Жұлын – таламустық алдыңғы жол, tractus spinothalamicus anterior , миға жанасу және қысым ( тактилдік) сезімталдығын өткізеді.
Торлық – жұлындық жол, tractus reticulospinalis, мидың торлы құрылымынан жұлынның қозғалтқыш нейрондарына келеді, басқа жолдар арқылы өтетін импулстардың күшін реттейді және бұлшықеттердің тонусын қамтамасыз етеді.
Төбе - жұлындық жол, tractus tectospinalis, ортаңғы мидың жоғарғы (қыртысастылық көру орталығы) және төменгі төбешіктерінің (қыртысастылық есту орталығы) нейрондарынан басталып, жұлынның алдыңғы мүйізінде аяқталады. Аяқ астынан туындаған дыбыстық, жарықтық жіті, шұғыл ақпараттарға (тітіркендірулерге) қарсы қорғаныстық қызметті (шартсыз рефлекстік тез қозғалыстар арқылы ) қамтамасыз етеді.
Пренаталдық онтогенездің алғашқы үш айында жұлын омыртқа бағанасының өзегін толық алып жатады. Жұлын нервтері жұлыннан горизонталды жазықтықта шығып, сәйкес омыртқааралық тесік арқылы өтеді. Дамудың төртінші айынан бастап жұлынның ұзаруы омыртқа бағанасының өсуінен қала бастайды. Сондықтан, жаңа туған нәрестенің жұлынының төменгі шеті II немесе III бел омыртқаларының деңгейінде орналасады. Осыған байланысты сәйкес омыртқааралық тесіктерден өту үшін - бел,сегізкөз және құйымшақ нервтерінің түбіршіктері төмен түседі. Олардың жиынтығы ат құйрығы, cauda equina , деп аталады (10 – сурет).
10 – сурет. Жұлын және оның қабықтары.
1 – милық конус; 2 – торлы қабық; 3 – торлы қабықастылық қуыс; 4 – қатты қабық; 5 – соңғы жіп; 6 – «ат құйрығы»; 7 – соңғы жіп және жұлын қабықтары.
Жұлынның қабықтары Жұлынды үш қабық жауып жатады. Жұлынның қатты қабығы, dura mater spinalis, жұлынды сыртқы жағынан қоршап жатады (11 – сурет). Қатты қабық пен омыртқалардың аралығында қатты қабықүстілік ( эпидуралды немесе перидуралды) қуыс, cavitas epiduralis, орналасқан. Бұл кеңістікте көптеген дәнекер тіндік будалар және жұлын нервтерінің қабықтарына жалғасатын қатты қабықтың бүйір өсінділері орналасады. Қатты қабықүстілік кеңістікте шелмай және омыртқаішілік веналық өрім жатады. Мидың қатты қабығы жоғарғы жағында шүйделік үлкен тесікке бекиді де, ары қарай мидың қатты қабығына жалғасады, ал төменгі жағында II сегізкөз омыртқасының деңгейінде тұйық аяқталады. Осы жерде қатты қабық жұлынның басқа қабықтарымен тұтасып, соңғы жіптің қабығына жалғасады да, құйымшаққа бекиді.
Қатты қабықтың ішкі жағындағы жұлынның торлы қабығы, arachnoidea spinalis, жұқа, түссіз және мөлдір (тамырлары жоқ ) болып келеді, қатты қабық екеуінің аралығында жұқа саңылау – қатты қабықастылық кеңістік, spatium subdurale, - деп, аталады.