Зерттеудің міндеттері: ─ Әлемдік тіл біліміндегі, түркологиядағы сөз таптастыру проблемасының тарихымен, бүгінгі жай-күйімен байланыстыра отырып, сөз таптастыру теориясының қазақ тіл біліміндегі дамуын ғылыми тұрғыдан кезеңдерге бөлу;
─ Сөз таптарын сын тұрғысынан оқыту құндылықтарын белгілеу, олар туралы қазіргі кезде қалыптасып отырған теориялық, тәжірибелік ой - пікірлерді айқындау;
─ Сөз таптастыру теориясының қазақ тіл біліміндегі бүгінгі жайына баға беріп, осы мәселеге қатысты әлі түйіні шешілмеген проблемаларды бөліп шығару;
─ Қазақ тіл біліміндегі сөздерді семантика - құрылымдық топтарға жіктеу барысында болған бағыттарды, олардың негізгі қағидасын анықтау;
Зерттеудің әдістері: педогогикалық, психологиялық, бастауыш әдістемелік, әдеби, әдістемелік нұсқауларға тақырып бойынша теориялық талдау жасау; бастауыш педагогикасы мен әдістемесі, бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық жұмыстарына талдау; педагогикалық тәжірибелерді жинақтап қорыту.
Зерттеу обьектісі.Қазақ тіл біліміндегі сөздердi таптастыру теориясының пайда болуы, дамуы, қалыптасуы.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. ─ Сөздерді семантика-құрылымдық топтарға бөлудің күрделі теориялық ілім ретінде қазақ тіл білімінде алғаш пайда болуынан бастап, оның даму жолы таразыланды. Осы даму жолында кездескен түрлі ағымдар анықталып, олардың негізгі қағидалары белгіленді, ағым өкілдерінің ой-тұжырымдарына нақты талдау жасалып, баға берілді.
─ Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының өткен жолын таразылаумен қатар бүгінгі жайы да сөз етіле отырып, оның жетістігі мен кемшілік тұстары да айқындалды. Қазақ тіл білімінің бүгінгі жетістігі тұрғысынан сөз таптарының семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптеріне анықтама берілді.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Сөз таптастыру теориясының қазақ тіл біліміндегі алғаш пайда болу, даму, қалыптасу жолын саралау арқылы түрлі бағыт, ағымдар болғанын, олардың негізгі қағидаларын анықтау, сөз таптастырудың бүгінгі күнгі жайын зерделеу арқылы түйіні шешілмеген ірілі-ұсақты проблемаларды бөліп шығару, сөз таптарын сын тұрғысынан жаңа бағытта оқыту – қазақ тіл біліміндегі морфологияның бұл өзекті мәселесінің болашақ дамуына оң ықпал тигізетіні сөзсіз.