2.3 Шешендік сөз және жұмбақ Халқымыз ежелден аузы дуалы, қара қылды қақ жарып төрелік айтатын билерді қатты қадірлеген. «Батыр деген барақ ит, екі қатынның бірі табады, би деген ақ шариғат ілуде бір-ақ қатын табады» деуінде мән жатқан жоқ па. Қара сөздің майын тамызатын билер қазақ мемлекетінің қалыптасуына, әдет-ғұрып, заң ережелерін орнықтыруға үлес қосқан елдік келелі мәселелерді шешіскен. Олар жайындағы бізге жеткен аңыз-әңгімелер би-шешендердің ойын тұспалмен, емеурінмен сөйлеп, бүркелей айтуға бейім екендігін растайды.
Кіші жүз, шекті Мөңке би жайлы мынадай аңыз сақталған.
«Бір жігіт Мөңке биді көруге құмар болып, іздеп келеді. Есіктен кірген жігітке Мөңке: «Түлкім, жоғары шық» – дейді.
Шай келеді, бір-екі аяқ шай ішкен кезде Мөңке:
Сыншым, сөйле дейді. Жігіт түсінбей отыра береді.
Жігіт кетер кезде:
Жыршым, енді рұқсат, үй-ішіңе аман жет, ел-жұртыңа сәлем айт! - дейді.
Жігіт сауал кояды:
Сіз маған үш сөз айттыңыз. Мәнісін мен түсінбедім. Осыны айтыңыз.
Мөңке сонда былай деп жауап кайырыпты:
–Түлкі құсап құбылып келдің. Әр мейман кірер кезде сен сияқты толқып келетіндіктен соны айттым. Қонақ біраз отырған соң үйдің оң жақ, сол жағына сынай бастайды. Сыншым дегенім – сол. Қонақ сол үйден аттанғанда көрген-білгенін жыр қылып айта жүреді. Жыршы дегенім – сол.
Тағы бір аңыз:
«Барымтагершілік уақытта Орта жүз жәдігер Күлнәзір деген кісіні Ұлы жүз ошақтының жігіттері өлтіріп, теңдік бермейді, құн төлемейді, осыған байланысты жәдігерден төрт кісі Төле бидің алдына келсе, би жөнді сөйлеспейді. Талапкердің біріншісін тыңдап оң қолын, екіншісін тыңдап сол қолын созады.
Япырмай, мына екеуінен сөз қалды ма? - деп үшінші кісі сөйлегенде үстіңгі ернін, төртінші кісі сөйлегенде астыңғы ернін созады. Төртеуі Төле биден бір ауыз жауап ала алмай еліне келіп, көрген-білгенін айтқанда, Айдабол Едіге би былай дейді:
Төле бидің ишарасы төртеуіңе берген бағасы екен. Алғашқы екеуің сөйлегенде, екі қолын созғаны – «Сендер ағайынды екі адамның арасына өсек тасып, ас ішерлік қана адам екенсіңдер. Сендер бітім сөз сөйлеп, дауды бітіре алмайсыңдар» - деп қайырған екен.
Ел сонда Төлеге Едігенің өзін жұмсайды, қасына он шақты кісі ертіп, Төле би ауылына келсе, би алдынан шығып «Алмасыңа мойным бар, асылыңа қойным бар» деп жүріп кетіпті. Едіге: «Би мойын бұрмайсың деген екен?» Төле: «Жарлық сізден болғанда, жабдық бізден» депті. Едіге: «Төле би осы болса дау бітті. Ертең жасауылдап қыз береді», - дейді жолдастарына. Айтқанындай Төле би қонақтарды алты арыс арғынға түйе бастатқан бас тоғыз, төрт ата төртуылға ат бастатқан орта тоғыз жолымен жасаулап, қыз беріп, разы етіп қайырады».
Емеурінмен астарлап сөйлеу үшін адамның қиялы жүйрік, зерделі болуы керек. Ақылды, ойы ұшқыр адамдар ғана ишараны түсініп, одан түйін шығара алған. Жоғарыдан көріп отырғанымыздай, тұспал тек сөзбен ғана емес, қимыл-әрекет қолдың, бет-әлпетінің қозғалысы, көздердің қағысы арқылы меңзеледі. Кейде белгілі зат арқылы да ой тұспалданады. Тұспалдарды тез аңдап, оқып-білу кез келген адамның маңдайына жазылмаған, оны тек зерек жандар ғана түсінеді.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Сырым бидің аулына бара жатқан жеті-сегіз адам бір ауылдың шетінде отын жинап жүрген жас келіншекке кездесіп жөн сұрасады. Жолаушылар Сырым бидің ауылына бара жатқандарын айтады, сонда келіншек «Сіздерден бір өтініш. Сырым биге бір тапсырмам бар еді, соны табыс етесіздер ме?» – дейді. «Ол қандай тапсырма еді? – дейді жолаушылар. Сонда келіншек маңдай шашының арасынан бір тал шаш және көйлегінің етегінен алақандай шүберек жыртып алып, әлгі екі тал шашты орап, жолаушыларға береді де: «Осы еді тапсырмам. Жолдарың болсын,» - деп қала береді.
Жолаушылар Сырым бидің ауылына барып түседі, шай, тамақ ішіліп болғаннан кейін: «Сізге бір келіншек жолда мына бір тапсырманы табыс етерсіздер деп беріп еді,» - дейді де бағанағы екі тал шаш оралған шүберекті табыс етеді.
Сырым би шүберекті ашса, ішінен екі тал шаш көрінеді. Сонда Сырым би сәл кідіріп, бұл екі тал шашты келіншек басының қай жерінен және шүберекті қайдан алғанын сұрайды.
Сонда жолаушылар:
Бір тал шашты маңдай шашынан, тағы біреуін басының арт жағынан, шүберекті көйлегінің етегінен алып берді, - дейді Сонда Сырым би бұл тұспалды:
Бұл келіншек алдымда аға, артымда іні жоқ, бұл өмірде жамаусыз киім кимедім дегені ғой, - деп шешкен екен.
Сол келіншектің ауылында үлкен той болып, ат шаптырыпты. Бәйгесіне үш мың жылқы тігіліпті. Сол тойға Сырым би де барып, жүйрік аты бар екен, ат шабысқа соны да қосыпты. Сырымның қосқан жүйрігі алдымен келіп, үш жүз жылқы бәйге алыпты.
«Бәйгеден беріп кетейін деп баяғы келіншекті сұрастырыпты. Сонда ел жақсылары «Қарындасыңның аты кім?» - деп сұрапты Сырым биден. Сырым би: «Атын ұмыттым, көрсем танимын» депті. Сонда Сырымның алдына бірнеше келіншекті әкеліп: «Осының қайсысы қарындасың?» – дегенде, баяғы Сырымға тапсырма беріп жіберген келіншек құлағындағы сырғасын ұстаған екен, сонда Сырым тұрып: «қарындасымның аты Сырға еді» депті. Сонымен Сырғаға ат бәйгесінен жүз елу жылқы «қарындасымның төркін сыбағасы» деп беріп кетіпті» [35].
Шешен өзіне бағытталған тұспалдың шешімін айтып жатпайды, бұл ишарадан әріптесінің ойын оқиды. Әңгімеге куәгер жандар зерек жандардың өзара тұспалдарын ұқпаса, «ымды білмеген дымды білмейді» дегендей қала береді. Шешендер алыстан орығыта сауал тастап, қарсыласы ойының ұшқырлығын, сөз мәнісін қаншалықты түсінетінін сынайды.
Төмендегі шешендік сөзде Жиреншенің жұмбақпен тілдесуі баяндалады. Оған келіп: «Тесіктау қайда?» - дегенде «төмпешіктің астында» - дейді. Бұл кісі: «Ол қызыл төмпешік мұнан алыс па?» дегенде Жиренше айтыпты: «Жоқ, мұнан алыс емес, тиіп тұр, жүр екеуміз үйге барайық» - депті.
Үйге кірген соң Жиренше әйеліне: «Мына кісіге сусын бер» - дейді. Жиреншенің әйелі аяққа ас құйып, әуелі Жиреншеге беріп, сонан соң әлгі қонаққа беріпті. Жиренше қолына берген айранын ұстап тұрып айтады: «Бес тұлпарға мінеді. Қызыл төмпешіктің астындағы тесік таудан өтеді».
Сонан кейін әлгі кісіні аңдады. «Мұның тесік дегені – тесік тамақ екен ғой. Бес тұлпар дегені – бес саусақ екен ғой. Қызыл төбешік дегені – қызыл тіл екен ғой» [36].
Енді ауыстыруларға назар салайық:
Тесік тау – тамақ,
Қызыл төбешік – қызьы тіл,
Бес тұлпар – бес саусақ.
Осы ауыстырулар арқылы адамның тамақтануы, оған дене мүшелерінің қатысуын ишаралайды. Бұл халық жұмбақтарында бұрыннан ұшырасатын әдіс.
Би-шешендер үш жүздің басын қосқан әз Тәуке, қасқа жолды Қасым хан, ескі жолды Есімхан касында отырып, мемлекеттің іргесін нығайтуға септігін тигізді десек, әлгіндей емеурінді көпшілікке түсініксіз тілмен хан, уәзірлер тілдескен деуге негіз жоқ емес. Алайда, біздің қолымызда хандарға байланысты жазба мағлұматтар жоқ. Десек те аңыз-әңгімелер бұл пікірімізді нақтылайды.
Орал таудың ор түлкісі,
Айнала қуса, ит жетпес.
Орал таудың ақ иығы,
Ақиық келсе, тек кетпес.
Бұл – Бекболат бидің Абылай ұстап алып кеткен баласын ажырата барғанда ханға айтқан сөзі. Баласын Бекболат алып кеткенін бейнелеп айтқан бұл сөзін Абылайдың қасындағы билер шеше алмай, өзі шешіпті.
«Орал таудың ор түлкісі» деп өзін айтты. «Айнала қуса, ит жетпес деп сендерді айтты. «Ақиық келгесін тек кетпеуі жөн, әйтпсе де, кешірер,» – деді.
Елші алмасу кезінде екі елдің хандары да жұрт біле бермейтін бейнелі сөзбен хабарласқан. Бурят фольклорын зерттеушілер Н.О.Шаракшинова, С.С.Бардахановалардың жұмбақтардың «дипломатияның тілі» қызметін атқарды деген пікірінің қазаққа да қатысы бар. Мұндай емеурінді көшпелілердің ежелден қолданғанын Геродот жазады, оның жазғандарына қарағанда, скифтер елші арқылы дұшпандарына тері, жебе, бақа, құс, жібереді. Онысы – құс болып көкке ұшсаң да, бақа болып батпаққа батса да біздің жебеміз сендерді баудай түсіреді деген тұспалы. Жалпы алғанда халқымыз астарлы, пернелі сөйлеуге бейім. Сондықтан да болар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Асылы, қазақ тілі жұмбақ. Не айтса да бәрінің шешуі бар. Шешуін білу керек» - дейді [34].
Халық арасындағы төмендегі әңгіме соны дәлелдейді.
«Түн ортасында бір атты адам үй тұсына келіп. «кім бар-ау. құдайы қонақпыз» дейді. «Нешеусің?» деп едім, «үшеуміз» деді.
«Үшеу болсаң басқа үйге барып қон» дедім. Кетіп қалды. Ертеңіне білдім ит ерген бір-ақ адам екен. Үшеуміз дегені несі?
Оның үшеуміз дегені, өзіме бір аяқ ас, атыма бір бау шөп, итіме, сүйемдей бір сүйек керек дегені екен, – деп түсіндіріпті пайымшыл ауылдасы аңғал көршісіне» [32].
Мұнйдай тұспалды сөйлеу әдет-ғұрыптарымызда кең өріс алған. Ел-жұртымыздың ат тергеу салтын еске алайық. Қазақ әйелдерінің ер-азаматтарды өз атымен емес, басқа бір тұспалмен атауы қандай жарасымды.
Бұрын шыр етіп сәби дүниеге келгенде «кім туды?» деп сұрай қалса, ұл болса – «тізгін ұстар», «күл шашар», «ноқта жетектер», қыз болса – «қырық жеті» деген сияқты еміреумен жауап қату үрдісі болған.
Жұмбақ поэзиямыздағы емеурін, символ тәрізді бейнелеу құралдарымен ұштасады. Қара өлеңге байланысты зерттеу еңбегінде А.Сейдімбек: «Иісі сөз өнеріміздің әр түрлі жанрына лайықты емеурін үлгілері бар. Бұлардың бәрінің басын біріктіретін тіліміздегі астарлап ой жеткізетін машығымыздың тұтас системаға айналған дәстүрі. Емеурін түптеп келгенде, тілдік-танымдық категория ретінде халқымыздың ұшқыр ойына, нәзік сезіміне, дүние-тіршілік туралы образды түйсігінің байлығына, орныққан символдық ұғымдарының молдығына жарқын айғақ бола алады», – деп жазды [37].
Халқымыз кісі қаза болғанда қаралы хабарды тіке айта салмай, орағыта былай жеткізетін болған:
Аққу көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Олар адасып кеткен жоқ,
Әркім барар жерге кетті.
Немесе:
Ай тұтылды ұлысыңнан,
Күн тұтылды шығысынан,
Емен сапты болат найза,
Сынды дейді ұңғысынан, – деп сурытпақтай қайғыдан хабар етеді.
Жұмбақ кейде аллегория, яки пернелеу әдісіне де ұқсайды. Пернелеу – ойды астарлы түрде жеткізудің бір жолы. Мұнда адамдардың іс-әрекеттері жануарлардың арасындағы болған нәрседей суреттеледі. Соның бір мысалын С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы «Жұмбақтас» деген тараудан табамыз. Қолға түскен қалмақ қызы өз басынан өткерген оқиғаларды жұмбаққа айналдырады, мұны кім шешсе, соған тиемін дейді, оқиғалар құстардың арасындағы жағдаяттар түрінде баяндалады. Ақын поэмасында Бурабай көліндегі «Жұмбақтас» атты атаудың шығуына байланысты ескі ел аңызын пайдаланып отыр. Аңыздың халықтық нұсқасын «Қаракерей Қабанбай» атты кітаптан оқимыз [38]. Аңыздағы қыздың «жұмбағымды тапқан адамға тиемін» деуі бұрыннан ертегілерде кездесетін дәстүрлі сарын.
Қазақтың атамзаманғы түсініктерінен бастау алатын түске сену нанымы фольклорлық мұраларда із қалдырған. Эпикалық жырларда, ертеректерде тұрақты қайталанып отыратын сарын – түс көру мен түс жору – ескі дәуірлердегі анимистік ұғымдардың елесі. Түске байланысты өрбіген ырыми әңгімелер, аңыздар мол. Бұл жерде оларға тоқталып жатуды міндет деп санамадық, тек түстердің жұмбақпен кестеленетін үлгілерін ғана ауызға алдық. Түстер аңыз түрінде баяндалады.
Абылайхан Самарқант шаһарының бетіндегі Жұпар қорығына түсіп, алғаш қонған түні түс көріп, ертеңіне қасындағы түс жоритын қариясына жорытады.
«Түсімде шатырымның алдына бір жолбарыс келіп шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таңқалып қарап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп, екінші қарағанымда, қасқыр болып, онан соң түлкі, ақырында қоян болып кетті. Осы көргендеріме таң қалып жатқанымда, оянып кеттім», – дейді. Сонда қария:
«Жолбарыс көрсең – басыңнан бақыт құс ұшқаны, баяғыдан бері қайтпай жүріп енді жасың жеткен шағыңда «Абылай хан сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай қайта ғой. Жолбарыстың аю болғаны – сенен соңғы балаларыңның заманы аю заман болып, жұрт аюдай алысып өтеді. Қасқыр болғаны – немерелерің заманында қасқырдай жұлысып өтер. Түлкі болғаны – шөберелеріңнің заманында түлкіше жортып өтер, қоян болғаны – онан кейін заманда қорқып өтер», – деген екен [39].
Аңыздың аты аңыз. Фольклорлық жанрлардың өз даму заңдылығы бар. Бұл түсті Абылай заманында туған дегеннен гөрі, кейінгі дәуірдің жемісі деп қарау дұрысырақ. Бұл – дүние, уақыт хақындағы кейінгілердің пікірі. Абылайдың түсін баяндау арқылы оның ұрпақтары ғұмыр кешкен мезгілдердің тұспалды бейнесін жасайды. Аңыз астарында халықтың бодандыққа түспеген, еркіндікте жүрген заманын аңсау байқалады. Төмендегі аңыз жоғарыдағы мысалмен тоғысады.
Мөңке би балаларын шақырып алып, өзінің түсін айтыпты:
«Ауылдан жалғыз шығып едім. Бір аттыға жолықтым, әлгі аттымен жарысып едім. Озып кеттім. Тағы бес атты кездесті, одан да оздым. Сол бетіммен келіп, бір тойға тап болдым. Осы жиыннан отыз атты ере шықты. Жол қысқарсын деп жарыстық, олар да қалып қойды. Одан соң қырык аттыға ұшырадым. Олармен жарысып едім, қырық атты жеткізбей кетті, қалғаныма ренжіп астымдағы атымды сойдым. Ішінен құлан шықты. Оны сойып едім, ішшен бұлан шықты. Бұланды сойып едім, ішінен қасқыр шықты. Қасқырды сойып, едім ішінен түлкі шықты. Түлкі ұстатпай қолымнан сусып кетті».
Мөңкенің ұлдары әкесінің түсін жори алмапты. Сонда қызы отырып:
– Әке, мен жорыр едім, бірақ еліңді әйел билеп кетеді, содан қорқып отырмын, – дейді. Ұлдары басын салбыратып, үн-түнсіз отыра берген соң, би амалсыз түсін қызына жорытыпты.
Қыз:
– Әке, әуелі жарысқан жалғыз атың – бір жыл уақыт. Бес атты – бес уақыт намаз. Одан озғаның – бес мезгіл намазыңның қабыл болғаны. Отыз аттан озғаның – отыз күн оразаңның қабыл болғаны. Ал қырық аттан қалып қойғаның – қырық парызды орындай алмағаның. Құлан ел-жұртыңның құландаған еркін заманы. Бұлан – еліңнің бұлаңдап жүрген бостандықтағы уақыты. Одан кейін еліңді қасқырша жұлып жейді. Түсіңдегі қасқыр – сол. Бұдан соң адамдардың бірін-бірі алдайтын, біріне-бірі шынын айтпайтын заман туады. Түлкі – алдағы заманның көрінісі».
Аңыздағы жұмбақты екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – уақыт, мұсылмандық хақындағы тұспалдар. Жалпы халқымыз уақыт, бес парыз, жыл іші күндерінде орындалатын намаздарды өзек еткен жұмбақтарға бай. Олар көбіне ағаш, құс жануарларға баланады. Екінші – заман, адамдардың мінезі туралы тұспалдар. Бұндағы тұспалдар «Абылай түсі» атты аңыздағы баламаларға жақын. Атғашкы түсте – жолбарыс, аю, қасқыр, түлкі, қоян; «Мөңкенің түсінде» – құлан, бұлан, қасқыр, түлкі.
Эпостық жырларымызда түсті жұмбақтап беру әдісі кең қолданылады. Нұрпейіс Байғанин жырлаған «Қобыланды батыр» нұсқасында Алшағыр түсінде ханның өзі – шығыршық мүйіз көк қошқар, қалың қалмақ елі – сансыз қой, ханның қырық бегі – қырда тұрған қырық қой, отыз төресі – ойда тұрған отыз қой, бес тумасы – бес қошқар, алты баласы – алты қозы, Қобыланды осы қойға тиген азулы бөрі ретінде ұлғайған ауыстыруға айналған.
Қазақ эпосын зерттеуші Шәкір Ыбыраев дәл байқағандай, «жырларымызда жауға келе жатқан батырды қалмақтың ханы (кейде әйелі, қызы) түсінде көреді. Онда батыр қарақұс, көк бөрі, қара бура, құба үлек, арйдаһар, құрсаулы қара нар, арыстан бейнесінде көрінеді. Ал енді Қобыландының елге оралуы шешесі Аналықтын түсінде «құбыла жақтан жел соғып, төбеге келеді», қарындасынын түсінде «адыра қалғыр айбалта, тасқа тиді, кетлді, қайрап ем тағы жетілді» деп суреттелсе, Құртқаның түсінде «аспаннан түсірдім, ақсұңқар құсымды ұшырдым» деген тіркесімен берледі.
Мұнан аңғарғанымыз – түсте батырдың тұлғасын ауыстыру (құс, көк бөрі, айдаһар т.б.) ғана емес, тұтас ұғымды астарлап жеткізу бар» [40].
Сібір татарлары арасынан хатқа түсірілген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында Баян сұлуды іздеуге аттанбақшы болған, Қозы Көрпешке анасы ұлының ауыр сапарға шығуын қаламай, жолда тосып тұрған қауіп-қатерлерді түс жұмбақ арқылы ескертеді [41]. Яки жұмбақ пен түс көруді жақындастырып, ағайындастыратын тұсы – көркемдік құралында, екеуінің де ауыстыруға негізделуінде.
Аңыз түрінде келетін жұмбақтардың ел ішінде қызғылықты да алуан формалары айтылады. Төмендегі мысал осының айғағы:
«Бірде жазғытұрым Шернияз ақын ел аралап жүріп, бір ауылға келеді. Атының басын ауыл ортасындағы ақ боз үйге тірейді де, сөйлес сұрайды. Бұл бір атақты байдың үйі болса керек. Үйден байдың ерке өскен дәлдүріштеу қызы шығады да Шерниязға:
– Жарқыным, кім көрінген түсе беруге жол жоқ. Дегенмен мен жұмбақ айтысуды жақсы көретін әдетім бар еді, жұмбақ айтысайық. Жеңсеңіз ғана қонақ етіп қабылдаймыз, – дейді.
– Қарындасым, ел көп, құдайдың жері кең. Мына пейіліңізге бола түспей-ақ кетуте болар еді. Бірақ шайпау сөзге шамданғым келмейді. Бастай бер, көрелік, – дейді ақын.
– Шым-шытырық, шидей қотыр, – дейді қыз.
– Жұмбағыңыз тым қиын екен. Енді мен айтайын:
«Шым-шытырық емес, шиедей қотыр емес», – дейді Шернияз.
Ерке қыз әрлі-берлі басын шатады да өзінің жұмбағының шешуін білдіреді.
– Менің жұмбағымның шешуі – жұлдыз еді.
– Менің айтқаным – күндіз еді, – дейді ақын.
Қыз тағы да жұмбақ айтады:
– Беті қатты көкпеңбек, өзі жылтыр, жазғытұрым болса да сылбыр емес, бұл не? – дейді.
Шернияз іле жауап қайырып:
– Беті қатты көкпеңбек, өзі жылтыр емес, жазғытұрым тартады бойы сылбыр.
Қыз ойланады да, ақыры өз жұмбағының шешуін айтады:
– Менің жұмбағымның шешуі – мұз еді. Сонда ақын қарқ-қарқ күліп:
– Менің айтқаным – ауылына қонақ қондырмайтын жаман қыз еді, – дейді.
Сөзден ұтылған бойжеткен ауылы Шерниязға құрмет көрсетіп, жақсы сыйлап, қонақ етіп аттандырыпты [42].
Осыған ұқсас үлгі:
«Қынышбай шешенге біреу мынадай жұмбақ айтыпты:
– Тауда тас домалайды.
– Таппадым. Мен айтайын.
– Айт.
– Таудан тас домаламайды.
– Таппадым. Менікі – түйенің құмалағы.
– Менікі – әкеңнің жұмалағы, – депті Қылышбай».
Қыз:
– Тақыр жерде тайдың ізі, – десе, Қылышбай:
– Көпсендеу жерде қойдың ізі, – дейді.
Қыз:
– Менікінің жауабы – кіндік, – дегенде Қылышбай:
– Менікі – кіндіктен бір қарыс төмен жүндік, – дейді.
Бұл екі аңызда халықтың белгілі жұмбақтары қолданылған. жұмбақтар кері логикада құрылып, тыңдаушыны езу тартқызады.
Жұмбақтардың шешімдері өзара ұйқасып, аңыздың әуезділігін, саздылығын күшейтеді: жұлдыз – күндіз, мұз – ауылына қонақ қондырмайтын жаман қыз, түйенің құмалағы – әкеңнің жұмалағы, кіндік – кіндіктен бір қарыс жүндік.
Қылышбай шешен жұмбаққа адамның атын айтуға ерсі саналатын мүшесін арқау етіп отыр. Қазақ қызы бұл жұмбақтың байлауын тапқанымен атын тура айта алмайтынын шешен біліп әдейі қызды жаңылыстыру ниетінде екенін аңдаймыз, әрі тыңдаушыларды қуақылығымен езу тартқызбақ.