3.1 Жұмбақтардың жанрлық сипаты Ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді жұмбақтардың да өзіне тән ерекшеліктері бар. Ең алдымен жұмбақтар тапқырлыққа құрылады. Жұмбақтың өзі де, оның шешуі де асқан тапқырлықпен құрылуға тиісті. Сонда ғапа ол жұмбақ болады.
Жұмбақта фантазиядан да деректілік, нақтылық басым келеді. Ол жұмбақ көлеміне енетін нәрселерді алыстағы бұлдырдан емес, адамның көз алдындағы, күн сайын көріп, біліп отырған нәрселерін жұмбақ етеді. Бұл нәрселерді жалпылама түрінде алмай, бөлшектен, жекелеп алады, әрбір заттың бөлекбөлек бөлшектеріне айрықша көңіл аударады. Мәселен, жұмбаққа сиырды енгізгенде, оның өзін айтумен қабат, мүйізін де, емшегін де, сүтін де бөлек жұмбақ етеді.
Қазақтың қазіргі заманғы жұмбақтары үш арнада дамығанын байқаймыз.
Біріншісі – көркем қара сөз түрінде, екіншісі – ұйқасқан, үйлескен өлең түрінде. Үшіншісі ақындар айтысында төпей төгілген жұмбақтар. Қай-қайсысы да сұрақ-жауап ретінде жұмбақ – шешілу болып жұптасып жатады. Жұмбақтың жанрлық ерекшелігінің бірі осында.
Жұмбақтар әр түрлі тақырыптарға құрылады.
Әдетте, жұмбақты қарт кісілер айтатын да, шешуін жастар шешетін. Айтушысы «кәні, кім шешеді?», «шешуін қайсың бұрын табар екенсің?» деп оларды қызықтыра түсетін. Жұмбақты айтуға да, шешуге де үлкенді-кішілі барша жұрт боп қатысатып болады. Жұмбақты шешкен адамға тағы да қосалқы сұрақтар қойып, соның шешілуін айқындап алады. Мұның өзі адамның аңғарғыштық қабілетін, зейін-зеректігін дамытуға жәрдемдеседі, өмірдің әр алуан сыр-сипатын тез түсінуге жол ашып береді. Жұмбақты шешу адамның ой-өріс, ақыл-парасатының меже-мөлшеріне байланысты. М.И.Каменнің математиканы «ойдың гимнастикасы» дегенін жұмбаққа да тели сөйлеуге әбден болады.
Жұмбақ алдымен адамның өзіне ерекше таныс, өз ұғым-түсінігіне жақын, күнделікті көріп-біліп жүрген зттарын немесе өзінің күнбе-күнгі қажетіне пайдаланып жүрген нәрселерді тұспалдап айтудан бастаған. Өзіне таныс, көзге ілікпегеп, тіпті бір тылсым қиял-ғажайып дүниесін жұмбақтаған.
Қазіргі ғарыш ғасырында аспан әлемін, жер-көкті жұмбақ етіп айту кездейсоқ емес. Адам арманы көктегі кереметті, аспан құпиясын, табиғат ғажайыбын білуге ерте заманда-ақ құштар болған. Әттең, сонау бір көк аспанның сыр-сипатын білсем екен деген қиял дүниесіне шомған.
Қазіргі жұмбақтардың өзіндік ерекшеліктері көбіне оның мазмұнына, әр дәуірдің өзіндік сипатын көрсетуден байқалады. Профессор М.Ғабдуллин: «Адам баласының ой-өрісі, дүние танудағы білім көлемі ұлғайған кезде, жаратылыс дүниесінің және заттардың шығу сырын анықтап, аңғарған кезде жұмбақтар алғашқы қалпынан өзгере бастайды» [5], - дейді.
Адам – аспан әлемін жалпылай жұмбақтап айтудан гөрі, ендігі жерде, оның алыстан байқалған әрбір ғажайып көріністеріне зер салып, жекелеп, нақтылап, даралап айтуға деп қояды.
Біреудің бір ұлы бар және қызы,
Біледі ол екеуін дүние дүзі,
Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз,
Жүргенде білінбейді басқан ізі [3], (Күн мен Ай).
Әлем дүниесінде ненің барын даралап айқындағандықтың бір мысалы осы. Өзіне сыры белгісіз дүниені жұмбақ етіп айтудың өзінен соның сыр-сипатын сыртқы көрінісіне қарай емес, ішкі мазмұнын білуге де шақырғандық байқалады.
Бір жақтан зор кемеңгер қара кісі,
Қимылдар сол кісіден елдің тісі.
Талқандап беті - жүзін тырнасаң да,
Бір ауыз неге үйттің деу емес ісі (Жер).
Мұнда жұмбақтаумен бірге тіршілік тірегі неге байланысты екенін еске салады. «Қолың қимылдаса, аузың қимылдайды» дегендей, адамға қажетті қоректің бәрі де түптеп келгенде жер арқылы келетінін, ол және тек еңбек ету арқылы ғана қолға түсетін игілік екені осыдан толық аңғарылып қалады. Сондықтан жердің де бар берері адам баласына жұмбақ болып келгені, ол жұмбақты еңбек ету арқылы ғана шешуге болатынын байқатады. Аспан, жер әлемі жайында айтылатын жұмбақтардың бәрінде де осы сияқты белгісіз жайлардың құпиясын ашуға талаптанған арман ағысы байқалып отьрады «Жалпы алғанда жұмбақ адамның дүние тану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді» [1] - дейді М.Әуезов.
Жұмбақ өз көлеміне енетін заттарды сыртқы белгісі, сыртқы кескін көрінісімен сипаттайды.
«Қарашы тауым қарлы болды,
Бір жауса кетпейтұғын зәрлі болды»
(шаштың ағаруы).
Мұнымен қатар жұмбақ әр бір затты құлаққа естілетін дыбыс белгісімен де бейнелейді.
Мысалы:
«Әуеден күбі түсті, күбінің түбі түсті» -
деп күннің күркіреуін жұмбақтайды.
Жұмбақтың өзіне тән бір ерекшелігі – жұмбаққа алынатын нәрселерді атқаратын қызметіне қарап көрсетуінде. Мысалы, құлыпты жұмбақ еткенде:
Ә, керемет бір ит бар.
Үй бағады, үрмейді,
Аяғы жоқ жүрмейді.
Рұқсатсыз ол иттен
Ешкім үйге кірмейді, -
деп келеді. Жұмбақтардың көпшілігінде осы ерекшелік айрықша көзге түсіп отырады.
Кейде жұмбақ әбір заттың неден істелгенін, тегі қандай екенін,кейіннен қандай күйге түскенін де сипаттайды. Мысалға, үйге ұсталатын ши туралы жұмбақты алайық:
Өз елімде шөп едім,
Желкілдеген боз едім.
Қолға түстім, қиылдым,
Он жерімнен буылдым, -делінеді.
Ал тұзды: «Аудан шығады, судан қорқады» деп жұмбақтайды.
Жұмбақтарда көп кездесетін ерекшеліктің бірі – заты жақын заттарды парлап, қосарлап айтуында. Ай мен күн, жер мен көк, қыс пен жаз, күн мен түн, қол мен аяқ т.б. жұбымен алынып жұмбаққа қосылады. Бұл ретте, мысалы, Күн мен Ай мына түрде жұмбақ етіледі.
Біреудің бір ұлы бар және қызы,
Біледі ол екеуін дүние жүзі.
Ұйықтайды үлы түнде, қызы күндіз,
Жүргенде білінбейді басқан ізі.
Жұмбақтың ішкі құрылымдарына үңілеек, әр алуан жанрлармен астасып-тоғысып жататын, аралық жанр түзетін ерекшелігі көзге шалынады. Фольклортанушы ғалым С.Қасқабасов:
«Ешбір жанр саф алтындай таза күйде болмайды. Өйткені, ол жападан жалғыз өмір сүрмейді, ұзақ көркемделу процесінде жанрлар бір-бірімен тығыз байланысқа түседі, олар бір-бірімен ықпал жасап кірігіп, тіпті жаңа жанрға негіз болады» [53] – дейді.
Қазақ ақындарының жұмбақ айтыстарында да небір көркем сөз үлгілері қолданылған. Оған дәлел «Әсет пен Ырысжа» айтысындағы бес парызды, жыртқыш құстар арқылы патша өкіметінің билеу саясатын бейнелеген жұмбақтардың Мәлике аузымен жасырынатынын аңдаймыз. Әу баста кітап негізінде пайда болғанымен «Пықия мен Мәли кенің айтысы» да кең таралған, көркемдік сипатқа ие.
Сөз жарысына түскен айтыскерлер қарсыластарын аяқтан шалып тоқтату мақсатымен діни сауалдарды, діни сипаттағы жұмбақтарды әдейі енгізген.
М.Әуезов былай жазған еді:
«XIX ғасырдың аяқ шенінде XX ғасырдың басында қазақ ақындарының Бұхарада, Ташкентте, Түркістанда, Қазанда оқып келгендері жалпы айтыспен қатар діни айтысты ақындық жарыс салтына енгізеді. Осының әсерінен кейбір ақындар діншілдіктен емес, айтыста алдынан шығарлық жұмбаққа – дін жұмбағына мүдіріп қалмау үшін дін жөнінен шала-шарпы білім жияды. Атығай Тоғжан ақын жасында оқыған діни білімі айтысқа жеткіліксіз болғандықтан мосқалданып келгенде, бір жаз бойы молдадан ислам дінінің шарттарын үйренеді» [17].
Ұлы жазушы баса көрсеткендей, айтыскерлер қағысуларда сүрінбес үшін шариғатты меңгеруден, молда, дінбасылардан кеңес алудан қашпаған. Бірде Маңғыстаулық Сәттіғұл ақын Хорезмдегі Сүгір Бегіндікұлына өлеңмен жұмбақ жазып жібереді. Сүгір келген хатты оқып қараса, жұмбақ түгелдей шариғатқа негізделген екен. Бұл хатқа тісі батпаған соң сол кездегі ғұлама оқымысты Көрпе Размағанбет ахунға алып келеді. Размағанбет жұмбақтың жауаптарын бірнеше кітаптардан ақтарып шығарып берген соң, оны Сүгір өлеңге келтіріп өрнектейді де Сәттіғұл ақынға Маңғыстауға жолдайды.
Нұрымның:
Пайғамбардың кезінде Қанша қауым өтіпті
Өз пиғылынан өзі азып, - деген сауалына Қашаған жауап ретінде Нұх пайғамбар қауымымен қатар Лүд қауымын еске алады. «Құранда» Ад қауымының бұттарға табынып, оны құдай деп біліп келгені баяндалады. Алла тағала пайғамбар етіп қалаған Лүд оларды астамшылықтан тиынуға, Алланы тануға шақырады, Нұх пайғамбар халқы тап болған тауқыметті естеріне салады.
Пайғамбар сөздерін құлағына ілмеген қауым алланың қаһарына ілініп, дүлей дауылдан із-түзсіз жоқ болады.
Жұмбақ айтысын ілгерілетуге өлеңге икемі, бейімі бар қожа, молда, дін басылар да белгілі дәрежеде үлес қосты. Иманжан мен Бибіғалидің, Айқын қыз бен Жарылқасын қожаның, Шөже мен Кемпірбайдың сөз жарыстарының ақыры діни сауалдарға ұласады. Қаблиса мен Таутан қыздың айтысындағы жұмбақтардың дені діни мазмұнда. Осы айтысты тауып, алғаш жариялаған жазушы Төлен Қаупынбаев Қабиласаны Қабан жырау дейді. Бұл бір жағынан тарихи шындыққа сәйкес келмейтін сияқты. Себебі Сүіннбай ақынға ұстаз болған Қабан ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен.
Әрі:
Айналар өз-өзінен бір диірмен,
Шығардым бір ағашын бір бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Шіркінді әбзел қылып кім иірген? - деп келетін мәшине хақындағы және самаурын, сағат жайлы жұмбақтар кейінгі дәуірдің қолтаңбасы екені даусыз.
Халық жұмбақтарында намаз, қырық парызды, бес парызды сипаттауда құс аттары алынады. Мәселен, Бармақ Мұхамбаев дәстүрлі қалыппен:
«Бір көлде отыз үйрек, қырық балапан, бес дуадак» - деп жұмбақтаса, Базар Ізбас:
Бес дуадақ, бес аққудың,
Отыз екі үйрек жолдасы,
Әрбіріне қарасақ,
Екі-екіден бір басы,
Ағашына қарасаң,
Пейіштен екен құрмасы,
Тұлғасына қарасақ,
Аспан мсн жердің арасын
Тіреп тұрған тұлғасы, – деп тұспалдайды.
Бұл жұмбақты Сәттіғұл ақын:
Бес дуадақ, бес қуың –
Бес намаз бен бес парыз,
Отыз екі үйрек дегенін –
Бес уақыт намазға
Отыз екі рет жығылған,
Оқымаған пендеге
Арынмайтын бұл қарыз.
Пейіште құрма дегенің
Он екі қамар ішінде Рузанын айы еді, – деп шешеді.
Әсет бес намазды – бес топай, Таутан бес намазды – бес өзен, қырық парызды – қырық жаңғақ деп айшықтайды. Таутан:
Отыз қол аттаныпты әскер білен,
Он жігіт қасына жолдас алып, – десе, оны Қабиласа:
Он жігіт дегенің он төрт сәжде,
Құран – дүр отыз қолың отыз пара,
Ғаскері ішіндегі сүрелері, – деп табады.
Нұралы Нысанбайұлы «Үш мұнлы» дастанында Тайыр деген білімді сопының қызы Гүлшірін жаушы салғандардың бірде-біріне көңіл бұрмай, тек өзінің жұмбағын тапқан адамға ғана күйеуге шықпақшы болуы ертегілік сарын. Оның жұмбақтарын Алмас хан түгелдей шешіп, жар етіп алады. Қыз жұмбағы негізінен діни мазмұнда. Қыз жұмбақты былайша жұмбақтайды:
Бір жайда он бес сарай қатарласқан,
Соғылған інжу, яһут асыл тастан.
Әр үйдің кеңдігіне есеп жетпес,
Жай болар бір үйіне жер мен аспан.
Ішінде сегізінің түрлі нақыш
Оларға қайтып келмес қадам басқан
Сарайда гүл ашылып, бұлбұл құсы
Есепсіз әр бірінде қызметкерлер.
Ислам дініндегі аталатын «жеті дозақ, сегіз пейіш» түсінігі осы тұспалдарда көрініс тапқан. Тозақтың басты сипаты ретінде «от, салқын» «кейде шоқ, кейде ыстық, бірде жылы» деген жолдармен беріледі [8].
Діни жұмбақтарда жиі ауызға алынатын тұлға – Мұхаммед пайғамбар есімі. Оны Таутан: «Құдайдың жаратқаны бір бәйтерек» деп тұспалдаса, қазақ қызымен айтысқан қырғыз ақыны Буурабай ақ бәйтерекке, сахабаларын атап, үш мын жапыраққа, төрт шадиярды – төрт бұтағына теңейді.
Халық жұмбағында пайғамбарды «бір хан болған» десе, төрт шадиярды – лашын, сұңқар, қаршыға, бүркітке, сахабаларын – отыз үш мың күйкентайға балайды. Гүлшіріннін «алпыс құлаш, үш қарыс, үш елі» деп Мұхаммед пайғамбардың атын, үш жыл, үш ай, үш күн, ғұмыр кешкенін Алмас тап басады.
Шораяқтың Омары жұмбағында бірнеше ауыстырулар қатарласа келіп, күрделі сурет жасайды, үлкен тізбек түзеді. Ақын бақ деп – бұ жаһанды, ондағы мәуелі дарақ деп ғылымды, бақтың бағбаны деп – күллі адамды, жасы жетпіс сегізде деп исламның жетпіс сегіз парызын (қырық парыз, отыз күн ораза, екі айт, жұма, жаназа намазы, ұтыр сегіз) меңзеген. Ол айтқан «төрт қаруды» Қарасақал Ерімбет – төрт мазхаб деп күрмеуін шеше отырып, исламда төрт кітап, төрт шаһарияр дегенде ұғым бар екенін де ескертіп өтеді, Мазхаб – араб тыінде жол, бағыт деген мағынада, ислам дініне байланысты термин де, мазхаб деп шариғат, фихқ саласындағы ұстанымды айтады. Ислам дінінде танымал төрт мектеп, яки мазхаб бар, олар: ханафия, маликия, шафиия және ханбалия. Жұмбақ бүкпесіндегі айтылып отырғандар – осы төрт дәстүрлі мектеп. Төрт кітап деп Таурат, Забур, Інжіл, Құранды, төрт шаһарияр деп – Омар, Оспан, Әзірет Әлі, Әбу Бәкірді ишаралаған. Бұл жерден ақындардың діни сауаттылығының жоғары екендігін, фикх, шариғат саласын жетік меңгергендігін аңдаймыз.
Кердері Әбубәкірдің Жұмағали ахунға айтқан жұмбағында «тоқсан тоғыз қысырақ» деп тасбихтың майда тастарын, «ішіндегі үш айғыр» деп тасбихты қолға ұстап айтатын «биссимила» кәлимасын, жалғыз ноқта деп тасбих тастары тізілген жіпті әсерлі, әрі бейнелі, ұлттық болмыспен шендестіре жеткізген.
Діни ақындар ислам дінінің қиын да күрделі тірек-қағидаларын құнттап, бірақ құр, құрғақ санамалап, сүреңсіз, қарабайыр жолдармен бере салмай, құнарлы тіркестермен бояу қосып, ажар енгізе бейнелеген. Сөйтіп, қазақ жұмбақтарында ұғымға ауыр, жадыға тоқуы қиын түсетін мұсылмандық шарттарының өзі қанатты оралымдармен дәйектеледі, тыңдарман көңіліне ұялайды.
Түйіндей айтсақ, айтыс ақындары фольклор жұмбақтарындағы дәстүрлі сүйек образдардан, тұрақты ауыстырулар мен айқындаулардан, танымал амал-тәсілдерден біржола қара үзіп, алшақтап кете қойған жоқ һәм тың ізденіске барды, ізашарларына қарағанда жаңа леп, тосын тілдік-стильдік құрал-тәсілдерді сынамалап, әкеле бастады.
Демек, жұмбақтар қоршаған ортаны танып білу, есте сақтау, білуге құштарлық негізінде пайда болып, қалыптасқан ауыз әдебиетінің бір түрі деген пікірге тоқтадық.