Артқы мүйізде аралық нейрондар орналасқан, олар ядролар құрап, сезімталдықтың әр түрлерін қабылдайды.Артқы мүйізде меншікті ядроны,nucleus proprius, кеуделік ядроны,nucleus thoracicus, ( Кларк-Штиллинг ядросы), сілікпетәрізді затты,substantia gelatinosa, және басқа да ядроларды ажыратады. Оларда жұлын түйінінде орналасқан сезімтал нейрондардың орталық өсінділері (аксондары) келіп аяқталады. Орталық өсінділер жұлынға артқы түбіршіктер арқылы енеді.
Жұлынның алдыңғы мүйізінде қозғалтқыш нейрондар орналасқан. Олар бес: латералды-алдыңғы, латералды-артқы, медиалды-алдыңғы, медиалды-артқы және орталық ядроларды түзеді.Бұл нейрондардың аксондары жұлыннан алдыңғы түбіршіктің құрамында шығып, жұлын нервісін түзуге қатысады.
Жұлынның ақ заты, substantia alba, сұр затты қоршай орналасып, оң және сол жақтарында үш жіпшеге бөлінеді. Алдыңғы жіпше,funiculus anterior, алдыңғы орталық саңылау мен алдыңғы түбіршіктің аралығында; латералды жіпше,funiculus lateralis, алдыңғы және артқы түбіршіктердің аралығында; ал артқы жіпше,funiculus posterior, артқы орталық жүлге мен артқы түбіршіктердің аралығында орналасқан. Жіпшелер нерв талшықтарының будаларынан түзілген. Будалардың үш түрі ажыратылады:
Ассоциативтік будалар, артқы мүйізде орналасқан аралық нейрондарды өз сегментіндегі, сонымен қатар жоғары және төмен орналасқан 6-7 сегменттердің алдыңғы мүйіздерінде орналасқан қозғалтқыш нейрондармен қосады.Олар сұр затты қоршай орналасқан ақ заттың жіңішке қабатын - меншікті будаларды, fasiculi proprii, түзеді.
Жоғарылаған және төмендеген өткізгіш жолдар филогенездік даму барысында кеш пайда болып, жұлын мен мидың өзара байланысын қамтамасыз етеді. Олар сегментүстілік өткізгіш аппарат деп аталады.
Жұлынның сегменттік ( меншікті) аппараты филогенездік даму барысында ерте пайда болып, шартсыз рефлекстерді қамтамасыз етеді, оның құрамына жұлынның сұр заты, артқы және алдыңғы түбіршіктері және ақ заттың меншікті будалары енеді.
Артқы жіпшеде – жоғарылаған өткізгіш жолдар, бүйір жіпшеде – жоғарылаған және төмендеген өткізгіш жолдар, алдыңғы жіпшеде,негізінен, төмендеген өткізгіш жолдар орналасады ( 9 – сурет).(
9 - сурет. Жұлынның көлденең кесіндісі. Өткізгіш жолдары мен ядролары.
1 – жіңішке буда ; 2 – сынатәрізді буда; 3 – артқы меншікті буда; 4 – жұлын-мишықтық артқы жол; 5 – қыртыс–жұлындық (пирамидалық) латералды жол ; 6 – латералды меншікті буда ; 7 – қызыл ядро-жұлындық жол; 8 – жұлын-таламустық латералды жол ; 9 – кіреберіс-жұлындық латералды жол; 10 – жұлын-мишықтық алдыңғы жол; 11 – жұлын-төбелік жол; 12 – олива- жұлындық жол; 13 – торлы-жұлындық алдыңғы жол ; 14 – кіреберіс-жұлындық жол; 15 – жұлын-таламустық алдыңғы жол ; 16 - алдыңғы меншікті буда; 17 – қыртыс –жұлындық (пирамидалық) алдыңғы жол; 18 – төбе-жұлындық жол; 19 – алдыңғы медиалды ядро; 20 – артқы медиалды жол; 21 – орталық ядро; 22 – алдыңғы латералды ядро; 23 – артқы латералды ядро; 24 – аралық латералды (симпатикалық) ядро; 25 – аралық медиалды ядро; 26 – орталық өзек; 27 – кеуделік ядро; 28 – артқы мүйіздің меншікті ядросы ; 29 – шекаралық аймақ; 30 – кеуекті аймақ ; 31 – сілекпетәрізді заттек.