2.4 Жұмбақ және ертегі
Ертегі – фольклордың ескіден келе жатқан, қилы-қилы даму белестерін басып өткен жанр. В.Я.Пропптың айтуынша, ертегілерде алғашқы қауымдық құрылымның жаңғырықтары, бағзы әдет-ғұрыптардың ізі жойылмай келген, сол себепті оның сарындарының қайнар көзінің көне жоралғылармен үндесіп жатқанына таңдануға болмайды, қайта олардын тегін салыстырмалы материалдарға табан тірей отырып, аршып алу дұрыс болмақ [43].
Ертегі сарындарының тасасынан өткендегі тарихи шындықты, ықылым замандардағы өмір көріністерін, қадими әлеуметтік құрылымдар мен ырым- кәделердің елесін шаш етек жолықтыруға болатындығы ғылыми тұрғыдан мойындалып, дәлелденген.
Сонымен жұмбақтың ертегіге кірігуі қай уақытта басталған, оның сюжеттік арқауында қандай мәні бар, көркемдік қызметі қай дәрежеде?!
Әр кезде ертегілердегі қиын сын, жұмбақ шарттар туралы М.Дикарев, Я де Фризе, А.Жолле, В.Я.Пропп, Е.М.Мелетинский, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов т.б. пікір білдірген, сөйтіп ертек зерттеушыерінің қай-қайсысы да жұмбақтың ертегіге кірігуі әріректе деген тоқтам жасайды. Осы мәселеге қатысты байыпты зерттеу жүргізген И.М.Колесницкая ертегілердегі жұмбақтарға үңілу жұмбақтың тегін, байырғы даму сатыларынан хабар береді дей келе, бұған тарихи тұрғыдан қарап, түп тамырларын айқындау үшін этнографиялық және тарихи материалдарға иек арту абзал деп түйеді [44].
Ертегі кейіпкері қиын сәтте жұмбақтай сөйлеп, тұспалмен тілдеседі. Осылайша қиындықтан жол табады. «Шал мен келін» дейтін ертегіге үңілейік.
Қайыр дейтін қарт жолға шығып, ұрыға тап болады. «Сендерге мал керек пе, жан керек пе?» – дегенде, олар «мал керек» дегең соң, екі ұрыны ауылына жұмсап: 60 ақ бас, 70 қара бас атаным бар, соны берсін, бірі кілтті, бірі кілтсіз сандығым бар, соның кілттісін берсін, есіктің алдына екі бәйтерек бар, біреуін жықсын, біреуін бүксін» дейді. Мұны келіні табады. 60 ақ бас атаны – 60 жастағы қария, 70 қара бас атаны – 70 жігіт, кілтті сандығы – ақылды келіні, кілтсіз сандығы – баласы, екі терегі – екі ұры, соның біреуін өлтіріп, бірін алып кел деген екен [45].
Ертегінің келіннің ақындылығын, тапқырлығын насихаттау, уағыздау мақсатында шыққандығы байқалады. Шал сөзіндегі атан ауыстыруы қазақ поэзиясында, жұмбақтарында жиі қолданылатын образ, ақ бас, қара бас айқындаулары көмегімен шаштың түсін, оның қара екендігін меңзеп, ақ қырау шалғандығымен – жасамыс тартқандығын тұспалдап отыр, сандықта кәнігі ауыстыру, кілтті сандық – ақылдылық, кілтсіз сандық – ақылсыздықтың тұспалы, екі ұры – терекке телінеді, адамды ағашка, терекке теңеу бұрыннан жұмбақта кездесетін нақыш. Ертегіде тұспалды жұмбақ дүшпанға сыр алдырмай, өзара ұғынысып, жол табуға септесетін құрал ретінде бағаланған, ескі наным-сенім, ғұрып жұқаналары сезілмейді.
«Қаракөз сұлу» атты ертегіде хан баласы кездескен хан қызына «кімсің?» дегенде қолында бір алтын тарақ бар екен, сонымен қыз шашын тарайды, онан соң шашын сипайды, бала тағы сұраса, қыз көзін сипайды. Жігіт оны түсінбейді. Уәзір оның тұспалын «Ол қыз Қаракөз сұлу екен. Басын сипаса, жоғары шаһардың қызы екен» деп шешеді. Жігіт қызбен жасырын кездесуге келгенде касындағы уәзір бір кемпірге былай деп жұмсайды: «Біздікінде бір саудашы жатыр, бүгін саудасын қылып, ертең қайтады» – деп айт. Бұл жұмбақты түсінген қыз келісімін: «Енекемді ұста, аяғын жерге тигізбе, қанын жерге тамызба», – деп ишаралайды.
Кейін қыз бен жігіт кездесіп жүргенде солдаттың қолына түседі. Солдат екеуін зынданға салып тастайды. Сондай сәтте қыз солдатқа: «Құлағымдағы сырғамды берейін, «өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп қалды», – деп айтып осы жерді айналып келе ғой» дейді. Солдат жарайды деп уәзір түскен үйдің тұсына келіп «өгіз иесі, өгізің шарбаққа түсіп қалды, шарбақ иесі өлтіремін деп жа- тыр», – деп өзі аңдамай қыз бен жігіт жайында хабар беріп қояды [45].
Ертегідегі тұспал қыздың жігітпен кездесу уақытында көрінеді, қыз қимыл арқылы өзінің есімін емеуріндейді. Жігіт қызбен кездесуге келгенде, қыз бен жігіт қолға түскенде де астарлы сөзбен хабар береді, қиындықтан жұмбақ сөздермен жол табады. Ертегінің басты тақырыбы – үйлену, соған жету барысындағы кедергілер, осы бөгеттерді жеңудегі тапқырлықтың, ақылдылықтың көмегі мен дәріптеу. Жұмбақты тілдесу ертегінің көркемдік, бейнелілігіне де әсерін тигізіп тұр.
Және бір ертегіде құдаласқан қызды алып келуге жұмсаған әкесі ұлына:
– Бәлен қала бар, онда бір көл бар, ол көлге мен балық ұстайтын қармақ салып қойған едім. Қармаққа үйрек түскен болса, алып кел, егер дәнеме түспеген болса, қармақты алып кел? – депті.
Қыз үйі басқа жаққа қоныс аударып кеткен. Он сегіз жыл өтіп қыз әкесі бұрынғы құдаласқан адамдардан хабар болмаған соң қызын басқа адамға ұзатпақшы. Жолда бұрынғы жігіт пен оған күйеу жігіт кездеседі. Жөн сұрасқанда бұрынғы жігіт әкесінің тұспал сөзін айтып, «он сегіз жыл бұрын салынған қармақ» ізімен келе жатқанын білдіреді. Айырылысар кезде: «қай жерге түсесің дегенде:
– «Қыс пен жаз асылып тұрған қораға түсермін», – дейді. Бұл естігенін соңғы жігіт қызға айтып келеді.
Күйеу жігіттен өзінің бұрынғы атастырылған жігітінің келгенін, оның тұспал сөзінен білген қыз қызметкеріне бір шелек сүт ұстатып, домалақ нан беріп, кішкене аяққа жұмыртқа салып:
– Сүттен біраз іш, наннан біраз же, жұмыртқадан біреуін жеп байдың баласын тауып. бұл нәрселерд бер және «су жардың жиегімен азайған ба, ай толып тұр ма, кішірейген бе, аспанда жұлдыздардың бәрі тұр ма және батқаны бар ма?» деп сұра, – дейді.
Әлгі қызметкер берген нәрселерді байдың баласына алып барып беріп:
– Су жиектен азайды ма? – деп сұрағанда байдың баласы:
– Азайды, – депті.
– Ай толып тұр ма, кішірейген бе? – дегенде:
– Кішірейген, – депті.
– Аспандағы жұлдыздың бәрі тұр ма? – дегенде:
– Жоқ, бәрі батқан екен, – депті.
Бұл сөзден соң қызметкер үйіне қайтып, бай баласының айтқан сөзін айтып берген соң байдың қызы:
– Мен бұл күйеуге тимеймін, менің құдай қосқан ескі жарым бар, – деп айтқан соң, әлгі байдың баласын алдырып, жұрт жиып, ат шаптырып, той қылып, байдың баласы байдың қызын алып, өз, үйіне қайтып кетіпті.
Су шетінен азайды дегені – сүттің біраз кемігені. Ай толып тұр ма, кішірейген бе дегені – нанның бір шеті біраз желінгені. Аспанда жұлдыздардың батқаны бар ма дегені – жұмыртқаның біреуін жегені екен [46].
Ертегіде жұмбақтау үш тұста бой көрсетеді. Біріншісі – әкесі баласына өзінің бір қызды атастырып қойғанын айтуы. Екіншісі – жігіттің қайда түсетіндігін бүкпелеп жеткізуі. Бірақ қызды әкесі уәдеден тайып, басқа жігітке ұзатпақшы. Қыз бұрынғы атастырылған жігітті жұмбақпен сынайды, бұл – үшінші түс. Қыз жұмбағын нақты заттарды жіберу аркылы білдіреді.
Сүттен біраз іш дегені – судың жар жиегінен азайғаны. Сүтті – су деп алу халық жұмбақтарында бұрыннан кездесетін. Халық жұмбағында құдықтан қауғамен су алуды – мал саууға теңестіреді. Нанның шетінен біраз жеп – кішірейеді деуі де халық жұмбақтарының негізінде шыққан. Айды күлше, қалаш, нанға балау үлгілерін қазақ, орыс, мордова, қалмақ, т.б. халықтар жұмбақтарынан жолықтырамыз.
Фактіге жүгінелік: Жабықта жарты нан;
Жабық астында жарты күлше.
Жұлдызды халық жұмбақтарында дөңгелек нәрселерге, ұсақ тас, сөк, бауырсақ, моншақ ұқсатқан. Ал жоғарғы ертегіде жұмбақтарға телу сыртқы порымына сәйкес алынған осындай ауыстыру.
Ертегідегі қыз жұмбағы өзбектердің «Аяз» ертегісінде қайталанады, осыған ұқсас жұмбақты орыс халық ертегілер жинағынан да оқи аламыз [36, 16]. Бұл жерде жігіттің ақыл-ойы, зердесі таразыланып отыр. Қыз жігітке көңілі толған соң ғана әкесінің басқа біреуге ұзатпақшы ниетіне көнбейді, сөйтіп өз ықтиярымен жұмбағын шешкен жігітке тиеді, жұмбақ ертегі сюжетінің басты желісін құрайды.
Кейде ертегілер сюжетінде жұмбақ қиын сынақтың түрі ретінде көрінеді. Жұмбақты шешу арқылы кейіпкер зеректігі, даналығы, тапқырлығы аңғарылады, осылайша кейіпкерді мінездеуге септігін тигізеді деп айта аламыз.
Ертегілерге жұмбақтың кірігуін тар ұлттық аяда ғана қарастырмай, әлем халықтары фольклоры мысалдарымен салыстыра қарау арқылы тектес, түбірлес құбылыстың түп тамырына терең бойламақпыз. Сонау Африка құрлығындағы тайпа – Хауса арасынан жазылып алынған «Кім адамдарға дөрекі болса, сол жеңіледі» деген ертегіде де бозбала патша қызының қолын ұстауы үшін жұмбақ сауалдарға дұрыс жауап беру шартын орындайды. Әлем халықтары ертегілерінде тұрақты қайталанатын сюжет – патша қызының жар салып, жұмбақ шарт қоюы, осы шарты орындалса, жұмбақты шешкен адамға тұрмысқа шығады. Қызды сын үстінде жеңген жігіт қыз әкесінің орнына таққа отырып, патшалық құрады, екінші бір сарындарда еліне аман-есен қайта оралады.
Енді осы сюжеттің қазақ фольклорындағы көрінуіне назар салайық.
«Жұмбақшыл патша қызды жеңген құл» атты ертегіде патша қыз бір бағлан семіз бағып тұрған қозым бар. Сол қозымның майы көп пе, еті көп пе» деген жұмбақ жасырады, осыны шешкен адамға күйеуге тимекші болады. Кейін оның шешуін тапқан қара құлдың алдына ыдыс қойып, үстіне бір қарбыз бірге қояды. Сонда қара құл пышақты қарбызға шаншып үйден шығып кетеді. Кейін шынын айтпағаны үшін қара құлды патша дарға асып өлтірмекші болғанда патша қызы баяғы қарбыз бен пышақты қолына ұстап алып келіп, қара құлдың аяғының астына әкеліп, қақ бөліп тастайды. Сонда ғана құл жұмбақтардың шешуін айтады.
- Бағлан қозы дегеніңіз – сіздің өзіңіз, майы дегенің – бұқара халыққа қылған жақсылығыңыз деп. Әрине, патша бұқара халыққа қылған жақсылығы болар деп ойлаймын дедім. Сонан соң қыз патша маған бір бүтін қарбызды әкеліп берді. Оның мәнісі – осы қарбыз жарылмай расыңды айтпа деген сөзі еді. Мен қарбызға пышақты шаншып беріп кеттім. Үйдегенім – осы пышақпен бауыздаса да айтпаймын дегенім еді. Сондықтан бұл сөзді сіздерге айтпадым. Өлсем де де айтпас едім, егер де қыз патша бүгін қарбызды дардың түбіне әкеліп жармаса».
Қыз жұмбағындағы бағлан қозы – қыздың тұспалы, қозы ауыстыруы жұмбақтардың дағдылы, тұрақты ауыстыруы, бағлан деп қыздың жастығын, уылжып, пісіп тұрғандығын меңзеген, майы – жақсылықтың азды-көптігін ишаралайды, бағлан қозы мен майдың арасында жалғастық бар, бағлан қозы мен оның семіздігі қатарласа алынуы, ой жалғастығынан туған.
Бұл ертек сюжеті «Аязби» ертегісімен үндеседі. «Аязби» ертегісінде бай қызы Меңдінің: «Өзімнен ақылы артық кісіге тиемін», деген сөзін естіп келген жігіттердің бәріне пышақ, қайрақ, шыны, гауһар тас жібереді екен. Айттыра келген бай балалары: «Менің үйімде пышағым жоқ па, болмаса қазынамда гауһар тасым жоқ па, я тіпті, қайрақ таба алмай жүрмін бе?» - деп ашуланып қайтып кете береді.
Меңді қыз Аязға да осы нәрселерді жеңгесінен беріп жібереді. Аяз: «Мұның құралын әкел!» – дейді. Қыз жеңгесінен балға мен төс береді. Аяз балға мен төсті алған соң, қайрақты төске қойып балғамен ортасынан бөледі, шыны табақты уатады, пышақты жетесінен сындырады, гауһар тасты қақ жарады да: «Мә, бикешке алып бар!» деп жеңгесінің қолына береді. Осымен жұмбақ шешіледі. Бірақ оның не екенін былайғы жұрт түсінбейді. Қыз жұмбағының шешімін ханға Аяз былай баян етеді:
Қайрақтай болып езілгенше, шыны табақтай болып уатылғанша, пышақтай болып басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі мына гауһар тастай жарып мені алады.
Екі ертегіде де қыз елге жұмбақ айтып, соны шешкен адамға күйеуге шықпақшы болады. Ешкім таппаған жұмбақтарды адамның ең жаманы деп әкелгендер шешеді. Бұл тұста жұмбақ ертектердегі дәстүрлі сарын – қиын сынның бір түрі есебінде жұмсалған.
«Аязби» ертегісіндегі кейіпкерлер жұмбақты сөздермен түсініседі:
«Мадан хан өзінің қырық уәзірімен бірге аң аулап келе жатып, таудың етегінде қой жайып жүрген бір шалға ұшырайды. «Уа, ата, мына таудың басына қырау шалғалы неше жыл болды?» – дей сұрайды Мадан хан.
–
– Оған да бір он жыл болған шығар.
Хан ойланып тұрып тағы да:
– Ата, өзіңіз нешеусіз? – дейді.
– Ой, шырағым-ай, жатқанда екеуміз, тұрғанда төртеуміз.
– Баба, менің қырық асыранды қазым бар, соны білдірмей жұлып, күйдірмей піеіріп, қан шығармай сойып беретін кісі бар ма? – деп сұрайды хан.
Сонда шал:
– Адамына тап болсаң, айтқаныңнан да артық етер, – депті. Хан үйіне келген соң уәзірлеріне:
Мен не дедім, шал не деді? Соны айырыңдар, айыра алмасаңдар, қырқың да өлесіңдер», – дейді.
Бұл жұмбақты Аяз би шешеді. Ханның: «Бұл таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды?» дегені – «Шашыңа ақ кіргелі канша болды?» дегені еді. Шал: «Шашыма ақ кіргелі жиырма жыл болды», – деді. Ханның: «Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды? дегені – «Сақалыңа ақ кіргелі неше жыл болды» – дегені еді. Шал: «Оған да он бес жыл болды,» – деді. Ханның: «Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды?» дегені – Көзіңнен сора аққалы қанша болды? дегені еді. Шал: «Оған да он бір жыл болды,» – деді. Ханның: «Ата, өзің нешеусің?» дегені – «Үйіңде неше жаның бар дегені?» Шалдың: «Жатқанда екеуміз, тұрғанда төртеуміз» дегені – «Менің бұрынғы әйелім өліп еді, қазіргі әйелімнің байы өлген, түнде жатқанда екеу болғанмен, күндіз, қойда жүргенде мен өлген әйелімді сағынам, қазір әйелім үйде отырып өлген ерін ойлайды» дегені еді. Ханның: «Қырық асыранды қазым бар, соны қан шығармай сойып, білдірмей жұлып, күйдірмей пісіріп беретін кісі бар ма?» – дегені – «Менің ақылсыз қырық уәзірім бар, соларды ұрмай–соқпай жөнге салып беретін кісі бар ма?» дегені еді. Шалдың: «Адамына тап болсаң, айтқаныңнан асырар» дегені – оның шешуін маған жолдағаны еді. Сендер мені іздеп келген соң үстеріңдегі киімдеріңді алып отқа жаққаным – білдірмей жұлғаным, аттарыңды сойғаным – күйдірмей пісіргенім, сендерді алдыма салып жалаңаш, жаяу-жалпы айдап, ханға әкелгенім – қан шығармай сойғаным еді», – дейді.
Қарақалпақтың «Ағар-мағар», өзбектің «Баланың жауабы», қырғыз ертектері мен «Аяз бидің» сәйкес тұстары байқалады [32]. Ертектердің бәрінде патша қарапайым адаммен астарлы тілде түсініседі, уәзірлер жұмбақ шешуін таппайды.
Ертектерде кездесетін жұмбақ тұспал мен жұмбақ шарттардың ара-жігін ажырату абзал. Жұмбақ тұспал сөз астарын түсінуді керек қылса, жұмбақ шарттар орындаушылық әрекетті талап етеді. Мәселен, ханның «Қырық асыранды қазым бар. соны қан шығармай сойып, білдірмей жұлып, күйдірмей пісіріп беретін кісі бар ма?» дегені жұмбақ шартқа жатады.
Ертегідегі адам басын - тау, шаштын ағаруынн – қырау шалды, көзден аққан сораны – бұлақ ақты деп алуы дәстүрлі халық жұмбағын еске салады, тек бұл мысалдар ертегі кейіпкерлерінің аузымен жасырылып, шешіліп отыр.
«Менің ақылсыз қырық уәзірімді ұрмай-соқпай жөнге салып бер» деген қиын шарт «Қырық асыранды қазым бар, соны қан шығармай сойып, білдірмей жұлып, күйдірмей пісіріп бер» деген тұспалымен ауыстырылған. Бұндай тәсіл, машық қазақ жұмбақтарында бұрыннан кездесетін. Алты ай жаз, үш ай тоқсанды арқау еткен:
«Алты арыстан үш бөрі сорған,
Жілігін шақпай майын сорған,
Терісін теспей қанын сорған» – деген жұмбақ логикалық қалып жағынан осы шартпен бір ыңғайда. Ертегіде: қан шығармай сою, білдірмей жұлу, күйдірмей пісіру, ал жұмбақты жілігін шақпай. терісін теспей майын, қанын сору. Ертегілерде жұмбақтардың ең ескі тәсілдері мен машықтарының қолданылатындығын И.М.Колесницкая мен В.В.Митрофанова баса көрсеткен еді [13]. Ертегілердегі қиын шарттың болымсыз әдепкі теңеу тәсілімен жасалуы да назар аударарлықтай, А.В.Веселовский бұрынырақта әлем халықтары жұмбақтарының көбісінің байламының қасиеті мен белгісінің болымсыз теңеу арқылы жасалатынын аңғарған еді [47].
Ертегі жайында зерттеу жүргізген ғалымдардың тұрмыс-салт ертегілеріндегі қиын шарттар хақындағы сарындардың әу бастағы тегі алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі наным-сенімдерден өрбіген деген байламдары да ден қоярлықтай.
Дж.Дж.Фрэзер келтірген этнографиялық айғақтарға арқа сүйей отырып, В.Я.Пропп ертегідегі осы сарын «қаһарман мен ескі патша арасындағы тақ үшін күрес, ескі жоралғылардың жаңғырығы қадым кезеңдерде патша тағының мұрагері күйеу жігіт болған» деген тоқтамға келеді [43]. Осы пікірді И.М.Колесницкая мен Е.Тұрсынов қуаттаса, Е.М.Мелетинскийден кейін С.Қасқабасов бұл сарынның түп төркінін басқа ғұрыптарға тіреп, өзгеше болжам жасайды. С.Қасқабасовтың тұжырымына қарағанда, бұл сарын матрилокальдық неке салтынан бастау алады, бұндай некелік ғұрыптың сілемдері Африка, Индонезия, Солтүстік Америкада, сондай-ақ ертеректе кейбір ұшқындары қазақтар арасында сақталыпты. Ал бұндай неке жоралғысы бойынша жар таңдау хұқы ең алдымен әйел затының ықтиярында болатындығы мәлім. Ғалым мәліметтеріне сүйенсек, ертегі қаһарманы ер жеткен соң жар іздеуге аттанады. Оны тапқанымен қайын атаның талап-шарттарынан сүрінбей өтуі қажет. Ертегі кейіпкерінің болашақ жарының үйінде жұмыс істеп, қиын міндет, шарттарды орындағаннан кейін ғана қызға қол жеткізуі жайдан-жай шықпаған, ықылым дәуірлердегі некелік сынақ жоралғынарының таңбасы [48].
Сонымен жоғарғы ой-пікірлерге ден қойсақ, ертегілерге жұмбақтың кірігуі әріректе басталған, бұл некелік үйлену салтына байланысты жоралғылардың елесі.
Демек, ертегілердің сюжеттік желісінде жұмбақтардың белгілі дәрежеде орны бар, көркемдік айшықтаушылық құрал ретінде жұмсалады. Жұмбақтар ертегінің сюжеттік – композициялық желісінің шымыр өрілуіне септеседі.
Бас-аяғы түгелдей жұмбаққа құрылған төмендегі ертегіге кеңірек тоқталмақпыз.
«Үш ағайынды жігіт болыпты. Олардың ортасында бір алып өгіз бар. Үлкені оның басын күзетеді, ортаншысы қарын тұсын, кішісі сан жағын күзетеді.
Күндердің бір күнінде өгіз шөп жемей қалады. Осыны хабарлау үшін үлкені ортаншыға келеді. Ол шынында да осы өгіздің бүйірі солып кетті дейді. Екеуі қосылып кішісіне келеді. Ол: «А, бәсе, бұл өгіз көптен бері жапаламайды», –дейді. Үшеуі кеңесе келіп өгізді суаруға апармақ болады. Өгізді бір айдын көлге алып келеді. Өгіз әлгі көлдің суын орталап ішіп, тауысуға жақындайды. Сол кезде судан бір алып жайын балық шығып, өгізді бүтіндей жұтып қояды.
Сол-ақ екен әлден уақытта шатыр-күтір күн күркіреп, дауылдатып, жауындатып, аспан әлемі астан-кестен болады. Бір уақытта қараса, аспаннан бір алып қарақұс келіп қалған екен. Ол да бір дәу алып қанатынан қар жауып, тұмсығынан мұз тамады. Келе сала әлгі жайын балықты іліп ала жөнеледі. Алып өгіз сол жайынның ішінде кете барады.
Бір таудың басында бір қора қой жусап жатыр. Бір тастың үстінде қой бастаған көк серке түр. Оның бауырында, яғни сақалының астында қойшы демалып жатыр, әлгі айтылған жайын балықты іліп әкеткен алып қарақұс сол көк серкенің мүйізіне келіп қонады. Серке оған көп мән бере қойған жоқ, бырт-бырт күйсеп бұрынғы қалпынша тұра береді.
Қарақұс балықты және оның ішіндегі өгізді қоса боршалап жей бастайды. Өгіздің оң жақ жауырын сүйегі келіп қойшының көзіне түседі. Қойшы көзін уқалайды, көзінен жас ағады. Сол аққан жасымен қоса жауырын сүйек те шығады. Содан кейін қойшы малын өргізіп ауылына қайтады.
Түн ортасы кезінде қырық көлікті бір тақтайдай тақырдың үстіне келеді. Ат шалдырар қылтанақ көрінбейді. Сондықтан да қона алмай тартып келеді. Таңға тақаған кезде алдарынан бір тіп-тік тау кездеседі. Сол араға еріксізден қонуға тура келеді. Шаршаған жолаушылардың көзі жаңа ұйқыға бара берген кезде астан-кестен жер сілкінеді. Олар орындарынан атып тұрып қараса, таң да атқан. Тақыр деп қонғандары – бағанағы қойшының көзінен шыққан өгіздің жауырын сүйегі екен.
Сол жауырынның басын бір күшік түлкі кемірген екен. Содан қозғалған жауырын сүйектен жер сілкінгендей болыпты.
Жолаушылар жабылып күшік түлкіні соғып алады. Үстіңгі жағынан терісін сойып, сыдырып алады. Өзара бөліседі. Қырық кісіге бір-бір тондық және бір-бір бөріктік тері тиеді. Бауырындағы, астындағы терісін сыпырып алайын десе аударуға шамалары келмейді. Бұлар жүргелі отырғанда балалы бір әйел келеді, ол анау, айтылған қойшының әйелі болса керек. Әйел түлкіні аударып тастап, бауырының астындағы терісін сойып алады. Теріні баласының басына өлшеп еді, жартысына ғана жетеді екен. Ол әйел жолаушылардан қалған жартысын сұрап алып бәрін құрастырып көріп еді, қырқынан жаңа шыққан балаға жұрын бөрік әрең шығады.
Сонда осы айтылғандардың қайсысы алып?»
Жыл он екі айдың төрт тоқсан маусымын көрсетуге арналған миф А.Машанов, Ж.Машанованың «Ғажайып от ошағында» (А., 1978) атты кітабы бойынша беріліп отыр.
Мифтегі өгіз деп тұспалданған бейне – жыл басы болып саналатын үркер. Үш ағайынды жігіттің өгіздің үш жерін бағып тұру сәті – күн мен түннің теңгерілген мерзімі. Екі жігіт – таразының екі басы, біреуі тең ортасында. Мұнан әрі қарай теңдік бұзылады, күн қысқарады, түн ұзарады. Өгіз ашыға бастайды. Ол суды ішіп тауысады, яғни мұз қатады, қыс түседі. Қыс түскеннің белгісі – бұрынғы жердегі үркер (Алып өгіз) аспанға көтеріледі. Оны алып қарақұс көтеріп әкетеді. Ол барып тау басындағы көк серкенің мүйізіне қонады. Бұл енді түннің ұзарып, шырқап барып тоқтаған кезі, қыс ортасы. Бұл мезгіл үркердің түн ортасында тас төбеде болатын кезі. Ал қарақұс пен көк серке қысқы жұлдыздарды елестетеді.
Өгіздің жауырын сүйегі төмен түскені – үркердің төмендей бергені, яғни күнге жақындай бергені. Тегінде жауырын сүйек қозғалыс сүйегі, ол жануардың ең қасиетті белгісі, ертеде жауырынға қарап бал ашқан. Жауырынның төмендеп көрінуі – үркердің көрінуі. Бұл кез – жазғытұрғы күн мен түннің теңелуі, жыл басы, наурыз айы.
Мұнан кейін жауырын жерге түскені – жазғы қырық күн шілде басталғаны. Бұл кезде үркер күннің маңында болады, көрінбейді. Жауырынның үстіне қонған қырық көлікті керуен – қырық күн шілде.
Жауырынды күшік түлкі кеміріп қозғағаны – шілде өтіп үркердің қайта қозғалғаны. Түлкінің терісін сыдыру пішен шауып, егін орудың басталғанын елестеткені.
Қырық күн де өтті, алып бала қырқынан шықты. Демек қырық күн шілденің де өткені. Түлкінің терісінен ол бөрік киеді. Той болады. Бұл – сабан той. Түлкінің терісі екіге бөлінгені, оны баланың басына өлшегені – бәрі де күн мен түннің теңелгенін көрсетеді.
Бұл ертектің сәл өзгешелеу нұсқасын келтірген жазушы, ғалым А.Сейдімбек оның шешімі туралы былай жазады.
Өгіз, жайын, қарақұс, серке, бақташы, түлкі, әйел қолындағы бала – жеті алып – жеті қарақшы жұлдызы деп жорылады. Қырық саны мен үш саны көптіктің өлшемі, яғни қырық керуенші мен ағайынды үш жігіт аспандағы сансыз жұлдыздардың баламасы. Әйел – темірқазық жұлдызы. Жұмбақ ертегінің әйелдің келуімен аяқталуы, ол әйелдің керуеншілерді қонаққа шақыруы өзге жұлдыздардың темірқазықты төңіректеп қозғалатынын меңзейді.
Жұмбақ ертегідегі аспан денелеріне жердегі тіршілік иелері балама болған. Ал аспан денелері – көшпелілер үшін уақытты бажайлаудың айғағы. Жұмбақ ертегідегі өгіз денесінің өзі уақытқа меже. Өгіздің басын, белін, сауырын күзетіп тұрған жігіттің аралары түстік жерден, яғни, жұмбақ ертегінің жоруы уақыт пен кеңістікті шендестіру арқылы шешіледі [49].
Жоғарыдағы екі ғалым жұмбақ ертегіні календарьлық түсінікпен сабақтастыра қараса, жазушы Жүсіпбек Аймауытов шешімін қызғылықты түрде табады:
«Осының бәрінен де көк өгіз бен бүркітті бірдей көтерген серке мықты. Екінші, көзіне түскен көк өгіздің жауырынын шөп құрлы көрмеген, қара шаруа мықты. Түлкі, қатын, бала – үшеуінің мықтылығы бірдей» [50] дейді.
Біздіңше, ғалым Ақжан Машановтың жұмбақ есепті халықтың жыл мезгілдері турасындағы ұғымдарымен сабақтастыра қарауында жан бар. Себебі аспан денелерінің қозғалысына қарап, ауа райын болжай алатын есепшілер ежелден үркерді назарда ұстаған. Есепшілер үркер төмен түсіп, таразыға туғанға дейінгі аралықты жаз айларына, ал сүмбіле туып, үркер көтерілген уақытты қыс айларына жатқызады. Үркердің батуы – үркердің жерге түсуі. Үркер төмен түскенде мүлде көрінбей кетсе, есепшілер «үркер жерге түсуі, жаз құрғақ болады», үркер жерге жетпей, көкжиектен көрініп жатса, «үркер суға түсті, жаз жаңбырлы болады», ал егер үркер көкжиектің қара барқын жолағына түссе, «үркер тасқа түсті, жаман болады» деген болжамдар айтады. Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, ал көктем басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлдем батып кетеді. «Үркердің жерге түсуі» делінетін осы кезеңге 40 күн жазғы шілде сәйкес келеді.
Бұл мәліметгерді этнограф Тоқтасын Өмірзақов жинаған деректерден алып отырмыз. Ол: «Бұл ондаған ғасырлар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз үшін «үркер» мен «өгіз» ұғымдары бір мән-мағына бергенін көреміз. Біздің бұл жорамалымызды тілдік фактілер де жоққа шығармайды» - дей келе біз үшін мәнді «бағзы бір замандарда, түркі-моңғол тіл бірлестігі әлі ыдырамаған кезде қазіргі «өгіз» сөзі «урхер» түрінде дыбысталған» деген тұжырым жасайды [51].
Аталған жұмбақ ертегі қарашайлар арасында да сақталған:
«Бурун бизни джерлерде, башы Минги Тауда буз джаласа, къуйругьу да Бештауда чибин къоругъан бир егюз, къанатлары кекню джабхан бир къуш, кюн аманда сакъалыны тюбюне сау сюрю сыйынган бир теке джащачъандыла.
Бир джангур кюн ол къуш ол егюзню текени мюйюзюне къонуб ашагъанды. Сюруюую бла текени сакъал тюбюнде тургъан бир джаш, джангур тохтаймыды деб, кекге къарагъанлай, егюзню джауоруну сылджыраб, аны кезюне тюшгенди.
Ол кезню уугъанында, джауорун джерге чорытлағанъанды. Артда джауоруннға джер къозлаб, эл орналгъанды. Бир тюлкю, джауорунну джерден къарагъан къыйырын кемиреме деб, кече сайын элни ари бери бургъанды.
Эчиле, джыйылыб, аны елтюргендиле да, бир джанын сойгъан- дыла, бир джанын сояргъа уа тюлкюню ары-бери аудуралмагьан - дыла Джангы туугьан саабийли бир къатын, урчугъу бла тюлкюню бир джанындан бир джанына аударгьанды да, союлмагъан джанын сойгъанды.
Тюлкюню терисини джарымы бютеу элге берк къыйырла чыкъгъанында, джарымы кяъатынны джангы туугъан сабийине берк къыйыр чыкъмагъанды.
Егтөзден, къушдан, текеден, джашдан, тюлюоден, къатындан, сабийден қайсы уллуду?
– Теке [35].
Аудармасы:
Бұрын біздің жерлерде, басы Мәңгі Тауда мұз жаласа, құйрығы Бестауда шыбын қорыған бір өгіз, қанаттары аспанды жапқан бір құс, күн туған кезде сақалының түбінде бір отар жайылған бір теке болыпты.
Бір жаңбырлы күні сол құс осы өгізді теке мүйізіне қонып отырып жеген-ді. Отарымен теке сақалы түбінде тұрған бір жігіт, жаңбыр тоқтайды ма деп аспанға қарағанда өгіз жауырыны салбырап, оның көзіне түскен екен.
Ол көзін қасығанда жауырыны жерге түскен-ді. Жауырын жерде қозғалып, оның үстіне ел қонады. Бір түлкі жауырынды жерден көріп, жан-жағын тістеймін деп түнімен елді ары-бері қозғалтқан екен. Бір күні елшілік жиылып, түлкіні өлтіреді. Олар түлкінің бір жағын сойған екен. Екінші жағын соярға қозғалта алмаған.
Жаңа туған сәбиі бар бір қатын ұлымен түлкіні бір жанынан екінші жанына айландырып, сойылмаған жағын сойды.
Түлкі терісінің бір жартысынан бүкіл елге бөрік шыққанда, жартысынан сәбиге бөрік шықпады.
Өгізден, құстан, текеден, жігіттен, түлкіден, қатыннан, сәбиден қайсысы үлкен?
Жауабы – теке.
Айтылмыш ертекті ақындар түрлендіре пайдаланған. Оның сюжетін Қуаныш ақын Кете Жүсіпке жұмбақ ретінде жолдайды. Кете Жүсіп оны шешіп, Қуаныш Кете Жүсіпке өлеңмен хат жолдап, өз жұмбағын дұрыс шешкендігі үшін рахмет айтады.
Осы жұмбақ ертегіні Қуаныш ақын өлең түрінде кәдесіне жаратқан, жанынан өзгерістер қосқан. Ертегідегі алып өгіз алып сиыр болып суреттеледі. Қара бүркіт орнында – қара құс. Қойшы көзіне түскен сүйекті қатыны емес, қызы іздейді. Қызы жай қолымен іздемейді, әкесінің көзінің ішінен қайықпен жүзіп қарайды. Көздің іші көлге теңеледі, жай көл емес толқынды, дауылды көл. Қандай әсерлеулер. Ақын халықтық сюжетті өз жанынан қоспа ендіру арқылы қолданады. Космонологиялық мәні бар сюжетті философиялық, адам ғұмыры жайындағы жұмбаққа айналдырған, яки жаңа астар, өрнек берген. Қуаныштың философиялық астарын зерек те алғыр Кете Жүсіп дұрыс болжап табады. Осы ертекпен үндесетін халық жұмбағы да бар:
Руымыз әнжан,
Атқа міндік алты адам,
Алтымыз да балуан,
Тұра қашты бір қоян,
Басып қалдық жалма-жан,
Басып тұрдық біреуміз,
Мойны шықты қырық сабын,
Бұзаушығы былай тұр.
Терісі шықты алпыс етік,
Қырык ұлтан.
Сыздығы былай тұр.
Мұны өтірік демессің,
Ойланып ал, шыдай тұр.
(Атқа мінген алты адам – алты ай жаз, тұра қашқан – жыл, басып қалған бес – бес ай қыс, бауыздаған біреуі – қыстан жазға аударылған ай, қырық сабыны – қырық күн шілде, терісі алпыс етік шықты дегені – көктемнің екі айы, алпыс күн).
Жұмбақтың халық жырларына да кірігіп, әдемі айшық түзетін кездері де аз емес. Сөзімізге айғақты «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан табамыз. Қозы Көрпеш кемпір мен жұмбақ арқылы тілдеседі.
– «Сары атан ерні сетік көрдің бе-ай? – деп
Ерні сетік сары атан дегеніңіз,
Қайын атаң Сарыбай болмасын» – деп
Құба інген сылаң аяқ көрдің бе-ай? – деп
Сылаң аяқ құба інген дегеніңіз,
Қайын енең Құба кемпір болмасын» – деп
Нар тайлақ жез бұйдалы көрдің бе-ай? – деп.
Жез бұйдалы нар тайлақ дегеніңіз,
Алған сұлу Баян болмасын» деп.
Бұл астарлы сөйлесуді халықтың жұмбақ өлеңдеріндегі төмендегі жолдармен салыстырайық:
Жез бұйдалы нар тайлақ,
Оны көрген бар ма екен?
Желден кеткен жеті атан,
Оны көрген бар ма екен?
Қайта шөккен қарт бура,
Оны көрген бар ма екен?
Жауабы:
Жез бұйдалы нар тайлақ
Бикешіңіз болмаса?
Желден кеткен жеті атан,
Жеті ағаңыз болмаса,
Қайта шөккен қарт бура,
Қайын атаңыз болмаса.
Қырғыз жырының кейіпкері Ертөстік былайша тіл қатады:
Жерси кетти жети атан,
Жети атаннын соңунда,
Жес бұйдаллу нар тайлақ,
Андай неме көрдүн бө?
Желени сүттүү куу инген,
Андай неме көрдүң бе? [8].
Бұл жұмбақ «Алпамыс» жырының қарақалпақтар арасында таралған нұсқасында Қаражан мен Алпамыс аузымен айтылады.
Демек, бұл жолдарды формулаға айналған кестелер десек те болады. Халқымыздың тұспалдап сөйлесу дәстүрі жыр-дастандарымызда көрініс тапқан. Сонын айғағын «Едіге» жырынан байқаймыз:
«Едігенің әруағын төмен түсірейін деп ханым бір аяқ қатық ұйытып, ішіне өзі сиіп араластырып қояды. Едіге кіріп отырған соң манағы қатықты қолына ұстатты. Едіге қолындағы ыдысқа үңіліп қарады да, жанындағы пышағын суырып алып, қатықты төрт тіліп, ортасын былғап жіберіп, көтеріп ішіп салады. Ханым: «Едіге тәтті ме екен?», – дейді. «Егер ыдыс ескі болмаса, тәуір көрінеді», – деп Едіге шығып кетеді. Едіге шыққан соң хан ханымға қарап: «Ыдысы ескі болмаса, тәуір екен дегені несі?» – деді.
– «Кәрі қатынның сідігі болмаса, тәтті екен дегені ғой», – деді. Хан тағы да «Пышақпен осып ішкені несі?» – деп сұрайды. Ханым: «Жұртыңды төрт бөлек қылармын» дегені. «Ортасын былғап ішкені несі?» «Жұртыңды осындай бөлшектермін дегені» – деді.
Башқұрттар арасында «Едіге» («Изеүкәй менен Моразым») жырының нұсқасында Едігені (Изеүкәй) сынау үшін Сыпыра жырау (һабырау қарт) төмендегідей жұмбақ айтады:
Қамыр иткән бар микэн?
Озон, озон, озон юл
Осона сыққан бар микэн?
Арқауындың утынан
Ат тулатқан бар микэн?
Тибенгеһен тирләтеп,
Төндә юрткан бар микэн?
Қонон қуйзың қойроған
Яңғыз ейген бар микэн?
Изел менән Яйықтың
Билен быуған бар микэн?
Қош тырнағы теймәгән
Күк ыласын типмәгән
Қош ыыта бүтән бар микэн?
Ер қуйынына инмәгән,
Абау, бауырым, тимәгән,
Бауыры бөтөн бар микэн?
Едіге (Изеүкәй) көп ойланып тұрмастан былайша жауап қатады:
Тимер, қорос, булатты
Қамыр иткән – осталар.
Озон, озон, озон юл
Осона сыққан - саузагәр.
Арқауылдың утынан
Ат улатқан – каруанасы.
Тибенгеһен тирләтеп,
Төндә юртқан – юлаусы.
Қонон куйзың қойрогон
Яңғыз ейгән - һунрасы.
Изел менен Яйыктың
Билен быуған – балықсы
Қош тырнағы теймәгән
Күк ыласын типмаған
Қош та булыр – торомтай
Ер куйынына инмәгән,
Абау, бауырым, тимәгән,
Бауыры бөтөн – бер хозай [52].
Жырдың башқұрттардағы басқа бір нұсқасында «тоғыз жасында тәңірден әулиелік берілген Ғәзиз баба ұлы Төкләс он алты жастағы Едігенің (Изеүкәй) ақылын сынау үшін өлеңмен жұмбақ айтады. Кітапты құрастырушылардың сөзіне қарағанда, «жұмбақ айтып, батырлардың тапқырлығын сынау – башқұрт халық эпосы һәм ертектеріндегі дәстүрлі кәрініс» [52].
Осы жұмбақтың сәл өзгеріспен қырғыздың халық ақындар айтыстарында (Байғабыл менен Чата, Байғабыл менен құдаша, Барпының Эшмамбетке жырланы) және халқымыздың төл жұмбақтарында ұшырасатынын байқаймыз [12].
В.В.Радлов ел аузынан жинап жариялаған «Бозторғай» атты діни дастанда молда Әзірет Әліге жұмбақ айтып, сынамақшы болады. Сонда Әлінің «тапсам таптым, таппасам өлемін ғой» деуінде ескі сенімнің – жұмбақты таппаған адамды өлтіру ғұрпынын сілемдері ұшқындайды. Молданың қойған жұмбақтары діни сипатта:
– Сөйлейін, сөйле, жаббар құдай,
Шарипаты Мәдинаның тұрар былай.
Өлтіремін ойламай, тапшы жылдам,
Біреу, екеу болмақ жоқ оның қалай?
- Сөйлейін, сөйле десең, жаббар құдай,
Шарипаты Мәдинаның тұрар былай.
Ол неге екеу болсын, шұнамыр құл,
Жаратқанда бәрімізді жалғыз құдай?
-Үндерде не үн жақсы құран үні,
Түндерде не түн жақсы қадір түні.
Ол неге үшеу болсын кәпір дұшпан,
Жаратқан бұл құдайдын ай мен күні [45].
Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы – Әли Ибн Тәлибтің ислам тарихындағы орны ерекше. Ол хақындағы аңыздар мен жырлар Иран топырағында айрықша мол таралған. Қазақ жерінде Әзірет Әлі жайлы жырлар бұрын болмаған бояу, өрнекке иеленіп, байи түскен. Жоғарыдағы мысал дін қаһарманын шешен білгір адам ретінде көрсету мақсатында шыққандығы дау тудырмайды.
Демек, қазақ жұмбағы фольклорлық басқа жанрларда шешендік сөз, ертегі тәрізді сюжетті жанрлардың ішінде келіп, көркемдік айшық түзеді. Байырғы әдет-ғұрыптарымыздағы тұспалды сөздердің жұмбақпен ұштасып жатуынан атамзаманнан желі тартатын бірліктің ізі айқындалады.
3 ЖҰМБАҚТАРДЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Достарыңызбен бөлісу: |