кезбе нерв 5-10 түбіршікпен сопақша мидан, оливаның артындағы латералды жүлге арқылы шығады. Түбіршіктер бір-бірімен қосылып, мойындырық тесіктің алдыңғы бөлігі арқылы IX, XI жұп нервтермен бірге бассүйек қуысынан шығады. Мойындырық тесігінде жоғарғы түйін, ganglion superius, ал тесік астында төменгі түйін, ganglion inferius, (сезімтал), орналасқан. Мойындырық тесігінен шыққан соң кезбе нерв ішкі мойындырық вена мен ішкі ұйқы артериясының артқы жағында, олардың арасымен төмен жүріп, одан кейін, осы вена мен жалпы ұйқы артериясының арасында орналасады. Олар ортақ дәнекер тіндік қынапта орналасып, тамыр - нервтік буданы құрайды. Кеуде торының жоғарғы тесігі, apertura thoracis superior, аймағында кезбе нерв бұғанаасты артериясы мен венасының аралығынан өтеді (51 - сурет). Сол жақтағы кезбе нерв кеуде қуысына еніп, қолқа доғасының алдыңғы бетінде орналасады. Кеуде куысында кезбе нервтер өкпе түбірлерінің артқы жағымен өтіп, өңешке келеді. Оң кезбе нерв тармақтары өңештің артқы қабырғасымен, сол кезбе нерв тармақтары өңештің алдыңғы қабырғасымен төмен түсіп тармақтарға бөлінеді де, өңештің отаңғы бөлігі деңгейінде өңеш өрімін, plexus esophageus, түзеді.
    Көкеттің өңештік саңылауы аймағында өрімнен алдыңғы және артқы діңдер, trunci vagales anterior et posterior, түзіліп өңешпен бірге іш қуысына өтеді де, асқазанның алдыңғы және артқы беттеріне келеді.

    51 – сурет. Кезбе нервтің кеуде қуысындағы топографиясы.
    1 – оң жақтағы кезбе нерв; 2 – сол жақтағы кезбе нерв; 3 – сол жақтағы жалпы ұйқы артериясы; 4 – сол жақтағы бұғанаасты артериясы; 5 – қолқа доғасы; 6 – сол жақтағы көмейлік қайырылма нерв; 7 – артериялық байлам; 8 – өкпелік дің; 9 – сол жақтағы басты бронх; 10 – кеуделік қолқа; 11 – кезбе нервтің алдыңғы діңі; 12 – өңеш өрімі; 13 – көкет; 14 – оң жақтағы басты бронх; 15 – сыңар вена; 16 – жоғарғы қуыс вена; 17 – иық-бас діңі; 18 – оң жақтағы бұғанаасты артерия; 19 – кеңірдек; 20 – сол жақтағы жалпы ұйқы артериясы; 21 – оң жақтағы көмейлік қайрылма нерв.
    Кезбе нервтің сезімтал талшықтары жоғарғы және төменгі түйіндерде, ganglion inferius et superius, орналасқан сезімтал жасушалардың шеткі өсінділері болса, ал осы жасушалардың орталық өсінділері сопақша миға кіріп, жеке ядрода, nucl.solitarius, аяқталады.
    Нервтің қозғалтқыш талшықтары қос ядро, nucl.ambiguus, жасушаларының аксондарынан түзілген.
    Кезбе нервтің парасимпатикалық талшықтары артқы ядродан, nucl.dorsalis n.vagi, басталады. Бұл талшықтар сезімтал және қозғалтқыштарға қарағанда көп болады да кезбе нервтің негізгі бөлігін құрайды.
    Нервтің топографиялық орналасуына байланысты: бастық, мойындық, кеуделік және іштік, төрт бөлігін ажыратады.


    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   104




    ©emirsaba.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет